Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖИ журналистика деген тірі ағзаның жүрегі бола алмайды

26.06.2025, 12:20 324

Бәріміз  білетіндей,  журналистика – ақпарат  пен  ақиқаттың  арасын жалғаған өнер. Ашығын айту керек, бұрындары бұл кәсіпті мінез бен жауапкершілік көтеріп тұрды. Тілші титтей мақала үшін шындықты іздеп сапар шекті, дерек үшін адаммен бетпе-бет сөйлесті, әр  сөйлемді көркем  түрде,  шынайы  эмоциямен  жаза білді. Алайда, соңғы он жыл көлемінде ақпарат тасқыны адам түйсігінен бұрын, алгоритмге тәуелді бола бастағандай…

Жаңалықты адам емес, нейрожүйе жазатын жағдайға жеттік. Мәтінді адамдай жазатын жасанды сананы пайдаланып, авторлық материал жазып жүрген журналистерді көзіміз шалып жүр. Оларды алыстан іздеп, зерттеп керек емес, сызықшаның көптігі, мәтіндегі қайталанулар мен ақпараттың көнелігінен-ақ мақаланың не жазбаның жасанды интеллекті көмегімен жазылғанын білуге болады. Осы тұста «жаһан журналистикасын  болашақта  адам емес, алгоритм  билемей  ме?  деген  күдік, қорқыныш  туындайды.

Бұл мақаламызда біз ЖИ-дің жаңа заман  журналистикасына  ену  үрдісін саралап,  жан-жақты  талдау  жасаймыз. Себебі,  бұл  тақырыпқа  тек  негативті, біржақты  қарауға да  болмайды. Бұл – журналистің  бір  міндеті.

Алдымен сөз басын жасанды интеллектінің журналистикаға қалай енгенінен бастағанымыз абзал болар. Нейрожелі бұл салаға аяқасты келген жоқ. Оның алғашқы адымы технологиялық көмекші ретінде басталған-тұғын. Уақыт өте келе ақпарат өндіру мен жазу процесінің толыққанды мүшесіне айналды. Бұл өзгеріс ең алдымен техникалық рутинаны автоматтандырудан  бастау  алған.

2007 жылы Associated Press агенттігі алғаш рет бейсбол ойынына арналған жаңалықты автоматты түрде жазып шығарды. Бұл қарапайым, құрылымы алдын ала белгіленген есеп болатын. Бірақ сол сәттен бастап ақпаратты адамның орнына алгоритм жазуы қалыпты процеске айнала бастады. 2014 жылдан бастап AP жылына 3000 қаржылық есепке арналған жаңалықты Wordsmith атты автоматтандырылған жүйемен жасап шығарды. Бұл адам редакторлардың қолымен жазылатын көлемнен он есеге  артық  көрсеткіш  еді.

Reuters агенттігі Lynx Insight жүйе­сін енгізді. Бұл ЖИ-дің адамды алмас­тыруы емес, керісінше, журналистке көмектесетін, деректер арасы­нан тенденцияларды анықтап, нақты тақырыптарды ұсынатын цифрлық серік саналады. Қазіргі уақытта мұндай модельдер одан да күрделі функцияларды атқара алады. Bloomberg 2023 жылы BloombergGPT атты сала­лық тілдік моделін іске қосты. Ол сараптамалық материалдардан бастап, нақты қаржылық шолулар мен дерек­ке толы репортаждарға де­йін автоматты түрде жазып береді. Бұл – тек мәтін генерациясы емес, кәсіби контексті бар, қаржылық логикасы дұрыс, редакциялық өңдеуді қажет етпейтін сапалы контент жасау деген сөз.

BBC синопсис дайындау мен деректі фильм жоспарлауда ЖИ көмегін пайдаланады. Ал Le Monde мен The Guardian сайттарында оқырман талғамына бейімделген мақала ұсыну тәжірибесі енді. 2023 жылы MIT Media Lab жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әлемдік жаңалық сайттарының 42 пайызы жасанды интеллектіні тұрақты түрде қолданып келеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл технологиялық өзгеріс журналистиканың құрылымы мен мәдениетін қайта қарастыру қажеттігін көрсетеді.

NewsGuard зерттеу агенттігі 2024 жылы кем дегенде 600-ге жуық жаңалық сайты ЖИ генерацияла­ған жалған ақпарат таратқанын анықтаған. Бұл факт жасанды интел­лектінің мүмкіндігін мойындаумен қатар, оның шынайылық пен жауап­кершілік алдындағы осалдығын да айқын көрсетеді. Мәселе ЖИ-дің жазу қабілетінде ғана емес, оның этикалық фильтрінің жоқтығында болып отыр. Адам журналист ретінде факт тексеріп, оның әлеуметтік салдарын таразылай алады. Ал ЖИ үшін бұл тек сөздер мен статистиканың комбинациясы  ғана.

Қазақстан медиасы бұл үдеріске енді-­енді қадам басып келе жатыр. Жекелеген редакциялар мәтіндерді қыс­қарту, орфографияны реттеу, тақырып генерациялау секілді жеңіл процестерге ЖИ-ді қолдана бастады. Алайда терең журналистік материалдарды автоматтандыру әлі жүзеге аспаған. Бұған басты себеп – қазақ тіліне бейімделген тілдік модельдердің тапшылығы мен құқықтық-этикалық нормалардың толық қалыптаспауы. Сонымен бірге, отандық журналистің көпшілігі ЖИ құралдарын кәсіби деңгейде қолдануға дайын емес. Бұл жағдай ЖИ-дің техникалық емес, мәдени қабылдану мәселесін  де  алға  шығарады.

Жасанды интеллект – журналис­тикаға дем беруі де, тамырын әлсіретуі де мүмкін қос қырлы құрал деген пікір қалыптасқан. Оның ең алғашқы пайдасы уақыт пен ресурсты үнемдеуде жатыр. Жаңалықтар тасқыны күн санап күрделеніп, жылдамдыққа тәуелді болған дәуірде ЖИ редактор мен тілшіге нақты көмекші бола бастады. Мәселен, Breaking news форматындағы ақпараттарда деректерді өңдеу, фактіні верификациялау, шұғыл мәтін жазу сияқты процестерге ЖИ-ді қосу жеделдікті үш есе арттырғанын Columbia Journalism Review 2023 жылғы зерттеуінде нақтылаған. Жапониялық The Nikkei делінетін ірі медиа корпорациясы экономикалық статистикаларды ЖИ көмегімен қысқа есепке айналдырып, бір материалды жариялауға кеткен уақытты бұрынғыдан 60 пайызға қысқартқан. Бұл тәжірибе, әсіресе күнделікті жаңалық ағынында «дерек маңызды, форма қарапайым» деген принциппен жұмыс істейтін басылымдарға тиімді  болып  отыр.

Сонымен қатар, ЖИ күрделі кон­тексті бар ақпаратты оқырманға түсінікті етіп ықшамдауға көмектесе­ді. Мысалы, ғылыми немесе заңдық құжаттарды журналистер үшін қолжетімді тілге аудару процесінде GPT секілді жүйелер кеңінен қолданылады. 2024 жылы Reuters Institute жариялаған есепте әртүрлі БАҚ өкілінің 51 пайызы ЖИ-ді идея генерациялауға, тақырып ұсынуға және мақаланың алғашқы драфтын жасау­ға пайдаланатынын көрсеткен. Бұл шығармашылық емес, бірақ техника­лық жұмыс бөлігін автоматтандыру арқылы журналистің қолын босатып, зерттеуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік  беру  дегенмен  пара-пар.

Алайда, осы жерде ЖИ-дің екінші қыры көріне бастайды. Ол – журналистің шығармашылықтан алыстауы. «Тақырыпты ЖИ ұсынса, кіріспені ЖИ бастаса, құрылымды ЖИ құрас­тырса, онда журналист қайда?» деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны айдан анық. Бұл сұрақ, әсіресе жас буын тілшілердің өздігінен ойлау, дерекке анализ жасау, метафорамен сөйлеу секілді қабілетінің бәсеңдеу қаупін тудырады. Гарвард университетінің Nieman Lab зерттеуінде жас журна­листердің ЖИ-ге тәуелділігі арта бастағаны айтылып, бұл үрдіс «жазу дағдысының құнсыздануына» әкелуі мүмкін деп ескертілген. Өйткені ЖИ сөз тізбектейді, ал адам ой тізбектейді. Бұл екеуінің арасы жер мен көктей.

Кейбір редакция ЖИ-дің артық­шылығына тым арқа сүйеп, журна­листік процестің этикалық және креативтік табиғатын елемей барады. Мысалы, 2023 жылы CNET редакция­сы бірнеше мақаланы жасанды интел­лектпен жазғаны анықталған соң, оларда фактологиялық қателер мен манипулятивті тіл кездес­кені үшін қоғам сынына ұшырады. Бұл оқиға ЖИ арқылы жазылған кез келген контенттің артында жауапты редак­торлық бақылау болуы тиіс екенін дәлелдеді. Ақпаратты жылдам шы­ғару маңызды емес, оны дұрыс, адал, адамша шығару маңызды. Осы тұрғыда Qyzylorda телеарнасының бас редак­торы Айнұр Тұңғышбаевамен тілдескен болатынбыз. Кәсіби маман өз кезегінде ЖИ-дің нағыз журналистің орнын алмастыра алмайтынын  алға  тартады.

– Шын мәнінде бұл – өте өзекті тақырып. Әрине, ChatGPT ақпаратты тез өңдеп ұсынады. Әсіресе, жеделдік жағынан таптырмас құрал ретінде көрінеді. Бірақ та біз, журналистер ЖИ-дің әрқашан шындыққа жанасатын ақпаратын қаперде ұстауымыз керек. Одан бөлек журналистер үшін ең маңызды нәрсе – ChatGPT сынды нейро­желілер тақырыпты терең зерттеуге тісі батпайды. Не десе де, қазіргі БАҚ жасанды интеллектімен жұмыс істейтінін  мойындауымыз қажет. ЖИ – деректерді талдау үшін, ақпаратты аудару үшін таптырмас құрал. Алайда, біз одан алған ақпаратқа міндетті түрде фактчек жасап, тексеріс жасауымыз керек. Қорыта айтқанда, жасан­ды интеллект журналиске көмекші бола алады. Дегенмен, адамша зерттеу жасап, тақырыпқа терең бойлай алмайды, жазған мәтіні жүрекке жетпейді. Өйткені, ол – гене­ративті жүйе, шығармашылық жүйе  емес, – дейді  ол.

ЖИ журналистикаға идея бере алады, бірақ  оның  орнына  идея туды­ра  алмайды  деген  тұжырымға келдік. Ол мәтінді жылдам өңдей алады, бірақ оған жан бітіру – адам қолындағы шеберлік екені хақ. Осы орайда «жасанды интеллект жур­на­листикада қызметші ме, әлде иемденуші ме?» деген сұрақ тууы заңды. Әзірге шешім адамның этикасы мен кәсіби рефлексиясына байла­нысты. ЖИ – медианың  бір  қадамын  жеңілдететін құрал. Бірақ ол журналистика деген тірі ағзаның жүрегі бола алмай­ды. Себебі жүректе эмоция бар, ал эмоция – алгоритм­ге жат  емес,  тиісінше,  онымен  тең  де  емес.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: