Кеше Жалағаш кентіндегі Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ақын, жырау Айдос Рахметовтың «Жыр нөсер» атты отбасылық шығармашылық кеші өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Кешке аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, аудан әкімінің Алғысын жеткізді. Сондай-ақ өнер иесінің шығармашылық жолына тоқталып, ақынға құрмет көрсетті.
«Сыр өңірі – қашаннан жыраулық өнер мен айтыстың алтын қазығы қағылып, тектілік туы тігілген мекен. Соның ішінде киелі Жалағаш топырағынан талай тума талант, суырып-салма ақындар шықты. Соның бірі саф өнерді жанына серік еткен Айдос Рахметов – бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген елімізге белгілі ақын әрі жырау. Айтыс аламанында, жыр додаларда да талай мәрте жүлделі орындарға ие болып, аудан абыройын асқақтатып келеді», — деді Ғ.Сүлейменов.
Шығармашылық кеш барысында өнер иесі отбасымен бірге өз туындыларын ұсынып, халыққа кеңінен танымал жыр-термелерді орындады. Әрбір толғау мен жыр дастандары тыңдарман көңілінен шықты.
Жыр маржанын аңсаған жұртшылық жыраудың әрбір туындысын ыстық ықыласпен қабылдап, зор қошемет білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!