Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саулық сақшылары – ел мақтанышы

19.06.2026, 8:40 29

HALYQLINE.KZ

Кеше Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Салтанатты іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Мерекелік іс-шарада аудан басшысы денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қолдауларға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығы – ел дамуының басты кепілі екенін үнемі атап келеді. Осы бағытта Сыр өңірінде де денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен, аймақ басшысының тапсырмасымен Сыр өңірінде медициналық қызметке қолжетімділік артуда, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруде кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды.

Соның бірі ауданымызда жүзеге асырылып, Н.Ілиясов ауылында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңадан Қан орталығы салынып, халыққа қызмет көрсетуде. Облыс көлемінде 24 медициналық нысан 6 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Аймақ басшысының қолдауымен облыс бойынша 225 дана санитарлық және жедел жәрдем автокөліктері табысталды. Ауданда да медицина саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетілуде. Заманауи медицина бағытында аудандық ауруханаға КТ аппараты орнатылып, халыққа қызмет етуде. Цифрлы маммограф, портативті УЗИ аппараты, жылжымалы рентген аппараты алынып, диагностика деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Аудандық аурухана жанынан облыстық деңгейде науқастарды қабылдайтын «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшесі пайдалануға берілді. Жыл көлемінде аудандық аурухана мен емханада заманауи техногиялар кезең-кезең бойынша жаңғыртылуда, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кәсіби мерекеде аудан әкімі ауданның денсаулық сақтау саласына қызмет етіп жүрген бірқатар ақ халатты абзал жандарды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісімен, облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерінің салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатын» табыс етті.

Салтанатты іс-шара барысында медицина саласының қызметкерлері мен ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: