Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаяқтың қулығына құрық бойламайды

09.06.2022, 11:20 321

Қазіргі таңда оңай олжа көздеген алаяқтар айласын асырудың түрлі амалына көшкен. Алаяқтардың ең көп белсенділігі әлеуметтік желіде байқалады, онда жазба жазады және жарнамасы бар жалған сайттарға сілтеме орналастырылады. Соның ішінде ең дамыған түрі – қоңырау шалушы өзін «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп таныстыруы. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар жеке деректеріңізді біліп алуға тырысады. Сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде байланыс деректеріңізді алғаннан кейін, телефон алаяқтары іске кіріседі.

Егер дәл осындай жағдайға байланысты қоңырау түссе, қандай шара қолдану керек? Арбауларға түсіп қалмас үшін заңгерлер ешкімге өзіңіз туралы мәлімет бермеуге, жеке куәліктің көшірмесін, жеке басыңыз­дың құжаттарын суретке түсіріп жібермеуге кеңес береді. Сонымен қатар, өзін «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп таныстырған адамдарға сенбеген жөн. Әдетте алдаушылар әңгіме барысында түрлі сөздермен баурап алады. Арбаушылар адамдардың психологиясын жақсы біледі: кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды, шешім қабылдауға асықтырады, қорқытады, көбіне қызу жұмыс істеп жатқан офис не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа  да  тәсілдерді  қолданады.

2020  жылы  елімізде 14 мың интернет  алаяқ­тық анықталса, өткен жылы оның саны 21 мыңға жеткен. Ал биыл жыл басталғалы 1177  интернет арқылы алдау фактісі тіркелген.

Жақында «Жеңілдікпен үй әперемін» деп жұртты алдайтын алаяқ жауапкершілікке тартылды. Қызылорда қаласының тұрғыны әкімшілікте жұмыс істейтінін айтып, «көп­қабатты  үйлерден   пәтер  алып  беремін»  деген желеумен өзінің танысының жеке куәлігі мен банк картасын пайдаланып, оның атына микрокредиттік мекемелерден жалпы сомасы 305 000 теңге несие рәсімде­ген. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қызылорда қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Тергеу барысында күдікті қыз жасаған алаяқтық іс-әрекеті толығымен өз дәлелін тауып, аталған іс сотқа жолданды. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, жәбірленушілерге келті­рілген шығынды  өтеген. Қызылорда  қалалық соты­ның үкімі негізінде айыпталушыға екі жыл мерзімге бас  бостандығынан  шектеу  жазасы  тағайындалды.

Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы сіздің болашағыңызды болжап беремін дейтін сілтемелер де көбейген. Ертең не болатынын кімнің білгісі келмесін? Сіз сілтеме арқылы өтіп, сауалнамаға жауап беріп, аты-жөніңізді және туған күніңізді жазатыныңыз анық. Сіз туралы барлық мәліметті біліп алғаннан кейін қарапайым сөздер арқылы болжайды. Мысалы, алдағы күндері сізді керемет жаңалық күтіп тұр деген секілді. Алдағы күндерде ол жаңалықты өзі еститіні анық емес пе?!

Жалпы, әйелдерге сеніп қалатындардың көбі – ер адамдар. Әлеуметтік желінің де осал тұсы осы шығар. Бірақ алаяқтың ойында сыйластық емес, сыбайластық сарнап тұрады. Әйтеуір әйел алаяқтардың әркеті біраз адамның  тынышын  алып, қалтасын  жұқартып  бітті.

Алаяқтардың арбауына түскендер аз емес. Сондай жәбірленушілердің бірі – өзім. «Әлеуметтік желі арқылы болашағыңызды  болжап  береміз»  дегенде Құдайдай  сене­сің. Өзімнің  қалай  сеніп, сөйлесіп тұрғанымды да білмей  қалған  едім.

Белгілі бір нөмірге хабарласып ұялы телефон арқылы қалай болатынын сұрадым. Ол кісінің бірінші айтқан сөзі «Бірінші төлем жаса, сосын хабарлас» болды. Алдын ала төлем жасап, ол кісімен ұялы телефон арқылы сөйлесе бастадым. Мен туралы барлығын сұрап, біліп алған соң өз жұмысын бастады. Жаңа жоғарыда баяндағанымдай, «алдағы уақытта сізді керемет жаңалық күтіп тұр, болашағыңыз керемет болады» деген секілді керемет сөздермен жұмысын бастады. Бұл нәрсенің өтірік екенін іштей біліп тұрдым. Сонда да соңына дейін көрейін деген ой болды. Соңына дейін көрдім, несін айтасың, «өмірімді керемет  қылды-мыс».

Интернет алаяқтары айлакерлікке әуес және түрлі нәрселерді ойлап табуға «мастер» дейсің. Бір қарағанда олардың сөздері күмән тудырмайды, жалған ештеңе таппайтының анық. Бәрін сауатты айтқанда еріксіз бас бұрғызады. Істің мәнін білетін немесе ондайлардың қақпанына түскен тәжірибелі адам болмаса, елітіп кетуің әбден  мүмкін. Алаяқтың  арбауына  алданып, жинаған дүние-мүлкіңізден бір күннің ішінде айырылып қалғыңыз келмесе, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақыл-кеңестеріне құлақ асқан жөн. Желіде желігіп, жат қылыққа барғандардың  олқы  әрекетін  оқып, абай  болу­ға  шақырамыз!

Ақерке  ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың

2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: