Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Басқаларды ренжітіп аламыз» деп отыра берсек…

11.11.2021, 13:00 409

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Қазақ  елінің  тәуелсіздігіне 30 жыл қарсаңында Қазақстан халқы ассамблеясының отырысына қатысқан президентіміз Қ.Тоқаевтің жалынды да маңызды баяндамасының жаңғырығы басылмай, оған деген сараптамалардың сиясы кеппей жатып, Жаркенттің жанындағы Пенжім ауылында тағы да бір «ұлтаралық қақтығыс» бұрқ ете қалды. Ұлтаралық қақтығыс дегенді әдейі тырнақшаға алдым, шынында келгенде мектеп қабырғасындағы оқушылардың арасындағы төбелестен кейінгі айғай-шу мен төрт-бес терезенің сынуы үш ғасыр бойы бірге өмір сүріп келе жатқан қазақ пен ұйғырдың арасында қанды қақтығыс болды дегенді білдірмейді. (Алайда жарақат алған баланың отаға түсуі де оңай мәселе емес). Құдайға шүкір, бәрі орнына келді. Жиналыс болды, халық бірін-бірі сабырға шақырды. Достық пен туысқандық, бауырмалдық пен бала тәрбиесі туралы жақсы сөздер айтылды. Бірақ, менің ойымша, негізгі мәселелер айтылмай, тағы да ішімізде қалған сияқты.

Біріншіден, ертең тағы бір осындай «балалар арасындағы» төбелес болып, көшеге жастар шықпайды деп, кім кепілдік бере алады? Қазақ пен ұйғырдың арасындағы осыған ұқсас жағдайдың осы ауылда үшінші рет болып отырғанын есімізге түсірсек, тағы да үйлердің терезесі сынып, ертеңіне жиналыс болып, тағы да жақсы сөздердің айтылуы мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Қазақ жағының неге ренжігені, ұйғыр жағының нені түсінгені ашылмай қалған сияқты. Оны сол жиналысты жүргізіп отырған басшылардың да түсінбегені көрініп тұр. Олардың міндеті – қазіргі отты сөндіру. Осыған дейін болған ұлтаралық түсінбестіктердің барлығы осы бір дилемманы шеше алмай келе жатқан сияқты: «Ұлтаралық қақтығыс орын алмады» десек, оны зерттеп, талдап, себептерін шығаруға тырысудың да қажеті жоқ. Ал оның бар екенін мойындасақ, оны болдырмаудың жолдарын іздеуміз керек. Қазақ билігі осы екі жолдың біріншісін таңдап, «жоққа жүйрік жетпейді» деумен келеді. Сол жолдың Қордайға алып келгенін де мойындағысы келмейтін сияқты…

Екіншіден, қоғамның басты бөлігі, бұл оқиғаны естігендердің көпшілігі «тағы да қазақ пен ұйғыр ұлтының арасындағы араздықтан туған қақтығыс» деп қабылдағаны анық. Меніңше, біз осы уақытқа дейін бұл бағаның берілуінің себебін анықтай алмай келеміз. Кейде қылмыстық, кейде тұрмыстық мәселеден болған дүрдараздықтың ішінде екі ұлттың өкілдері болса, арқамыз қозып шыға келеміз. Алайда мүйізі қарағайдай зерттеу­шілеріміз, саясаттанушы, әлеумет­танушы ғалымдар осы сұраққа әлі де жауап берген жоқ. Әрине, кейде ұлттың намысына тиетін сөздер мен іс-әрекеттер ұлтаралық қақтығысты туғызып, көшеге алып шығады, ал кейде әйтеуір «басқа» ұлт өкілдері «біздің» адамдармен ұстасып қалыпты деген дақпырттың өзі жеткілікті болады.

Үшіншіден, менің ойымша, кеше­гі Пенжімдегі жиналыс («Азаттық» радиосына үлкен рақмет!) та жабулы қазанның жабулы күйі қалғанын көрсетті. «Бәріміз кінәліміз», «Балаға үйден тәрбие беру керек» деген сияқты жақсы ой-пікірлер айтылды да, екі тараптың негізгі, нақты талаптары, реніштері іште қалып қойды. Төрде отырған билік иелері де не оқиғаға баға бермеді, не болмаса, он жылда үш рет қайталанған мәселенің себеп-салдарын ашып, нақты ұсыныс жасай алмады. (Айта кету керек, осы уақытқа дейін Шелек, Малыбай, Маятас, Сарыағаш, Қордай, т.б. елді мекендерде болған қақтығыстардың жан-жақты талданғанын, сол жердегі билік орындары мен қоғамдық ұйымдардың, ақсақалдар институтының жұмыстарына  берілген  бағаны  кездестірмедім).

Азаматтардың сөзінен өз басым нақты бір ғана мәселені естідім. Ол сол ауылдағы мектептің атына байланысты пікір болатын. Мүмкін, тұрғындардың пікірін екіге жарған мәселелердің бірі – осы ономастика мәселесі болар. Бірақ облыс әкімінің орынбасары осы бір нақты мәселені сарапқа салмай, «әкімге жаткіземіз» деп құтылды. Меніңше, ономастика мәселесін шешетін арнайы комиссия, елді мекендердің, көшелердің, мектептің аттарын ауыстырудың жолдары, заңды ережелері бар, оны «әкімге жеткізудің» қандай қажеті бар? Бес жыл бойы Қазақ елінің идеологиялық тұрғыдан ескірген сан түрлі атаулары ауыстырылды емес пе? Коммунис­тік идеологиялық  негізде қойылған Розы­бакиев атының алынып тас­талуы ұлттық не ұлтаралық мәселе емес, уақыт пен заң талабы ғой. Оны былай қойғанда, осыдан он жыл бұрын «Ұйғыр ауданы», «Шонжы» деген атау­ларды ауыстыру мәселесі де көтерілгенін бәріміз білеміз. Бұны да «қызыл шүберек» сияқты, талай дауларға та­мы­зық болсын дегендей бір жағына шығара алмай жүрміз. Әлі есімде, сол уақыттағы облыс әкімі Серік Үмбетов мырза «Панфиловты» – Орқұдық, ал «Шонжыны» – Шарын деп өзгертеміз деп уәде де берген еді. Ал Ұйғыр ауданы деген атау – унитарлық Қазақстан үшін бірінші кезекте ауыстырылуы тиіс атау болатын. Ертең Тараз – «Кәріс қаласы», ал Қостанай – «Орыс облысы» болып аталса – тұрақтылық пен достықтың, толеранттылықтың белгісі  деп  қабылдар  ма  едік…

Ономастика – ұлттар арасындағы пікір алшақтығының бір бөлігі ғана. Меніңше, ішкі реніш пен «Едігенің ескі кегін» жинап қойып, тағы қай жерде көзқарастарымыздың бір жерге тоғыспайтынын анықтап, бір жағынан заңға сүйеніп, екінші жағынан халықтың даналығына жүгіне отырып, шешімге келу керек сияқты. Ашық сөйлесетін уақыт жетті. Ал «басқаларды ренжітіп аламыз» деп отыра берсек, бір мектептің онсыз да өзгертілуге тиіс атауын «әкімге жаткізетін» болсақ, тағы бір Қордайдың алдымыздан шығары  анық.

Айтпақшы, талай адамдарға ой салған, сөз бостандығының көрінісі болып табылатын «Азаттықтың» тікелей эфирі аяғына дейін жетпей, «опат» болды. Міне, осыны жасаған (эфирді өшірген) адамдар не органдар ұлт араздығын  қоздырушының  нақ  өзі!

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: