Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт үшін алған 3 минут

09.02.2023, 9:20 200

Арқалы ақын, ұлт жанашыры, КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болған қазақтың қайсар да қаһарман ұлы Мұхтар Шаханов жайлы бір үзік сыр.

Мәскеу қаласы,

Поезбен ұзақ жол,

Алматымен арасы.

Ал, ұшақпен тым қысқа,

Үш сағат жол шамасы.

Съезге барды Шаханов,

Қазақтың қайсар баласы.

Мәскеу. 1990 жыл. СОКП-ның XXVIII съезі.

Жариялықтың жабайы,

Жаңаша атқан арайы.

Қайта құру кезеңі,

Басталған-ды анайы.

Иә, съездер сарайы,

Жиналды сол сарайға,

Зиялы қауым талайы.

Жан-жақтан жұрт жиылды,

Бас хатшы ашты жиынды.

Соңғы сол бір съезде,

Сөз алу мүлде қиын-ды.

Отырған сонау өрдегі,

Бас хатшыға төрдегі,

Шаханов шығып сөйлеуге,

Үш минут уақыт бер, – деді.

Бас хатшы сәл-пәл ойланып,

Әр нәрсені ойға алып…

«Айтпағың қандай мәселе?» –

деп сұрақты қойды анық.

Бір-ақ жағдай айтарым,

Арал жайлы айтамын,-

деп шықты Мұқаң мінбеге,

Біледі өзі не айтарын.

Аралдан басқа айрықша,

Жабылған жала бар еді…

Жағдайды жайып салуға,

Үш минут уақыт тар еді.

Асықпай ашып, қарағым,

Ақтарсаң тарих парағын…

«Ұлтшылдыққа» балаған,

Сол кезде жастар талабын.

Алматы. 1986 жыл. 16-17 желтоқсан. Орталық алаң.

Бейбіт халық оянған,

Бостандыққа бой алған…

Озбырлар оған қарамай,

Алаңдар қанға боялған…

Ойланбай ОК тапты ойды,

Бұйрық беріп, лап қойды…

Жастарыма жазықсыз,

«Ұлтшыл» деген ат қойды…

Жастарды сүйреп сабаған,

Кім мұндайды қалаған?!

Жат жерден келген жендетпен,

Қосылып иттер талаған…

Азаптап торға қамаған,

Асырған ойын қалаған…

Жаралыларды апарып,

Тастаған аулақ қаладан…

Қыздарды шаштан сүйреген,

Темірмен ұрып, түйреген…

Бас жарылып, қол сынып,

Қабырғалар күйреген…

«Бұзақы ел» деп атанып,

Жастар «ұлтшыл» аталып,

Кеткенде соның бәрінен,

Ақтап алды Шаханов.

Ашуға сыймай алқымы,

«Желтоқсан-86»-ны,

Ақтап алды АЗАМАТ,

Сол үш минут арқылы.

ТӘУЕЛСІЗДІК – әманда,

Сол ЖЕЛТОҚСАН жемісі.

Қарсы тұрған қамалға,

ЖАСТАРЫМНЫҢ ЖЕҢІСІ!

Тәуелсіздігіміз  табанды,  тұғырлы  болғай!

АДАСПАҢДАР,  АДАМДАР!

Озбырлық орға жығады

Не болмаған өмірде,

Аш көздер келген өмірге…

Ала алмаған әлемді,

Ескендір, Шыңғыс, Темір де.

«ПІЛге кәнден ит үрер»,

Пиғылда көп шикілер…

Болғысы келген Шыңғыстай,

Наполеон мен Гитлер.

Тарих деген – таразы,

Асықпай ашып қарашы.

Жүз жылдап та соғыстың,

Жазылмаған жарасы…

Ей, адамзат баласы,

Адамның іште аласы…

Жалғасып әлі келеді,

Әлемді билеу таласы…

Ойланайық!…

Әлем аспаны ашық болғай!

БУРАБАЙҒА  БАРҒАНДА

Жолдың бойы жағалай,

Ақ қайың, шырша, қарағай.

Табиғаты Көкшенің,

Көздің жауын алады-ай.

Көлдегі анау «Жұмбақтас»,

Таста тіл жоқ, үн қатпас.

Қайықпен барып қасына,

Тілдесе алсаң, жұмбақты аш.

Арқау болған сөзге де,

«Оқжетпес» шыңы өзгеше.

Жебе тартса жетпесі,

Көрініп тұр көзге де.

Көкшенің сұлу таулары,

Бақша, гүлзар, баулары.

Әсерлеп тұр айрықша,

Алаңдар мен ауланы.

Көкше жерін қашаннан,

Басқарған қазақ баласы.

Ұлы хан деп аталған,

Абылай ханның қонысы.

Ағзаға шипа ауасы,

Бурабайда демалсаң.

Табылар дертке дауасы,

Баурайында ем алсаң.

2023  –  ҚОЯН  ЖЫЛЫ

Жыл-он екі ай қыр асып Қоян келді,

Кәрі құда қаңтарда оянды енді.

Басындағы бөркі мен бар киімі,

Ақ ұлпаға әп-сәтте боянды енді.

Желтоқсан – он екінші ай, жылдың соңы,

Бірде ақ, бірде күрең киген тоны.

Бірыңғай аппақ киім кимегесін,

Қасына қоспай қойған құда оны.

Атқосшысы құданың қаңтар-ақпан,

Бұлардың да кигені бәрі де ақтан.

Құда кетпей кешігіп қысырамас,

Көктем келсе, кетеді кәрі тақтан.

Құда кетіп, келеді құдаша қыз,

Жасыл желек жамылып құдашамыз.

Наурыз тойда баршамен төс қағысып,

Алаштан амандықты сұрасамыз…

Сәуір менен мамырда мамыражай,

Қызғалдақты теруге қыр асамыз…

Болғанда маусым, шілде, сарша тамыз,

Жазды айрықша атаған арғы атамыз.

Мал мен жанға болғасын тым қолайлы,

Сан тірліктің түйінін тарқатамыз…

Қыркүйекте күреңдеу күз келеді,

Қазан мен қарашада түзге енеді…

«Алтын күз» деп аталып кеткен соң ба,

Жасыл емес, сары түс іздегені…

Қоян жылы баршаңызға құт-береке әкелсін!

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қызылорда қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: