Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаштың арқаулы пірі

03.08.2026, 15:45 84

(Тарихтың қалтарысында қалған жұмбақ парақтар қайта ашылғанда, Алаш баласының рухани тамыры қаншалықты тереңде жатқанына көз жеткізесің…)

Қызылорда қаласындағы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Марал ишан — ұлт руханиятының шамшырағы» атты тағылымды жиын өтті. Басқосуда Марал ишанның тікелей ұрпағы Мұхамедхан Омаров осы аттас жаңа еңбегін таныстырып, баба мұрасын жұртшылыққа кеңінен насихаттады. Бұл үш жүздің пірі атанған, Абылайдың заманы мен Хан Кененің дәуірін рухани жалғап тұрған ұлы тұлға Марал ишан Құрманұлының (1780-1841) ұмытылған ұлылығының қайта жаңғыруы еді.

Марал ишан Құрманұлы XIX ғасырдағы қазақ даласының көрнекті діни-ағартушысы, емші әрі елдің азаттығын ойлаған қайраткер. Ол мешіт-медреселер ашып, халықтың сауатын көтеруге, жастарды білімге, имандылыққа және еңбекке тәрбиелеуге күш салған. Сонымен бірге, отарлық қысымға қарсылық білдіріп, елдің бірлігі мен рухани тәуелсіздігін қорғауды мақсат еткен.

Тек пен Тағдыр

(Марал ишанның біз білмейтін тылсым болмысы мен саяси миссиясы)

Көпшілік Марал ишанды тек діни қайраткер немесе сопылық жолды ұстанған әулие ретінде ғана таниды. Дегенмен, оның тегінде жатқан үлкен тарихи сырларға үңілсек, қызық көрініс ашылады.

Марал бабамыз жай адамның ұлы емес. Әкесі Құрман Кенжебайұлы Абылай ханның сенімді батыры әрі бас емшісі болған. 1740 жылдары Жоңғар қонтайшысы Қалдан-Церенмен Абылай хан арасында бітім жасалғанда, ханға жоңғар билеушісінің екі қызы ұзатылады. Елге келген соң Абылай хан сол ханшалардың кішісін өзінің сүйікті емшісі Құрманға қосқан.

Марал ишан осы жоңғар ханшасынан туған перзент. Ал Абылай ханның бәйбішесі мен тоқалдарынан тараған өркенді ескерсек, Марал ишан мен Кенесары хан шеше жағынан бөле болып келеді. Хан Кененің күреске толы майданында Марал ишанның оған тек пір ғана емес, туған қаны бір жақын ағалық рухани сүйеу болуының басты сыры да осында.

Сыр бойындағы тылсым түн

Обаған өзенінің алқабында, «Қайран көлде» туған бала Марал 9 жасында әкеден айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың ащы дәмін татады. 13 жасында анасымен бірге ілім іздеп Сыр бойына (Ақмешітке) аяқ басады.

Ел аузында сақталған, бірақ көп жазыла бермейтін мына бір аңыз-дерек оның табиғатындағы тылсым күшті сипаттайды.

Сырдағы Құланбай ишанның үйінде әдепкіде жалшы болып малын бағып жүрген жас Маралды бірде қожайыны түнде қорадан іздейді. Қараңғы түнде қой отардың ортасында тұрған аспаннан түскен ерекше сәуле-нұрды көріп, таң-тамаша болады. Сөйтсе, жалаң аяқ, жұпыны киінген бала Маралдың үстіне ғарыштан сәуле құйылып тұр екен. Баланың қарапайым емес, Тәңірдің назары түскен киелі жан екенін ұққан Құланбай ишан сонда өз қызын оған атастырып, үлкен білім орталығына жолдама беріпті.

101 шәкірттің ішінен дараланған жалғыз дарын

Марал ишан білімін Бұқар мен Қаттақорған арасындағы Жам тауындағы аты аңызға айналған Жалаңаяқ ишанның медресесінде толықтырады. Осы тұста ұстаз бен шәкірт арасындағы қатал сынақ назар аудартады.

Ұстазы Жалаңаяқ ишан 7 жыл бойы өзі тәрбиелеген 101 шәкіртті іріктейді. 7 жылдың соңында 100 шәкіртті «білімдерің жетті» деп елдеріне қайтарып жібереді де, тек жалғыз Маралды қалдырады. Неге? Себебі Маралдың зеректігі мен тақуалығы рухани ілімнің ең шырқау деңгейіне жеткен еді. Ұстазы оған тағы 3 жыл жеке сабақ беріп, ішкі сырларды үйретіп, ислам әлемінде сирек берілетін «Иджаза» (рухани ілімді таратуға берілетін ең жоғарғы рұқсат «диплом») құжатын табыстайды.

Марал ишан тек мешіт соғып, Құран оқыған діндар ғана емес, Орынбор мен Сібір билеушілерін сескендірген ірі саясаткер болды.

Ол Қызылжарда мешіт салып, Сыр өңірінде 7 бірдей мешіт-медресе бой көтеруіне ұйытқы болды.

Дипломатиядағы еңбегі

Кенесары көтерілісі басталмай тұрып-ақ, 1821 жылы Марал ишан патша отаршылдарының қазақтарды зорлап шоқындыруына, құнарлы жерлерді тартып алуына қарсы шықты. Ол Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге және Сібір корпусының бастығы П.Капцевичке шағатай/татар тілінде екі саяси хат жолдады. Хатта патшалық билікті сабырға шақырып, қазақ-орыс арасындағы шиеленісті келіссөз арқылы шешуді талап етті.

Патша ұлықтары оның ел арасындағы абыройынан қатты ығысып, «Марал ишанның әрбір сөзі дала заңы» деп есептеуге мәжбүр болған.

Марал ишан мұрасын жаңғыртқан жаңа еңбек

«Марал ишан — ұлт руханиятының шамшырағы» кітабы жай ғана тарихи кітап емес. Онда қазақ даласындағы хан мен пірдің, мемлекеттілік пен руханияттың ажырамас бірлігінің айғағын суреттейді. Ишанның өмір жолын, ағартушылық қызметін және ел тарихындағы орнын кеңірек танытуға бағытталған. Еңбектің басты ерекшелігі, онда әулет жадында сақталған шежірелік мәліметтер мен тарихи деректердің сабақтастырылуында.

Бұл кітап бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың рухани мұрасын жаңғыртуға жасалған маңызды қадам болды. Марал ишанның білімге, бірлікке және елдікке үндеген тағылымы бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Баба мұрасын зерттеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу тарихи сананы нығайтудың маңызды бөлігі.

Нұрбек Дәуренбеков,

Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі,

«Әділет» партиясы Өңірлік Саяси кеңес мүшесі 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: