Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АРАЛДЫҢ АЛАР АСУЫ немесе француздар не айтқысы келді?

03.06.2021, 11:30 1292

Кенеттен шаңды дауылдың шеті көріне бастады. Бұл – нөсер жаңбыр­дың алдындағы «құм көтерілісі». «Милиция көлден» (ел аузында осылай айтылып кеткен. – ред.) ары аса бергенде шаңды дауыл көк аспанды толықтай жауып алды. Сол алапат құйынның ішіне үңілсең, әр төбеде сағымды далада жүзген кемедей болып көрінетін түйелерді байқайсың. Бұл – атақты Арал ауданына кіргеніміздің алғашқы белгісі. Өңірдегі белді БАҚ өкілдері мінген көлік жылдамдықты тежемеді. Керісінше, ауданға жеткенше үдетіп келеді. Тәуелсіздіктің туын тігіп, әнін жырлағанымызға 30 жыл толып отыр. Аралды аралаудағы себеп – осы жылдар ішінде өзгерген ауданның халін білу һәм мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуын бағамдау. Одан бөлек, аудан халқымен жеке кездесіп, жағдайын білу. Сықырлаған көліктің «сиқырлы» мекенге асығып, жүйткіп келе жатқаны да – осыдан. Несімен сиқырлы десеңіз, сырлы Сырдың бұл өңіріне сапарлатқанда көрмегенді көресің. Бұл сапарымыз­да  да  көп  нәрсеге  куә  болдық…

КЕНТТІҢ  КӨРКІН  КІРГІЗГЕН…

Сапарымызды Арал қаласының іргесінде қоныс тепкен Жақсықылыш кентінен бастадық. Топырағын таптасаң, тұзды көресің мұнда. Бүкіл елдің асына дәм беріп тұрған атақты Аралдың тұзы дәл осы жерде өндіріледі. Мұндағы халық­тың қазіргі жағдайы жақсы. Дәлірек айтсақ, жауаптылар жетем дегенше осылай сендірді. Сол үшін де сапарымызды осы жерден бастауды  жөн  көрдік.

Арал ауданы кең балақ, жалпы етектер жұмыс істейтін жер емес. Экология мен экономи­каның жай-жапсарын қатар түсінетін білікті басшыны қажет етеді бұл жер. Оның үстіне бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызған тәжтажалдың қайта белең ала бастағаны тағы бар. Сол үшін де алдымен жергілікті дәрігерлік амбулатория­ға бардық. Кент тұрғындарын вакци­нациялау жұмыстарымен таныспақ болдық. Жалпы, бұл кентте 5 мыңдай халық бар. Соның 3 мыңнан астамы екпе алуы керек. Бүгінге дейін 820 адам­ға вакцина егіп үлгерген. Біз амбулаторияға кірген уақытта да вакцина салдыру жұмыстары жүріп жатыр екен. Ұжымдық вакцинациялау толықтай аяқталған, ендігі кезек – қарапайым халықта.

– Вакцинациялау жұмыстары жақсы жүріп  жатыр. Бүгінде жаңадан 50 доза келді. Ол – Hayat-Vax вакцинасы. Бұл вакцинаның ерекшелігі сол, 1 компоненттен ғана тұрады. Осыған дейін салдырған 800 адамның ішінде ешқайсысынан ауырсыну секілді шағымдар келіп түспеді. Екпе екпес бұрын адамды толық тексереміз. Аллергия болып немесе қызуы көтерілген сияқты арнайы деңгейдегі адамдарға вакцина салмаймыз. Екпе туралы теріс пікірде жүрген жандар да бар. Бірақ, басқа салдырған таныстарын көріп, ойлары өзгеріп келіп жатқандар да жетеді, – деді Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясының бөлім меңгерушісі Тазагүл Бектілеуова.

Кентте 865 тұрғын үй бар. Тұрғындар осыған дейін қыстың күні тамызық тасып, қи жағып күн көрген екен. Топырағы тұзға толы мекенге өткен жылы газ келіпті. Бүгінде 585 үй табиғи газбен қамтылған. Кент көшелерін араласаң, оқтаудай түзу, тақтайдай тегіс асфальт жолдарға көзің түседі. Түсі кетпей, өзі кеппей жатқан жолдардың салынғанына көп болмағаны көрініп тұр. Кент ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды. Көшелерді аралап жүріп, жолдағы жұмыс жайын да біліп кетуді жөн көрдік.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша кентімізде үш жоба жасалуда. Оның үшеуі де былтыр басталған. Атап айтсақ, біріншісі – жаңадан құрылған мектеп жұмысы. Осыған дейін кентте 652 орындық мектеп жұмыс істеп келді. Бірақ, халық өсіміне байланысты ол кентімізге аздық етіп, оған қосымша 110 орындық мектеп құрылысы басталды. 198 миллион теңгенің жобасы қазірде толық аяқталды. Екіншісі – спорттық кешен. 190 миллион теңге бөлінген жоба әлі салынып  жатыр. Бір  мезгілде  40 адам  жаттығу  жасай алады. Кешен осы жылдың  қыркүйек айын­да аяқталады. Ал соңғы жоба –  кенттегі  17 көшені асфальттау. Ұзындығы 10,2 шақырымды құрайды, – деді Жақсықылыш кентінің әкімі Пазылбек  Іскендірұлы.

Бір қызығы, кентте 32 көше болса, осы уақытқа дейін соның бесеуі ғана асфальтталған. Бүгінде олардың саны өсіп, халық мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Бұл жөндеу, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар да тартылып жатыр. Бұл жобалар әлі талай жыл жергілікті тұрғындарға қызмет етуі тиіс. «Лайым солай болсын» деп іштей тілек тілеп, ары қарай сапарымызды  жалғастыруға  аттандық.

КЕЗДЕЙСОҚ  КЕЗДЕСКЕН  САЯХАТШЫЛАР

Келесі тұрағымыз – Арал қаласы. Аудан орта­лығының бүгінгі жағдайына пандемия көп әсер еткен секілді. Алдымен қала кәсіпкерлерінің жағдайын білуді шештік. Әсіресе, мейрамхана иелерінің немен күн көріп жүргендері қызық  болды. Сондай орындардың бірі – «Ақниет» мейрамханасы. Карантиннің ықпалынан ырғи алмай, бағытын өзгертуге мәжбүр болған. Өткен жылдың қазан айынан бастап мейрам­хана екіге бөлінген. Бірі сауда-саттық орнына айнал­са, екіншісі фаст-фуд орталық болып жұмыс істеп тұр. Есесіне 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, пайда көзін ұлғайта алған. Дәл сондай тағы бір нысан – «Хан шатыр» сау­да үйі. 5 млн теңгені құраған бұл жоба наурыз айынан бастап сауда үйіне айналған. Бұған дейін мейрам­хана қызметін атқарыпты. Қазіргі таңда мұнда 15 адам жұмыс істеуде. Жоғарыда көрсетілген қос нысанның да қаражат көзі кәсіпкерлердің өзінен  шыққан.

Одан әрі жаңадан ашылған «Достар» қоғамдық тамақтану орталығына жол тарттық. Жергілікті тұрғын ашқан екен. Аспаздарды басқа қаладан шақырып, орталық ішін көздің жауын алатындай етіп сәндеген. Ал бағасы болса көңілге қонымды, сапаға сай. Кәсіпкердің айтуынша, ауданда кәсіп ашуға бар қолайлы жағдай жасал­ған. Тек батылдық пен білім болса болғаны. Айтпақ­шы, мұнда шетелдіктерді де көруге бола­ды. Тарихи жердің сырын ақтаруды қызықтап келетін шетелдік туристер көп. Бірі рухани баю үшін келсе, енді бірі әртүрлі мақсатпен келеді. Біз барған уақытта да түскі асын ішіп отырған француздарды кезіктірдік. Қазақша да, орысша да бір ауыз білмейді. Тек ағылшын, француз тілдерінде ғана сөйлесе алады. Бірақ, бұл Арал қаласында қолайлы өмір сүруге еш кедергісін келтірмейді екен. Себебі, қызмет көрсету деңгейі  жоғары.

– Біз Франциядан келдік. Достарымызбен бірге Арал қаласы жайлы деректі фильм түсірмекшіміз. Мұндағы экологиялық мәселе бүкіл әлемді алаңдатады. Соны өз көзімізбен көрмек болып келдік. Аралдағы адам мен жануарлар және қоршаған ортаның бір-бірмен байланысуы жайлы зерттеудеміз. Алдымен Алматыда, ке­йіннен Таразда болдық. Енді міне, Арал ауданындамыз. Мұнда бір  апта бұрын келгенбіз. Бұдан кейін Ақтауға  баруды жоспарлап отырмыз. Содан соң, қайта өз елімізге  ораламыз. Мұндағы  қызмет  көрсету  сапасы  өте қатты ұнады. Тағамдары  өте  дәмді. Шағын  аудан болса да барлығы  өз  ісінің  мамандары  екені  көрініп   тұр, – деді Франциядан  келген саяхатшы Romane  Challoud.

Олар түсіргелі жатқан деректі фильмнің ауқымы кең. Кетер кезде қолымызға есімі жазыл­ған қағазды ұстатты. Есімінен кейін французша жазылған түсініксіз сөйлемді де қоса жазып берді. Кейіннен аударып қарағанда қағазда «Теңізді жұтқан жұмыр жер» деген сөйлем шықты. Кім біледі, бәлкім саяхатшылардың деректі фильмінің атауы болар немесе оларды да тартылған  теңіз  мәселесі  қатты толғандырады…

АРАЛДЫҚТАРДЫ  НЕ  АЛАҢДАТАДЫ?

Кәсіпкерлік нысандарды сәтті араладық. Көзбен көріп, көңілге түйгеніміз ойымыздан әбден шықты. Ары қарай сапарымызды жалғас­тырмас бұрын аудандық әкімдік алдына келіп тұрақтадық. Шақырайған күн шекемізді тесіп барады. Сондағы бір көлеңкеге тығылып, келесі аралайтын нысандарды талқылап отырмыз. Кенет әкімдіктен екі әйел шығып, бізді көріп сәл кідіріп қалды. Өзара бір нәрселерді айтып, күңкілдесті де, бізге қарай бет алды. Ортамызға жақындап, өздерінің мәселелерін айта бастады. Әкімдікті жағалап жүргендеріне бір жылдан аса уақыт өтіпті. Осының алдында әкімдік тәуелсіз сарапшыларға үйді тексертіп, нәтиже­сінде үйлері апатты деп танылған екен. Үй деп те айту қиын. Дәлірек айтсақ, осыдан 50 жыл бұрын салынған бұрынғы мектеп. Баспананың жоқтығынан қазір ол жерде көпбалалы аз қамтылған отбасылар тұрады. Күкірттің қорабындай шағын бөлмелері бар баспананы 14 отбасы паналап отыр. Барлығы да – көпбалалы аналар.

– Мектепті паналаған тұрғындар апатты үйде өмір сүруде. Бала-шағамызбен, немерелерімізбен бірге тұрудамыз. Ауданда жұмыс жоқ. Тек қоғамдық жұмыс бар. Айына 42 мың теңге төлейді. Бірақ, ондағы жұмыс жағдайы өте нашар. Тұрғындар азып кетті. Ал әкім болса ақша жоқ дегеннен басқаны айтпайды. Қозғалыс бар дейді, бірақ ақша әлі бөлінбей жатыр. Үстімізді тоқпен айналдыра байлап қойған. Өте қауіпті. Қаражат бөлінсе дейміз. Мен өзім – күміс алқалы анамын. Бірақ, атымда үй болған соң, үйге кезектен шығарып тастады. Үйіміздің апаттық жағдайда екеніне қараған жоқ, – деп шағымданды әкімдіктен шыққан қос әйел.

Көпбалалы аналардың жанайқайын тың­даған  күйі  бағытымыз жаңадан салынып  жатқан үйлер құрылысына бұрылды. Көп ойланбай-ақ, сонда жол тарттық. Ауданда салынып жатқан тұрғын үйлер көп, тек оларға сұраныс жоқ дегенді көптен бері еститінбіз. Бір жағынан соның себебін білуді жөн көрдік. Биыл ауданға көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында республикалық бюджет есебінен 294 млн теңге қаржы қаралған. Қазіргі уақытта жекеменшік құрылыс компанияларының есебінен жалпы ауданы 2448 мың шаршы метрді құрайтын 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің іргетасын қалау жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыс­ына 140-тан астам адам тартылыпты. Күзде аяқталатын тұрғын үй көпбалалы отба­сыларға арендалық жолмен беріледі. Яғни, ай сайын аз қаражат төлеп, 25 жылда үйді жекешелендіріп  ала  алады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында кезекте тұрған көпбалалы аналарды баспанамен қамту бойынша жұмыс істеудеміз. 985 азамат жалпы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 286-сы – көпбалалы аз қамтылған отбасылар. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы басталамын дегенше, құрылыс жұмыс­тарын аяқтап, үйді табыстайтын боламыз. Биыл 36 отбасы қоныстой тойлайды деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, апаттық жағдайда тұрған 14 отбасыға қатысты айтып өтсем, 50 жыл бұрын салынған мектепті паналап жүрген отбасыларға көмек беруге де жұмыс атқарып жатыр­мыз. Қазіргі таңда жобаны дайындап, облыстық құрылыс басқармасына тапсырдық. Алдағы сес­сияда қаржы бөлінсе, қосымша 14 үй салатын боламыз. Бұл – аудандағы шиеленіс ошағында тұрған мәселе, – деді Арал ауданының экс-әкімі Мұхтар  Оразбаев.

Жаңадан салынып жатқан үйлердің барлық жағдайы бар. Жарық, су, газды салып жатқан кәсіпкерлер өздері кіргізіп береді. Бұл аз қамтылған отбасылар үшін өте тиімді бас­пана болмақ. Одан бөлек, «Отбасы банк» арқылы берілетін   несиелік   үйлер  де  бар. Бірақ,  оған   аудан тұрғындары  қызығушылық  танытып отыр­ған жоқ. Себебі, үйдің  бағасы  қымбат. Шамамен екі бөлмелі үй 8 мил­лион теңге болса, 3 бөлмелі үй 9 миллион теңгені құрап отыр. Салым­шы алғашқы 10 пайызын салу керек. Деген­мен, қазіргі таңда сұраныс­тың жоқтығынан үйлердің бағасын  төмендету  жоспарланып  отыр.

Ал жұмыс жайына оралсақ, Арал ауданында жыл басынан бері 1200 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Экс-әкімнің айтуынша, жұмыс істеймін немесе кәсіп ашамын дегенге барлық жағдай жасалған. «Бизнес Бастау» жобасы­мен ауданда 72 азамат оқыған. Арасында аз қамтылған отбасы мүшелері де бар.

ПРЕЗИДЕНТ  ТАПСЫРМАСЫ  ОРЫНДАЛДЫ

Арал ауданында бүгінде апатты жағдайда деп танылған екі мектеп болған. Аймақ басшысының қолдауымен, бұл мәселе де өз шешімін тауып жатқан көрінеді. Одан бөлек, Сексеуіл кентіндегі мектеп мәселесі де осыған дейін өзекті болып келді. 2016 жылы Жезқазған-Бейнеу теміржолы салынып, 15 мыңдай тұрғыны бар Сексеуіл кенті тоғыз жолдың торабына айналды. Содан  бері  кенттегі  оқушылардың мектепке баруы қиындаған еді. Десе де, мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, кентте жаңа мектеп салынып, келесі оқу жылынан бастап пайдалануға  берілетін  болды.

– Аудандағы  Сексеуіл  кентінде   бұған   дейін    3 орта  мектеп  жұмыс  істеді. Онда 2700-дей оқушы білім алған. Жалпы кентте 15 мыңның үстінде халық тұрады. 2016 жылы Жезқазған-Бейнеу теміржолы салынып, әлгі үш мектеп осы  теміржолдың бір жағында қалып қойған. Соның әсерінен 438 оқушы шойын жолды кесіп өтіп, мектепке қатынады. Сол үшін осы оқушыларға жақын жаңа мектеп салынды. Келесі оқу жылында 452 бала осы жаңа мектепке ауыс­тырылады деп күтілуде. 1 қыркүйекте оқушылар сабағын бастайды – деді аудандық білім бөлі­мінің  басшысы  Санира  Нұрқожақызы.

Бұл мектептің ашылғанына ата-аналар да дән риза. Балаларға алаңдап, теміржолға қорқа қарап отырушы едік дейді олар. Алайда мәселе тез арада шешімін тауып, алдағы уақытта оқушылар қауіпсіз аумақта білім ала алады.

Арал ауданын аралауды осымен тамам­дадық. Алақандай ауданның мақтанышын да, мәселесін де көріп қайттық. Шаңды дауылмен күтіп алған Арал мамыражай күйде шығарып салды. Жалпы, мұндағы істеліп жатқан жұмыс­тарға жоғары баға беруге болады. Тыр­банып, талпынғанға демеуші көп. Түйінді түйткілдер біртіндеп шешімін тауып жатыр. Сол үшін де көңіліміз көтеріңкі қайтты. Ендігі біздің  келесі  бағытымыз – Қазалы  ауданы…

Бекзат АМАНОВ

Пікірлер:
  • Арал теңізінің және Қамыстыбас көлінің тартылу мәселесі,қуаңшылық,шөп шықпай малдарымыздың аштан қырылуы,Байқоңырдан Ракета ұшқан сайын 1апта бойы шаңды дауыл соғып экологияны бұзып жатқаны туралы неге айтылмаған.Аралдың экологиялық апат аймағы екеніне қарамастан «Арал-Сода» кальцилендірілген сода зауытын салынайын деп жатқаны, оған тұрғындардың қарсы болып жатқаны айтылу қажет еді.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: