Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақтардың генералы Корнилов – қазақтың жиені

22.05.2023, 15:00 448

HALYQLINE.KZ Қоғамды демократияландыру науқаны қолға алынған, өткен ғасырдың 80-жылдарынан басталған науқан әлі аяқталған жоқ, Ресейде ақгвардияшыл генералдарды дәріптеу әлі жүріп жатыр, олар туралы сериалдар түсірілуде. Солардың бірі – ақтар қозғалысының негізін салған, революцияны бесігінде тұншықтырып өлтіру мүмкіндігі болған генерал Лавр Корнилов Қарағанды облысынан шыққан метис, әкесі орыс-казак болса, шешесі қазақтың қызы еді. Л.Г.Корнилов 1870 жылы 30 тамызда Қарқаралы станциясында дүниеге келді. Атасы Николай Корнилов қазақ жеріне алғашқы қоныс аударушылардың бірі болып, бастапқыда қазақтармен күні үшін етене араласып, таза қазақша сөйлей алатын дәрежеге жетеді. Сондықтан Қарқаралы округі сұлтаны Құнанбай Өскенбаевтың тілмашы болады, ол кезде Абай дүниеге келмеген еді.

Совет заманында ақтар қозғалысы туралы айтуға тыйым салынған кезде Қарқаралы тұрғындары өздерінің даңқты жерлесі туралы сыбырлап айтып, генерал дүниеге келген үйді көрсететін. Лаврдің әкесі Георгий Корнилов казак атты әскерінің вахмистрі, шешесі Мариям арғын руының қызы болды. Орыс қоныс аударушылары қазақ жеріне келіп түпкілікті орнығып алған соң, жергілікті қазақтардың құнарлы жерлері мен малдарына көз алартып қарай бастады. Қарулы казак атты әскерлері қазақ ауылдарына шабуыл жасап, малдары мен дүние-мүлкін тонай бастады. Бұған жауап ретінде қазақ жігіттері де қол жинап, қарымта қайтару үшін орыстардың қоныстарына шабуыл жасай бастады. Жағдайдың ушығып кетуіне байланысты патша шенеуніктері араға түсіп, бітімгершіліктің жолын қарастыра бастады, сонда ойлап тапқандары орыс қоныстарына қазақтар балаларын кепілдікке беруі тиіс болды, оларға ешкім тиіспейтініне кепілдік беріліп, мектепте оқытуды өз мойындарына алды. Сондай кепілдікте арғын руының қызы Мариям болды. Мариям приходтық-шіркеу мектебінде оқып орысша білім алды, 14 жасында православие дініне өтіп, Марья Ивановна деген метірке алды, 17 жасында казак Григорий Корниловпен танысып күйеуге шықты. Замандастарының айтуынша, Мариям еті тірі пысық болған көрінеді, күйеуінің тылдағы тіреуі мен сүйеуі бола білгендіктен 2 жылдан соң күйеуі Гриша офицерлер құрамына өтеді. 1878 жылдан бастап мемлекеттік қызметтің шенеунігі болды. Мария Гришаны өте жақсы көрген болуы керек, 13 бала туып береді, отбасында да сөзі жүрген болуы керек, қазақтың дәстүрін ұстанып, тұңғышы Лаврді екі жасында ауылдағы ата-енесіне береді, ол жақта қазақ балаларымен бірге ойнаған Лавр қазақ тілінде таза сөйлей алатын дәрежеге жетеді.

1881 жылы Корниловтар отбасы Зайсанға көшіп келеді, 11 жастағы Лаврді өздерімен бірге алып кетеді, 1883 жылы 13 жастағы Лавр Омбы қаласындағы Сібір кадет корпусына оқуға түседі. Сол кездегі мінездемесінде «қарым-қатынаста қарапайым, көпшілікпен тез тіл табысады, шыншыл әрі еңбекқор, барлық пәндерден үлгерімі үздік» деп жазылды. 1889 жылы кадет корпусын үздік бітірген Корнилов империя астанасы Петербордағы ең таңдаулы оқу орны Михайлов артиллерия училищесіне оқуға түсіп, бұл жерде де үздік оқиды, бірақ бітірер кезде барлық пәндерден үздік баға алғанмен, тәртібіне берілетін ұпай саны төмендетіліп көрсетілді. Себебі, ұлтшыл өркөкірек офицер-педагог сабақ үстінде түрі қазаққа ұқсап туған Лаврға «түріңн азиатқа ұқсайды» деп ретсіз тиісіп кемісіткеніне шыдамаған еркін өскен қазақтың жиені орнынан атып тұрып беліндегі шпаганың сабы – эфесті ұстайды. Бұл оқытушыны жекпе-жекке шақырған белгі еді, бұл оқу орнының тарихында бұрын болып көрмеген төтенше жағдай (ЧП) еді. Офицер педагогке қарсы шыққан юнкер оқудан бірден шығарылатын, алайда училище бастығы генерал Чернявский юнкер Корниловтың барлық пәндерден үздік оқитынын білетін болғасын араша түсіп, көкірек ұлтшыл офицерді басқа жаққа ауыстырып жіберді. 1892 жылы училищені бітірген Корнилов Түркістандағы артеиллерия полкінде қызмет етіп жүріп өз білімін жетілдірумен болады, әсіресе өзі сөйлей алатын қазақ, қырғыз, өзбек тілдерінен басқа тәжік, түркімен, иран, қытай, ұйғыр тілдерін үйреніп, еркін сөйлей алатын дәрежеге жетеді. 1895 жылы Петербор қаласына барып орыс армиясының ең жоғары оқу орны Бас Штаб академиясына құжатын тапсырады. Бұл оқу орнындағы конкурс өте жоғары еді, 1 орынға 150-200 үміткерден келетін. Лавр Корнилов қажетті 12 ұпайдан 10,93 ұпайды жинап, академияға түседі. Академияда оқып жүргенде өзінің махаббатын кездестірді, ол мемлекеттік кеңесшінің қызы Таисия Морковинамен 1896 жылы үйленеді. Таисия Владимирқызы енесі сияқты 13 бала тумаса да, өмірінің соңына дейін сенімді серігі әрі тірегі бола білді. 1897 жылы академияны күміс медалмен бітіргендіктен, оған таңдау құқығы берілді, яғни қай жерде қызмет етуді таңдаса, сол жерге жіберілетін. Ондай мүмкіндігі барлар ең алдымен патшаның көзіне түсу үшін империяның астанасы Петерборда қалуға тырысатын. Ал қазақ жиенінің аңсары қайтадан туған жері Түркістан өлкесіне ауып, Орта Азияға сұранды, алайда бұл жерге келгенмен әскери қызметін істей алмады, оған Ресей армиясының Бас штабының әскери барлау бөлімі «құда түсті», ағылшын, француз, неміс тілдерімен қатар Азия халықтарының сегіз тілін білетін Лавр Корниловтың барлаушылық қызметі осылайша басталды.

1898-1904 жылдардағы барлаушылық қызметі. Бұл жылдарда ресми түрде Түркістан өлкесіндегі Бас штаб жанындағы ерекше тапсырмалар орындайтын офицер ретінде есепте болғанымен, бірнеше сериалға арқау болатын шытырман оқиғаларға толы барлаушылық қызметі басталды. Капитан Корниловтың барлық ерліктерін жазу мүмкін емес болған соң, бірнешеуін айтайын. Қайыршылардың киімін киіп, қасына түркімендердің теке тайпасының бірнеше адамын барлаудың ақылы ісіне тартып, Ауғанстандағы британ әскерлерінің «Дейдар» қамалының схемалық жоспарын сызып түсіріп аман-есен оралады. Ресей империясының Орта Азияны отарлауындағы басты қарсыласы британдықтардың Ирандағы бекіністерін де картаға түсіргенмен қуғынға ұшырап қашып құтылғанмен, сусыз аптапты, шөлді, құмды шексіз даладан әрең шығып, өлермен болып жалғыз өзі әрең жетеді. 1904 жылы Үндістанға құпия түрде барып, жергілікті ағылшындардың отарлауына қарсы жергілікті сенімді адамдардан агентуралық барлау жүйесін құрып, басшысын тағайындап, тапсырманы жүз пайыз орындап, мақсатына жетіп оралды. Бұл құпия жүйе (әрине ақылы) ұзақ уақыт бойы британдықтардың әскерлері туралы байланысшы арқылы хабарлап тұрды. Кейде авантюралық көзсіз ерлікке барып жүрді. Бірде Қашқарияда қазіргі Синьцзянда қытай бекінісінде солдаттарды британ әскерінің үлгісімен дайындауда деген ақпар түскесін, бай қытай коммерсанты болып алтын әшекейлермен көмкерілген қымбат шапан киіп алып барып, өзінің басты мақсаты бекіністегі қытай солдаттарына демеушілік көрсетуге келгеніңн айтып, еш кедергісіз кіріп қажетті ақпарат алған соң, қайтар кезде оның құрметіне әскери парад өткізіп шығарып салады.

1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысында подполковник Корнилов көптеген шайқасқа қатысады, полк командирі болса да, өзі қатардағы солдаттармен бірге қолма-қол шайқасқа қатысып үлгі көрсететін. Визан түбінде қоршауда қалу қаупі туғанда штыктік шайқасқа қатысып, бұзып шығып өз әскеріне қосылады. Осы ерлігі үшін қатардағы солдаттарға берілетін Георгий Крестімен марапатталады, ал командир ретінде төртінші дәрежелі қасиетті Георгий ордені мен полковник шенін алды. Оның бұл соғыстағы ерлігінің барлығын айту мүмкін емес, ол қылыштасудан алдына жан салмайтын, не дегенмен нағашысының қаны бар полковник Корниловқа алтын құйма сапты «За храбрость» қылышы тапсырылды.

Соғыстан соң 1907-1914 жылдары қайтадан Қытайда болып барлаушылық жұмысын жалғастырады, осы жылдарда бүкіл елді қамтитындай агентуралық жүйе құрып, еліне аман-есен оралған соң генерал-майор шені беріліп, Орыс географиялық қоғамының мүшесі болады. Жалпы, орыстардың бұл қоғамының жанынан құрылған экспедициясының мақсаты шетелді зерттеумен қатар тыңшылық қызметті де қоса атқаратын. Естеріңізде болса, өзіміздің Шоқан Уәлиханов та Қашғарияға жасырын барып, тыңшылық қызметі үшін Орыс географиялық қоғамының мүшелігіне қабылданған болатын, сондықтан Ш.Уәлихановты қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби барлаушы десек те болады.

1914-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғысқа генерал-майор Корнилов 8-ші Армия қолбасшысы А.Брусилов басқарған оңтүстік-батыс майданындағы 48-ші дивизияның командирі ретінде қатысып, даңқ пен аңызға толы жылдары басталады. Көп ұзамай бұл әскери құрылымда Орта Азия халықтардың өкілдері басым болғандықтан бастапқыда «туземдік дивизия» деп аталғанмен кейін «темір дивизия» деген атаққа ие болды. Бір кездегі Ауғанстанға қауіпті сапарлас болған «теке тайпасының» түркімен жігітерімен хабарласып, «Тикинский полк» құрды, бұл оның гвардиялық күші болып, ең шешуші сәтте қосып отырды, бұндай жетістікке ол солардың тілін білгендіктен жетті, соғыстағы түрлі операцияны сәтті аяқтағаны үшін генерал-лейтенант шенін алды.

1917 жылғы ақпан мен қазан революциясы және ақтар қозғалысын құруы. Ақпан революциясы нәтижесінде патша тақтан құлаған соң құрылған Уақытша үкімет басшысы А.Керинский Корниловты майданнан шақырып Петроград әскери гарнизонының бас қолбасшысы қылып тағайындайды. Керинскийдің ең алғашқы бұйрығымен, елді басқарудан бас тартқаны үшін император ІІ Николайды отбасымен тұтқынға алып түрмеге жабады. Петроград көшелеріне шығып соғысты тоқтату, бейбіт халықты ату туралы бұйрықты орындаудан бас тартады. Бұл кезде соғыс ұзаққа созылып кеткендіктен қарапайым солдаттар патша үшін, сосын уақытша үкімет үшін де соғысқысы келмеді. Сол кезде большевиктер айтқан: «Жер шаруаларға, завод пен фабрикалар жұмысшыларға берілсін!» деген ұрандары ойларынан шығып, майданнан жаппай қаша бастады. Армияда тәртіпті орнату үшін жаңа тағайындалған Бүкілресей армиясының Бас қолбасшысы, инфантерия генералы (маршал) Лавр Корнилов үкімет басшысы Керинскийден армиядан қашқан дезиртирлерді атуға рұқсат сұрайды, жауапкершіліктен қашқан ол рұқсат бермегесін, бар билікті қолына алу үшін Петроградқа жылжиды. Сол кезде Корниловты бүлікшіл деп жариялап, тұтқынға алып түрмеге тоғытады. Сол кезде Қазан төңкерісі болып, билік большевиктер қолына өтеді. Корниловты 25 желтоқсанда түрмеден босатады, сол кезде орыс армиясында 300 мың офицер болса, соғыстан шаршаған болуы керек 160 мың офицер соғысудан бас тартты30 мың офицер большевиктер жағына шықты, 110 мың офицер большевиктер үкіметі де уақытша болады деп патшаны қайтадан таққа қоңдыру керек деп есептеді. Сол мақсатпен 1918 жылдың 7 қаңтарында Лавр Корнилов Доннан өтіп, ақгвардияны құруға кірісіп кетеді, оның арқа сүйенгені патша кезінде отарлаушы халық ретінде пайдаланған Дон мен Жайық казактарына сенген еді. Ақгвардияшылдардың ерікті армиясының Бас қолбасшысы Лавр Корниловтың бастапқы жорықтары сәтті басталғанмен сәуір айында Екатеринодарды большевиктерден азат етпекші болып 20 000 қызылға қарсы 5000 әскерімен қарсы шабуылға шығады, бұл көзсіз ерлік еді, бірінші шабуыл сәтсіз болып екіншісіне дайындық жүргізіп жатқанда демалып жатқан үйіне 13 сәуір күні снаряд түсіп өліп кетеді. 15 сәуір күні өзінің үміт артып келген Дон бойына жерленеді, алайда ақтар шегінген соң 16 сәуірде большевиктер Корнилов мүрддесін көрден қазып алып, қылышпен бөлшектеп тастайды да үстіне кепкен шөпті үйіп өртеп жібереді. Осы 1918 жылдың қыркүйек айының 20-сында әйелі Таисия Лавр өлген соң төсек тартып қайғыдан қайтыс болған соң, өсиеті бойынша күйеуінің қасына жерленеді. Қайтадан шегініп бара жатқан Деникин әскерінің казактары басына ағаштан ойып жасаған екі кресті қадап кетті, ХХІ ғасырдың басында Корниловқа үлкен ескерткіш орнатты. Генерал Деникин (1872-1947) шегініп бара жатып Корниловтың екі баласын Францияға алып кетті, қызы Наталья Корнилова Деникиннің адютанты Алексей Шапрон дю Ларга күйеуге шығып 1983 жылы Брюссельде қайтыс болды, ұлы Георгий АҚШ та жоғары білім алып, инженер болып істеп Лос-Анджелесте 1987 жылы қайтыс болды.

Ескерту: Лавр Корниловтың шығу тегі туралы үш нұсқа бар, біріншісі – қалмақтық нұсқасы, екіншісі – алтайлық нұсқасы, онда шешесін Алтайдың ойрат тайпасынан таратады, үшіншісі – қазақ нұсқасы, мен осыны таңдадым. Себебі анасы Марияның руы арғынның қаракесек аталығынан екені айтылады, қазақша нұсқасының екіншісінде шешесі Гүлшара Байымбет қызы, руы керей деп көрсетілген, нағашысы қай рудан болса да, әйтеуір қазаққа жиен.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Ашық дереккөзден алынған фотода:

Корниловтың түрі қазаққа келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: