Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҮНСІЗ БАЙЛЫҚ: Сыр топырағының астындағы уран кімге қызмет етіп жатыр?

18.06.2026, 8:20 64

Шиелі мен Жаңақорған десе, көз алдымызға ең әуелі күріш атызы, Қаратаудың бөктері, әулиелі жерлер келеді. Көшеде кездескен кез келген тұрғыннан өңірдің байлығын сұрасаңыз, күріш пен Құмкөлдің мұнайын айтары сөзсіз. Ал дәл осы екі ауданның топырағының астында  планетадағы  ең бай уран белдеулерінің бірі – Сырдария уран-кенді провинциясы жатқанын, сол уранның бүгінде облыс қазынасына мұнайдан да көп ақша құйып отырғанын білетіндер некен-саяқ. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел саналады. Eurasia24 басылымының дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 25,8 мың тонна уран өндірілген, мұның өзі стратегиялық шикізаттың әлемдік өндірісінің шамамен 40 пайызына тең. Сол көрсеткіштің салмақты бөлігін иығымен көтеріп тұрған өңірлердің бірі – Қызылорда облысы. Алайда жарты ғасырға жуық тарихы бар осынау сала жұрттың күнделікті әңгімесіне әлі күнге дейін арқау бола алмай келеді. Оның себебін түсіну  үшін  алдымен  тарихқа  үңілген  жөн.

Шиелідегі уран өндірісінің тарихы Кеңес Одағының аса құпия саласында жатыр. Ашық деректерге сүйенсек, «РУ-6» кәсіпорны 1983 жылы КСРО орта машина жасау министрінің бұйрығымен Ленинабад тау-кен-химия комбинатының құрамында, сол кездегі Чиили кентінде құрылған. Салалық dprom.kz порталы жазғандай, кәсіп­орын жұмыс істеп тұрған жылдары жергілікті тұрғындардың өзі бірнеше жүз метр жерде Қарамұрын кен орнында уран өндіретін тұтас өндіріс жұмыс істеп тұрғанын аңғармаған да. Өндіріс құпия­дан шыққаннан кейін де жұрт санасында уранды атом бомба­сымен теңестіретін үрей ұзақ сақталды. Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын  кен орындары 1970 жылдардың соңында, Инкай, Бүденов, Мыңқұдық сияқ­ты алып кен орындарымен бір лекте картаға түскен. Кейін тәуелсіз­дік жылдары осы қорлардың негізін­де сала жаңа серпін алды. Қарамұрында «РУ-6» жұмысын жалғастырса, Шие­лі ауданындағы Иіркөл кен орнын игеруге 2008 жылдан бастап Қытайдың CGN атом корпорациясы қатысқан «Се­миз­бай-U» кәсіпорны кірісті. Жаңақорған ауданындағы Солтүстік Хорасан кен орнын «Хорасан-U» мен жапондық инвесторлар қатысқан «Байкен-U» серіктестіктері игеріп жатыр. Сөйтіп қарапайым көзге көрінбейтін, бірақ әлемнің атом энергетикасын нәрлендіріп тұрған тұтас өндірістік алқап  қалыптасты.

Көп жылдан бері Қызыл­орда облысының экономика­сы туралы сөз қозғалса, алды­мен мұнай аталатын. Енді сол түсініктің өзі ескіріп қалғанға ұқсайды. LS ақпарат агенттігі облыстық мемлекеттік кіріс­тер департаментіне сүйеніп жария­лаған дерекке қарағанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің ең ірі он салық төлеушісі бюджетке 296,4 млрд теңге құйған. Соның ішінде бірінші орынға мұнайшылар емес, уран өндіруші «Хорасан-U» кәсіп­орны шыққан. Оның төлемі 85,6 млрд теңгеге жетіп, бұ­рынғы дәстүрлі көшбасшы «ҚазГерМұнайдың» 66,6 млрд теңгесінен едәуір асып түсті. Тізімде одан әрі «Байкен-U» 46,8 млрд теңгемен, «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» 33,4 млрд теңгемен, «РУ-6» 24,7 млрд теңгемен тұр. Жай ғана есептеп көрелік. Үш уран компаниясының қосқан үлесі 157 млрд теңгеден асады, демек өңірдің ең ірі салық төлеу­шілері төлеген қаржының жартысынан астамы – уранның еншісінде. Оның үстіне өсім қарқыны да көз тартады, бір жыл бұрын «Хорасан-U» 53,5 млрд теңге төлесе, бір жылда төлемін 30 млрд теңгеге арттырған. Мұның сыр­тында әлемдік нарықтағы уран бағасының өсуі мен 2025 жылдан бастап уранға салы­натын пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемесінің көтерілуі салалық төлемдерді одан  әрі  ұлғайта  түспек.

Бір сөзбен айтқанда, Сыр өңірі халқының санасында «мұнай өлке­сі» болып жүр­генде, іс жүзінде уран өлкесіне айналып үлгерген. Сіз де бұны білмей қалған болсаңыз, мақаланы  ары  қарай  оқыңыз.

Сонда «осыншама қаржы ағыны тұрғындардың тұрмысында неге айқын сезілмейді?» деген заңды сұрақ туады. Мұның бірнеше қарапайым себебі  бар.

Біріншіден, уран мұнай сияқты алып инфрақұрылым тілемейді. Қазақстандағы барлық кен орны жерасты ұңғымалық шаймалау тәсілімен игеріледі, далада сорайған мұнара да, гүрілдеген карьер де жоқ, өндірістің өзі шағын алаңға сыйып тұрады. Сондықтан мыңдаған адам жұмыс істейтін кен қалашықтары да пайда болмайды. Мәселен, kapital.kz жазғандай, «Хорасан-U» кәсіпорнында 400-ден астам адам еңбек етеді, оның 37 пайызы Жаңақорған ауданының, тағы 30 пайызы – облыстың өзге елді мекендерінің тұрғындары. Әрине, ауыл үшін төрт жүз жұмыс орнының өзі – олжа, бірақ күріш егетін мыңдаған диқанмен салыстыр­ғанда сала  көпшілікті  қамти  алмайды.

Екіншіден, дайын өнімнің өзі көзге түспейді. Сары ұнтақ түріндегі уран концентраты теміржолмен үнсіз ғана шетел­ге аттанады, оның негізгі сатып алушылары – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка мен Еуропа елдері.

Үшіншіден, кеңестік құ­пиялықтың салқыны әлі бар. Сала жұртпен ашық сөйлесуге кейінгі жылдары ғана бет бұрды, ал ел жадында уран сөзі әлі күнге радиация үрейімен қатар жүреді. Жұрттың сол алаңдау­шылығы былтыр желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте де көтерілді. Журналистер кен өндірілетін аудандарда онкологиялық аурулардың өсуіне қатысты халықтың уайымын жеткізгенде, сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев былай деп жауап берген.

– Мониторинг тұрақты жүргізіледі. Бізде радиация деңгейі жоғары емес, — деді ол.

Сөзінше, Шиелі мен Жаңа­қорған аудандарында «Қазатом­өнеркәсіп» жыл са­йын зерттеу жүргізіп, Экология министрлігі қадағалап  отырады  екен.

Экс-әкімнің айтуынша, екі аудан­ның орталығында радиа­циялық фонды үздіксіз өлшейтін тұрақты датчиктер орнатылған, ал онкология деңгейі тек уран өндірісімен байланысты емес. Сонымен бірге ол облыста құны 36,4 млрд теңгелік көпсалалы онкология­лық орталықтың құрылысы жүріп  жатқанын  хабарлады.

Төртіншіден, саланың әлеуметтік жауапкершілігіне көңіл толмайтынын билік өкілдерінің өзі ашық айтқан. 2024 жылдың қаңтарында сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының төрағасы Ме­йіржан Юсуповпен кездесуінде уран компанияларының өңірдегі қайырымдылыққа жылына небәрі 88 млн теңге бөлетінін, мұның дивидендтер сомасының 0,2 пайызына ғана тең екенін атап өтті. Dprom.kz порталы жазғандай, әкім аталған соманың мұнай компанияларының салымдарынан әлдеқайда аз екенін айтып, ұлттық компания басшылығына өңірдің әлеуметтік маңыз­ды жобаларына белсендірек қаржы салуды ұсынған. Сол кездесуде облыс әкім­дігінің баспасөз қызметі тағы бір маңызды дерек келтірді, елде өндірілетін уранның шамамен 20 пайызы Қызылорда облысының үлесінде екен. Яғни жердің байлығы мен жұртқа қайтып жатқан үлестің арасындағы алшақтықты билік те көріп  отыр.

Жаза кеткен жөн, Денсау­лық сақтау министрлігі Қо­ғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары Шиелі ауданындағы Бидайкөл, Ш.Қодаманов, Ақмая елді мекендеріне жақын орналасқан уран өндірісінің адам денсаулығына әсерін арнайы зерттеген. МАГАТЭ, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы және радиациядан қорғау жөніндегі халықаралық комис­сияның бірлескен қорытындысына сәйкес жерасты шаймалау тәсілі уран өндірудің экологиялық тұрғыда ең қауіпсіз жолы деп танылған. Дегенмен, ғылыми қорытынды – бір бөлек, ауыл адамының көңіліндегі күдік – бір бөлек. Сол күдікті сейілтетін жүйелі ақпараттық жұмыс әлі де  жеткіліксіз.

Ең бастысы, осы байлық­тың  мәңгілік емес екенін ұмытпаған  жөн. Кез келген кен орнының қоры сарқы­ла­ды, уран да одан тыс қалмайды. Inbusiness.kz порталы «Қаз­атомөнеркәсіптің» 2025 жылғы қорытынды есебі бойынша инвесторлармен өткізген конференциясына сілтеме жасап, Ақдала мен Заречное кен орындарының қоры алдағы алты жылда толық игеріліп бітетінін жазды. Заречное біздің облысқа көршілес Түркістан өңірінде орналасқан, оның тағдыры ертең Сыр бойындағы кеніштердің де басына келетін күннің бейнесі іспетті. Кеңес заманында ашылған кен орындарының дені бүгінде едәуір игеріліп қалғанын сала мамандары да жасырмайды. Қарамұрын кеніштері қырық жылдан астам жұмыс істеп келеді, 2023 жылдың қаңтарында Энергетика министрлігі мен «РУ-6» арасында Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын кен орындарында өндіруді жал­ғастыруға қатысты келісімшартқа толықтыру жасалғаны мәлім.

Ал ең ірі қор – Жаңақорған жақта. Nur.kz келтірген мәліметке сүйенсек, Солтүстік Хорасан кен орнының қоры 2024 жылдың басында шамамен 33 мың тоннаны құраған, оны игеру мерзімі 2038 жылға дейін есептелген. Sarapshy.info сараптамалық агенттігі болса елдегі уран қорын кеңінен талдай келе, қазіргі қарқынмен өндіргенде қордың 2040 жылға дейін жетуі мүмкін екенін жазды. Демек әңгіме алыс болашақ туралы емес, бір ұрпақтың ғұмырына сыятын мерзім туралы болып отыр. Бүгін мектеп бітіріп жатқан шиелілік бала зейнетке шыққанша туған жеріндегі кеніштердің көбі жабылып үлге­руі әбден мүмкін. Бұл тура­лы оқырманды ойландырып қойғымыз келмейді. Бұл – тек конспиро­ло­гия. Яғни  болжам.

«Кеніш жабылғанда не қалады?» деген сұрақты дәл қазір қою керек. Оң жағы, жерасты шаймалау тәсілінде мұнай-газ саласындағыдай алып қалдық қоймалары қалмайды, ұңғымалар жойылып, жер қалпына келтіріледі. Inbusiness.kz хабарлағандай, «Байкен-U» кәсіпорнында қор сарқылғаннан кейін кенішті жоюға арналған арнайы мақсатты қорға қаражат жинақталып келеді, компания рекультивация мамандарын да оқытып жатыр. Алайда техникалық рекуль­тивация мен әлеуметтік рекультивация – екі бөлек дүние. Ұңғыманы бетондап жабуға болады, ал «сол кеніштен нәпақа тауып отырған жүздеген отбасының, кәсіпорын салығына сүйеніп қалған аудан бюджетінің орнын немен толтырамыз?» деген сұрақтың жауабы әзірге ешбір стратегиялық құжаттан көрінбейді. Бұл ретте уақыт өңірге қарсы да, қолдап та жұмыс істеп тұр. Бір жағынан қор азайып барады, екінші жағынан, саланың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылып  жатыр.

Елімізде 2036 жылы іске қосылуы жоспарланған алғаш­қы атом электр станциясына отандық уран қолданылмақ, «Қазатомөнеркәсіп» табиғи уран өндіруден дайын ядролық отын шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастырып жатқанын мә­лімдеді. Жер қойнауы туралы жаңарған заңнамаға сәйкес ұлттық компания жаңартыл­ған келісімшарттарда 90 па­йызға дейін үлес ала алатын болды, демек кеннен түсетін табыстың елде қалатын бөлігі арта түспек. Осы өзгерістердің бәрі жүріп жатқанда, уран астанасы атануға толық хақысы бар Қызылорда облысы өз үлесі туралы дауысын қаттырақ шығарып, ураннан кейінгі өмірдің жоспарын бүгіннен бастап сызып қойғаны абзал. Жер қойнауындағы байлық таусылады, ал сол байлықты игерген ұрпақтың білімі, тәжірибесі және алдын ала жасалған әділ есеп қана таусылмайтын  қазынаға  айналады.

Әлемнің әр түкпірінде, Шанхайдың зәулім ғимараттарынан бастап Еуропаның қарапайым пәтерлеріне дейін миллиондаған шам сөнбей жанып тұр. Сол жарықтың бір ұшығы Сыр өңірінің сахарасында, Шиелі мен Жаңақорғанның қойнауында жатыр десек, көбіңіз сенбеуіңіз мүмкін. Жарты ғасырдан бері осы өлкенің топырағы әлемдік атом энергетикасын қоректендіріп келеді, ал кейінгі жылдары үнсіз жатқан осы байлық облыс қазынасын толтыруда мұнайдың өзін басып озды. Соған қарамастан уран сөзі Сыр елінің күнделікті әңгімесінде әлі күнге жоқтың қасы. Біз көрші ауылдың қорасындағы малға дейін санап жүргенде, өз аяғымыздың астында не жатқанын байқамай қалғандаймыз. Бұл мақалада сол көзге көрінбейтін байлықтың тарихын, бүгінгі салмағын және ертеңгі тағдырын деректермен таразылап көрдік. Ал болашағы туралы әңгіме баршамызды ойландыруы тиіс, өйткені кез келген кеннің қоры таусылады, уран да мәңгілік емес. Соны түсінген адам әрекетін  жасайды.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Коллаж бен инфографиканы жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: