Қазақстанда нотариат саласына биометриялық сәйкестендіру мен жасанды интеллект енгізіледі. Жаңа E-Notary цифрлық платформасын Әділет министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп іске қосады.
Платформа нотариаттық қызметтердің ашықтығын арттырып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Жүйеде нотариустың әрбір әрекеті тіркеледі. Нотариустар мен азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Осы арқылы бөтен адамның есептік деректерді пайдалануына жол берілмейді.
«Азаматтар платформада жеке кабинет аша алады. Сол арқылы өздерінің қатысуымен жасалған барлық нотариаттық іс-әрекеттерді бақылап, қадағалайды. Қажет болған жағдайда нотариустардың заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдіре алады», — деді Үкімет отырысында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Атқарушылық жазба жасау туралы өтініштер де нотариустар арасында автоматты түрде бөлінеді. Жаңа тәртіп мамандарға түсетін жұмысты теңестіріп, өндіріп алушының өзіне ыңғайлы нотариусты таңдауына тосқауыл қояды. Сондай-ақ тараптардың алдын ала сөз байласу қаупін азайтады.
«E-Notary ұсынылған құжаттарды талдау, ықтимал тәуекелдерді анықтау және ұсынымдар әзірлеу үшін жасанды интеллект элементтерімен қамтамасыз етіледі. Барлық нотариаттық іс-әрекетті жасау жөніндегі түпкілікті шешім нотариуста қалады», — деді Ерлан Сәрсембаев.
Пилоттық жобаның нәтижесіне қарай E-Notary платформасын осы жылдың соңына дейін бүкіл ел аумағында іске қосу жоспарланып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!