Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі басты назарда

01.12.2023, 10:35 482

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Жыл соңына дейін аймақты газдандыру деңгейін 75 пайызға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімінің бірінші орынбасы Серік Қожаниязов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында осылай мәлімдеді.
Жалпы, биыл 26 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға барлығы 9,3 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Жыл басынан бері облыс аумағында 4 елді мекен табиғи газға қосылып үлгерген. Ал, 8 елді мекеннің газдандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Осылайша, 12 елді мекеннің 40 мыңға жуық тұрғыны табиғи газдың игілігін көретін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 100 пайыз халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде өңірімізде кешенді жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар тізбегі қалыптасқан.

– ​Облыс бойынша халық санымен алғанда 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Осы жылы 23 жобаға барлығы 7,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жобалар толығымен аяқталған соң, 163 шақырым ауыз су жүйелері жаңғыртылып, 100 мыңнан аса халықтың ауыз сумен қамтылуы жақсарады. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен Арал ауданы Құланды елді мекеніне және Шиелі ауданы Жуантөбе елді мекеніне су тұщытқыш орнатуға 38,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл тұрғынын ауыз сумен қамту деңгейін 98,3 пайызға жеткізу жоспарлануда, – деді Серік Салауатұлы.

Аймақта келесі өзекті салалардың бірі – энергетика саласы. Серік Қожаниязовтың айтуынша, аймақ басшысы бұл бағытта нақты шараларды қабылдауды тапсырған. Сол себепті өткір мәселенің шеті шыққан сыңайлы.

Қызылорда қаласындағы ең бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр жүйелерін жөндеу мақсатында облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстағы электр желілерінің тозу деңгейін төмендету үшін және аталған жұмыстарды жалғастыруға келесі жылға қаржы бөлінген. Брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары жылу беру маусымы мен ТЭЦ жайлы да қоса кетті.

– ​Жылу беру маусымы 13 қазаннан басталып, тұрақты өтуде. Облыстағы барлық 1067 әлеуметтік нысан мен орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылған 855 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілуде. Бүгінде ТЭЦ-тің негізгі агрегаттары мен қондырғыларының тозу деңгейі жоғары екендігі баршамызға белгілі. Осы жылы ТЭЦ-тің 2 газотурбиналық қондырғысы мен 1 су қазандығына облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, кәсіпорынның өз қаржысы есебінен 9 бу қазандығы мен 1 бу турбинасына және 18 автономды қазандықтарға жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалды, – деді Серік Қожаниязов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: