Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ генералына неге у беріп өлтірді?

26.01.2023, 9:40 372

1983 жылдың 25 сәуірінде кезек­ті еңбек демалысына шыққан Вьетнам Халық армиясы штабының аға кеңесшісі, Вьетнам Қорғаныс министрі­нің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Жансен Ке­реев мінген әскери ұшақ Москвадағы әскери аэродромға қонғанда жедел жәрдем көлігі күтіп алып, генералды академик Бурденко атындағы әскери  госпиталға жеткізді, сол жерде ол есіне келместен  қайтыс болды. Диагно­зы – гепатит, бірақ жүрек, бүйрек, бауыры неге бір мезгілде істен шыққанына дәрігерлердің өзі таң қалды. Оларға «бәрін де ұмы­тың­дар» деген бұйрық берілді. Таң қала­тын екінші жағдай, жоғары шенді қолбасшыға қызметтік міндет­ті меди­циналық сараптама жасалған жоқ. Совет армиясының басты басылымы «Красная Звезда» газетінде жарияланған қазанамада неден қайтыс болғаны да жазылмады. Офицерлер үйінде қоштасу аяқталған соң, арнаулы ұшақпен Алматыға жеткізілді. Себебі, КПСС ОК Саяси бюро мүшесі, Қазақстан Компар­тиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев­тың жеке өтінішіне сәйкес денесі өзінің туған отанына жеткі­зіліп, Кеңсай зиратындағы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қасына жерленді. Көп ұзатпай, генералдың жары Уфуза Орынбасарованы Москваға шақыртып, күйеуі­нің қазасы туралы сөз қозғамауды тапсырды, «совет армиясы қатарында офицер болып қызмет атқарып жүрген ұлыңыз бен күйеу балаңыз­дың тағдыры өзіңіздің қолыңызда екенін  біліп жүріңіз», – деді.

Жансен Кереев совет армиясы қатарындағы болашағы зор гене­рал-лейтенант  еді,  оны СССР Қорғаныс министрі, маршал Д.Ф.Устинов жақында  өзінің  бірінші  орын­басары етіп тағайындайды деген сөз ауада қалықтап, жасы 70-тен асқан маршал Устиновтың орнына қорғаныс министрі болады деген сөз желдей есіп тұрған болатын. Осылайша сол кездегі жетекші генерал болған Кереев  есімі ұмытыла бастады, бір қынжылатын нәрсе тәуелсіздік алғаннан кейін де Керееевтің есімі атала бермейді, Қазақстан тарихында да есімі жазылмаған. Сонымен Кереев  кім?

Жансен Кереев 1930 жылы 1 қаң­тарда Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Бабатай ауылында ауқатты отба­сында дүниеге келді. Үлкен ағасы Мұса інісіне жазу мен сызуды, қазақ батырларының жыр-дастандарын домбырамен  айтуды  үйретіп,  бойы­на  ұлттық  сана   қалыптастыр­ды. 1941 жылы соғыс басталғанда теміржолда жүк тасушы, ауыл поштасында хат тасушы болып жүргенде, соғыстың соңғы айында ағасы Мұса Берлин үшін шайқаста қаза тапқаны туралы «қара қағазды» өзі бірінші болып оқыды. Соғыс аяқталған соң, үзіліп қалған оқуын жалғастыру үшін Ақтөбе қаласындағы №6 мектеп-интер­натқа қабылданады. Соғыстан соңғы Ақтөбе қаласында сырттан көшіп келген келімсектер топтасып қазақтарға тиісетін. Қалада сол кезде «Большая  татарка» деп атанып кеткен аудандағы көше бұзақылары интернат  балаларына  да  күн көрсетпейтін  болды. Оларға қарсы Жансен интернаттағы қазақ балаларынан топ құрып, төбелесіп, жетекшісі болып басқа ұлтты басындырмайтын еді. Олар да Жансенді «Джексон» деп атап, бағынатын еді. Осы көше үшін  төбелесте оның бойында табан­дылық, батылдық, жетекшілік сияқ­ты  қасиеттері  ашылды.

1949 жылы Совет армиясының қатарына шақырылып, отан алдындағы   борышын  Куриль  аралдарында өтейді, әскердегі жетекшілік қасие­тін  байқаған командирлері 1951 жылы Жансенді Благовещинск қаласындағы әскери-коман­далық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. 1955 жылы училищені біті­рісімен Чита қаласына таяу жердегі әскери бөлімде лейтенант шенімен взвод командирі болып 1956 жылға дейін істейді. 1956 жылғы Венгриядағы көтеріліске байланысты Қиыр шығыстағы әскери бөлімдер шығыс Европадағы социалистік елдеріне көшіріле бастайды, осылайша Жансен ГДР-ге ауыстырылады. 1962 жылға дейін 7 жыл бойы лейтенант шенімен взвод басқаруы өте сирек кездесетін жағдай еді, ол түсінікті, ротаны бірыңғай соғысқа қатысқан офицерлер басқаратын. Өз қызметіне мығым жас офицерді Москвадағы М.Фрунзе атындағы академияға оқуға жібереді, бір жылдан соң үздік оқығаны үшін Фрунзе атындағы стипендия иегері болды. 1965 жылы академияны ең үздік бағамен бітіргені үшін Жансенің есімі академияның кіреберістегі сол қабырғасына мәңгілікке ойылып жазылды. Академия бастығы, армия генералы Курочкин­нің талабы бойынша Ж.Кереев ең үлкен Ленинград әскери округіне жолдамамен  жіберілді.

Ленинград әскери округіне келген Кереев орыс ұлтшылдығының көрінісін бірінші рет көрді. Округ қолбасшысы, армия генералы Сергей Соколов адам ойына кіріп шықпайтын шешім шығарып, академияны алтын медальмен бітірген подполковникті Ленинградтан қашықтағы «Саперная» поселкесіне батальон командирі етіп жібереді. Кереевтің бағына қарай дивизия командирі, соғысқа қатысқан генерал Владимир Соловьев үздік дипломы мен жақсы мінездемесіне қарап, Жансенді полк командирі етіп тағайындайды. Көп ұзамай генералдың үміті ақталды, Ленинград пен Киев әскери округтерінің бірлесіп өткізген «Днепр» мен «Дивна» әскери жаттығуларында оперативті дұрыс шешім қабылдап, тапсырылған стратегиялық мақсатқа бірінші болып жеткен полк командирі, подполковник Ж.Кереевті байқаған СССР Қорғаныс министрі, маршал А.А.Гречко қасындағы округ қолбасшысы С.Соколовқа: «Мына подполковникті бұдан да жоғары лауа­зымға тағайында» дегенде, іші тар ұлтшыл С.Соколов: «Әлі жас қой, жүре тұрсын, өсіру қолда тұрған нәрсе  ғой»  деп  шығарып  салады.

Бұл қазақ тағы да министрдің көзіне түсіп жүрер деп, Мурманск облысындағы ең қашық Печенга посел­кесіндегі дивизия командирі­нің орынбасары қылып жібереді. Жаңа қызметке келісімен қамқор командир ретінде аты шықты, әскери қызметкерлердің балалары үшін жаңа балабақша мен мектеп салғызды, көше асфальттанып, жарық жүргізіліп, жайлы жағдай жасады, оқу мен жаттығудан дивизияның атағы тағы да басқалар үшін үлгі болуы орыс шовинистерінің мазасын алды. Округ қолбасшысы болған армия гене­ралы С.Соколовтың қыз­меті өсіп, СССР қорғаныс министрі­нің бірінші орынбасары еді, енді ол Кереев­тің әскери мансабына крест қоймақшы болып, Афри­кадағы қақ­тығыс болып жатқан Мали еліне жіберуге тырысты. «Тірі қалса, пенсияға жібереміз, өлсе, құрметпен жерлейміз» деген көрінеді. Мұны естіген  генерал В.Соловьев Соколов­тың орнына округ қолбасшысы болғаны жақсы болды, ол қитұрқы әрекетті бірден сезіп, «Ж.Кереев­ті мен сендерге бермеймін» деп, СССР Қарулы күштерінің Бас штаб жанындағы К.Е.Ворошилов атындағы академиясына  оқуға  жібереді.

1971-1973 жылдары академияны тағы да үздік бітіріп, полковник шенін алады. 1973 жылы Ж.Кереев­ті ГДР-дегі ең үлкен №27 мотоатқыштар дивизиясының командирі қылып жібереді, тағдыр оны екінші рет неміс жеріне қызмет етуге осылайша алып келді. 1974 жылы Чехословакия, Венгрия, Польша, Болгариядағы совет әскерлерінің біріккен «Қалқан» әскери жаттығу кезінде полковник Ж.Кереев ірі стратег қолбасшы екенін көрсеткені үшін 1975 жылы оған генерал-ма­йор атағы берілді. Осы Германияда 1945 жылы қаза тапқан ағасы Мұсаның жерленген жерін көп іздегені­мен, таба алмады. Лейпциг қаласындағы халықаралық көрмеде қазақ павильонын ашқызып, қала әкімшілігін ертіп келіп, қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тигізеді. Қонаевпен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, осы көрмеде өнерін көрсетсін  деп  «Дос-Мұқасан» ан­самб­лін  шақыртқан  болатын.

1979 жылы Бас штаб жанындағы жартыжылдық курсты бітіргесін генерал-майор Ж.Кереевке генерал-лейтенант шені берілді, ұсыныс үшін мінездеме берген СССР Қарулы күштерінің жаяу әскерінің қолбасшысы, маршал И.Павловский, ГДР-дегі совет әскерлерінің қолбасшысы, маршал Г.Ивановский, штаб бастығы, армия генералы Д.Гриневич, танк армиясының қолбасшысы Б.Ситиковтар: «Ж.Кереев қандай да болсын жоғары лауазымға лайық» деп  атап  көрсетті.

Ж.Кереевтің өзі Орта Азия әскери округін басқарғысы келетінін айтқанмен, өтініші ескерусіз қалды, баяғы ата жауы, Қорғаныс министрі­нің бірінші орынбасары С.Соколов Қонаев пен Кереев достық қаты­наста екенін алға тартып, Орта Азия әскери округінің басшысы қылып болашақ министр Д.Язовтың кандитатурасын өткізіп жіберді де, Ж.Кереев­ті Павольже әскери округінің қолбасшысының орынбасары және штаб  бастығы қылып жібереді. бұл қызметте 1982 жылға  дейін  болды.

Социалистік Демократиялық Вьетнам республикасына Қытай тарапынан агрессия жасалуына байланысты Ж.Кереев 1982 жылы қаңтарда Ханойға жіберілді. Вьетнам Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары және армия штабының аға кеңесшісі болып, осы елдің жауынгер­леріне советтік қару-жара­ғын қолдануды үйретуге басшылық жасады, сондықтан вьетнамдықтар генерал-лейтенант Ж.Кереевті аса құрметтеп, «жолдас Кери» деп атап кетті. Осы елдегі советтік бас кеңесшісі, армия генералы Ф.Кривда жоғары шенді офицерлердің сау­да-сатықпен  айналысуына  көз жұма қарауына наразы болып, совет офи­цері­нің мундир арына (честь мун­дира)  кір  келтіретінін   бастығы  Федот   Кривданың  бетіне айтқанда: «Не, қазақтың қаны  қайнап маза бермей  жүр ме?  Есіңде  болсын  Ке­ре­ев, біз көппіз, сен жалғыз­сың, ал  Москва  қашықта» деп бұған көнуге тура   келеті­нін айтқан  болатын. Офицерлер көрші елдер Камбоджа мен Лаостан  шетел мен жапондардың  тұрмыстық   техника­сын  көтерме  бағада  сатып алып, Совет  одағына жіберетін, ондағы сыбайлас­тары      20 есе  бағаға  cататын. Мысалы, жапондық «Сони» магнитофоны бұл жақта 70 сом тұрса, СССР-де 1 мың сомға ойланбай сатып алатын. Кереевті қынжылтатыны офицерлер өз мақсатына әскери тікұшақты емін-еркін пайдаланатын. Кереевтің басты қателігі бұл туралы Москваға барғанда Қорғаныс министрі маршал Устиновқа айтып тоқтатамын деп ашық айтатын. 1983 жылы сәуірде кезекті еңбек демалысын алып, Москваға ұшарда бастығы Федот Кривдаға қалыптасқан әскери дәстүр бойынша жолаяқ жасап үйіне соғады, сол жерде тіскебасармен жүз грамдатып шығады. Сол кезде көліктен шықпай күтіп отырған әйелі Уфуза Жансеннен бұрын Кривданың адъютанты асығыс шығып кеткенін көреді. Кейін күйеуі қайтыс болған соң есіне түсірді, «Вьетнамның шыжып  тұрған ыстық күні адъютанты қолына медициналық қолғап киіп ағаны несі?» деп  ойлаған  болатын.

Жансен мен Уфузаның Жанна мен Артур деген екі баласы болды, күйеу баласы мен ұлы совет ар­миясы­ның  офицерлері еді, кезінде «Жансен­нің  өлімі туралы сөз қоз­ғама,  үйіңде  екі  офицердің  жағ­дайын ойла» деп  ескерткен   болатын. Өкі­нішке қарай,  ұлы Артур  өмірден ерте озды.  Жансен  Қазақстанда 3   рет   болды. 1980  жылы  20  тамыз­да  Қазақ  АКСР-­нің   құрылғанына 60 жылдығына   орай, 1981 жылы Қазақ­станның Ресей­ге қосылға­нына  250 жылдығына орай және 1982 жылы 12 қаңтарда Д.А.Қонаев­тың 70 жылдығына бай­ланыс­ты, соңғы сапарында 32 жыл бойы әскери қызметте жүргенде алғаш рет Алматыдан  3 бөлмелі жеке пәтердің кілтін досы Димаштың қолынан алды, отставкаға шыққасын  осында  тұруды  ойлады.

2020 жылы даңқты генерал Жансен Кереевтің 90 жылдығы Ақтөбеде кең көлемде аталып өтті, вокзал маңындағы үлкен көшеге есімі беріліп, қоладан бюст мүсіні ашылды. Жыл сайын 9 маусымда отан алдындағы борышын Германиядағы совет әскерлерінің шектеулі контингент сапында өтеген ардагерлер осы бюстке гүл шоғын қоюдан кездесулерін бастайды. Жансен 7-сыныпқа дейін оқыған «Шұбарқұдықтағы» мектепке есімі берілді. Осының барлығы жақсы әрине, бірақ тірі кезінде орыс шовинистерінің кесірінен осындай құрметті көре алмай кетті ғой, жарықтық…

Ж.Кереев қай жақта болса да қазақ екенін мақтанышпен айтып жүрді, Германияға «Гүлдер» ансамб­лі өнер көрсетуге келгенде, үйіне шақырып, қонақасы берді. Өзі де «Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым»  деген  әнді домбырамен жиі айтатын еді…

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: