Соңғы онжылдықта бақыт индексі әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар үшін ерекше маңызды индикаторға айналды. Себебі мемлекеттердің дамуын тек экономикалық көрсеткішпен емес, азаматтардың өмір сапасымен бағалау үрдісі күшейіп келеді. Бұл есеп БҰҰ бастамасымен дайындалып, Оксфорд университетінің Әл-ауқатты зерттеу орталығынің зерттеуі негізінде шығарылады.
Бақыт индексі тек көңіл күйді емес, экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени факторларды ескереді. Яғни, бұл – тек «қанағаттану деңгейі» емес, елдің даму сапасының айнасы. Бүгін біз осы индекс арқылы әлемде және Қазақстанда не болып жатқанын, бақытқа әсер ететін негізгі факторды қарастырамыз.
ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?
Бақыт индексі тек адамдардың көңіл күйін өлшейтін қарапайым сауалнама емес. Ол – елдегі өмір сапасын кешенді түрде бағалайтын халықаралық көрсеткіш.
Зерттеушілер бұл индексті есептеу кезінде бірнеше негізгі факторды бірге қарастырады. Олардың қатарында жан басына шаққандағы табыс деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігі бар. Сонымен бірге азаматтық еркіндіктің деңгейі, сыбайлас жемқорлықтың төмендігі, қоғамдағы өзара сенім мен қауіпсіздік сезімі де маңызды рөл атқарады.
Бұл деректер тек ресми статистикаға сүйеніп қана қоймайды. Есептеудің маңызды бөлігі – халықаралық сауалнама. Оны Gallup зерттеу компаниясы жүргізеді. Әр елдің тұрғындары өз өміріне 0-ден 10-ға дейін баға береді. Осы арқылы адамдардың субъективті көңіл күйі мен жалпы қанағаттану деңгейі анықталады.
Сөйтіп, бақыт индексі – экономикалық көрсеткіштер мен адамның жеке тәжірибесін біріктіретін күрделі жүйе. Ол бір ғана цифр емес, қоғамдағы өмір сапасының тұтас бейнесін көрсететін маңызды өлшем болып саналады.
Қазақстан 237 мемлекет қамтылған жаһандық рейтингте 132-орынды иеленіп отыр. Бұл көрсеткіш елдің даму деңгейін орташа санатқа жатқызады. Алайда тек орынға сүйену жеткіліксіз, себебі негізгі мәселе – осы рейтингтің артындағы әлеуметтік шындық.
Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстан біршама жоғары позицияда: Өзбекстан – 149, Тәжікстан – 155, Қырғызстан – 157, Түрікменстан – 171-орында. Бұл айырмашылық тек экономикалық өсіммен емес, денсаулық сақтау сапасы, өмір сүру ұзақтығы және әлеуметтік инфрақұрылым деңгейімен де байланысты. Дегенмен, өңірлік салыстыру толық көрініс бермейді. Өйткені әр елдің ішкі әлеуметтік құрылымы, табыс теңсіздігі және қаржылық тұрақтылығы әртүрлі.
Соңғы жылдары Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі – халықтың несиелік жүктемесінің артуы. 2025 жылдың басында тұтынушылық несиелер көлемі 13,7 трлн теңге болса, 2026 жылдың басында 16,7 трлн теңгеге жетті. Бұл тек қаржы нарығының белсенділігін ғана емес, халықтың күнделікті шығынды жабу үшін қарызға тәуелділігінің күшейгенін де көрсетеді.
Сонымен қатар, жылдық инфляцияның 11 пайыз деңгейінде сақталуы нақты табыстың құнсыздануына әкеліп отыр. Жалақы өсімі инфляцияны толық өтемеген жағдайда, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді, бұл несиеге сұранысты арттырады. Тұрғын үй мәселесі де өзекті. 2025 жылы 655 мыңнан аса азамат баспана кезегінде тұр. Бұл – әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор.
Қазіргі модельдің тағы бір ерекшелігі – урбанизация. 2025 жылы бұл көрсеткіш 63,5 пайызға жетті. Қалаға шоғырлану шығынды арттырып, қаржылық қысымды күшейтеді.
Әлеуметтік желі де – қоғамдық тұрақтылықтың бір көрінісі. Онда өз-өзіне ренжіп, тұтас қоғамға қарата сөз сөлейтіндер аз емес.
Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды негізгі басымдық ретінде айқындады.
Қысқасы, бұл рейтинг – жай статистика емес, қоғамның ішкі тепе-теңдігін көрсететін индикатор. Оны дұрыс түсіну – тұрақты дамудың басты шарты.
СКАНДИНАВИЯЛЫҚ «БАҚЫТТЫҢ ФОРМУЛАСЫ»
Соңғы жылдары ел дамуын бағалауда тек экономикалық индекстермен шектелу жеткіліксіз екені айқындалып, «бақыт» ұғымы да маңызды әлеуметтік индикатор ретінде алға шықты. Осы тұрғыда «Әлемдік бақыт туралы есеп» ерекше мәнге ие. Бір қызығы, жыл сайын рейтингтің алдыңғы қатарында Финляндия, Дания, Норвегия, Исландия, Швеция, және Нидерланды тұрақты түрде иеленіп келеді. 2026 жылғы зерттеу нәтижесі де бұл үдерістің сақталғанын көрсетіп, алғашқы жетілікке дәл осы скандинавиялық мемлекеттер енгенін айғақтайды.
Бұл елдердің табысы кездейсоқ құбылыс емес. Керісінше, ол – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан әлеуметтік саясаттың, мәдени құндылықтың және институционалдық сапаның нәтижесі. Скандинавиялық «бақыт формуласы» деген ұғым да осыдан туындайды. Бірақ бұл – бірнеше фактордың үйлесімді жүйесі.
Ең алдымен, бұл елдерде әлеуметтік мемлекет ұғымы нақты мазмұнға ие. Азаматтардың базалық қажеттілігі мемлекет тарапынан қорғалған. Яғни сапалы білім беру, қолжетімді медицина, жұмыссыздық жағдайындағы қолдау, ата-аналарға арналған ұзақмерзімді демалыс.
Мұндай жүйе адамдардың ертеңгі күнге деген алаңдаушылығын азайтады. Нәтижесінде қоғамда психологиялық тұрақтылық қалыптасып, өмірге қанағаттану деңгейі артады. Яғни, бақыт – тек субъективті сезім емес, әлеуметтік қауіпсіздікпен тікелей байланысты құбылыс.
Скандинавиялық елдердің тағы бір ерекшелігі – жоғары деңгейдегі сенім мәдениеті. Бұл сенім тек адамдар арасында ғана емес, азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста да көрініс табады. Құқықтық жүйенің әділдігі, жемқорлықтың төмендігі, мемлекеттік институттардың ашықтығы – осының барлығы қоғамдық келісімнің негізін құрайды. Азамат өз құқығы қорғалатынына сенген қоғамда қорқыныш аз, еркіндік көп. Ал еркіндік – бақыттың маңызды алғышартының бірі.
Материалдық әл-ауқат маңызды болғанымен, скандинавиялықтар үшін өмір сапасы тұтыну деңгейімен өлшенбейді. Керісінше, олар қарапайым өмір философиясын ұстанады. Даниядағы ұсақ сәттерінен қуаныш табуды немесе Швециядағы өмірді тепе-тең ұстау философиясы басым. Бұл – артық жарыс пен шамадан тыс тұтынудан бас тарту, өз өмір ырғағын табу деген сөз. Мұндай мәдени код қоғамдағы күйзелісті азайтып, ішкі қанағат сезімін күшейтеді.
Еңбек мәдениетіне келсек, бұл елдерде «көп жұмыс істеу – табыстың кепілі» деген қағида басым емес. Керісінше, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке ерекше мән беріледі. Қысқа жұмыс күні, демалысқа құрмет, отбасы мен жеке уақытқа басымдық – осының бәрі адамның ұзақмерзімді әл-ауқатына бағытталған. Нәтижесінде адамдар кәсіби күйзелістен сақталып, еңбек өнімділігін тұрақты деңгейде ұстап тұра алады.
Осы фактордың жиынтығы скандинавиялық елдердегі бақыттың жоғары деңгейін түсіндіреді. Бұл – тек экономикалық жетістік емес, қоғамның қалай ұйымдастырылғанының көрсеткіші. Мұнда мемлекет пен азамат арасындағы келісім, әлеуметтік әділеттілік және мәдени құндылықтар өзара үйлесім тапқан.
Скандинавиялық «бақыт формуласы» – бұл байлықтың немесе климаттың емес, саналы түрде құрылған қоғамның жемісі. Демек, бақытты қоғам – кездейсоқ пайда болатын құбылыс емес, ол жүйелі саясат пен ортақ құндылықтың нәтижесі.
ЛАТЫН АМЕРИКАСЫ: «БАҚЫТ ПАРАДОКСЫ»
Рейтингте жоғары орындарға тек экономикалық қуатты мемлекеттер ғана ие болады деген түсінік әрдайым шындыққа жанаса бермейді. Соның айқын дәлелі – Коста-Рика мен Мексика. Соңғы зерттеулерде Коста-Рика алғашқы бестіктен көрінсе, Мексика да алғашқы ондыққа жақын позицияда тұр. Бұл елдердің экономикалық көрсеткіштері Финляндия немесе Дания секілді дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанына қарамастан, тұрғындарының өз өміріне деген қанағаттану деңгейі жоғары. Бұл құбылыс бақыт ұғымының тек материалдық әл-ауқатпен шектелмейтінін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Латын Америкасы елдеріндегі бақыт феноменін түсіндіру үшін ең алдымен әлеуметтік байланыстың рөліне назар аудару қажет. Бұл қоғамда отбасы институты ерекше маңызға ие. Кеңейтілген отбасы ұғымы, яғни тек ата-ана мен бала ғана емес, туыстардың, жақындардың, тіпті көршілердің де өзара тығыз қарым-қатынаста болуы – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Адамдар қиын сәтте жалғыз қалмайды, эмоционалдық және практикалық қолдау әрдайым қолжетімді. Естеріңізде болса, 90-жылдары қазақ қоғамында дәл осындай үдеріс жоғары болды. Әсіресе, көршілер арасындағы әлеуметтік байланыс терең еді. Мұндай ортада әлеуметтік оқшаулану деңгейі төмендеп, адамның өзін қауіпсіз әрі маңызды сезінуі күшейеді. Ал бұл – бақыттың негізгі психологиялық алғышарттарының бірі.
Сонымен қатар, қоғамдық өмірдің белсенділігі де айрықша рөл атқарады. Латын Америкасында мерекелер, фестивальдер, мәдени іс-шаралар тек ойын-сауық құралы емес, әлеуметтік бірігудің маңызды тетігі саналады. Қалалық және ауылдық деңгейдегі түрлі іс-шара адамдарды біріктіріп, ортақ эмоциялық тәжірибе қалыптастырады. Волонтерлік қозғалыстар мен жергілікті бастамалар да кең таралған. Бұл азаматтардың қоғамға пайдалы екенін сезінуіне, өз өмірінің мәнін тереңірек түсінуіне ықпал етеді.
Тағы бір маңызды фактор – өмірге деген көзқарас. Коста-Рика мен Мексика қоғамында оптимизм мен өмірсүйгіштік мәдени код деңгейінде қалыптасқан. Күнделікті қиындықтарға қарамастан, адамдар өмірдің жағымды тұстарына назар аударуға бейім. Бұл – тарихи тәжірибе мен мәдени дәстүрлердің ықпалымен орныққан құндылық. Осындай психологиялық тұрақтылық экономикалық тұрақсыздықтың кері әсерін белгілі бір деңгейде жұмсартады.
Бұған қоса, бұл елдерде табиғатпен етене байланыс та маңызды рөл ойнайды. Әсіресе Коста-Рикада экологиялық саясат пен «табиғатпен үйлесімде өмір сүру» қағидасы кең таралған. Бұл тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қоршаған ортаның тазалығы мен табиғи кеңістіктің қолжетімділігі адамның ішкі күйіне оң ықпал ететіні белгілі.
Осылайша, Латын Америкасындағы бақыт моделі Солтүстік Еуропадан түбегейлі өзгеше. Егер скандинавиялық елдерде бақыттың негізі – институционалдық сенім мен әлеуметтік қауіпсіздік болса, Латын Америкасында шешуші рөлді адами қарым-қатынас, мәдени бірлік және өмірге деген көзқарас атқарады. Бұл екі түрлі модель бір ғана қорытындыға алып келеді: бақыт – әмбебап формуласы бар құбылыс емес. Ол – әр қоғамның тарихи тәжірибесі мен мәдени құрылымына тәуелді күрделі феномен.
АРАБ МОДЕЛІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Рейтингтің 21-ші, 22-сатысында Біріккен Араб Әмірлігі мен Сауд Арабиясы орналасқан. Жалпы араб елдері соңғы жылдары бақыт индексінде жоғары көрсеткішке ие. Бұл мемлекеттердің моделі Скандинавия немесе Латын Америкасынан бөлек, өзіндік «араб формуласына» негізделген.
Ең алдымен, бұл елдерде экономикалық әл-ауқат шешуші рөл атқарады. Мұнай мен табиғи ресурстардан түсетін табыс азаматтардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Мемлекет тарапынан тұрғындарға түрлі жеңілдік қарастырылған: тегін немесе субсидияланған білім мен медицина, тұрғын үй бағдарламалары, төмен салық немесе кей жағдайда салықтың болмауы. Мұндай экономикалық тұрақтылық адамдардың болашаққа деген сенімін арттырады.
Екіншіден, әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздік деңгейі жоғары. Бұл елдерде қылмыс деңгейі төмен, қоғамдық тәртіп қатаң бақыланады. Мемлекеттік басқару жүйесі орталықтандырылған болғанымен, азаматтар үшін қауіпсіз әрі болжамды орта қалыптастырады. Қауіпсіздік сезімі – бақыттың маңызды құрамдас бөлігі.
Үшіншіден, дәстүрлі құндылықтар мен діннің ықпалы күшті. Ислам діні қоғам өмірінде маңызды орын алады және адамдардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Қанағатшылдық, сабыр, отбасыға адалдық сияқты құндылық ішкі тұрақтылықты күшейтеді. Бұл – материалдық фактормен қатар жүретін рухани тірек.
Төртіншіден, мемлекет жүргізіп отырған модернизация саясаты. Әсіресе Біріккен Араб Әмірлігі цифрландыру, инновация және қалалық инфрақұрылымды дамыту арқылы өмір сапасын арттыруға басымдық беріп отыр. Заманауи қалалар, қызметтердің цифрлық қолжетімділігі, халықаралық ашықтық – осының барлығы тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетеді.
Сонымен қатар, бұл елдерде «мемлекет – қамқоршы» моделі айқын байқалады. Азаматтар мемлекеттен нақты қолдау сезінеді, ал мемлекет өз кезегінде әлеуметтік келісімді сақтауға мүдделі. Бұл өзара байланыс сенімнің ерекше түрін қалыптастырады, ол – демократиялық институттарға емес, басқару тиімділігіне негізделген сенім.
Яғни араб елдерінің бақыт формуласы үш негізгі тірекке сүйенеді: экономикалық әл-ауқат, қауіпсіздік және дәстүрлі құндылықтар.
ЭКОНОМИКА ЖЕТІСТІГІ ЖЕТКІЛІКСІЗ
Экономика жетістігі қоғам дамуының маңызды көрсеткіші болғанымен, ол әрдайым адамдардың өмір сапасы мен бақыт деңгейін толық сипаттай бермейді. Соңғы жылдары жүргізілген халықаралық зерттеулер бұл тұжырымның айқын дәлелі бола түсті: жоғары табысты, технологиясы дамыған мемлекеттердің өзі тұрғындарының өмірге қанағаттану деңгейі бойынша әртүрлі нәтиже көрсетіп отыр.
Қызықты парадокс – экономикалық тұрғыдан әлемнің алып державалары саналатын кейбір мемлекет бұл рейтингтерде орта деңгейден жоғары көтеріле алмай отыр. Әсіресе, Азия елдеріне тән. Мәселен, Сингапур Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты жоғары технологиялы, өнеркәсіптік қуаты зор елдер өмір сапасы мен психологиялық әл-ауқат көрсеткіштері бойынша күткен нәтижеден төменірек орын алады. Бұл жағдай экономикалық өсім мен адамдардың субъективті өмір сапасы арасындағы тікелей байланыстың әрдайым сақталмайтынын көрсетеді. Басқаша айтқанда, ЖІӨ-нің жоғары болуы қоғамдағы ішкі әлеуметтік тепе-теңдікті автоматты түрде қамтамасыз етпейді.
Сарапшылар мұндай қайшылықтың бірнеше негізгі себептерін атап өтеді. Біріншіден, еңбек нарығындағы жоғары қысым мен бәсекелестік деңгейі азаматтардың күнделікті психологиялық жүктемесін арттырады. Екіншіден, ұзақ жұмыс уақыты мен демалыстың шектеулі болуы өмір мен жұмыстың тепе-теңдігін бұзады. Үшіншіден, әлеуметтік бәсекенің күшеюі, әсіресе білім мен мансап саласында, адамдарға тұрақты стресс факторы ретінде әсер етеді. Сонымен қатар демографиялық өзгерістер де маңызды рөл атқарады: халықтың қартаюы, туу деңгейінің төмендеуі және жалғыздықтың артуы қоғамның ішкі динамикасына ықпал етеді.
Мәселен, Оңтүстік Корея қоғамында жастар арасындағы жоғары білімге, беделді жұмысқа және әлеуметтік мәртебеге деген қысым жиі әлеуметтік мәселе ретінде көтеріледі. Бұл факторлар кәсіби күйзеліс деңгейін арттырып, «жоғары жетістік – жоғары стресс» моделін қалыптастырып отыр. Сол сияқты Жапония қоғамында да ұзақ жұмыс уақыты мен корпоративтік мәдениеттің қатаң талабы өмір сапасына әсер ететін негізгі фактордың бірі саналады.
Ал Сингапурде мемлекет әлеуметтік тұрақтылық пен инфрақұрылымға үлкен инвестиция салғанымен, өмір ырғағының жылдамдығы мен экономикалық бәсекенің жоғары деңгейі тұрғындардың жеке өмір кеңістігін шектеуі мүмкін.
Осылайша, қазіргі жаһандық тәжірибе бір маңызды қорытындыға алып келеді: экономикалық даму – тек әл-ауқаттың бір ғана өлшемі. Адамның өмір сапасы білім, денсаулық, әлеуметтік орта, психологиялық жайлылық және мәдени факторлармен бірге кешенді түрде қалыптасады.
Бүгінгі әлем үшін басты сұрақ – тек экономикалық өсімге қол жеткізу емес, сол өсімді адамның өмір сапасын арттыратын теңгерімді жүйеге айналдыру.
БАҚЫТСЫЗДЫҚТЫҢ СЕБЕП-САЛДАРЫ
Қазіргі әлемде ел дамуын бағалау тек ішкі жалпы өніммен немесе макроэкономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Соңғы жылдары «бақыт индексі» ұғымы мемлекеттік саясаттың маңызды индикаторына айналды. Бұл көрсеткіш халықтың субъективті көңіл күйін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттегі әлеуметтік әділеттілік, қауіпсіздік, сенім деңгейі мен өмір сапасын айқындайды.
Бақыт индексіне назар аударсақ, ең төмен көрсеткішке ие елдер қатарында Ауғанстан, Зимбабве, Ливан, Конго, Танзания, Мадагаскар, Замбия, Шри-Ланка, Эфиопия сынды мемлекеттер бар. Бұл мемлекеттерді біріктіретін ортақ факторлар – ұзаққа созылған саяси тұрақсыздық, қауіпсіздік тапшылығы және экономикалық күйреу. Яғни, халықтың өзін бақытты сезінуі ең алдымен базалық қажеттіліктің қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты.
Халықаралық сарапшылардың тұжырымы да осыны дәлелдейді.
Біріншіден, экономикалық өсім өз алдына жеткіліксіз. Жоғары табыс көрсеткіштері болғанымен, егер ол қоғам ішінде әділ бөлінбесе, халықтың өмір сапасы айтарлықтай жақсармайды.
Екіншіден, әлеуметтік қорғау жүйесі – тұрақтылықтың негізгі тірегі. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау тетіктері азаматтардың ертеңге деген сенімін қалыптастырады.
Үшіншіден, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдерде бақыт индексі де төмен болады. Себебі әділетсіздік сезімі қоғамдағы жалпы көңіл күйге кері әсер етеді. Ал ең маңызды факторлардың бірі – қоғамдағы өзара сенім. Азаматтардың бір-біріне, билік институттарына деген сенімі жоғары болған сайын, елдегі жалпы бақыт деңгейі де арта түседі.
Бұл тұрғыда Қазақстан үшін алынар сабақ айқын. Біріншіден, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру – басты міндеттің бірі. Ашықтық пен есептілік қағидаттары нақты іске асқанда ғана қоғам мен билік арасындағы алшақтық азаяды.
Екіншіден, әлеуметтік теңдікті сақтау – тұрақты дамудың негізі. Аймақтар арасындағы, әлеуметтік топтар арасындағы алшақтықты қысқарту халықтың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етеді.
Үшіншіден, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділеттілік қағидатын нығайту – ұзақмерзімді тұрақтылықтың кепілі.
Бақыт – тек материалдық игіліктердің жиынтығы емес. Ол – қауіпсіз орта, әділетті қоғам, сенімге негізделген қатынастар және әр адамның өз болашағына деген сенімді көзқарасы. Әлем елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дәл осы факторлар үйлесім тапқанда ғана қоғамда шынайы әл-ауқат қалыптасады.
Қазақстан да осы бағытта жүйелі қадамдар жасай отырып, азаматтарының өмір сапасын арттыра алады. Бұл – тек экономикалық саясаттың емес, тұтас мемлекеттік басқару философиясының өзгеруін талап ететін кешенді міндет.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
P.S. Скандинавия моделін басқа елдерге толық күйінде көшіру мүмкін емес. Себебі әр қоғамның өзіндік тарихи, мәдени және экономикалық ерекшеліктері бар. Дегенмен, скандинавиялық тәжірибеден алынатын сабақтар жеткілікті. Әсіресе институционалдық сенімді арттыру, әлеуметтік саясаттың тиімділігін күшейту және өмір сапасын басты құндылық ретінде қарастыру – кез келген қоғам үшін өзекті бағыттар.
Фото: aristocrat.biz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!