Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басшының басын қатыратындар бар

14.10.2021, 10:30 570

Бұрын газет-журналдар елдік мәселелер немесе өте маңызды түйткілді тақырыптарды «… әкімі Пәленше Түгеншеевтің назарына!» деп жариялайтын еді. Иә, уақытында оған жауапты мекемелер назар аударып, шешімін табуға барынша ықпал ететін-ді. Газет-журналдың келесі санында міндетті түрде «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдармен материал басылатын. Міне, халық пен мемлекеттік биліктің арасында осындай кері байланыс салтанат құратын. Жо-жоқ, қазір газеттерде мұндай жоқ дей алмаймыз. Мәселені майшаммен қарап, түйткілді тақырыптың түйінін тарқатып жүрген әріптестеріміз баршылық. Технологияның дамығаны болар, әлеуметтік желі деген шықты. Демократия деген осы екен деп желіге не болса соны жазатындар, әркімге де, әкімге де ақыл айтатындар көбейді.

Жалпы, ел-жұрт мәселесін айтқанда «бармаған жерім, баспаған тауым жоқ» дейді. Оған қақпаған есігі жоқ де­генді  тағы қосып  қойыңыз. Бұдан шығатын қорытынды бар.  Ол – еститін құлақтың (үкімет) жоқтығы, жұмыстың жүйелі (ашықтық) жүрмеуі. Өзге де себептерін төменде мысалмен  келтіреміз.

Ақжағалылардың да түр-түрі болады. Пиарын жақсылап жасап, жұмысын жайына қалдырып жүретіндер бар. Аңқау елден сұрасаң, содан артық әкім-қара жоқ. Соның арқасында елдің жағдайы қарыстап емес, қарыштап  дамып  жатыр. Солай.

Керісінше, көп сөзге емес, іске дөп түсетін басшылар бар. Олар пиарына пәленбай миллион бөлдірмей-ақ, өз жұмысын атқара беруі мүмкін. Бірақ, жұмысы көзге еш көрінбейді. Себебі, сәл қиыс кетсе «балтырдан тістелейтін» жалдамалы боттар мен блогерлер бар. Мұндай жазғыштар осы күні кадр тағайындау жұмысына да белсене атсалысатын болған. «Фас» дегенге дайын тұрған қолдаушыларының арқасында «саяси мәселелерде, шешімдерде атқаратын рөлім жоғары, бәрі менімен санасады» деп ойлайды.

Шынында, осы күні «жалдамалы жазғыштардың» дәурені жүріп тұр. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» секілді. Мақтауды да, даттауды да қатырады. Ең бастысы, ақысын асырып берсеңіз болғаны. Мұндай жүйені ойлап табатындар да биліктен алыс емес. Яғни, басшының оң имиджін қалыптастыратындардың қолынан негативті үйіп-төгіп беру, жақсыдан жаман жасау келмейді дегенге сену қиын. Бұл жерде командалық жұмыстың үлес салмағы басым. Бұған дейін Ақорда жақтан «басшылыққа келгенде командамен келуді тоқтатыңдар!» деген сыңайдағы пәрмен келген еді. Иә, оған пысқырып жатқандардың саны аз сияқты.

Бірді айтып, екіншіге кетіп жатамыз ғой, «жалпы, осының бәрі неден шықты?» деген сауал­ға жауап іздеп көрейікші. Мәселе бар. Оны жеткізу керек. Бірінші аудандық, қалалық деңгейдегі жауапты мамандар арқылы шешуге ыңғайланасыз. Жоғарыда айтқанымыз­дай, қақпаған есік қалмайды. Сосын облыс әкіміне не пре­зидентке тікелей шығуға тырысасыз. Шарасыздықтан осындай қадамға барып жатқандар көп. Оған  дау  жоқ.

Мәселе бар. Оны жеткізу керек. Ол да маңыздылығына қарай бөлінсе керек-ті. Және сіздің мәселеңізбен айналысатын жауапты орындар, меке­мелер бар. Тіпті, бас­қарма басшысының, әкімнің де орынбасарлары жұмыс істейді. Бірақ, қазір оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бір жағынан ел-жұрт мәселесінің қандай мекемеге қарайтынын білмейтін секілді. Бұл жерде басшылықтың да кінәсі бар, дегенмен боқтан өзгені әкімге айта берудің қажеті не? Қазір әлеуметтік желі арқылы орынды да, орынсыз да мәселе көтере беретін болған. Желіге желімдей жабысып алып әркімге де, әкімге де ақыл айта­тындар табылады. Бір күні билікті  әлеуметтік желі арқылы басқаруды ұсынатын біреу  шығып  қалар. Иә, ол күн де  алыс  емес  сияқты…

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: