Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тамыздағы таңғы түтін

06.08.2026, 8:20 39

Бүгін 6 тамыз. Күнтізбедегі осы бір күнді әлем 1945 жылдан бері жалғыз мағынада ұғып келеді, себебі дәл сол күні таңертең, сағат тілі тоғызға жетпей тұрып, Хиросима қаласының күлі көкке ұшты. Қала қас пен көздің арасында жоқ болды, ал оның үстінде тұтанған түтінді ұшақ үстінен көрген адам ғұмыр  бойы ұмыта  алмаған. Ол от жапон жағалауында қалып қойған жоқ. Арада төрт-ақ жыл салып, тағы да тамыз айында, дәл сондай таң алдында, сол жалын қазақ даласының төсінде тұтанды. Тарихқа 1949 жылдың 29 тамызы деп жазылған сол күннен кейін дала 40 жыл бойы жұмған аузын ашпады. Жарылыс болды, жер солқылдады, ағайын аурушаң болып қалды, ал оның бәрін ашық айтуға тыйым салынды.

Көп өтпей ақыры дала тіл қатты. Одан кейін жарлыққа қол қойылып, полигон 1991 жылдың 29 тамызда жабылды, яғни алғашқы жарылыс болған күнмен дәлме-дәл түсті. Арада 42 жыл жатыр, ал мұндай кездейсоқтықты жазушының қиялы да құрастыра алмас еді. Дегенмен, даланың үнін шығарған дата тамызға түсіп тұр, әрі бүгінгі санмен дәл келеді.

1945 жылдың 6 тамызы дүйсенбіге тура келді. Хиросима тұрғындары әдеттегі күніне кіріскен, зауыт та, кеңсе де жұмысын бастаған. Таңғы сағат 8-ден 9 минут өткенде әуе шабуылы туралы сирена ұлыды, дегенмен қала оған онша мән бермеді. Мұндай дабыл соңғы айларда талай рет берілген, ал соңы құрғақ қауесетпен бітіп жүрген. Оның үстіне Хиросима төрт жыл бойы ауыр бомбалаудан аман қалған сирек қалалардың бірі болатын. Тұрғындар оның себебін өзінше топшылады. Біреулер қалада шетелге кеткен туыс­тары көп деп жорыды, енді біреулер басқа сылтау іздеді. Ал шын себеп мүлде басқа жақта жатқан. Америка әскери басшылығы Хиросиманы жаңа қаруды сынайтын нысана ретінде әдейі сақтап келген, себебі бүтін қалада зардаптың ауқымын дәл өлшеу оңайға түсетін. Соны білетін адамдар сол сәтте қаладан 18 шақырым қашықта, 9 мың метр биіктікте  ұшып  бара  жатты.

Ұшақтың атауы Enola Gay еді, оны экипаж командирі, полковник Пол Тиббетс өз шешесінің есімімен атаған. Борттағы адам саны – 12. Түні бойы Тиниан аралынан 2 мың шақырымнан астам жол жүріп келген B-29 бомбалау­шысының ішінде салмағы 4 тоннаға жуық уран заряды тұрды, оны әскерилер Little Boy деп атады. Сағат 8-ден 15 минут өткенде люк ашылды. Бомба 43 секунд бойы құлап, қаланың үстінен 600 метрге жуық биіктікте жарылды. Қуаты шамамен 15 килотоннаға тең болды. Жердегі температура үш мың градустан асып кетті, қаланың орталық бөлігіндегі 13 шаршы шақырым бір мезетте күлге айналды.

Ұшақ ол кезде оннан астам шақырым ұзап үлгерген, дегенмен соққы толқыны оны да шайқады. Экипаж артына бұрылып қара­ғанда көргенін Тиббетс кейін былай  жеткізген.

– Қала әлгі сұмдық бұлттың астында қалды, ол бұлт қайнап, саңырауқұлақтай өсіп, сенгісіз биікке шарықтап бара жатты, — деді  ол.

Сол күні 70 мыңға жуық адам мерт болды. Олардың бір бөлігі ыстықтан бір сәтте буға айналды, енді бірі күйік пен  жарақаттан кетті. Жыл соңына қарай құрбан саны 140 мыңға жетті, себебі сәуле ауруы адамды бірте-бірте алып отырды. Бес  жыл  өткенде есеп 200 мыңды көрсетті. Үш күннен соң, 9 тамызда, екінші бомба Нага­сакиге түсті, ал 2 қыркүйекте Жапония берілді. Соғыс аяқталды, дегенмен әлем мүлде жаңа дәуірге аяқ басқанын сол тұста аз адам  аңғарды.

Мәскеу бұл жаңалықты естігенде ұзақ ойланып жатпады. Кеңес атом жобасы 1943 жылдан бері жүріп жатқан, оны физик Игорь Курчатов басқаратын. Хиросимадан кейін жоба ерекше маңызға ие болды, қаржы да, адам да аяусыз жұмсалды. Ендігі мәселе жасалған зарядты қайда сынау керегі­не тірелді. Комиссияға қо­йыл­ған талап қатаң еді, аумағы кең, суы жақын, теміржолы бар, ал ең бастысы адамы сирек жер табу керек болатын. Ертістің оң жағалауындағы қазақ даласы сол өлшемге  сай  келді  деп  танылды.

Ресми қағазда ол өңір бос жер деп аталды. Ал сол бос деп жазыл­ған жерде ауыл-ауыл болып ел отырған, мал жайылған, бесік тербелген. Кейінгі есептеулерге сүйен­сек, полигон мен оның ай­на­ласындағы аймақта жүздеген мың адам тұрған. Ешқайсысы көшірілмеді, ешқайсысына ес­кертілмеді. Аумағы 18 мың 500 шаршы шақырымға жуық алаң қоршалды, оны басқару үшін картада көрсетілмейтін жабық қала салынды, ол кейін Курчатов деген ат  алды.

Таңғы сағат 07:00. 1949 жылдың 29 тамызында, таңғы сағат 7-де, полигонның солтүстігіндегі Тәжірибе алаңы деп аталатын тұста, биіктігі 37 метрден асатын темір мұнараның басында тұрған плутоний заряды жарылды. Оның шартты атауы РДС-1 болатын, кейін кеңес құжаттарында «Бірінші жасын» деп аталды, ал американдықтар оны Сталиннің есімін меңзеп Джо-1 деп атады. Қуаты 22 килотоннаға жетті, яғни Хиросимадағы бомбадан айтарлықтай асып түсті. Заряд конструкциясы жағынан Нагасакиге тасталған бомбаға ұқсас болды, ал ұқсастық­тың себебін тарихшылар барлау жұмысымен  байланыстырады.

Айналадағы ауыл халқына ешкім ештеңе айтқан жоқ. Терезенің шынысы сатырлап сынғанда, мал үркіп жөнеле бергенде, аспанда бөтен бұлт пайда болғанда ел таңғалып қарап қалды. Жарылыс­ты жер сілкінісі деп ойлағандар болды, аспаннан келген белгі деп ұққандар да табылды. Кейін балалар сол саңырауқұлақ тәрізді бұлтты тамашалауға шығатын болды, оны әдемі көрініс санады. Ал сол көріністің ішінде не бар екенін білетін жалғыз топ ондаған шақырым қашықтағы бункерде отырды. Алғашқы жарылыстан кейін радио­активті бұлт шарпып өткен бір ауылдағы тұрғындардың басым бөлігі бірінші жылдың өзінде-ақ ауыр дозаға ұшыраған, ол мөлшер сәуле ауруын тудыруға жеткілікті болатын.

1949 жылдан 1989 жылға дейін­гі 40 жылда полигонда 456 ядролық және термоядролық сынақ жасалды. Оның 116-сы – ашық сынақ, яғни ауада немесе жер бе­тінде өткен жарылыс болды. Мұндай сынақтар 1962 жылға дейін жалғас­ты, ал 1963 жылы қол қо­йылған халықаралық шарттан кейін жарылыстар жер астына ауысты. Дегелең тауының қойнауынд­ағы шахталар мен Балапан алаңындағы  ұңғымаларда  340 жары­лыс өтті. Билік бұл тәсілді қауіп­сіз деп жариялады, дегенмен іс жүзінде әрбір үшінші жарылыстан кейін жердің жары­ғынан радиоактивті газ сыртқа шығып отырды. Тау өзі де тозды, бір кезде жартастан құралған Деге­лең уатылып, ұсақ тас үйінді­сіне айналды, ал айналасындағы Шаған, Маралды, Мұқыр өзендері мен қыр құдықтарының  суы  тартылды.

