Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тегін ірімшік қақпанда ғана болады

25.02.2021, 11:00 508

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде елімізде алаяқтық деректері жиілеп кетті, олардың санаттары да әртүрлі. Алаяқтар адамды арбап, күн сайын жаңа схемалар ойлап табады, ал одан қарапайым адамдар зардап шегеді. Қылмыстың бұл түрінен қызылордалықтар да қалыс қалмай тұр. Құзырлы органдардың күн сайынғы мәліметтерінде облыста әйтеуір бір аляқтық дерегі тіркелгені айтылып жатады. Бүгінде жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өмір сүруге бейім адамдар түрлі айла-шарғы арқылы жеңіл ақша табуға құмар болып  келеді. Сөйтіп  олар  ұрлық және алаяқтық сияқты қылмыстарға барады. Соның бір көрінісі ретінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің соңғы күндері берген мәліметтерінен төмендегі оқиғаларды мысалға алуға болады.

«10  МИЛЛИОН  ТЕҢГЕ»  ОМАҚАСТЫРДЫ

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 57 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, 2020 жылдың қазан айында белгісіз азаматша «10 миллион теңге көлемінде несие алып беремін» деп сеніміне кірген. Нәтижесінде арызданушыға алаяқ «Актив центр» орталығынан несиеге «Айфон-11» маркалы ұялы телефонын алдыртып, 400 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Зардап шегуші көп ұзамай алаяқтық құрбанына айналғанын түсінеді.

Аталмыш дерек Қазақстан Республикасының Қылмыс­тық кодексі 190-бабының 1-бөлігі бойынша (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жым­қыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолы­мен бөтен мүлікке құқықты иемдену) тіркелген. Жүргізілген жедел-іздестіру қорытын­дысына сай қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен 44 жастағы азаматша  ұсталған.

Қазіргі таңда күдікті толықтай өз кінәсін мойындап, оған қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық тура­лы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚҰНДЫЗ  ТОН  ДА,  АЛТЫН  ДА  ЖОҚ

Аталған басқармаға 20 ақ­пан күні анау-мынау емес, Шығыс Қазақстан облы­сының тұрғыны арызданыпты. 1988  жылы  туған  оны  өткен жылдың қараша айында белгісіз адам «instagram» әлеу­меттік желісіндегі парақшасы арқылы «құндыз тон мен  алтын  бұйымдарды сата­мын» деген хабарла­мамен алдағ­ан. Нәтижесінде 1 078 000 теңге көлемінде шығын  келтірген.

Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздес­тіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғыны, 25 жас­тағы азаматша күдікті ре­тінде ұсталған. Ол кінәсін  толық­тай мойындады. Бұл дерек бойынша Қазақстан Респуб­ликасының Қылмыстық кодексі 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бо­йынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

«ЖҰМЫСҚА  ТҰРҒЫЗЫП  БЕРУДІҢ»  ҚҰНЫ  –  1 500 000  ТЕҢГЕ

Ал 17 ақпанда қалалық Полиция басқармасының кезек­ші бөліміне алаяқтың құрбаны болған 43 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз ер азамат 2019 жылдың шілде айынан бастап оны ҚТЖ-ға жолсерік ретінде жұмысқа орналастыруға уәде беріп, алдау жолымен 740 000 теңгесін жымқырған. Өтініш беруші бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысқа орналасуды да, ақшасын да қайтармаған.

Сол күні, яғни 17 ақпанда полицияға  жергілікті  тұр­ғыннан алаяқтық дерегі ту­ралы тағы бір осындай мазмұнда арыз түскен. Оны да 2019 жылы белгісіз азамат таныс­тары арқылы жолсерік етіп ұйымдастыруға уәде беріп, алдау жолымен өзіне 700 000 теңге көлемінде қаражатын жымқырған.

Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде 1975 жылы туған қала тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшылығы азаматтарға қырағы болу және бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін тағы да ескертеді. Несие немесе басқа да әлеуметтік-материалдық көмек алуда күмәнді көмек ұсынатын, сондай-ақ ақша үшін жұмысқа орналасуға уәде беретін әртүрлі алаяқтарға шамадан тыс сенім білдірмеңіз. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102  нөміріне  хабарласыңыз.

Жалпы, алаяқтық неге жыл санап белең алып барады? Неге алаяқтардың құрбаны болған адамдар саны жыл өткен сайын өсе түсуде? Одан қалды, жәбірленушілер екі-үш жыл бұрын болған оқиғаны құзырлы орындарға неге кеш хабарлайды? Өкінішке қарай, мұндай келеңсіздіктің ең басты себебін алаяқтық қылмыстың, алаяқтардың көбеюінен емес, адамдардың сондайлардың арбауына түсуге бейім тұратын аңғалдығынан іздеген жөн. Қазақ «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» дейді. Яғни, алаяқтық қылмыс қай жерде адамдар оңай олжа бар дегенге сенетін аңқау болса, сол жерде болады. Тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын түсінетін кез келді.

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: