Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастарға алдымен дінді емес, адамгершілікті үйрету керек

23.02.2023, 11:40 507

Нұрлан  БАЙЖІГІТҰЛЫ,  дінтанушы:

Адамзатқа басты керек дүние – руханият. Байлық та, мансап та, абырой да бір күні болмаса, бір күні жоғалары ақиқат. «Ештеңе мәңгі емес» дейтін бір ауыз сөз осының дәлелі. Сол үшін ең алдымен бойға байлық емес, рух пен білім жиғанымыз жөн. Бүгінгі буынға айтылу қажет дүние де – сол. Бұған дейін еліміздің 5 облысында бас имам болған қажы, дінтанушы, ұстаз Нұрлан Байжігітұлы Қызылорда қаласына келіп, сырбойылық жастарға «Жастар және руханият» тақырыбында семинар өткізіп, жақсы адам болуға шақырды. Өзгеден өзгеше болу үшін пенденің асқан бір тірлік жасауы маңызды емес. Адамдарға дұрыс мәміле көрсетіп, көркем мінезді бола білсе, соның өзі өмірдегі бір жетістігі емес пе?! Ұстаздың осы сарында айтқан әңгімесін бейнежазбаға түсіріп, қажетін қойындәптерге түртіп алып отырғандар да болды.

Әлеуметтік желіні «тәрбие мектебіне» айнал­дырған Нұрлан имам «Тик-ток» пен Инс­таграм парақшасында тікелей эфирге шығып, оқырмандарының сауалына жауап бере­ді. Күніне 2 сағат уақытын осыған арнайтын ұстаз «хит имам» деген атпен де көпшілікке таны­лып үлгерді. Ол түрлі қалада адамгершілік тақырыбында жастар және тұрғындармен кездесулер өткізіп,  білгенімен бөліседі, қоғамға қажетті дүние жайында бүкпесіз еркін баяндама  жасайды.

– Жастарға алдымен дінді емес, адамгершілік қағидаларын насихаттау қажет екен. Өйткені, осы дүниелер ойында қалады. Келешегінде пайдалы дүниелерді жүзеге асырады. Біз қазір мешітті жамағатпен толтырып қойсақ, мақтанамыз. Жоқ! 30 жыл бойы біз тек мешіттің мінберінде отырып, Ислам дінінің шарттарын ғана айтып, дінді ғана түсіндіре беріппіз. Сөйтсек, олай емес, мына жұртшылыққа жақындап, оларды тыңдау керек екен. Неге десеңіз, дін – қаламмен емес, қадаммен тарайтынын ұғындық. Біз (имам-ұстаз­дар – авт.) барлық нәрсені  «былай болады» дегенді басты орынға қойып алдық. Сөйт­сек, олай болмайды екен. Енді түсіндік. Осыған де­йін мына әлеуметтік желінің уақытын босқа өлтіріп алғандаймыз. Оны дұрыс бағытта пайдалана білгенде, ол нәрсе өз жемісін бұған дейін берер ме еді?! Десе де, жастардың келешегі, оларға артылар үміт зор, талпыныстары дұрыс болғандықтан, белгілі бір мөлшерде ғылым-білімге үлес қосып жүргендіктен, кеш болса да бастадым. Мақсатым – жастар мен жас отбасылардың түсініспей жүрген тақырыптарына пікірімді білдіріп, ұлтқа адам болып қалу жайында жол сілтеу. Осы салған дәннің жемісін (айтылған сөздердің  нәтижесін – авт.) бұйырт­са, көптеген жылдан кейін көретін боламыз. Өйткені, сіздер аяқтанасыздар, үйленесіздер, отбасылы бола­сыздар. Сол кезде осы нәрселер өміріңізде кездессе, оның жауабын ақылмен, байсалдылықпен табуға талпынып, оң шешім қабылдайтыныңыз анық. Сол үшін жастарға діннен бұрын адамгершілікті үйрету керек секілді, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Айтылған сөздің жаны бар. Осы уақытқа дейін ұстаз-имамдар жастармен кездесу кезінде тек дін, терроризм, түрлі экстремистік ағымдар жайында әңгіме қозғаса, бұл кездесуде ол жайында емес, болмысты рухани, саналы түрде байытуға, адамдарға жақсы қарым-қаты­нас жасап, өзгенің алдында кішіпейіл, қарапайым болуға бағыттайтын дүниелер сөз болды. Расында бүгінгі буынға қарап, елдің бола­шағына алаңдайтындар көп, сондай пікірді болдырмау үшін осы секілді бейтарап форматтағы  кездесулер  көбеюі  керек  секілді.

– 90-жылдардың  басында  Меккеге  қажылық­қа барғанымда бәрі түріме қарап, «Ауғанстаннан келдің бе?» дейтін, «Жоқ, Қазақстаннанмын!» десең, ешкім танымайды сені. Сосын түр-келбетіме байланысты, біреулері «қытайсың ба?» дейді. Ұйғырлар да сол сұрақты қоятын. Барлығына «жоқ, қазақпын!» деп намыстанатынмын. Қазір сол Меккеге барғанымда осы киіз үй кейпіндегі тақияны киіп алып, тақиямен жүремін. Неге десеңіз, әр ұлт өз дәстүрлі киімімен жүреді. Мәселен, қырғыздар төртбұрышты қалпағымен, өзбектер төртбұрышты тақиясымен деген секілді. Сондықтан, соңғы уақытта осы киімдерді киіп жүретін болғандықтан, Меккеде жүрсең, «Қазақ келе жатыр» деп айтатын халге жеттік. Өйткені, біздің жастарымыз өсті, әлемді мойындатқан жастар бар. Шүкір. Соның барлығын тек ғана діни жағынан емес, адамгершілік, тіл, діл тұрғысынан да түсіндірме жүргізуіміз керек. Өйткені, бізде қоғам бар, өсіп келе жатқан жастар бар, ғылым қуған жастар бар. Құранның ең бірінші бұйрығы – «тәлім ал, білім  ал, оқы» деген аят келді бізге. Сол үшін оқуға, білім алуға талпыныс жасау керек. Кейбірлеулері «намаз оқып жатырмын» дейді, намаз – өзіңнің жеке шаруаң. Ораза ше? Ол да – жеке шаруаң. Ал  сенің  мінезің, қоғамға  сіңісуің – бәрімізге  керек нәрсе. Сенің иманың күшейген сайын, қоғаммен байланысың күшеюі керек. Бізде, келісемін, қанша дінге кірген сайын қабағымыз жиналып, «сенікі дұрыс емес, тек ғана менікі дұрыс, сен тозаққа кіресің» деп, былайынша айтқанда, тозақ­тың кілтін алып алған. Оның үстіне, «ол былай айтты, діннен шықты, ол – кәпір» дейді. Ол діннен шығу үшін дінге кіру керек шығар, алдымен кіргізейік те, содан кейін не істеймін десең, өзің білесің деймін. Осы орайда хадис бар. Сонда: «Бір адам жәннаттың ішінде оң аяғымен тұрады, бір жаңалық істейді де, Құдайдың қаһарына қалып, тозаққа желкесінен ұстап, лақтырып жібереді дейді. Енді біреу болады, тозақтың ішінде оң аяғымен тұрады, Құдайға бір ғана жақсы амалмен жағып, Жарат­қан оны жәннатқа  кіргізеді»  деп келеді. Ал, Алланың әміріне барлығы мойынсұнады. Сол үшін қазақ мына бір мәтелді дұрыс айтқан. «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ». Біз жер бетіндегі ең ауыр сөздерді айтамыз. Оның  біріншісі – қарғыс, екіншісі – сен кәпірсің, немесе  сенікі  қабыл  емес деген сөз екен. Осындайда  мына  бір  оқиғаны  айтып  берейін.

Мұса пайғамбарымыздың тұсында Құдай оған бір адамды жерле депті. Кейін елдің ішінен: «Жақсы адам өлді ме?» десе, «өй, құрып кетсін, жаман адам өлді», – депті. Мұса жалғыз өзі жаназасын оқып, жалғыз өзі көміп, жалғыз өзі аяқтапты барлығын. Сөйтіп, ол Құдайдан: «Сен бұны жақсы дейсің, бүкіл адам оны жаман дейді. Бұл не деген сыр?» десе, Алла былай деген екен: «Ей, Мұса, дұрыс айтасың, халықтың оның жамандығынан хабардар екені рас. Бірақ ол төсекте  жатып  өлетін кезде «мен ақымақ болдым, сен кешірімдісің ғой, мені кешір» деп демі аяқталды. Халық оны білмейді және мен оны кешіріп жібер­дім» деген екен. Сол үшін сіз бен біз тек ғана жақсы  сөз  айтайық, – деді  дін­танушы.

Қазақ  адамның ақылды болуы жайында былай деп өсиет қалдырған. «Адамды ақыл биле­ген жерде одан дау да, жау да алыс болады, ал жақындаған уақытта, саналы адам оны алыстатар жолын табады» деген екен. Нұрлан  Байжігітұлының  да  айтып  отырғаны – осы.

Жүздесуде Нұрлан ұстаз бір сағатқа жуық сөз сөйлеп, одан кейін жастармен сұрақ-жа­уап алмасты. Тағылымға толы семинар соңы ұстазбен естелік суретке түсумен жалғасын  тапты.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: