Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«СӘБИЛЕР ҮЙІ»: сан қилы тағдыр, дерт дендеген шарана

12.01.2023, 11:20 423

Әртүрлі тағдыр бар ғой. Біреуі ғұмыр бойына балаға зар болып өтеді, ал енді бірі өз қағынан өзі жерініп, құрсағына біткен шаранадан құтылуға тырысады. Салдарынан ана да, бала да өкініш өксігінен айрылмауы мүмкін. Мұндай жағдайдан кейін қатыгез қоғам қалыптаспасына кім кепіл?! Жатырдан жарық дүниені көруге асыққан сәбидің еш кінәсі жоқ. Мейлі, ол дүниенің дертін жинап туылса да, ата-ана баланың болашағына  жауапты.

БАСТЫ  ТАЛАПТЫҢ  БІРІ  –  ТЫНЫШТЫҚ  САҚТАУ

Соңғы уақытта туабітті сырқат сүйреген сәби­лердің саны артты. Бұл нәрсе елді уайым­ға алып келсе де, бар шындық – осы. Ол үшін нақты біреуді кінәлаған дұрыс емес, тек соның емделу жолын нұсқайтын мамандар мен ата-ана­ның балаға деген махаббатты биік болса жетеді. Жас сәбилер арасында туабітті жүрек ауруы, миының толық жетілмеуі, Даун синдромы, ДЦП секілді ауру белең алып келеді. Оның көпшілігі экологиялық жағдайлардың әсерінен болуы бек мүмкін. Мұндай балаларды қабылдай алмайтын ата-аналар да бар. Тіпті баланы асырауға әлеуметтік жағдайы жетпейтін жас отбасылар қысылтаяң уақытта құндақтағы сәбиді жер қойнына жіберіп алуы да мүмкін емес пе?! Ал жалғанда арбауға ұрынып, алданған арулар босанған нәрестені сол күйінде далаға тастап, Аллаға аманаттайды. Міне, түрлі тағдыр бар деген – осы. Біздің қазақ – жетімін жылатпаған халық. Сол үшін үкімет осындай жағдайда жалғыз қалған сәбилер мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қолдап, өмірге бейімдеу мақсатында әр облыстан «Сәбилер үйін» ашып, ондағы қызмет алушыларға барынша жағдай жасап келеді.

Тумысынан тағдыр тауқыметіне төзу жазылған шарана ешкімнің қарауында болмаса, «Сәбилер үйіне» тапсырылып, мекеменің қыз­метіне мұқтаж болады. Республика бойынша 20  мамандандырылған сәби үйі қаншама бала­ға медициналық, психологиялық тұрғыдан көмек көрсетіп, қараусыз қалған нәрестелерді 3-4 жасқа дейін өз жауапкершілігіне алып келеді. Жақында аймақтағы мамандандырылған сәби  үйіне  барып,  тіршілігімен танысып қайттық.

Ғимаратқа кіргеннен бастап, мүлгіген тыныш­тықты сезінесің. Өйткені мұнда жеткізілген кейбір бала қатты ұрыс-керістен шошынып, психологиялық тұрғыдан қатты дауыс­қа шыдамауы мүмкін. Сол үшін іштегі басты талаптың бірі – тыныштықты сақтау. Аяғыма бахил, жүзіме бетперде тағып, екінші қабатқа көтерілдім. Әрі қарай бас дәрігер Гүлсім Ержанова мұндағы балалардың жай-күйі­нен аз-кем әңгімелеп берді. Мекеменің ішін аралатып, көрсетілетін қызмет түріне тоқталып  өтті.

«БАЛАЛАРДЫҢ  БАҚЫТЫ  –  БІЗДІҢ  БАҚЫТЫМЫЗ»

«Мұнда жеткізілген әрбір бала алдымен медициналық, психологиялық тұрғыдан тексеріліп, кейін қажетті ем-дом жасалады. Ал кей жағдайда дене жарақатына ұшыраған балаларды сот-медициналық сараптамаға жіберіп, талдау  жасалады. Егер шарананың жәбір көргені  расталса, ары қарай бұл іс сот жүзінде қара­лады.

Кейбір балалардың ата-анасы енді бағып-қағу қолымыздан келмейді десе, енді біреуінің әке-шешесі ауру сәбиінен бас тартқан. Ал кейбірі өз жақындарынан физикалық қысым көріп, нәтижесінде сот немесе көршілерінің айтуымен «Сәбилер үйіне» жеткізілген. Бұл жағдайға тіке қараған күннің өзінде, жетімді жылату, оның асыраушысының жоқ екенін көре тұра өзектен итеру дұрыс қылық емес. Сол үшін бұл мекеме баланың тастанды болып, көше кезбеуі үшін өз қамқорлығына алады. Балалар­дың  бақыты – біздің  бақытымыз».

Бас дәрігердің осы сөзінен кейін бүлдіршіндерді көруге асықтық. Бірақ, ішкі тәртіп бойынша мұндағы балғындарды сырттан келген адам көре алмайды. Дегенмен, балалар жайлы жеке ақпарат жарияламайтын болған соң, олармен жүздесу мүмкіндігі бұйырды. Есіктен кіргеннен мүлде қиын тағдыр арқалаған бала деп ойламайсың. Кәдімгі балабақшада ойнап-күліп жүргенге ұқсайды. Көзіне қарасаң, мұң ұшқынын байқамайсыз. Тамағы тоқ, көйлегі көк екеніне сеніммен қарап, өзде­ріне іштей бақыт тіледім. Себебі, әрбір бала бақытты болуға лайық. Олардың мұндай ғұмыр кешуіне ешбір кінәсі жоқ еді… Жә, енді басқа да  медициналық  бөлмелерді  аралауға  көштік.

БАЛА  МҰҢАЙСА  –  ҚАСІРЕТ

–        Мекемеде барлығы 100-ге жуық маман 60-қа жуық баланың қуанышына сеп болып, жағдайының жақсаруына жұмыс істейді. Мекемеде парафинотерапия, түрлі емдік массаждар арқылы тірек-қимыл аппаратына реабилитациялық көмек көрсету жұмыс­тары жолға  қойылған. Толық  жабдықталған  «Монтессорий» бөлмесі, физиоем кабинеттері жұмыс істеп тұр. Физиоем бөлмесінде қабынуға қарсы, ауырғанды басатын, тыныс алу жолдарының  аурулары  кезінде эффективтілігі жоғары  биоптрон  аппараты, тірек-қимыл аппараты бұзылыстарымен зардап шегетін нау­қастарға оңалту көмегін көрсету үшін швед тақтасы, гимнастикалық үшбұрыш, алмаг-01, қанайналым жүйесін жақсарту, антиспастикалық әсерге ие гальванизатор аппараттарымен жабдықталған. Сол үшін мекемеде балалардың сыр­қаты қабыну жағдайлары мүлде болмайды. Мұнан  бөлек, ота жасату қажет ерекше бала­лардың да жағдайы жоғары деңгейде атқарылады. Яғни оларды порталға енгізу  арқылы керекті ота жасалып, күтім көрсетіледі. Тіпті ірі  қалаларда жасалатын отаға  мекемедегі дәрігерлер де қоса жіберіліп, бала сауығып кеткенше жанында болу көзделеді. Осының арқасында іштегі қызмет алушылардың барлығының жағдайы  оңалды, – дейді  Гүлсім  Естайқызы.

Бас дәрігердің сөзінше, арнайы бөлмелер арқылы бүлдіршіннің психологиялық ой-өрісі дамып, сөйлеу мүмкіншілігі артып, іс-қимылы бір  қалыпқа  келу  жағдайы  дұрысталады.

«ТҰЗДЫ  ШАХТАНЫҢ»  ШАПАҒАТЫ

Аурушаңдықтың алдын алуда, аллергиялық ауруларды,  бронхо-өкпелік дерттерді  емдеу, алдын алу мақсатында, демеушілік көмекті ұйым­дастыру арқылы  2022 жылы еліміздегі сәби  үйлерінің  ішінде  алғашқы болып, Қызыл­орда  облысының «Сәбилер үйінде» «тұзды шахта» бөлме­сін іске қосып, қазіргі таңда бүлдіршіндердің денсаулығын нығайтуға көп көмегін  тигізуде. Мекемеде «тұзды шахта» ашудың  бас­ты  мақсаты – галотерапия,  иммундық жүйе­ні жақсарту, балалар арасындағы тыныс алу жолдарының патологияларын емдеу және алдын алу, псориаз, аллергиялық дерматит, экзема, безеу сияқты тері ауруларын емдеу. Атап айт­қанда, былтырғы жылмен салыс­тыр­ғанда тәрбиеленушілер арасында төменгі тыныс жол­дарының инфекциялары, жедел рес­пираторлы инфекциялар, бронхо-өкпелік патологиялармен ауру­шаңдық 2 есеге төмен­деген. Былтыр  «тұзды  шахта»  бөлмесі арқылы 147 бүлдіршін сауықтырылып,  ем алған. Осы бөлмеге  біз  де  барып, ем-домның жасалу бары­сымен  таныстық. Ішінде  балалардың ішін пыстырмайтын  түрлі  ойыншықтары бар. Ішіне кірсең, теңіз түбіне түскендей әсер береді. Қабыр­ғалар да, төбе де, жер де тұзға малынған. Әрі сол бөлме ішінде  жұтылған  ауа  құрамы тұз бен йодқа бай. Осы арқылы жоғарыда айтып өткен аурулар  тізбесі  жазылып,  дертке  шипа  болады.

«ӘР  КҮННІҢ  ӨЗ  СЫЙЫ  БАР…»

Мекеменің ішінде балаларға барлық жағдай жасалған. Мұндағы әрбір мүлікті мемлекеттің қолдауын күтіп отырмай, демеушілер есебінен толықтырып, өзгелердің де сауапты іске араласуына жағдай жасайды. Қолдау көрсетушілерді тізе берсең, саусақ жеткіліксіз. Олардың атын атап, түсін түстегеннен гөрі сырттай алғыс айт­сақ та жеткілікті. Өйткені баланың қуаны­шына  сеп  болу  ештеңемен  теңестірілмейтін  сауап­ты  істің  бірі  ғой.

Хош дейік. Одан әрі балалардың жатын бөлмесіне бардық. Бөлме іші 27 градус жылыны көрсетіп тұр. Шағын кереуеттегі  құс жас­тық  пен мамық жамылғыштың  балаларды тәтті  ұйқыға  бөлейтіні  рас. Сондықтан  болар, мұндағы   балалардың  ұйқысы  жайлы  екен  деген ой  түйдік. Әрі қарай – ас бөлме. Күніне  6 мезгіл тамақтану еш жерде қарас­тырылмаған. Ал мұндағы кішкентайлар режим бойынша тамақ­танып, аптаның әр күнінде үйде­гідей ауқаттанады. Мәселен, сәрсенбі күні нарын берілсе, бейсенбіде балық қуырылады. «Әр күннің өз сыйы бар» дегендей, мұндағы мамандар күн са­йын бала­ларды өмірге бейімдеп, құлшынысын арттырады. Иә, жағдай – осы. Тіпті, асхананың ішіне де көз тастадық. Тазалық пен дәмді тамақтың иісі танауыңды қытықтай­ды.

Бас дәрігерге «осында келген балалар көбінде қандай жағдайда жеткізіледі?» деп сұрақ қойдым. Естіген жауаптан кейін қоғамның  қатыгезденіп  бара  жатқанын ұқтым. Амал  не?

«Кейбір баланың барлық жері тістелген, физикалық қысым жағдайынан ауыр жарақат арқалаған, тіпті, күннің салқынында баланың ащы суға тойып алған асыраушысы бөбекті бір ғана киіммен сыртқа шығарып жіберген жағдайлар кездесті. Одан бөлек, баланы үйге қамап ұстап, түрлі қысым көрсетіп, психологиялық тұрғыдан қорқақ болып қалған балалар да жеткізілді. Содан болар, іштегі әрбір қызметкер балаларға жылы сөйлеп, өз анасын жоқтатпайды».

Бас дәрігердің бұл сөзіне сіздің де таңданыс тудырғаныңызға сенімдімін. Бір қуанарлығы, мекемедегі  қызмет алатын балақайлар арасында атын атауға болмайтын ауруға ие бүлдіршін  ата-ана  қамқорлығына бөленуде. Және  бұл бір ғана жағдай емес. Өйткені елімізде бала асырап алуға рұқсат етілгендіктен, «Сәбилер үйінің» де тәрбиеленушілері ыстық құшақтың жылуын сезінуге лайықты. Бұл жердегі баланың біразы бүгінде өз дертінен айыққандықтан, алдағы өмірінен үлкен үміт күтуге болады. Мекемеге сәби кезінде жеткізіліп, асыраушысынан айырыл­ған балалардың да басқа балалар секілді салт-дәстүрге сай тұсауы кесіліп, үлкендерден бата алады. Бата алып ғана қоймай, сый-құрметке де бөленеді. Бұл тұрғыда мекеме қызметкерлерінің еңбегі  зор.

ТҮЙІН. Мекемені түгелдей дерлік аралап шықтық. Балалардың жағдайымен таныстық. Түрлі тағдыр тоғысқан «Сәбилер үйі» бүлдіршіндерінің болашағына сәттілік тіледік. Қандай жағдай болса да, бала ата-ананың қолында болуы керек. Мамандандырылған мекеме тек балаларға қарап, аурудан айығуына жағдай жасайды. Қарнын аштырмай, ата-ананың жылулығынан кем қызмет көрсетпейтініне сенімдіміз. Бірақ баланың жалғыз жанашыры – оның әке-шешесі емес пе?! «Сәбилер үйіндегі» баланың жағдайы, 4 жасқа толғаннан кейінгі тағдыры әрбір оқырманды ойға қалдыратыны сөзсіз. Бірақ, мемлекетімізде асыраушысынан айырылғандарға да орын бар. Сол үшін оларды қоғамнан шеттетпей, жанымызға жақын тартып, бауырымызға баса білуіміз керек. Өйткені, олардың тілегі мен дұғасы қайтарылмайды. Себебі, сәбидің бәрі бақыт құшағында болуы үшін жаралған.

Ердәулет  ҚАЛИ

Пікірлер:
  • Ар Саби бакытты болу ушун жаралган.Осы Сабилер уйнин басшысы Ержанова Гулсим Естай кызы бастаган ужымдастарына,алгысым шексиз!

  • Ар Саби бакытты болу ушун жаралган.Осы Сабилер уйнин басшысы Ержанова Гулсим Естай кызы бастаган ужымдастарына,алгысым шексиз.Рахмет сиздерге

  • Әр Саби бакытты болу ушун жаралган.Осы Сабилер уйнин басшысы Ержанова Гулсим Естай кызы бастаган ужымдастарына,алгысым шексиз.Рахмет сиздерге

  • Сабилер уйнин басшысы Ержанова Гулсим Естай кызы бастаган ужымдастарына енбектин жемисин кориниздер .Сабилер уйне мын алгыс.

Даржанова Жазира Муратовна үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: