Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсы кітап – жан азығы

05.06.2025, 7:00 54

Кітап  оқу  бір басқа, оны түсініп, талдап оқу – бір басқа дүние. Яғни, кітаптағы оқиғаны сол күйінде қабылдай салмай, астарына үңіліп, оқиғаның қандай мақсатта жазылғанын түсініп оқудың өзіндік мәдениеті бар. Әрі бұл адамның ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. Бұлай жазып отырған себебіміз, кейбір адам оқып отырған кітабының атын не мазмұнын ұмытып қалуы мүмкін. Тіпті, кейбіреулері «қандай кітап қызықты, қайсысын оқысам болады екен?» деп көп ойланады. Соған орай, газетіміздің соңғы бетіне «Жақсы кітап –жан азығы» айдарымен бір оқысаң, бас ала алмай қалатын, керемет шығармаларды ұсынғымыз келеді. Өзіңізге жайлысын, тіпті барлығын оқып  шықсаңыз  да  болады.

Қазір біздің қоғамға мейірімді адамдар керек. Себебі, орындары ойсырап, көрініп тұр. Қоғамдағы жаман оқиғалардың барлығы мейірімсіздіктен болып жатыр. Осылайша, сіздерге осы адами құнды­лықты азықтандыратын шағын ғана шығарма ұсынамыз. Ол – Ырысбек Дәбейдің «Сорға біткен бақ» әңгімесі. Шағын ғана әңгіме арқылы автор адам құндылықтарының қайнары, атап айтсақ, дарқан болмыс пен кеңпейіл көңіл, өзгеге деген құрмет, сыйластық, жақсылық, жанашырлық пен мейірім сынды қасиеттерді насихат­тайды. Ерекше зер салатын тағы бір жайт – қалам­гердің туындысын «жақсы адам» ұғымы арқылы түйіндеуі. Автор қос кейіпкерінің болмысы арқылы оқырманына «жақсы адам» дейтін ұғымға сай ғұмыр кешу қажеттігін меңзеп, өзекті ой тастайды. Оқысаңыз,  өкінбейсіз!

Адамның көңіліне қарау, қолдан келсе, көмек беру – кісіліктің ең жоғарғы деңгейі. Бір адамның алдын кесіп немесе жолын бөгеу арқылы өз жолыңыз­ды да жауып алуыңыз мүмкін. Осы тұста, сіздерге Нұрила Бектемірованың «Адамның күні – адаммен» шығармасын ұсынғымыз келеді. «Адамның күні – адаммен» әңгімесі – шымыр да шынайы жазылған туынды. Шиеленісті оқиғаға толы шығармадан оқырманның түйері мол. Аталмыш туынды қазақ даналығындағы «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деген сөздің мәнін дәл ұғындырады. Әңгімеде автор тура жолдан таймай, ар-ұятты сақтауды, адамдық болмысымызға дақ түсірмеуді дәріптейді. Сондай-ақ, адамгершілік, адалдық, мейірім мен имандылық қағидаттарын бұзбауды насихаттайды. Шығарма 10 беттен тұрады. Жақыныңызға, от­ба­сыңызға, балаларыңызға  оқуға  ұсыныңыз!

Сайын  Мұратбековтың  «Жусан иісі» шығар­масы  адам бойындағы сабырлылықты, төзімділікті айқын  көрсетеді. Повесть қысқа болса да сол тұстағы  заман  шындығын, елдің  жағ­дайын кейіпкер арқылы  шынайы әрі асқан шеберлік­пен суреттейді. Бұл  шығарма  оқиға желiсiнiң шынайылығымен, тiлiнiң  көркем өрнектiлiгiмен, кейiпкерлерiнiң биiк  адамгершiлiк  қасиеттерiмен  ерекшеленіп  тұ­рады. Табиғи нанымдылығы арқасында  шығарма  оқырманды  баурап  алады.

«Алжернонға арналған гүл». Бұл – әлемдік бестсе­ллер. Авторы – Даниэл Киз. Кітап Чарли Гордон есімді ақыл-есі кем жігіттің басынан кешкен  оқи­ғасы жайлы. Оның өзгелерден ерек әлемі сөз болады. Чарли ішкі арпалысын, жан толғанысын ақ қағазға түсіреді. «Өзге адамдар сияқты ақылды болғысы келген Чарли миына ота жасатуға келіседі. Ал оның нәтижесі қалай болады? Чарли өзгелер­мен  терезесі тең азаматқа  айнала ма? Жаны­на  батқан жалғыздықтан құтыла ала ма? Басты­сы ғашығы Алисамен бас қосып, бақытты да баянды ғұмыр кеше  ме  екен?». Осы және өзге де сұрақтардың  жауа­бын  кітаптан  таба  аласыз.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: