Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құқықбұзушылықтың алдын қалай аламыз?

30.06.2021, 9:30 439

HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде 2020 жылы және 2021 жылдың І жартыжылдығында есірткі, психотропты заттарды, сол тектестерге қатысты жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу және 2021 жылдың І жартыжылдығында мүлікке қарсы қылмыс, оның ішінде мал ұрлығын алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы екі мәселе қаралды. Аталған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша Қызылорда облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахметов баяндады.

2020 жылы 386 есірткі қылмыстары анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде есірткі өткізумен айналысатын тұлғалардың заңсыз айналымнан 2 млрд 380 млн теңге ақшалай қаражат түсу қаупінің жолы кесілді.

2021 жылы 5 айында барлығы 66 есірткі құқықбұзушылықтары анықталып, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылды. Атқарылған ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде, республикалық маңызы бар тас жолдары арқылы басқа облыстарға автокөлікпен есірткі затын тасымалдаудың 5 дерегі анықталып, 9 тұлға құрықталды. Сонымен қатар, есірткі туралы ақпарат тарататын сайттардың да жұмысы бақылауға алынды. Ағымдағы жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында республика аумағында «Қарасора-2021» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Ағымдағы жылдың 5 айында облыс көлемінде бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі 28% төмендеп, республика бойынша қауіпсіз аймақтардың қатарында. Ұрлық қылмыстарымен айналысқан 192 тұлға ұсталып, оның ішінде 26 қылмыстық топ құрықталды. Жалпы ұрлықтың ашылуы 12% жақсарған. Ай сайын «Мал ұрысы» жедел – профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарды саралап, облыстық полиция департаментіне бірқатар тапсырма берді.

– Есірткі өсімдіктерін өсірудің жолын кесу бағытында заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріy қарастырыңыздар, оның ішінде «Ғарыштық мониторинг» қызметін қолдану тиімділігі бойынша ұсыныс берілсін. Заңсыз есірткінің құқықтық жауапкершілігін БАҚ-та кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі облыстық ведомствоаралық штабтың» жұмысын күшейтуді қамтамасыз ету керек, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қала және аудан әкімдіктеріне тұрғындарға көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін темір есік, электронды кодталған құлып, домофон, бейнекамерамен жабдықтаудың қажеттілігі және елді мекен тұрғындарына мал ұрлығы қылмыстарының көбінесе өрістен, жайылымнан, малдарына қарамай иесіз жіберу себептерінен болатыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелді

Сонымен қатар облыс әкімі бір жарым жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген Шиелі ауданына қарасты Жиделіарық елді мекенін үлгі ретінде көрсетіп, «қауіпсіз ауыл», «қауіпсіз аудан», «қала ішіндегі қауіпсіз аймақ» номинациялары бойынша байқау өткізу туралы ұсынысты қолдады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: