Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Билік біраз басшыға бақ болды

03.06.2021, 12:30 473

Бұрынырақта тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір видеосы ел ішінде қатты тарап кеткен еді. Қайта ол кезде әлеуметтік желінің желдей еспей тұрған шағы болатын. Солай бола тұра, бейненің қаралымы мен таралымы өте көп болғандай. Видеода Елбасының жайдары жүзбен «Нұрсұлтан Әбішұлы осында келеді екен. Біздің әкімді өзімен бірге алып кетеді екен» деп ойлайтындар көп көрінеді. Жақсы жұмыс істеп жатқан адамды неге алып кетеді екенмін, ешқайда алып кетпеймін» деген мағынада сөйлегенін байқау қиын емес. Иә, астарында «жұмысын жүргізе алмағандарды қызметінен босатамын» деген зіл бар-ды. Немесе «көзге жақсы көрінгендерді жоғарыға «жорғалатамын» деген секілді жанашырлық та байқалатындай. Десе де, қазір ауыс-түйіс көп, тағайындаудың да түр-түрі бар.

Өткен аптада біз бір емес, бақандай үш аудан басшысының ауыс-түйісіне куә болдық. Жалпы, кадрлық тағайындауларға журналистер ғана емес, жергілікті жұртшылық та жақсы жорамал айтады. Тіпті, шенділерді жік-жікке немесе жілік-жілікке бөліп тастауға әзір. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейміз. Ол рас та шығар. Бірақ, ел арасында ауыз берді екен деп орынсыз сөйлейтіндер, қолын миына бағын­дыра алмай, не болса соны жазатындар бар. Осындайлардың кесірінен билік бұқараның базынасына бас ауыртпай барады. Жә, бұл – басқа тақырып. Десе де, біреуді басшылыққа тағайындағанда 100 пайыз ел-жұртпен санаспайтыны айдан анық. Кейбір тағайындаулар тосыннан болады, ал енді бірі бесенеден белгілі жайтқа айнал­ған  шешім  еді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен аптада солтүстіктегі аудандарға іссапармен барды. Аудандардағы ат­қарылған жұмыстарды өз көзімен көрді де, әкім ауыстыруды Аралдан бастады. Облыс әкімінің 2021 жылғы 27 мамырдағы өкімімен және Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігі мен Арал аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Арал ауданының әкімі лауа­зымына Сермағамбетов Серік Сағитжан­ұлы  тағайындалды.

Аймақ басшысы Гүлшара Науша­қызы жаңа әкімді Арал ауданында өткен жиында таныстырды. Серік Сермағамбетов 1965 жылы туған. Алматы халық шаруашылық институтын экономист, Гумилев атындағы Еуразия университетін заңгер мамандықтары бойын­ша  бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы Балық шаруа­шылығы министрлігінің материалдық-техникалық жабдықтау орталық базасының аға экономисті болып бастаған ол осы аралықта көптеген лауазымды қызметтер атқарды. Ауданға басшылық ету де Сермағамбетов үшін таңсық емес. Оның бұған дейін Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Жалағаш ауданының әкімі болғанын жақсы білеміз.

2018 жылдан бастап «Қызыл­орда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып келген еді.

Аймақ басшысы Арал ауданының сужаңа әкіміне Аманөткел ауылындағы мәселеге байланысты алғашқы тапсырмасын да беріп үлгерді.

Арал ауданын 5 жылдай басқарған Мұхтар Оразбаев қала орталығына біртабан жақындады десек болады. Ол облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қазалы аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Қазалы ауданының әкімі лауазымына (ротациялық тәртіппен)  тағайындалды.

Мұхтар Оразбаев 1971 жылы Арал қала­сында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «инже­нер-механик» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Арал­балық» акционерлік қоғамы автопаркі­нің механигі ретінде бастаған. 2000-2016 жылдары Арал ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылғы қараша айынан бастап Арал ауданының әкімі қызметін атқарып келді. Оразбаевтың автобиографиясына қарасақ, Арал ауданына қалтқысыз қызмет еткенін байқауға болады. Енді оған көрші ауданның тірлігін түзеу бақыты бұйырып отыр.

Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына (ротациялық тәртіппен) Ергешбаев Мұрат Нәлхожа­ұлы тағайындалды.

Жалпы, Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында Жамбыл кеңшарының экономисі ретінде бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Яғни, бұл Ергешбаев үшін жатырқайтындай жер емес, оның үстіне түрлі-түрлі салада ысылған кадр кез келген жұмысты ұршық­ша иіріп әкетуге қауқарлы.

Мұрат Нәлқожаұлының облыста банк  саласында  басшылық  лауазым­дар атқарып, ҚР Төтенше жағдайлар министр­лігінің «Өрт сөндіруші» акцио­нерлік қоғамының вице-президенті болғанын көпшілік жақсы біледі деген ойдамыз. Оның үстіне 2008-2017 жыл­дары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бас­тығы, Қармақшы және Шиелі аудан­да­рының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызыл­орда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2017 жылғы қазан айы­нан бастап Қазалы ауданының әкімі қызметін  атқарып  келді.

Айтпақшы, өткен жылдың қыркүйе­гінде бұл ауданға Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы әкім болып келген еді. Бір жыл болмай-ақ оның орнынан кеткенін әркім әртүрлі топшылайды. Әрине, әр басшының кем дегенде 2-3 жылға арналған жоба-жоспары болады. Ал, «оны орындауға 8 ай жеткілікті ме?» деген сауал туындары анық. Сондықтан ана әкімді алып мында тағайындаудың қаншалықты жеміс беретінін уақыт көрсетеді. Осы күні Талғат Тұрсынұлының қызметін қай жерде жалғастыратыны белгісіз болып тұр.

Әлеуметтік желіде «осылар әке-шешесінен әкім болып туа ма екен?» деген сарказмды жиі-жиі байқадық. Жауап бар. Басшылыққа тағайындалғандардың өмірбаянына зер салсақ, олардың түрлі-түрлі қыз­меттерден өткенін байқау аса қиын емес. Сондықтан, бұл жерде ең бас­тысы – халыққа  қалтқысыз  қыз­мет ету. Әкім – халықтың бас­шысы емес, қызметшісі. Кім болса да, қай басшы болса да осыны ұмыт­пауы керек. Билік адамды өзгертеді. Билік біраз басшыға бақ болған шығар, сор  болғаны  да  сол  шығар.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: