Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік көмек қалай өзгереді? «Әділет» партиясының үміткерлері маңызды жоспарларды таныстырды

17.11.2026, 15:45 97

Қызылордада «Әділет» партиясынан облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер әйелдер қауымымен кездесіп, партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасындағы әлеуметтік сала мен білім беру бағыттарының басымдықтарын таныстырды.

Кездесуге партиялық тізім бойынша облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Манат Тлеуова, Жанар Бимұратқызы қатысты. Басқосуда отбасы институтын нығайту, әйелдерді қолдау, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру және балаларға сапалы білім беру мәселелері кеңінен талқыланды.

Алғашқы болып сөз алған Манат Тлеуова әлеуметтік саясаттағы маңызды өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, партия әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға қолжетімді етуді көздейді. Осы мақсатта мемлекеттік төлемдерді тағайындау жүйесін проактивті форматқа көшіру ұсынылып отыр. Яғни, азамат туралы қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың дерекқорында болса, одан қайта өтініш беру талап етілмейді. Бұл әлеуметтік қолдауды рәсімдеуді жеңілдетіп, көмекке мұқтаж адамдардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматты мемлекетке тәуелді ету емес, әр адамның құқығы мен қажеттілігіне сай әділ қолдау көрсету. Көмек шын мұқтаж жандарға уақтылы әрі кедергісіз жетуі керек», – деді Манат Тлеуова.

Үміткер отбасы мен әйелдерді қолдау бағытындағы бастамаларды да атап өтті. Атап айтқанда, отбасын қолдау орталықтарының жұмысы күшейтіліп, әйелдерге көрсетілетін жеке қолдау қызметтерінің жаңа стандарттары енгізілмек. Сондай-ақ баланың дүниеге келген сәтінен бастап кәмелет жасына толғанға дейінгі мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге біріктіретін цифрлық маршрут қалыптастыру көзделген. Бұл әр баланың жасына және қажеттілігіне қарай тиісті қызметтерді уақытылы алуына жол ашады.

Аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсарту да назардан тыс қалмайды. Осы бағытта үйде әлеуметтік қызмет көрсету, күндізгі болу орталықтары мен патронаждық күтім қызметтерін дамыту жоспарланған.

Кездесуде Қызылорда өңірі үшін маңызы зор тағы бір бастама – мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту тәжірибесі сөз болды. Өңірде пилоттық жоба аясында жүргізілген жұмыстың нәтижесінде балалардың 71 пайызында оң өзгеріс байқалған. Партия бұл тәжірибені еліміздің өзге өңірлеріне де таратуға ниетті. Бұл, ең алдымен, ерекше күтімді қажет ететін балалардың оңалту қызметтеріне қолжетімділігін арттырып, ата-аналарға көрсетілетін қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Ал білім беру саласындағы басымдықтарды таныстырған Жанар Бимұратқызы мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білім сапасын арттыруға бағытталған жоспарларды баяндады.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда кемінде 79 мың жаңа орын ашу көзделген. Нәтижесінде 2028 жылға қарай балабақша кезегіндегі 2–6 жас аралығындағы балаларды толық қамту жоспарланып отыр. Ал 2031 жылға дейін елімізде 300 мың жаңа оқушы орны ашылмақ. Бұл білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған.

«Баланың қай жерде тұратыны оның білім алу мүмкіндігіне шектеу болмауы керек. Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының айырмасын азайтып, әр оқушыға заманауи білім алуға тең мүмкіндік жасау маңызды», – деді Жанар Бимұратқызы.

Осы мақсатта Ұлттық тірек ауыл мектептері желісін құру, ауылдық жерлерде «English ауылда» бағдарламасын іске асыру ұсынылып отыр. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін енгізу көзделген. Ал 11-сынып түлектері жыл сайын екі пән бойынша сыртқы тестілеуден өтеді.

Бұдан бөлек, мектеп бітірушілерге аттестатпен қатар жұмысшы мамандығын меңгеру мүмкіндігін беру қарастырылған. Колледждерде дуалды оқыту жүйесі де кеңейтілмек. Бағдарлама бойынша 2031 жылға қарай осы жүйемен қамтылған студенттердің үлесін 45 пайызға жеткізуге қолдау көрсету жоспарланған.

Кездесу барысында қатысушылар әлеуметтік қолдау, балалардың болашағы, білім беру сапасы мен ауылдағы мүмкіндіктерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Үміткерлер көтерілген мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамалардың өңір тұрғындары үшін маңызын атап өтті.

Кездесу соңында үміткерлер әйелдер қауымын алдағы сайлауға белсенді қатысып, «Әділет» партиясын қолдауға шақырды.

Тапсырыс беруші: Базартай Н.Ж.
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: