Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖОШЫ ҰЛЫСЫНА ЖАРМАСУ немесе іштен шыққан жау жаман…

18.04.2024, 10:40 137

Биылғы 5 сәуірде «Аsia24.media» деп аталатын сайттың «Восточный экспресс» атты парағы «Қазақстанда Алтын Орда туралы арман фашистік парақшалар мен «байыпты қарым-қатынас үшін бала іздеу» жайындағы хабарландыруға қалай сүрінді?» («Как в Казахстане мечта о Золотой Орде споткнулась о фашистские листовки и объявления о «поиске мальчика для серьезных отношений») деген материал жария­лапты.

Тақырыбының өзіне ашық мазақтауды астарлаған осы жазбасында Абай Ерынбаев атты автор Президент Қ.К.Тоқаевтың наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақ­станды Алтын Орданың тікелей мұрагеріне балаған мәлімдемесінен үзінді келтіре отырып, ұнатпаған көңіл күйін: «Тоқаев мырза неліктен Алтын Ордадан гөрі әлдеқайда қуат­ты мемлекеттің – тұтасынан Советтік Социалистік Республикалар Одағының және жекелеп айтқанда Қазақ ССР-інің мұрагері болғысы келмейді, мұнысы түсініксіздеу, бірақ бұл «Жаңа Қазақстанда» тым айтыла қоймайтын бейтанымал басқа операдан…» деп кекесінмен бір түйіндеп қойған екен. Одан әрі қазақстандықтар санасында «Алтын Орда Татар­стан, Башқұртия, Қырым Республикасы, Өзбекстан, Кавказ немесе Россиямен емес, тура Қазақстанмен байланыстырылатындай» ештеңе жоқтығын «әшкерелепті». Аса қуатты кезіндегі Алтын Орданың көп бөлігі «астанасы Сарай Батумен қоса қазіргі Россия территориясында» жатыр емес пе деп күйініп­ті.

Аталмыш мақаласында ол Алтын Орда кезеңі Астанадағы Ұлттық музейде дербес, бөлек және айқын көрсетілмегенін айтып, биылғы су тасқыны салдарын жою және келешекте мұндай жайтты болдырмау үшін алдын алу шараларын жүргізуден гөрі, «халықтың санасын Алтын Орданың ұрпақтары етіп модернизациялауға»  өте мол қаржы бөлінеді-ау деп  «үрейленіпті».

Автор Алтын Орда кезеңі жайын­да Ұлттық музейден мардымды ештеңе таппаған екен, сондықтан да оның ресми сайтынан виртуалды деректер іздестіріп көрсе керек. Айтуын­ша, онда да елең етерлік ештеңе жоқ, жазылушылар саны аз, жаңалықтарға елең етіп жатқандар шамалы. Одан әрі ізденгенінде  «Алтын Орданың қазақстандық кезеңі өте көрнекі де қуатты, заманауи тұрғыда көрсетілген шығар, жастар жаман әдеттерін ұмытып, алыс ата-бабалары туралы ақпаратты тура сол жерлерден білер» деген үмітін музейдің әлеуметтік желідегі «Инс­таграм» қосымшасы да, «Фейсбук» парақшасы  да  ақтамапты.

Есесіне, қажет парақшаны іздеп «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне кіргенінде, музейдің ресми парақшасына емес, өте әсерлі бейресми бетке кезігіпті. Оны қызметі әртүрлі бір топ адам жүргізеді екен. Мұнда шынайы тарихтан тек филателис­терге арналған маркалар сатылымы және Ұлы Отан соғысы кезінде фашистердің қазақтар ішінен әріптестер табу мақсатында таратқан үгіт-насихаты бар дейді автор. Сосын: «Үгіт-насихат парақшасының мәтіні өте жақсы, жанды, ең бастысы, қазір Қазақстанда жақсы көретін латын әліпбиінде жазылған. …осы құжаттың арқасында мынаны түсінуге болады: ол кезде де, қазір де қазақтарды орыстарға қарсы қою­ға тырысуда. Жылдар өтіп жатыр, ал амал-тәсілдер бұрынғыша қала берген» деп, ашқан «жаңалығын» қанағат­тана  атап  өтеді.

Ұлттық мұражай мен еліміздің беделіне және ұлтаралық татулық мәселесіне осындай бұрмалаулы «жанашырлық» танытқан автор жала­лы жазбасының соңында «Алтын Орданың әлемдегі жалғыз музейі  қайда  екенін  білесіздер ме?» деген сауал қойып, Жошы Ұлысының Еура­зия аумағына жайылып жатқан заманында салынған астанасы Сарай Бату шаһары тұрған жердегі, бүгінгі Астрахан облысындағы мұ­ражайдың мекенжайын, оған қалай баруға болатынын хабарлайды да, Президент Тоқаевтың мәлімдемесіне орай ішін кернеген қыжыл-күдігін: «Сонымен, Алтын Орда қандай мемлекетпен байланыстырылуға тиіс?» деген мысқылды тұжырымы­мен  шегелейді.

Көрші елдегі әсіре саясатшылардың тарихты өздерінің астамшылыққа тұнған тар өрелеріне сәйкес пайымдаулары таңсық емес. Олар Шыңғыс қаһанның үлкен перзенті Жошы хан әкесінің өзіне берген үлесі ретінде Ұлы Даладағы қазақтар мекендейтін ұлысты билегеніне, мәңгілік мекенін сонда тапқанына, кесене-күмбезі бүгінде қасиетті Ұлытауда көне архитектуралық ескерткіш боп көз тартып тұрғанына, оның баласы Бату ханның Жошы Ұлысының керегесін  батысқа  қарай тереңдете  созып,  Ұлығ Ұлыс  құрғанына,  кейіндері өзге мемлекеттер Еділдің төменгі ағысында, Ақтөбе (Ахтуба) өзенінің сол жағасында он бес шақырымға созылып бой көтерген  шаһардың – Бату ханның астанасы ортасындағы биік төбеге салынған хан сарайының алтынмен көз ұялта апталғанына қарап Ұлығ Ұлысты (Жошы ұлысын) Алтын Орда деп атап кеткеніне мән бермейді.

Алтын Орданың аса маңызды шаһарлары қазіргі Атырау облысындағы Сарайшық (Кіші Сарай, Сарай-­Жүк), Астрахан облысындағы Сарай Бату (Ескі Сарай, Сарай I, Сарай әл-Маһруса – Сарай Құдайжар) мен Волгоград облысындағы Сарай Берке (Жаңа Сарай, Сарай әл-Жәдид) ХІV ғасырдың соңына қарай Ақсақ Темірдің жойқын жорығы салдарынан қаусатылып, күйзелтілгені белгілі.

Түп атасы Шыңғыс қаһанның өз жеке іс-әрекетімен қалыптастырған дәстүріне сай, Алтын Орда хандары еуропалық бодандарының тіліне, дініне, дәстүріне тыйым салмай, титімдей де шектеу, зорлық жасамай, тиісті салықтарын адал төлеп тұруларына, есесіне қалауларынша еркін дамуларына мүмкіндік берген-тін. Нәтижесінде Алтын Орда жарлығына тәуелді боп келген орыс княздіктері, әсіресе Ұлығ Ұлысты тас-талқан еткен Ақсақ Темір өзде­рін ғайыптан шаппай кеткен соң, мүлдем күшейе түскен еді. Ақырында, Ұлұғ Ұлыс ыдырағанда, бөлшектерінде ұйысқан мемлекеттік бірліктерді Мәскеу патшалығы біртіндеп жаулап ала бастады. Олардың тұр­ғындарын бодандарына, жер-суын өз иеліктеріне айналдырды. Жоғары­да аталған шәрлердегі ғимараттардың кірпіштерін қалаларында бой көтеретін құрылыстарға тасып әкетті. Содан бірнеше ғасыр өткен соң, Ресей Федерациясында, 2011 жылы «Орда» фильмі түсіріле бастауына орай, жойылған шаһар орнына Сарай Бату музейі салынып, туристік орталықтың  негізі  қаланған-ды…

Патшалық  империя  болғалы бөтен тіл, мәдениет, дәстүр, өзіндік өмір салтын ұстанғандарды түгел – қарауына  іліккен  өзге әлемнің бәрін – қилы ұранды ту етіп, өз әлеміне сіңістіру іс-шараларын жасап жүрген-тін. Патшалықты алмастырған советтік империя да сол әрекетті қилы тәтті жарнамамен үдемелі түрде жалғастырды. Нәтижесінде өзге тектілерден, соның ішінде біздің қазақтан да тілі мен ділін жоғалтқандар көбейді. Олардың көпшілігі өздерінің империя жан-жақты ойластырып жүргізген орыс­тандыру саясатының құрбандары екенін ұқпады. Жай ұқпау өз алдына, іштеріндегі оқу өтіп кеткендер өз тегіне, тегінің тарихына, ерекшеліктеріне мұрнын шүйіре қарады. Ондайлардың орыстан өткен шовинист болатынын кезінде жұмысшы тап көсемі дөп басып  айтқан еді. Тілге тиек еткен мақалада соның орынсыз астамшылықпен әдіптелген  ізі  сайрап  тұр.

Сөз жоқ, халықты тарих арқылы тәрбиелеудің маңызы айтып-жеткісіз зор. Кезінде орыс билеушілері империядағы бодан халықтарды өздерінің шынайы тарихынан айыруға бар күштерін салды. Айталық, Бірінші Петр тарихты тек орыс мүддесін дәріптеу тұрғысынан қайта жазғызды, Екінші Екатерина Украинаға тағайындаған әкіміне украинның елдігі мен тілін ұмыттыруды көздейтін іс-шараларды мұқият жүргізуге тапсырма берді. Бірінші орыс революциясының дүмпуімен дүниеге келген Мемлекеттік дума мүшелерінің бірі биік мінбеден қырдағы қазақтарды Америкада үндістерді қырғандай етіп, Шыңғыс ханның тұқымы ретінде, жойып жіберу керектігін жария етті.

Езілген халықтарға теңдік әперу ұранымен ой-сананы билеген революцияға Ахмет Байтұрсынов қатты сенген-ді, сондықтан да ұлы өзгеріс­тер көсеміне арнайы хат жазып, ұсыныс берген. Жаулап алуларды пат­риотизмге балау салдарынан орыс бойында бұратана саналып келгендерге астамшылық көрсету қасиеті ежелден қалыптасқанын, сол қасиет­тің жаңа өкімет өкілдеріне қазақ ішінде өзара сеніммен жұмыс жүргізуге кедергі боп отырғанын айтқан. Большевизм осыны империялық көзқарастың сарқыншағы ретінде мойындап, шын теңдікті қамтамасыз етуге назар аударса деген. Алайда бұған көңіл бөлінген жоқ, ел тарихының әр кезеңінде (кеңес өкіметі құрған өндіріс орындарында, дүниежүзілік соғыста, қазақ жерін тың көтеру желеуімен жаңаша отарлау кезінде, т.т.) мұны дәлелдейтін талай мысал болғанмен, олар жайында айту – ұлт араздығын тудыру, кәдімгі ұлтшылдыққа жол беру деп саналды. Жалпы, бұрынғы метрополияда аз ұлт мүддесін көзге ілмеу, азаттық үшін күресуді терроршылдыққа балау, жалған айып тағу мен әділетті елемеуден қысылмау, бұқара санасын өтірікпен улау қазіргі дәуірде мейлінше асқынып, баршаны қайран қалдыра орын алып тұрғаны  бүгінде  көпке  мәлім.

Бұлай болудың себебі өткен кезең­дердегі әділетсіздіктерді ашып көрсетуді уақытында соған жол берген озбыр тарап мұрагерлерінің ұнатпауында, қаламауында жатыр. Олар мұны ұлт араздығын тудыру, қазақты орысқа қарсы қою деп біледі. Дұрысында, озбыр тарап мұрагерлері демокр­атияны шын мойындаса, шындықты ашып айтып, өткенгі теріс саясатты қабылдамайтындықтарын ашық мойындағаны жөн болар еді. Сонда бұлары басқаны өздерінен теріс айналдыратын араздықтың алдын алып, нағыз түсіністікке жол ашатын жасампаз акт ретінде танылар еді. Шын ынтымақ­тастықты мұрат етсек, бәлкім, бұған  да  жетерміз.

Біздің заманымыздағы сананы жаулайтын қуатты қару әр үйдегі теледидар, әркімнің қалтасындағы смартфон екені дау туғызбайды. Халықты тарихпен тәрбиелеу сынды мақсат-мұратқа соларды тиімді пайдалану арқылы «Алтын Орда қандай мемлекетпен байланыстырылуға тиіс?» деген зымиян сауал қойғыштардың аузын жабу ләзім. Шыңғыс қаған – Жошы хан ұрпақ­тарының қазақ тарихында алған орындары, атқарған істері, оларға қатысты ғасырлар тереңінен келе жатқан, бертінде жасалған өнер туындылары барлық қазақстандық­қа мәлім болғаны дұрыс. Жошы ұлысы (Ұлұғ Ұлыс, Алтын Орда) мен одан кейінгі Ақ Орда, Қазақ Ордасы, солардың жалғасы боп табылатын қазіргі Қазақстан Республикасы тауарих­тары бүгінгі әркімнің жүре­гіне терең ұялайтын танымды әңгіме­лер арқауына айналғаны жөн.

Көрші елдің арандатқыш сайтында данышпансып от көсеп жүрген өз залымдарымызға (және, әрине, жер-суымызға көз алартуын үдетіп келе жатқан белгілі жақтың күллі саясатшыларына) көп боп қарсы тұрудың жолы тарихи білімді жаппай игеруде, өткен жолдағы бұрмалаулардың әммәсін соның негізін­де әшкере­леп, ащы шындықты қалпына келтіріп беттеріне басуда, әркімнің өз бойында бекем отаншылдық,  отансүйгіштік сезім қалып­тастыруында  жатыр.

Президент Тоқаев айтқандай, біздің республикамыз – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Дүниежүзіне Алтын Орда ретінде мәлім Жошы Ұлысы Ұлы Даладағы халықтар мен мемлекеттік құрылымдардың даму үлгісін құдды Рим империясы іспетті жүздеген жылдың алдын алып, мемлекеттік басқару ісін жаңа сапалық деңгейге көтеріп көрсетті. Сондықтан да, Президентіміздің айрықша мән беріп отырғанындай, әлемнің Алтын Орданы оның алғаш бастау алған жерінде тұрақтап қалып, өсіп-өркендеп  келе жатқан бірден-бір ізбасары секілді Қазақ елімен ажырамастай байланыста қабылдауына қол жеткізу  өте  маңызды.

Осы  ретте  Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде түрлі ғылыми іс-шаралар, жобалар мен ғылыми-техникалық бағдарламалар ұйымдастыру, Қазақ­стан тарихы мен дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулық­тарын әзірлеу, Жошы ұлысына қатыс­ты тың деректерді қамтитын «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымының жазылуын тиянақтау сынды көптеген сан-салалы жұмыстың жүзеге асырылып жатқанын ризашылықпен есте ұстай келе, ғасырлар тереңіне кеткен тәлімді тарихымыз­ды әділ таразылап, мақтан ете алатын азаматтар қатарында болу қай-қайсымыздың да парызымыз екенін ұмытпайық. Сонда «Аsia24.media-Восточный экспресс» тәрізді электронды және өзге тұрпаттағы теріс пиғылды қағаз басылымдар да шарасызданып, қилы әсірежаз­ғыштардың ауыздарына құм құйылады.

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы,  тарихшы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: