Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық полицейлер сала ардагерімен кездесті

20.06.2022, 16:30 482

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай ішкі істер органдарының ардагерімен кездесу шарасы өтті. ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы жеке құраммен кездесті.

Полиция полковнигі Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған. 30 жылдан астам еңбек жолында Әмірбек Бердібекұлы облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі және басқа да салаларда басшылық қызмет атқарған. Қазіргі таңда облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.

Кездесудің мақсаты – қызметкерлерімізге тәжірибелік көмек беру және ардагерлеріміздің ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы қызметтерінде жинақтаған мол тәжірибелерімен бөлісу.

Әмірбек Бердібекұлы өзінің қызметтік жолын, бастан кешкен оқиғаларын еске алып, өткен шаққа ойша сапар шеккендей естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, кездесу барысында Әмірбек Бердібекұлы «Тәуелсіздік қырандары» атты кітапты таныстырды. «Тәуелсіздік қырандары» атты кітабында Қызылорда облысы аумағында орын алған қоғамдық резонанс туғызған ауыр, аса ауыр қылмыстарды әшкерелеудегі полиция қызметкерлерінің ерен еңбегі жөніндегі шынайы оқиғалар қамтылған. Детективті жанрдағы бұл туындыға ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында адал да абыройлы қызмет атқарған Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы мен елімізге белгілі жазушы Нұрлыбек Саматұлы авторлық еткен.

ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы сөз алып, қоғамдық толқыныс тудырған ауыр, аса ауыр қылмыстарды әшкерелеуде полиция қызметкерлерінің жанқиярлық ерліктері баяндалған деректі детективті туынды туралы кеңінен айтып өтті. Бұл туынды көп жылдық еңбектің нәтижесі. Айта кетерлігі, 2021 жылдың 25 желтоқсанында республикалық » Заң-медиа» ЖШС мен Түркістан облысы Соты ұйымдастырған қазақ әдебиеті детективтік жанрдың атасы жазушы Кемел Тоқаев атындағы конкурста «Набат: операциясы» деректі әңгімесі жүлделі орын иеленсе, «Бір құмалақ..» атты деректі әңгімесі Кемел Тоқаев атындағы конкурстың детективті жанрда жазылған ең үздік шығармалары кірген «Шытырман» кітабына енгізілген.

Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлының полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерен еңбектері туралы шығармалары, деректі әңгімелері республикалық «Заң газеті», «Юридическая газета», «Фемида», «Полиция КZ» журналдарында, «Сақшы», «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып, полицияның қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруға зор үлесін тигізіп келеді. Кездесу соңы пікір алмасуға ұласып, Әмірбек Бердібекұлы полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Әсерлі де мазмұнды өткен шара соңында Әмірбек Бердібекұлы тәртіп сақшыларын Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтай отырып, ізгі лебізін білдірді.

Өз кезегінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы ардагер Әмірбек Бердібекұлына алғысын білдіріп, «Жас қызметкерлерді тәрбиелеуге, полицияның дәстүрлерін сақтап, дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғысымыз ерекше. Алға қойған тапсырманы адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі бола білдіңіз. Адал еңбегіңізге ризашылық таныта отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен шаңырағыңызға шаттық тілеймін» деген тілегін білдірді.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: