Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы бір жыл бойы ашылмаған ұрлық

13.12.2021, 9:00 859

HALYQLINE.KZ

Қызылорда  облысының  әкімі  Гүлшара  Әбдіқалықованың,

Қызылорда  облыстық  Полиция  департаментінің  бастығы  Бектөре Сұлтанның,

Қазалы  ауданы  әкімінің  орынбасары  Дәурен  Тілеумбетовтің  назарына!

«Ашынғаннан шығады ащы даусым». Бүгінгі талайдың көңілін күпті қылған түйінді түйткіл жоғарыдағы сөзді қолдануға мәжбүрледі.

Қазалы ауданының орталығында, естігенді елең еткізетін сол қылмыстың болғанына тура 1 жыл уақыт өтті. Десе де, бойында иманы бар жанның жағасын ұстатардай қылмыс әлі күнге ашылған жоқ. Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан біз қозғап отырған қылмыстың ашылғаны туралы осы кезге дейін тұшымды жауап қайтармауы осындай тұжырым жасатты. Ұрлық неге ашылмады?!

Полиция қызметкерлеріне осы сұрақтың қойылғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Миллиондаған тұрғыны бар алып шаһар емес, шағын Әйтеке би кентіндегі айтуға ауыз бармайтын қылмыстың осыншама уақыт бойы ашылмауына нендей себеп болып отыр?! Салғырттық әлде кәсіби жоғары шеберліктің жетіспеушілігі ме?! Мұның өзі тәртіп сақшыларының қызметіне көпшіліктің өкпе-ренішін туындатпасына кім кепіл бола алады?!

Енді сол қылмыс туралы тереңірек тоқталсақ. Оқиғаның жай-жапсары кезінде «Халық» газетінде «Қазалыдағы Құдайдан қорықпайтындар» тақырыбында мақала, әлеуметтік желіде жазба жарияланып, аталмыш газеттің бас редакторы Нұржан Әбжанұлының қолымен (04.12.2020 ж. тіркеу реті №147) облыстық Полиция департаментіне қатынас хат жіберілген еді. Онда «2020 жылдың 2 желтоқсанынан 3-іне қараған түні Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабамыздың Әйтеке би кентіндегі кесенесіне арам ниеттілердің ұрлыққа түскені, нәтижесінде кіреберіс қабырғаға бекітіліп қойған анкер болттан ажыратып, ел-халықтың садақа ақшасы салынған темір қорапты (сейф) ұрлап, өздерімен бірге алып кеткені, қылмыс болған жерге Қазалы аудандық ішгкі істер бөлімінің қызметкерлері келіп, тексеру жұмыстарын жүргізгені, өкініштісі, осыған ұқсас келеңсіз көрініс бұған дейін де кесенеде 2 мәрте қайталанғаны, 2017 жылы кесенеге зиярат етушілер садақасын салатын құлпы бар темір жәшікті (сейф) біреулер жасырынып келіп, бұзып ашып қаражатын алуға әрекет жасағаны, соның алдында да дәл осындай оқиға болғаны, сол кезде де бір оқырманымыз осы жайтты ашына жазып, суретін қоса жіберген, мақала «Халық» газетінде жарияланғаны, көп ұзамай темір жәшіктің есігі жөнделіп, қайтадан қалпына келгені, ал бұл жолы ұрылар Жанқожа бабамыздың кесенесіне қойылған садақа салынған, ішінде қаражаты бар сейфті солайымен көтеріп алып кетіп, арам ниеттерін жүзеге асырғаны» жазылған.

Газетте жарияланған жоғарыдағы мақала, әлеуметтік желідегі жазба сол тұста оқырмандар тарапынан қызу талқыланып, мұндай арсыздықтың халқымыз есімін қатты құрметтеп, «әулие» деп сиынатын Жанқожа бабамыздың кесенесінде болуы көпшіліктің қынжылысын туындатып, суық қолды ұрыларды қалайда тауып, заң жүзінде жазалауды, ел алдында есімдерін әшкерелеуді сұраған пікірлердің өте көп болғанын айта кетсек. 

Ағайынның ренішін түсінуге болады. Жанқожа бабамыздың кесенесінде жоғарыдағы оқиғаға ұқсас келеңсіздік бірінші рет болып отырған жоқ. Ал соңғы жолы сейфті көтеріп алып кету деген… енді шектен шығу. Мәселе, халықтың садақаға салған азды-көпті ақшасында емес. Асыл бабамыздың аруағын тебірентіп, даңқына дақ түсіруге ұмтылған азғындық қадамға барғандардың қылығын (әрі бірінші рет емес) кім, қалайша ақтауға болады?!

Іле-шала Қызылорда облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары қол қойған қатынас хат (07.12.2020 жыл №1-3-15/7649) қолымызға тиді. Хатта «2020 жылдың 3 желтоқсан күні Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде орналасқан Жанқожа батыр кесенесінде болған ұрлық дерегі Қазалы аудандық полиция бөлімінде тіркелгені, ұрлық дерегі бойынша Қазалы АПБ-мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны, оқиға орнына жедел тергеу тобы толық құрамда барып, оқиға орнына толықтай қарап-тексеру жұмыстарын жүргізгені, орын алған қылмыс оқиғасы бойынша қандай да бір жедел қызығушылық тудыратын мәлімет алу мақсатында сол аумаққа жақын орналасқан тұрғын үйлердегі азаматтардан сұрастыру жұмыстары жүргізіліп, жауапты мамандар қымыстың ізін суытпай ашу мақсатында қажетті шараларды жүргізіп, тиісті сараптамалар тағайындалғаны, Қызылорда облыстық полиция департаментінің барлық бөліністері толықтай құлақтандырылып, бағыт-бағдарлар жолданғаны, қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімімен ұрлық қылмысын ашу бағытында барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқаны» айтылыпты.

Сол кезде Қазалы ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіне жаңадан тағайындалған, қазіргі таңда аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовтен де осы жайтқа байланысты хат алғанбыз.

Сонымен… Қылмыс ашылып, ұрылар анықталады деп үміттендік. Алайда үміт ақталмады. Арада тура 1 жыл өтті. Жанқожа бабаның кесенесіндегі ұрлық сол күйі ашылған жоқ. Жалпы, ұрының алыстан келмейтіні белгілі. Әрі зілмауырдай темір сейфті қабырғаға бекітіліп қойған анкер болттан ажыратып, көтеріп алып кетуге жалғыз адамның шамасы келмеуі де, ұрының қасында серігі болуы да мүмкін деген күдік қылаң береді. Бәлкім, сол ұры кесененің жанынан қазірде әрі-бері өтіп жүрген шығар. Арада қаншама уақыт өткенін ескерсек, енді ұрыны із кесушілер дөп басып құрықтай алар ма екен?! Әй, қайдам. Ұсталмаған ұры емес.

Ұрлық болғаннан бергі аралықта баба кесенесінде көптеген жұмыстар атқарылды. Бейнекамералар іске қосылып, түнгі жарық самаладай болып жанып тұр. «Жақсының жақсылығын айт», Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың өзі бас болып, ел азаматтары қолдап, батыр баба ұрпақтары, қала, кент аумағындағы мекеме-кәсіпорын, ұжымдар, дербес бөлімдер, жекелеген тұрғындар, кәсіпкерлер, түрлі сала қызметкерлері, Жанқожа батыр ауылының тұрғындары ауызбіршілік танытып, әлденеше мәрте кесенеге сенбіліктер ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын жүргізді, кесене аумағына түнгі жарық шамдар орнатып, кесене кіреберісін әсем пластикпен қаптап, кесене ішін жарқырата сырлап, баба рухына құрмет білдірді. Әрине, бәрі дұрыс-ақ…

Бірақ… көңілде кірбің, санада жауабын таппаған сұрақ қалды. Жанқожа батыр кесенесінде болған ұрлық неге ашылмады?!.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: