Бүгін Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын, журналист Бекжан Зинабытұлы Сүлейменовтің «Ауыл дәмі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп жазады аталған кітапхананың баспасөз қызметі.
«Ауыл дәмі» – автордың туған жер, ауыл өмірі, ұлттық құндылықтар, елдік пен адамгершілік туралы толғаныстары мен тағылымды естеліктерін қамтыған туынды. Кітапта қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмыс пен рухани сабақтастық мәселелері кеңінен сөз болады.
Рухани іс-шараға еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне елеулі үлес қосып жүрген белгілі тұлғалар қатысып, автордың шығармашылығы мен жаңа кітабы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор, жырау А.Алматов, қоғам қайраткерлері Р.Нұртаев, М.Исаев, «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары
А.Қасымова және Ақпарат саласының үздігі, журналист Д.Елубаев құттықтау сөз сөйледі.
Кешті Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Тұран» сыйлығының иегері, педагогика ғылымдарының магистрі, жырау Серік Жақсығұлов жүргізді.
Іс-шара аясында кітаптың тұсауы кесіліп, автор оқырмандармен кездесті. Кездесу барысында қаламгер шығарманың жазылу тарихы мен негізгі идеялары туралы әңгімелеп, өз өлеңдерін оқыды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!