Ең ауыры адамға тиді. Қазақ­стандық сарапшылардың бағалауынша, сынақ әсеріне ұшыра­ған адам саны 1,5 миллионға жуық­тайды, кейбір ресми деректе ол сан 1 миллион 200 мың деп көрсетіледі. Онкологиялық аурудың өсу қарқыны өңірде үш есеге жетті, ал туабітті ақаулар мен қан ауру­ларының көрсеткіші респуб­ликалық орташа деңгейден жоғары тұрды. 1956 жылы жасалған бір сынақтан кейін радиоактивті бұлт 400 шақырым жол жүріп, Өскемен қаласына жетті, сол жолы 638 адам ауруханаға түсті. Оқиға ондаған жыл  бойы құпия  ұсталды.

Ең  қатыгез  тұсы осы жерде жатыр. Полигон маңындағы халық­тың денсаулығын бақылап отыру үшін арнайы медициналық мекеме ашылған болатын. Ол ресми түрде туберкулез диспансері деп аталды, ал шын мақсаты сәуленің адам ағзасына тигізген әсерін жылдар бойы зерттеу еді. Мекеме жинаған мәліметті тікелей Мәскеуге жіберіп отырды. Ал зерттеу нысаны болған адамдардың өзіне шын диагнозы айтылмады. Дәрігерлер ауру тарихына басқа сөз жазуға мәжбүр болды, ғалымдар қорытындысын құпия сейфке салды, ал журналист ол маңға жақындай да алмады. Ел ішінде әңгіме күбір-күбір күйінде жүрді, тіпті бір-біріне сеніп сөйлескен адамдардың өзі дауысын бәсеңдететін.

Қырық жылға созылған үнсіз­дікті бір апат бұзды. 1989 жылдың 12 ақпанында полигонда кезекті жоспарлы жерасты жарылысы жасалды, ал жердің жарығынан радиоактивті газ сыртқа атқылап шықты. Бұл жолы оны жасыру­ға шама жетпеді, себебі өлшегіш аспап Семейдің өз ішінде де ауытқыды, ал хабар қала тұрғындарының арасына жайылып кетті. Ақпараттың ағыны бұрынғыдай тосқауылға тірелмеді, өйткені ел басқа заманға  аяқ  басқан  еді.

Ақпанның 25-і күні, сағат 17-ден 45 минут өткенде, Қазақстан орталық теледидары арқылы бір адам сөйледі. Ол ақын, Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов болатын. Бастапқыда әдеби кеш туралы хабарландыру ретінде жос­парланған сөз үндеуге ұлас­ты, ол ядролық сынақты дереу тоқтатуды талап етті әрі халықты бас қосуға шақырды. Ақпанның 28-і күні Алмат­ыдағы Жазушылар одағының  үйіне сыймаған халық көшеде тұрды. О.Сүлейменов сол жиында  мынаны  айтты.

– Біз бүгін мұнда негізінен кітапсүйер қауымның жиналысына жиналған едік. Сосын кітап тұра тұрсын дедік те, өмірді сүйе­тін адамдарды, өз жеріндегі өмір үшін күрескісі келетін адамдарды шақыр­дық, — деді  ол.

Сол күні «Невада-Семей» қоз­ғалысы дүниеге келді. Атауында екі полигонның аты қатар тұрды, себебі мақсат бір ғана даланы құтқарумен шектелген жоқ. Бір ай ішінде петицияға 4 миллион­нан астам адам қол қойды, ал Қарағанды шахтерлерінің қозғалысқа қосылуы оған жаңа салмақ берді. Нәтижесі сол жылы-ақ көрінді, полигонда жоспарланған 18 сынақтың 11-і жүзеге аспай қалды.

Енді мақаланың басындағы дата­ға оралайық. 1989 жылдың 6 тамызында, яғни Хиросима қасіретіне  44 жыл толған күні, Семей  облысының Қарауыл ауылында үлкен жиын өтті. Жердің таңдалуы кездейсоқ болмады, Қарауыл – Абайдың туған жері, ал ол өңір – полигонға ең жақын аймақтардың бірі. Жиында КСРО мен АҚШ басшыларына арналған үндеу қабылданды, талап біреу ғана еді, ядролық сынаққа мораторий жариялансын. Үндеудің мәтінінде мынадай  жол тұрды.

– Сайын даламыз ядролық жарылы­стардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу  мүмкін  емес, — делінген.

Осылайша, жапон қаласы күлге айналған күн қазақ даласының үні шыққан күнге айналды. Бір датаның ішіне екі мағына сыйып кетті, әрі екеуі бір-біріне тікелей жалғасып жатыр. Одан кейінгі оқиға шапшаң өрбіді. Қазанның 19-ында полигондағы ең соңғы жарылыс жасалды, ал 23 қазанда Сүлейменов  Жоғарғы Кеңес мінберінен халықтық мораторий жариялап, кез келген жаңа сынақ бүкілхалықтық ереуілге ұласа­тынын  мәлімдеді.  Қарашаның  14-інде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі одақтық билікке ресми үндеу жолдады. Ал 1990 жылы қабылданған Егемендік туралы декларацияның 11-бабына Қазақ­стан аумағында ядролық қару  жасауға  және  сынау­ға ты­йым  салынатыны  жазылды.

1991 жылғы тамыз Одақ үшін ауыр басталды. Мәскеудегі 19-нан 21-іне дейін созылған бүлік орталық биліктің берекесін кетірді, ал республикалар өз шешімін өзі қабылдай бастады. Тамыздың 29-ы күні Қазақ КСР Президенті №409 Жарлыққа қол қойды, соның негізінде Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Күнтізбеге қара­саңыз, дәл сол күні, 1949 жылы, сол жерде алғашқы жарылыс бол­ған. Арада 42 жыл жатыр. Тарих кейде  осылай  тұйықталады.

Бұл шешімнің қалай туғаны тура­лы бүгінде әртүрлі пікір айтылады. Кейбір зерттеуші жарлықтың бастапқы нұсқасы халық­тың наразылығын бәсеңдету мақсатында дайындалғанын алға тартады, енді біреулер оны Одақ ыдырар тұстағы саяси есептің жемісі деп бағалайды. Дегенмен, қол қойылған соң артқа қайтар жол қалмады. Ал даладағы қатар­дағы адам үшін қағаздың қалай туғанынан гөрі, жарылыстың тоқ­тағаны әлдеқайда маңызды болды.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы Қазақстанның бастамасы­мен 29 тамызды Ядролық сы­нақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Хиросимада да 6 тамыз мүлт кетпейді. Таңғы сағат 8-ден 15 минут өткенде бүкіл қала тынып қалады, қоңырау соғылады, ал Бейбітшілік саябағындағы шамның оты 1964 жылдан бері бір сәтке де сөнген жоқ. Ұйымдас­тырушылар оны жер бетіндегі соңғы ядролық қару жойылған күні  ғана  өшіретінін  мәлімдеген.

Ал Дегелең маңындағы кейбір аумаққа бүгін де еркін кіруге болмайды. Радиациялық фон қалыпқа түспеген нүктелер бар, ал топырақтағы плутонийдің жартылай ыдырау мерзімі 24 мың жылға созылады. Яғни ол жердің табиғи жолмен тазаруын бүгінгі ұрпақ та, одан кейінгі жүздеген ұрпақ та көрмейді. 1996 жылдан 2012 жылға дейін қазақ, ресей және америка мамандары бірлескен жабық операция жүргізіп, шахталардағы қалдық плутонийді бетондап тас­тады, ол жұмыс туралы да ұзақ уақыт ашық айтылмады. Полигон әсеріне ұшыраған азаматтарға арналған жеңілдіктер туралы заң күшінде тұр, дегенмен мәртебе алу үшін қажет құжат тізбегін жинау бүгінге дейін оңайға түспейді. Тұрғылықты жерін ауыстырғандар, мұрағаты жоғалғандар, ауылы таратылып кеткендер қиналады. Ең өкініштісі, тірі жады жұқарып барады. Алғашқы жарылысты өз көзімен көрген буын сиреді, олардың естелігін жазып алатын мерзім  таусылуға  айналды.

ТҮЙІН. 1945 жылдың 6 тамызы  адамзатқа  жаңа қарудың  не  істей  алатынын көрсетті. 1949 жылдың  29 тамызы сол қаруды қазақ даласына әкелді. 1991 жылдың 29 тамызы оны осы даладан қуып шықты. Ал осы үш датаны бір жіпке тізіп тұрған тағы бір күн бар, ол – 1989 жылдың 6 тамызы, Абайдың туған жерінде ел жиналып үн қатқан күн. Соның арқасында жапон қаласының қасіреті мен қазақ даласының тағдыры бір күнтізбелік нүктеде түйісті. Күнтізбе жыл сайын айналып, тамыз қайта келеді. Ал сол айдың таңында көтерілген түтіннің салмағын әр ұрпақ өзінше өлшейді. Тарих осылай қатталады. Оған үлес қосу – перзенттік  парызымыз.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: