Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауыл – ел бесігі» елді мекендердің еңсесін тіктейді

04.11.2021, 11:00 478

Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі», сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы елдегі ағайынға көп демеу болуда. Елбасының пәрменімен жүзеге асырылып келе жатқан бұл жобаның шарапаты мол. Қызылорда облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жалпы, бұл бағдарламада ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер қарастырылған. Атап айтсақ, экономикалық, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдары мен экологиялық ахуалын жақсартуға жұмыс істейді. Республикалық бөджеттен 90 млрд теңге бөлу көзделсе, оның ішінде өңірімізге 11 млрд теңгеден асатын қаржы бөлініп, ауылдық елді мекендердің еңсе тіктеуіне өз үлесін қосып жатыр.

Өткен жұма күні Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Қызылорда облысына іссапармен келіп, іске асырылған жобалармен танысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге мемлекеттік бағдарламалардың өңірде іске асырылуы барысын айтып, жобаның тиімділігіне тоқталды.

Министр алдымен Қызыл­орда қаласындағы «Бәйтерек» тұрғын ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында 600 орынды қамтитын білім мекемесінің құрылыс жұмысымен танысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Мердігер – «Bolashak International Development» ЖШС. Айтпақшы, бұл компания өкілдерінің әлеуметтік нысандарды салуда мол тәжірибесі бар, олар рес­публиканың бірқатар өңірінде мектептер  салғанын  айта  кеткен  жөн.

Ал облыс басшысы бұл мектептің құрылысы ерекше бақылауда екенін атап өтті. Себебі қала шекарасының кеңеюі мен демографияның өсуі жаңа «Бәйтерек» шағын ауданын салу қажеттілігін тудырды. Қазіргі таңда осындағы оқушылар басқа шағын ауданда орналасқан мектепке баруға мәжбүр. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, көзінің қарашығы, қолына ілінер талшығына ата-аналардың алаңдауы даусыз. Көкейлеріндегі сан сауалдың жауабын тап­қан жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін де шешуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде министр халықты жұмыспен қамту, қажетті мамандарды тарту, әлеуметтік-мәдени нысандарды, тұрғын үй-комммуналдық шаруа­шылықты, инженерлік-көліктік инфра­құрылымды салу, күрделі жөндеу және реконструкциялау, абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру негізгі міндеттердің бірі екенін алға тартты. Осылайша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешумен бірге өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасап, сол арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде. Жұмыс барысында өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы жүргізе алмаған мердігер компаниялардың жауапкершілігі қаралатынын айтып, бөлінген қаржының игерілуіне бақылауды  күшейтуді  ұсынды.

«Түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын» жандардың бірі болмай, елім, жерім деген азаматтар тікесінен тік тұрып тірлік етсе, ауыл келбеті көркемдене түсетіні анық. Сол кезде ауыл тұрғындарының қатары әртүрлі себептерге байланысты сейіл­мес те еді. Облыс әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты игерілуі қатаң бақылауда екенін жеткізіп, нысан құрылысына жауапты мердігер мекеме басшысына жұмыс­ты сапалы әрі уақытында аяқтауды  тапсырды.

Министрдің жұмыс сапары одан ары Сырдария, Жалағаш аудандарында  жалғасты.

Іссапар кезінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруді көздейтін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыста 103 перспективалы ауыл анықталып, нәтижесінде 82 жобаны жүзеге асыру қолға алынғанын,  осы ретте 53 тірек ауыл мен 50 спутник елді мекендер айқын­далғанын  айта  кетті.

Серік Шәпкенов Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі бағдарлама арқылы күрделі жөндеуден өткен А.Иманов көшесін көрді. Ұзындығы 1,56 шақырымды құрайтын көшеде жаяу жүргіншілер жолы, бордюр және 3 шақырымға жететін суағар қоса салынуда. Тамыз айын­да басталған жоба 30 қарашаға дейін жалғасын табады. Бірақ жауапты тұлғалар қарашаның басында аяқтаймыз деп дөп басып айтты. Шала-шарпы істеліп, «белгі соғылғанына» жұмыс істемей, халықтың  игілігіне жұмыс атқарылады деген  ойдамыз.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сырдария ауданы бо­йынша атқарылатын жұмыстардың бір­сыпырасын таныстыра кетейік. Терең­өзек кентіндегі 0,47 шақырым­ды құрайтын Бердіқұлов көшесінің жол құрылысы, Ақжарма елді меке­ніндегі А.Есентұров көшесінің жол құрылысы, Т.Балапанов көшесін орта­ша жөндеу және Ысқақов, Донбаев, Омаров көшелерін жарық­тандыру, Тоқмағамбетов елді ме­ке­ніндегі М.Мәметова көшесін орта­ша  жөндеу, Тереңөзек кентіндегі «Терең­өзек – Шаған» автожолының бойын жарықтандыру көзделген. Сондай-ақ, қолға алынған жобалардың бірі – Тереңөзек кентін­де­гі 140 орынды аудандық орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізу. Бұл  нысанды  да  жыл  аяғына  де­йін қолданысқа беру жоспарлануда. Жұмыс 7 қыркүйек күні басталып, 31 желтоқсанда толықтай аяқталады деп жоспарланған. Алайда жылдың аяқталуына екі айға жетер-жетпес уақыт қалыпты. Иә, қазақтың қолының шеберлігі таңдай қақтырса да, аз уақыт көлемінде сапалы дүние шығуы дүдәмал. Дегенмен бұған да көнбеске  амал  жоқ, бірақ жүрісі сұйық  болып, сынған сынығын жинап отырмасақ болғаны. Асығыс адамның жұмысында береке бола ма екен?

Облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықова  министрге  «Ауыл – ел  бесігі» жобасының тиімділігін айтып, 2022 жылға Сырдария ауданында тағы 11 жоба республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылғанын жеткізді. Атап айтсақ, Бес­арық елді мекенінде спорт кеше­ні құрылысы, Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеу, Тереңөзек кентіндегі облыстық білім басқармасының Сыр­дария аграрлы-техникалық жоғары коллед­жінің ғимаратын күрделі жөндеу, Тереңөзек кенті жаңа шағын аудан инфрақұрылым құрылысы, жаяу жүргіншілер жолы құрылысы, 21 көшеге орташа жөндеу, ауылдық елді мекендердің 33 көшесіне орташа жөндеу және т.б. жұмыстар атқару жоспарланған. Оларды жүзеге асыру­ға 4 млрд 201 млн теңгеден астам қаржы  қарастырылған.

Мұнан кейін министрдің жұмыс сапары Жалағаш ауданында жал­ғасты. «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында Таң ауылдық округін­де 11 жоба іске асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесін жөндеу жұмыстары мамырдан шілдеге дейін жүргізіліпті. Ұзындығы бір шақырымнан  асатын  жол  заманауи талаптарға сай салынған. «Ел бола­шағы – білімді ұрпақ» демекші осы елді мекендегі №118 орта мектептің есік-терезелері, едені толық ауыс­тырылған. Сыртқы қабырғасы металл сайдингпен қапталып, су, әжетхана,  электр желісі, кәріз жүйесі толық жаңартылып, жасыл желекке айналуда.  Және  ауылдағы дәрі­герлік  амбулатория  мен орта­лық алаңды жаңғырту, Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі жыл соңында пайдалануға  беріледі.

Айта кетейік, ауданда кәсібінен нәсіп тапқан ел ағасы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев ауыл халқына мешіт ғимаратын жөндеу, бөбекжайды қайта жаңғыр­ту, спорт кешенін салу, ет өңдеу цехының құрылысын салу, округ­тегі көшелерді жарықтандыру ісін өз қаражаты есебінен жүргізіп, игі іс жасап, ауылға қомақты инвестиция салған  болатын.

Тұрғындардың айтуынша, санитарлық тазалыққа, әсіресе көшелерді абаттандыруға көп көңіл бөлінген. Ауылда қазіргі кезде Лондондағы «Биг Бен» тәрізді қазақы сағаттың бар екені таңғалдырады. Таң ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жалғасбай Өмірбаев ауыл келбеті адам танымастай өзгергенін тілге тиек  етті.

– КСРО ыдырағаннан кейін біздің ауылда балабақша мен басқа әлеуе­ті маңызы зор нысандар жабылды. Кеңес үкіметінен қалған дүниелердің барлығы ескіріп, тозығы жетіп, көше­лердің өзінде жаяу адам түгілі техника жүре алмайтын халге жеткенбіз. 7-8 жылдың бедерінде ауылда көп өзгерістер болып жатыр. Қазір ауыл азаматтарының арқасында 100 пайыз болмағанмен, 90 пайызға жаңарып қалды десем артық болмас. Балабақша, мектеп жаңартылып, ауыл тұрғындары қуануда. Осы істің басы-қасында жүрген ауыл азаматы, «Таң ЛТД» ШҚ төрағасы, облыс­тық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев пен шағын шаруа қожалықтарының қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Сол азаматтардың ауызбіршілігінің арқасында көптеген жұмыстар оң нәтижесін беруде,  –  деді  ауыл  ардагері.

Заман көшінен қалмай, көз алдында өркендеп келе жатқан ауылдың тыныс-тіршілігімен тұрғындар да  ой  бөлісті.

– Осыдан  4  жыл бұрын ауылымыз­да  «Таң  бөбегі» атты жаңа бала­бақша ашылды. Қазір мұнда 26 адам еңбек етуде. Жалпы, ауылдағы еңбекке белсенді 685 адамның 648-і жұмыспен қамтылған. Ауылдық округ сонау 1967 жылы құрылған. Сол кеңестік кезеңнен ізі қалған балабақша, мектеп, медпункт әбден ескіріп, көшелердің тозығы жеткен еді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 14 көше жөнделді. Мемлекеттік бағдарламамен әр үйге ауызсу кірді. Тіпті, аяқсу да келді. Ауылдағы №118 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Қайта жаңғыр­ған мектепте білім алып жатқан бала­ларымыздың қуанышында шек жоқ, – дейді балабақша меңгерушісі Жәмила  Сәдуова

Әрі қарай министр аталған бағ­дарламаның облыста орындалуы жөніндегі арнайы отырысқа қатыс­ты. Жиын барысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, Жалағаш ауданы әкімі Асылбек Шәменов жоба бойынша атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Айтылған ұсыныстарды тыңдаған С.Шәпкенов ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру ең маңызды да жауапты міндет  екенін  атап  өтті. 

– Үкімет басшысының тапсыр­масына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуын көріп, туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды тыңдау үшін қасиетті Сыр еліне келіп отырмын. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, дәрігерлік амбулатория мен оқушыларға арналған мектептер салу елді мекендердегі тұрғындардың жағдайын жақсартуға барынша мүмкіндік береді. Тұрғындарды жұмыспен қамту да ерекше маңызға ие. Бұл жерде бөлінген қаржыны игеріп қана қоймай, халық­тың игілігіне берілетін нысандарды уақытылы, сапалы іске қосу керек.

Маған Қызылорда облысындағы мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті жеке кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамалары ұнады. Мәселен, Таң ауылында жанашыр азаматтар өз қаражатымен ауылды көркейтуде жақсы тәжірибені іске асырып келеді. Бұл – өте қуан­тарлық  жағдай. Туған жеріне әр адам жанашыр болса, ауыл дамиды. Алдағы  уақытта мұндай кәсіпкер­лер­ге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Жоспардағы жобаларды орындауда  қандай  мәселеге баса назар аудару керектігін зерделеп, Үкіметке тиісті ұсынымдар беретін боламын, – деді осы жиында министр Серік  Шәпкенов.

Отырыста өңір басшысы тиісті жобаларды қаржыландыру жоспарын көтерді. Гүлшара Әбдіқалықова құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мердігер компания­ның міндеті екенін, биылғы жылдың соңына дейін 11 млрд теңгеден астам инвестициялық жобалардың бірқатарын аяқтайтынын айта кетті. 2019 жылы 31 жоба арқылы 54 адам жұмысқа орналасса, 2020 жылы облыстың 8 елді мекенінде 4,2 млрд теңгенің 60 жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 2019-2020 жыл­дары аталған бағдарлама аясында 955 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмыс­сыздық деңгейі 5 пайызға төмендеді.

Қызылорда облысына екікүндік жұмыс сапары барысында министр Серік Шәпкенов Қармақшы және Қазалы аудандарына да барып, біршама нысандардың жұмысымен танысты

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: