Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АРЫЛУ немесе 4132 адамға арналған ҮНДЕУ

16.12.2021, 13:00 389

Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы қарсаңында бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын аса қатыгездікпен жазалаған, ұрып-соққан, жұмыстан, оқудан шығарған, жасанды сотқа тартып, әділетсіз жазалар берген адамдардың  халық пен ұлттың алдында кешірім сұрап, күнәдан арылу қажеттігін естеріне саламын. Сендер 30 жыл бойы үндемей келдіңдер: мүмкін біреулерің «заман солай еді» деп, іштей ақталатын да шығарсыңдар, ал енді біреулерің «біз басшымыздың айтқанын істедік  қой» деп, сүттен – ақ, судан – таза болғыларың келер. Мен үндемегендерден  қорқамын.

 Мен сол сөздердің келешекте қайта айтылуынан қорқамын… Нюрн­берг сотында да, фашистік жендеттер барлығын Гитлерге жауып, «біз бұйрықты орындаушылар ғанамыз» деп құтылғысы келді. Естеріңде болсын, әділетсіз бұйрықты орындаушылар да сол бұйрықты берген жандармен бірдей жауап береді. Егер сендер сол уақыттағы жасаған іс-әрекеттеріңе өздерің баға беріп, ар-ұяттарыңның алдында жауа­п бермесеңдер,  қоғамдағы  ашу-ыза мен билікке деген  сенімсіздік  ыдырамайды.

Сендердің арылуларыңның алғашқы қадамы – сол уақыттағы алған марапаттарыңды қайтып тапсыру акциясы болсын. Осы күнге дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды жазалған, сол үшін мемлекеттік марапат алғандардың ресми саны – 4169 адам. Олар мыналар:

«Красная звезда» орденімен марапат­талғандар – 5;

«За трудовую доблесть» медалі­мен марапатталғандар – 6;

«За трудовую отличие» медалімен марапатталғандар – 5;

«За отличную службу по охране общественного порядка» медалімен марапатталғандар – 160;

Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталғандар – 30;

Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталғандар – 113;

«Заслужный работник МВД» бел­гісі­мен  марапатталғандар – 23;

Мерзімінен бұрын шендері өсірілгендер – 24;

«За отличную службу МВД» белгісімен  марапатталғандар – 217;

СССР-дің Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар – 45;

Қазақ ССР-інің Ішкі істер министр­лігінің Құрмет грамотасымен  марапатталғандар – 335;

Ақшалай сыйлықпен (СССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен) – 53;

Ақшалай сыйлық (Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің бұйры­ғымен) – 561;

«Отличник милиции» белгісімен марапатталғандар – 424;

Бұрынғы жазалары алынып тас­талғандар – 13;

СССР Ішкі істер министрлігі бұйры­ғымен мадақталғандар – 145;

Қазақ ССР Ішкі істер министрлі­гінің бұйрығымен мадақталғандар – 2005.

Олардың ішінде марапаттарын қайтып бергендердің саны –  37 ғана…

«Қрасная звезда» ордені – 1;

«За трудовую доблесть» медалі – 1;

«За отличную службу по охране общественного порядка» медалі – 23;

Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы – 2;

Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің грамотасы – 10.

(Бұл деректер «Желтоқсан-86» құжаттар жинағының 10-томынан алынды).

Бұл Үндеу Сендерді масқаралау үшін немесе жауапқа тартып, кек алу үшін жазылып отырған жоқ. Арылу – осындай  әділетсіздіктің болашақта қайталанбауының бірден-бір кепілі.

Жоғарыдағы жазба – менің қорқынышым осыдан бес жыл бұрын жарияланды. Бүгінге дейін, менің естуімше, осы 4132 марапат алған жанның тек қана он үші өздерінің марапаттарын тапсырып, өз ар-ұждандарының алдында арылудың алғашқы қадамын жасапты. 13 адам! 3,1 пайыз… (Бұған сол марапатты берген, шешім шығарған адамдарды қосыңыз). Демек қалғандары жеңдерін түріп, қаруларын сайланып, иттерін дайындап, бұйрықты күтіп отыр. Айтпақшы, 1-Алматының жанындағы милицияның иттерін үйрететін жердегі қазақ қыздарын итке талатқан старшина кешеге дейін қызмет істеп, кеудесіне марапатын тағып жүріпті. Не өзгерді? Мүмкін, қазіргі жұмыс істеп жатқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» шешімімен бұлардың марапатын жоққа шығаратын заң қабылдау  керек  болар.

Түсінемін. Арылу істеген ісіңді мойындау болып табылады. Үнде­мей құтылу ондай жағдайдың, алаңға шыққан жастарды аяусыз ұрып-соғудың болмағаны сияқты көрінеді. Бірақ ол уақытта «Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы не үшін берілді?», «Желтоқсанға байланысты ескерткіштер неліктен ор­натылды?» деген  сұрақтың  туары анық. Боздақ­тар бар да, оларды жазалаған жа­уыздардың  жоқ  болғаны  ма? Бұл – абсурд.  99 адамды соттағанда, 2 адамды өлім жазасына кескенде, бірнеше мыңдаған жанды соққыға жығып, бірнеше мыңдаған жасты оқудан, жұмыс­тан шығарғанда ешкімнің жауап бермеуі (ең болмаса, өзінің арының алдында) – ақылға кірмейтін  мәселе.

Біз «Шаңырақ» шайқасы мен Жаңаөзен қырғынында бейбіт азаматтарға қалайша оқ атты?» деп таңданамыз. Меніңше, бұлар – Желтоқсандағы марапат алған 4132 адамның ұрпақтары. Мүмкін, тікелей баласы не немересі емес те шығар, бірақ рухани мұрагерлері. Олар Желтоқсандағы «батырлардың» өз қылмыстарын мойындамағанын, бүгінгі биліктің сол қылмыскерлерді, сол уақыттағы жасаған іс-әрекеттері үшін халық алдында кешірім сұратпағанын  көріп  отыр.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: