Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үш жақты меморандум қабылданды

05.01.2023, 18:20 127

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы прокуратурасының бастамасымен прокуратура алаңында адал кәсіпкерлерді сот дауларына (мәмілені жарамсыз деп танумен байланысты) негізсіз тартуды болдырмау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.

Соңғы екі жылда мемлекеттік кірістер органдарымен (бұдан әрі – МКО) 500 кәсіпкердің мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы сотқа 315 талап арыз берілген. Оның 166-сы (2021ж. – 42, 2022ж. – 124) немесе 66%-ы бойынша мәмілелер жарамсыз деп танылса, 83-і МКО-ның пайдасына шешілмеген (34-і қанағаттандырусыз, 49-ы қараусыз қалғандар), 66-сы – соттың өндірісінде.

Сот тәжірибесін зерделеумен МКО тарапынан кәсіпкерлердің уәждері мен дәлелдемелеріне құқықтық баға берілмей, жекелеген жағдайда активтерінің жеткіліксіздігі туралы бір ғана негізбен сотқа жүгінетіні белгілі болды.

Бұл кемшіліктер сот талқылауы кезінде анықталуда.

Сондықтан МКО-ның талап арыздары қанағаттандырусыз қалдырылған (кәсіпкерлер ұсынған дәлелдемелердің негізінде).

Осылайша кәсіпкерлер сот процесіне негізсіз тартылып, олардың қалыпты қызметіне кедергі келтірілген.

Сотқа жүгіну мәселесі бойынша МКД мен Кәсіпкерлер палатасы арасында комиссия құрылған. Алайда комиссия отырыстары туралы кәсіпкерлерге хабардар етілмей, уәждері тыңдалмай, сондай-ақ дәлелдемелеріне құқықтық баға берілмей, формальдылыққа салынған.

Адал салық төлеушілердің сот дауларына тартылуын болдырмау мақсатында облыстық прокуратураның бастамасымен үш жақты меморандум қабылданды. Меморандумда бизнес субъектілерінің МКО-мен анықталған бұзушылықтарды комиссия отырысында қарауға шығару туралы Кәсіпкерлер палатасына жүгіну мүмкіндігі қарастырылған.

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің уәждерін дәлелдеме құжаттарымен бірге комиссияның отырысына шығарады.

Прокуратура бір шешімге келмеген сұрақтар бойынша комиссия отырысына қатысып, өз ұстанымын білдіреді.

Осы тәртіп адал кәсіпкерлерді сот дауларына негізсіз тартуды болдырмауға және кәсіпкерлік ортадағы ахуалдың түзелуіне оң септігін тигізеді.

Бұл мәселені жобалық басқару жұмысы аясында терең зерделеп, қалыптасқан жағдайды реттеу туралы (қолданыстағы заңнамаларға түзету енгізу арқылы) ұсыным әзірлеу жоспарланды.

Ведомствоаралық мәжіліске қатысқан Мемлекеттік кірістер департаменті мен кәсіпкерлер палатасының басшылығы меморандумда көзделген шаралар мәселенің оңтайлы шешілуіне оң әсер ететінін айтып, республика көлемінде кеңінен тарату туралы жоғары тұрған органның алдында бастама көтеретінін жеткізді.

Пікірлер:
  • Иә, дұрыс болған екен!
    Адал салық төлеушілерді негізсіз сандалдырмай, жөнімен өз шешімін табына оң септігін тигізеді, деп ойлаймыз

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: