Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттерінің президенттері қатысқан бейресми саммитте Түркістанда басқосудың мәнін атап өтті

15.05.2026, 17:25 49

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен алқалы жиынға қатысуға келген Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның түркі дүниесі үшін айрықша рухани мәні барын айтып, қасиетті шаһардың тарихи орнына тоқталды. Президенттің айтуынша, Түркістан тек Қазақстан үшін ғана емес, түбі бір түркі жұрты үшін де ортақ құндылықтар мен тарихи жадтың тоғысқан мекені саналады. Көне қала ғасырлар бойы руханияттың, елдік сананың және мәдени сабақтастықтың символына айналған.

«Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесінің де түркі халықтары үшін терең мәнге ие екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл тарихи нысан рухани тұтастық пен тарихи сабақтастықтың айқын белгісі.

Президент Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына арнайы тоқталып, оның түркі әлемінің дүниетанымын кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың мұрасы адамзатты ізгілікке, адалдыққа және жасампаздыққа үндейтін құндылықтармен астасып жатқанын айтты.

«Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ясауидің ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білгенін, аса құнды еңбектер жазып, мол рухани мұра қалдырғанын жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Ясауи хикметтері мен тағылымды ойлары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз», деді Мемлекет басшысы. Президент қазіргі таңда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бірқатар бастамалардың түпкі мәні де елді ізгілікке, жауапкершілікке және жаңаруға бастайтынын атап өтті. Ол «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» секілді жобалардың қоғам сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.

«Қазір елімізде “Адал азамат”, “Әділетті Қазақстан”, “Таза Қазақстан” және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Түркістандағы жиында Мемлекет басшысы көне шаһардың тарихи мәртебесін, Ясауи мұрасының түркі халықтары үшін ортақ рухани қазына екенін және бүгінгі ұлттық бастамалардың сол терең құндылықтармен сабақтасып жатқанын атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: