Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2021 жылы ел есінде қалған ең маңызды 10 оқиға

30.12.2021, 14:00 253

Санаулы күннен соң дүние жаңа жылдың табалдырығынан аттағалы тұр. Екі жылға жуық уақыт пандемияның құрсауынан көз ашпай келе жатқан әлем биыл коронавирусқа қарсы вакциналауды жаппай бастап кетті және ол әлі де жалғасын табуда. Елде де елең ететін елеулі оқиғалар болды. Сыр елінде де сүйіншілейтін де, бас шайқайтын да жайттар жоқ емес. Солардың ең маңыздыларын «Халық» газеті назарларыңызға ұсынады.

  • Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу басталды. Қазіргі таңда 8 млн 360 мыңға жуық азамат елімізде тіркелген вакциналардың екі компонентін де салдырды.
  • Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинағын шешуге арналған жеткіліктік шегі артатыны белгілі болды. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Бұл шешімге әлеуметтік желі қолданушылары наразылық білдірді. Президент зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
  • Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың жабылатыны хабарланды. Мамыр айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2021 және 2022 жылдары «Баспана хит» пен «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылатынын мәлімдеді. Еске салсақ, «Баспана хит» бағдарламасы арқылы азаматтар екінші нарықтан жылдық 10,75 пайызбен, 20 пайыз көлемде алғашқы төлем жасау арқылы 15 жылға дейін тұрғын үй ипотекасын рәсімдей алатын. Ал «7-20-25» арқылы ел тұрғындарына жылдық 7 пайыз, алғашқы жарна 20 пайызбен, 25 жылға дейін ипотека алу мүмкіндігі ұсынылып келді.
  • Қызылордада Қорқыт ата университетінің ғалымдары альцгеймер және паркинсон ауруын емдейтін жаңа дәрі әзірлейтін болды. Олар бұл жобаны шетелдік ғалымдармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Ал ғылыми зерттеулер Еропалық Одақтың гранты есебінен жүргізіледі. Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе жантағы пайдаланылады. Жантақтан жаңалық ашқан ғалым – Нұрбол Аппазов. Ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры.
  • Облыстағы оңалту орталығында «Модельдік пәтер жобасы» іске қосылды. Әлеуметтік тұрмыстық бейімделуіне жәрдемдесетін бұл жоба республикада алғаш болып жүзеге асты. «Модельдік пәтер» жобасы мүгедектігі бар адамдарды оңалту мақсатында ашылды. Онда әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық бағытта қызмет көрсетіледі. Биылдан бастап мүгедектігі бар адамдар өз таңдауы арқылы техникалық оңалту құралдары мен қажетті қызмет түрлерін әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен алуда.
  • ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисовтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыста Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде міндетті пәндер ретінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізу туралы мәселе қаралды. Нәтижесінде Үкіметаралық комиссияның шешімімен РФ Білім министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде «Қазақстан тарихы» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізу туралы мәселені пысықтау жөнінде хаттамалық тапсырма берілді. Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептерінде «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері оқытылады.
  • Қызылордада құрылысы созбалаңға салынған шыны зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 197,1 мың тонна, тәулігіне  600 тонна өнім шығара алады. Бұл арқылы сырттан алатын өнімге деген тәуелділік азаяды, сондай-ақ, басқа мемлекеттерге деген экспорттың 30%-ын жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Зауытта әлемнің жетекші елдері АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия және Қытайда шығарылған заманауи үлгідегі технологиялар қолданылады. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинатталған шыны, күйдірілген шыны өнім түрлері өндіріледі деп күтіледі. Шыны өндіру барысында 90 пайыз жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80 пайызын құрайтын негізгі компонент – кальцийленген сода.
  • Сырдария өзенінің суы тартылды. Өзен суы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның су шаруашылығы қызметіне және Қырғызстандағы Тоқтоғұл суқоймасында су жиналуына байланысты анықталады. Биыл Тоқтоғұл суқоймасында жиналған су көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 5 миллиард текше метрге аз. Вегетациялық кезеңнің басында шамамен 15 миллиард текше метр су жиналса, қалыпты саналады. Бірақ бұл 2020  жылға  қарағанда  2,9  миллиардқа  аз.
  • Аймақта қуаңшылық болды. Арал ауданында 1000-ға тарта мал басы қырылды. Дереу төтенше жағдай енгізіліп, ауданға жем-шөп тасымалданып, шаруаларға көмек көрсетілді.
  • Бір жарым жыл еліміздің денсаулық саласын басқарған Алексей Цой қызметінен кетті. Мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Өз отставкасы туралы министр Facebook парақшасында пікір білдірді. «Бүгін менің азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімім қолдау тапты», – деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.

Дайындаған  Ай-Керім

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: