Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Арал ауданына жұмыс сапарымен барды

05.09.2022, 18:10 188

HALYQLINE.KZ Нұрлыбек Нәлібаев Аралдың Қамыстыбас ауылдық округінде құтқару бөлімшесінің модульдік станциясының жұмысын көрді. 9 бөлмеден тұратын бөлімшеде медициналық пункт, кезекші диспечерлік және компрессорлық бөлме қамтылған. Аумағы 250 шаршы метрді құрайтын орталық төтенше жағдай кезінде тұрғындарға оперативті көмекті жылдам үйлестіруге мүмкіндік береді. Арал ауданындағы сапары соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан әкіміне Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

Өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Аманөткел ауылдық округіне барып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

– Спорт – ел мерейін асырып, абыройын арттыратын ауқымды сала. Өңірде «Балалар жылы» аясында демеушілердің қолдауымен 80 ойын алаңы салынуда. Арал ауданында соның 5-еуі жыл аяғына дейін аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Бұл кешенде байрақты бәсекелерде, Олимп шыңында Көк Туымызды желбіретер даңқты спортшылар жаттығып шығарына сенімдімін! Жаңа спорт ғимараты құтты болсын, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Нәлібаев спортпен шұғылдануға ниетті жастармен жүздесіп, пікірлесті. Мұнда бір мезетте 40 баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Яғни баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнай алады. Айту керек, мұндай денешынықтыру-сауықтыру кешені Жақсықылыш кенті мен Қамыстыбас елді мекенінде салынуда.

Арал ауданына сапары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Aral Quarts кварц құмын байыту тау-кен комбинатына барды. Жылына 120 мың тонна кварц құмын өндіретін кәсіпорын алғашқы кезеңде 40 маманды жұмыспен қамтыса, ІІ кезеңде 172 мың тонна құрғақ құрылыс ұнтағын шығаруға ден қойып, 88 маман еңбекке тартылды. Өндіріс орны ішкі нарықты 80 пайыз өніммен қамтиды. Нұрлыбек Нәлібаев шыны зауытына қажетті өнімді осы өндіріс қамтамасыз етуі керек екендігін алға тартып, комбинат жұмысын бағдарлады. Кәсіпорын айыны 5500-6000 тонна өнім өндіругк қауқарлы. Қазіргі таңда 3.5 мың тонна өнім дайындалған.

Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Аралқұм ауылдық округі, Шөміш елді мекеніндегі «Латон-Маркет» ЖШС-ның демеушілігімен салынған әмбебап кіші спорт алаңын көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

“Балаларға тарту ретінде өңірде парктер, скверлер салынуда. Жақында ғана Жаңақорғанда меценат 750 млн теңгеге парк салу ісіне белсене кірісті. Ал, демеушілердің қолдауымен қалада 50, аудандарда 30 балалар алаңы бой көтереді. Тағы бір жанашыр азамат 1.5 млрд теңгеге “Анаға тағзым” алаңын салып беруге ниет білдірді. Міне, осындай шағын алаңдарды балалардың игілігі үшін табыстау үлкен игілікті іс деп санаймыз”, – деді Н.Нәлібаев.

Спорт алаңында 12 жас бір мезетте ойнай алады. Аумағы 800 шаршы метрді құрайтын теміртормен қапталған алаңда 6 жарықшам қойылып, газон төселген. Спорт алаңына келген жастар облыс әкімімен тілдесті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Аралға сапары барысында Жақсықылыш кентіндегі «Асылым» жеке балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты. Жаңадан бой көтерген нысан 140 бүлдіршінге лайықталған. Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, білім саласына инвестиция құйған кәсіпкерге алғыс білдірді. Бүгінде Арал өңірі 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің балабақшамен 100 пайыз қамтыған ауданның бірі.2025 жылға қарай ауданда 16 жеке балабақша және 4 мектеп жанынан шағын орталық ашылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: