Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артты

30.01.2024, 10:50 126

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жіті қаралған мәселе – бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен кемел болашағы.

Мәжіліске облыстық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, аумақтық департамент және басқарма басшылары, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ата-аналар комитетінің өкілдері және облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов баяндама жасап, алдын алу бағытындағы шараларға жіті тоқталды.

«Облыс көлемінде қабылданған шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артты. Өткен жылы аймақта 68 қылмыс жасөспірімдермен жасалды, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24-і – орта мектеп оқушысы, 52-сі – колледж студенті, 8-і – жұмыссыздар» деп атап өтті департамент бастығы Махсудхан Нұғманұлы.

Алдын алу бағытында тұрақты түрде «Бала-Заң-Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Мектеп» жедел профилактикалық шаралары және «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар» акциялары өткізілді. Сонымен қатар күнделікті «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері жүргізілуде. Профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде 6521 құқықбұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 306 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, 345 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды.

Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. 7 ата-ана сот құзырымен құқығынан айырылса, тағы да 7-еуінің құқығы шектелді. Девиантты мінез-құлықты 5 жасөспірім мектеп-интернатына, ауыр қылмыс жасаған 3 кәмелетке толмаған Абай облысындағы ерекше режимдегі жабық интернатқа орналастырылды. Кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 9 дүкен иелеріне әкімшілік хаттамалар рәсімделді. 186 жасөспірім және 121 міндеттерін орындамаған ата-ана полицияның есебіне алынды.

Сөзін қорытындылай келе, Махсудхан Нұғманұлы жасөспірімдерге арналған үйірмелер, олардың қауіпсіз ортада уақытын пайдалы өткізуіне және дамуына мүмкіндік жасауға, одан бөлек құқықтық мәдениетті, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуді дамытуға бағытталған арнайы білім беру және кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға, олардың ата-аналарына психологиялық көмектесуді қамтитын оңалту бағдарламаларын әзірлеуге ұсыныс енгізіп және алдағы уақытта да мүдделі құзырлы органдар бұл бағытта бірлесіп, жүйелі жұмыс істейтіні хабарлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: