Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАЖАЛАРДЫҢ БАҒЫ мен «БАГЫ»

20.01.2022, 11:40 299

«Мың асқанға – бір тосқын». Басқа-басқа, біздің халықтан сөз артылып па? Кез келген жағдайға байланысты мақал-мәтеліміз, қанатты сөзіміз дайын тұрады. Тақырып та табыла кетеді. Ел саясатындағы соңғы ауыс-түйістер көпшіліктің көңіл күйін көтерді һәм түсірді. Өйткені, пікір қайшылығы туындады. «Өзгерістер өң бермейді, бұл – жаңа да ескі Қазақстан» дегендер болды. Ал, кейбір ауыс-түйіс, қызметтен босату мен тағайындауларды жылы қабылдағандар да, қолдағандар да бар.

Осы күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кадрларын және туған-туыстарын биліктен алып тастау шаралары жүріп жатқан сияқты. Олай деуімізге себеп көп. Елде қақтығыс болып жатқанда еңбек демалысында жүрген немере інісі, дәлірек айтқанда ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Сатыбалдыұлы Әбіш президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен лауазымынан босатылды. Бұл туралы 17 қаңтарда Ақорда сайты жазды. Біз қызметтен кеткендердің барлығын саусақпен санамалап отырғанды жөн көрмедік. Десе де, үш бірдей бажаның жұмыссыз қалғаны туралы айтпай, жазбай кету мүмкін еместей. Еліміздегі бірқатар тәуелсіз журналистер бұл жағдайға байланысты «Күйеу балалар кеткен күн» деген тамаша тақырып тауып алыпты. Үш қыздың тағдырын үш жүздің тағдырынан кем көрмегені болар Н.Назарбаев елге басшы болып тұрған тұста барлығы жоғары, жайлы қызметте болды. Ал, күйеу балалары әр жылдары әртүрлі «сүйекті, майлы қызметтерді» атқарды.

15 қаңтарда «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметтен кетті» деп хабарлама таратты. Негізінде олар 14 қаңтарда директорлар кеңесінің шеші­мімен  босатылған.

Түсінікті болуы үшін айтайық, Қайрат Шәріпбаевты БАҚ өкілдері бірінші президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі деп жаза­ды.

Қайрат Шәріпбаев 2020 жылғы қарашадан бастап «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды (2021 жылғы 31 желтоқсаннан бастап – «QazaqGaz» ұлттық компаниясы»  АҚ – ред.).

Аzattyq.org сайты өткен жылы «Дариғаның «күйеуі» Қайрат Шәріпбаевтың құпия бизнесі бар ма?» деген зерттеу мақала жариялады. Зерттеу арқылы журналист Шәріпбаев ресми ақпарат бойынша ешқандай бизнеспен айналыспаса да, оған тиесілі әлі күнге дейін табысты жұмыс істеп жатқан бірнеше компанияны анықтаған  еді.

Ал, Димаш Досанов – Назар­баевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры және басқарма төрағасы болған. Ол бірінші президенттің кіші қызына үйлен­геннен кейін көп ұзамай 2016 жылы 6 тамызда жоғары лауазымға  тағайындалды.

KazTransOil АҚ сайтында бұрынғы бас директор Димаш Досановтың қоштасу хаты жария­ланды.

– «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры қызметінен кетуі­ме байланысты ұжымға, әріптестеріме бірге жұмыс істеген жылдар үшін алғыс айтқым келеді. Әрбір қызметкердің жоғары деңгейдегі кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында компания басты мақсаты – мұнайдың апатсыз және үзіліссіз тасымалдануын абыроймен атқарып келеді, – деді Досанов.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Шәріпбаев пен Досанов не себепті қызметтерінен босатылғанын түсіндірді. Бұл туралы депутат «Говорит Москва» радиосына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, мұндай шаралар республиканың дамуы­на оң әсерін тигізеді. Саиров Қазақстанда қоғамдық игіліктерді тең бөлу проблемалары бар екенін, сондықтан қазіргі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап  өтті.

«Бұл кадрлық өзгерістер ел үшін маңызды. Іс жүзінде бұл Қазақстан экономикасын олигархтардан тазарту болып отыр. Процестер басталды. Дегенмен елдегі ірі компаниялардың басқару секторындағы өзгерістер сенсация туғыз­байды», – деді  Саиров.

Осылайша, араға үш күн салып Қазақстанның экс-прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті. Бұл туралы 17 қаңтарда палата сайтында ресми түрде жарияланды. Әуелде оның бұл қызметтен не себепті кеткені туралы айтылмады. Кейіннен ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тимур Құлыбаевтың қызметіндегі өкілеттігі өз еркімен тоқтатылғанын  жазды.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау орга­нын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды» деп келтірген баспасөз хабарламасында.

Т.Құлыбаев – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның  күйеуі.

55 жастағы Тимур Құлы­баевтың бұдан бөлек өзге де қызметтері бар. Ол KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының жетекшісі, ресейлік «Газпром» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін, Қазақ­стан бокс федерациясын да басқарады.

Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстанның ең бай адамдары қатарында. Forbes журналы әрқайсысының байлығын 2,9 миллиард доллар деп  бағалаған.

Қаңтар айының басында газ дағдарысындағы «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» кінәсін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Қалай десек те, үш бажаның бірдей қызметінен босатылғанының (өз еркімен кеткенінің – ред.) артында үлкен өзгеріс жатқан секілді. Тұңғыш президент ел басқарған тұста бабы да, бағы да жанған бажалардың «багы» да біршама толып қалған болуы керек.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: