Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсылықтың жаршысы

21.03.2024, 12:20 113

Наурыз – мерекеге толы ай. Күн жылынып, жер көгеріп, табиғаттың түрлене түсуімен қатар ұлттық мейрам – әз Наурыз да келіп, халық жаппай думандатып бастайды. Салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз жанданып, дастарқанымыз дәмге толып, әр шаңырақ басында наурызкөже дайындалатын тұс. Наурыз мейрамы әдетте ең алдымен Амал күнінен бастау алатыны бәрімізге мәлім. Ата-бабаларымыз бұл күн келгенде бір-бірімен төс қағысып, «жаңа жасың құтты болсын!», «арамызда қандай да бір өкпе-реніш болса, ұмытылсын» дескен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда аталған мерекенің халқымызда ерекше атап өтілетініне, Наурыз мейрамының бастауы екендігіне тоқталып өтті.

– Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз, – деді  ел  президенті.

АМАЛ  КЕЛДІ,  ЖЫЛ  КЕЛДІ

Амал мерекесінен Сыр өңірі де қалыс қалмады. Көпшіліктің дүние­танымында Көрісу күні тек Батыс өңірлерінде ғана атап өтіледі деп қалыптасқан. Дегенмен, бұл – қате тұжырым. Аталған мереке ата-бабамыздың  көнеден келе жатқан дәс­түрі екенін  жадымызда сақтағанымыз абзал.

Наурыздың келуіне сәйкес, Қызылорда қаласы әкімдігі «Нау­рыз­нама» онкүндігінің күнтізбе­сін дайын­даған болатын. Оның алғашқысы – қаладағы Қазыбек би көшесі жанындағы «Достық» аллеясында өткен «Амал келді, жыл келді» мәдени-көпшілік іс-шарасы. А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйі­нің жанындағы аллеяда Көрісу күні кең көлемде аталып өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Серік Қожаниязов та қатысып, барша қала тұрғындарын келіп жеткен мерекемен құттықтап, ыстық  лебізін  білдірді.

– Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіптің өзі 14 наурызды көктемнің алғашқы күні деп, «Наурызнама» мейрамының тойлануын жазған. Бізде де биылғы жылы еліміз бойынша 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтеді. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі және ол дәстүрге айналады. Міне, бүгін сол дүбірлі тойдың беташар сәті, Оразамыз қабыл болып, Амалдан Амалға аман-есен жете берейік! – деп қала әкімі ақ тіле­гін  жеткізді.

Қала тұрғындарына шашу ша­шылып, көпшілік қауым ақ пен бауыр­сақтан дәм татты. Ұлттық ойын­дардан жарыс ұйымдастырылды, жас өнерпаздар мен кимешек киіп әрленген әжелер әсем ән шыр­қап, келушілердің ыстық ықыласына бөленді. Тұрлыбек Ділдабаев, Талғат Жаңалықұлы халық әндерінен попури орындаса, әжелер ансамблінің әндері де мереке арайын ашты. Сонымен қатар сахнаға құрақ көрпешелер жайылып, ақжаулықты әжелер «Бесік салар» дәстүрін жасады. Жиылған жұрт бірігіп тал отыр­ғызды. Концерттік іс-шарадан тыс қос бөбектің тұсауы кесіліп, қала әкімі тұсауы кесілген бүлдіршіндерге арнайы сый тарту етті. Ардагер Болатбек Пұсырман елдіктің асыл мұраттары туралы тағылымды ой айтып, ақ батасын берді. Айта кетейік, аталған іс-шараға қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Ж­ақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және ардагерлер арнайы  қатысты.

Амал – табиғаттың мерекесі. Жыл бастауындағы шуақты мерекеге келген қала тұрғындарының көзі де, көңілі де әуезді ән мен шат-шадыман көңіл күйге тойып, алдағы Ұлыс­тың ұлы күніне дайындықты бастап  кетті.

ҰЛТТЫҚ  КИІМ  –  ҰЛТ  БЕЙНЕСІ

Ал 18 наурыз Ұлттық киімдер күні болып бекітілді. Ұлттық мейрамның тұсында ұлттық нақышта киініп, көктемнің әрін келтіруіміз керек-ақ. Мәдени мұрамыз соңғы уақыт­тары жөнді дәріптелмей, ұмытылып жатқаны тағы бар. Атаулы күн аясында қаламызда біршама іс-шара ұйымдастырылды. Оның бірі – Қызылорда облысының мәдениет, архив­тер және құжаттама басқармасының қолдауымен, «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Этно FASHION» облыстық сән үлгісі фестивалі. Мақсаты – ұлттық құндылықтар мен мәдени-мұраны насихаттау, жергілікті дизайнер-тігін­шілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастырып, жұмысын қолдау. Ұлттық киім түрлерін заман талабына сай этно стильде жаңғыртып, сұранысқа қажет үлгі­ле­рінің  жаңа  нұсқасын  ұсыну.

Ұлттық құндылығымыз бен мәдени мұрамызды насихаттауды мақсат еткен креативті индустрия өкілдері арасындағы байқауға 17 дизайнер-тігін­ші қатысты. Іс-шарада аталған басқарма басшысы М.Қазбекова сөз сөйлеп, фестиваль қатысушыларына сәттілік  тіледі.

Дизайнерлер екі киім үлгісі бо­йынша бақ сынасты. Бірі күнделікті киюге арналған классикалық үлгіде болса, екіншісі – сахналық, сәнді ұлттық киім. Жергілікті сән өкілде­рінің жұмысын 100-ге жуық модель  таныстырды.

Іс-шарада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Дизайн және технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ләззат Шілдебаева, облыстық мәслихат депутаты Аида Абибуллаева, сондай-ақ хореограф, «Томирис» би ансамблінің жетекшісі Гүлбану Мырзабаева сарапшылық етіп, әділ бағасын  берді.

Іс-шара соңында қатысушыларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс» хаты және маталар үйінің арнайы сертификаты  тапсырылды.

Ұлттық киім – ұлтымыздың айна­сы. Атаулы күнге орай қалаға қарас­ты кент пен ауылдық округтерде де түрлі рухани-тағылымдық іс-шара өткізілді. Мысалы, Қызылжарма мәдениет үйінің ұйымдас­тыруымен «Ұлтын ұлықтаған ел ардақты» атты ұлттық киімдер көрмесі өтті. Қазақ мақтан тұтатын мол мәдение­тіміздің елеулі саласына киім кию ғұрыптарымызды насихаттауды мақсат тұтқан іс-шарада мәдениет үйі қыз­меткерлері салт-дәстүрімізге сай ұлттық киім түрлерімен таныстырды. Сондай-ақ, осы күні Белкөл кенті клубының қызметкерлері мен клуб өнерпаздары ұлттық киімдерді насихаттау мақсатында ұлттық нақышта киінді.

Наурыз – атам заманнан келе жатқан көне мейрам. Әсілінде, Нау­рыз – еліміздің күнтізбесі, күн мен түн жаңаратын шақ. Сол себепті, халқымыз аталмыш мейрамды ұзағынан тойлаған, бір-біріне қайы­рымдылық қылып, дәм-тұзын аямаған.

Наурызнаманың онкүндігіне сай, әртүрлі  тақырыпта  іс-шара­лар  ұйым­дастыру  жоспарлан­ған.  14 нау­рыз – Көрісу  күнінен  басталған мейрам 15 наурыз – Қайырымды­лық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киімдер күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 нау­рыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз Жыл басы болып бекітілген. Атаулы күндерге орай қалада 20 наурызда Ипподромда  ұлттық спорт түрлерінен жарыс, 21 наурызда қалаға қарасты ауылдық елді мекендер мен кенттерде де концерттік бағдарламалар мен мәдени-­көпшілік іс-шаралар өтеді. Ал, 21 наурызда сағат 18:00-де Өнер орталығы жанында Ұлыстың ұлы күніне арналған эстрада жұлдыз­дарының, Сыр өнерпаздарының қатысуымен «Армысың, әз Наурыз!» атты  гала  концерт, 22 наурызда  сағат 10:00-де осы жерде Ұлыстың ұлы күніне  арналған  эстрада жұл­дыздарының, Сыр өнерпаздарының қатысуымен «Әз Наурыз – берекенің ақ бесігі» атты мәдени-көпшілік іс-шара болады. Сонымен қатар қаланың Арбат байында, Тағзым алаңында, Сол жағалау шағын ауданында (Жастар орталығының  жаны), Тасбөгет кенті мен Титов шағын ауданында да мерекелік іс-шара өткізі­леді. 23 наурыз күні сағат 09:00-де қала аумағында жаппай  тазалық  акция­сы  өтеді.

Жалпы,  Ұлыстың ұлы күнінде облыс көлемінде бас-аяғы 700-ге жуық  іс-шара  ұйымдастырылады.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: