Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сот орындаушысы арқылы берешекті өндіріп алу тәртібі

25.08.2026, 10:30 39

Қазақстан Республикасында сот шешімімен немесе заңда көзделген өзге де атқарушылық құжатпен белгіленген берешекті өндіріп алу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. 

Атқарушылық іс жүргізудің негізгі мақсаты – борышкердің міндеттемесін мәжбүрлеп орындату және өндіріп алушының заңды талаптарын қамтамасыз ету.

Берешекті өндіріп алу үшін өндіріп алушы сот орындаушысына атқарушылық құжатты ұсынады. Атқарушылық құжаттың негізінде сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.

Атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысы борышкердің мүліктік жағдайын анықтауға, оның банктік шоттары, табыстары және мүлкі туралы мәліметтерді алуға құқылы. Борышкер, ұйымдар мен тиісті мемлекеттік органдар сот орындаушысы талап еткен қажетті мәліметтер мен құжаттарды заңда белгіленген тәртіппен беруге міндетті.

Борышкер міндеттемесін ерікті түрде орындамаған жағдайда, сот орындаушысы мәжбүрлеп орындату шараларын қолданады. Борышкердің банктік шоттарындағы ақша қаражатына өндіріп алу қолдану, жалақысы мен өзге де кірістерінен ұстап қалу, борышкердің мүлкіне тыйым салу, борышкердің мүлкін анықтау және оған өндіріп алу қолдану, заңда көзделген жағдайларда борышкердің белгілі бір құқықтарын уақытша шектеу сияқты шаралар бар.

Егер борышкерде берешекті өтеуге жеткілікті ақша қаражаты болмаса, өндіріп алу оның басқа мүлкіне қолданылуы мүмкін. Заңда борышкердің тұрғынжайына және басқа да мүлкіне өндіріп алу қолданудың арнайы тәртібі белгіленген.

Егер борышкер жұмыс істейтін болса, сот орындаушысы оның жалақысы немесе өзге де табыстарынан өндіріп алынады.

Борышкердің жұмыс берушісі сот орындаушысының талаптарын орындауға және заңда көзделген мәліметтерді беруге міндетті. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда, бұл туралы тиісті ақпарат та берілуге тиіс.

Сонымен бірге, ақша қаражаты берешекті толық өтеуге жеткіліксіз болған кезде өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке бағытталуы мүмкін.

Мүлікке өндіріп алу қолдану кезінде сот орындаушысы оның құнын, заңмен белгіленген шектеулерді және өндіріп алудың кезектілігін ескереді.             

Заңда өндіріп алуға болмайтын мүліктің түрлері де көзделген.

Борышкердің тұрғынжайына, оның ішінде тұрғынжайдағы үлесіне өндіріп алу қолдану азаматтық процестік заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Атқарушылық құжатты орындау барысында негізгі берешекпен қатар заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді жасауға байланысты шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мәселесі де туындайды. Заң бойынша қажетті жағдайларда бұл сомалар да борышкерден өндіріп алынуы мүмкін.

Сот орындаушысы арқылы берешекті өндіріп алу – заңмен нақты реттелген процесс. Борышкер берешекті ерікті түрде орындамаған жағдайда, сот орындаушысы оның ақшасына, жалақысына және заңда рұқсат етілген мүлкіне өндіріп алу қолдану арқылы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз етеді.

Өндіріп алушы да, борышкер де атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өз құқықтары мен міндеттерін білуге тиіс. Сот орындаушысының әрекеті немесе әрекетсіздігі заң талаптарына қайшы деп есептелген жағдайда, оны заңда белгіленген тәртіппен даулауға болады.

Баекеева Ж.К.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің

«Қармақшы ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі»

басшысы, аға сот орындаушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: