Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрмағамбет ақынның мұралары мектеп музейінде тұр

05.01.2024, 11:00 250

Қармақшы ауданына жасаған сапарымызда Тұрмағамбет ауылындағы №29 мектептің музейіне арнайы аялдадық. Мұражай әуелде «Сыр елі – Жыр елі» бұрышы болып ашылып, кейіннен құнды жәдігерлермен толығу арқылы музей кейпіне енген. Жалпы, бұл ауыл – Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілдері Ешнияз сал, даңқты Тұрмағамбет пен олар бастаған жүзден астам ақын мен Жиенбай, Тасбергендей жезтаңдай жыршылар туып-өсіп, термелерін төгілтіп, жырларын таңнан таңға жырлаған қасиетті топырақ. Сондықтан, «Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанынан музейдің жұмысын бастауы таңғаларлық жаңалық емес.

Мұражайды аралау барысында Тұрмағамбет ақынның парсы тілінен тәржімалаған «Шаһнама» кітабына ерекше көз түсті, одан бөлек шапаны мен өзге тұтынған бірнеше затын тамашаладық.

– Сыр өңірі киелі өлкеде ұлттық өнерді, мәдени мұраларды насихаттау іс-шара­ларын үздіксіз жүргізіп келеді. Соның айға­ғы – жыр­дың туын тіккен, өнердің қайнар бұлағы Тұрмағамбет ауылында №29 Т.Ізті­леуов атындағы орта мектебінің жанынан ашылған музей. Ең алғаш 1973 жылы Қазақ КСР-нің  мето­дист  мұғалім  атағын алған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі Қаражан Қожа­баев «Сыр елі – Жыр елі» бұрышын ұйымдас­тырып, Сыр  бойының ақын-жыршылары жайлы мол деректермен толықтырып, 1975 жылы  мұражай етіп ашқан, – деді мектеп  директоры  Ақмарал  Дәуренбекқызы.

1990 жылы сол кездегі мектеп дирек­торы Д.Әмзебекова мұражай үйіне суретшілер шақырып, көркемдік жағына басымдық бергені айтылады. Сол жылы Тұрмағамбет ауылының 60 жылдық тойында музейдің ресми лентасы қиылды. Негізгі мақсаты – Сыр өңірінің біртуар перзенттері мен ақын, жырау, жыршыларын зерттеу, халық арасы­нан жинау және осы дәстүрді жастар арасында  насихаттау.

Музейде Тұрмағамбет Ізтілеуұлының парсы  тілінен  тәржімалаған шығыстың шоқ жұлдызы  Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» кітабы, ақынның киген киімдері, шапа­ны, тақиясы, көзілдірігі, кездігі мен  күлсалғышы  да  сақталған.

– Музейде сонымен қатар шежіреші ақын Запа Дәулетбаевтың жеке тұтынған заттары, кітаптары, қолжазбалары, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың киген киімі мен естелік фотолары, 400-дей Қармақшы топырағынан шыққан ақын-жазушының кітабы, 500-ге жуық әртүрлі экспонат, магнитафон таспасына жазылған жыршы-жыраулардың мақамдары жинақталған. 80-ге тарта ауылдан шыққан шайырлар туралы деректер бар, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айымжан Дастанбекқызы.

2015 жылы мектеп мұражайы «Туған елге тағзым» бағытында мектеп дирек­торы З.Тасымо­ваның бастамасымен қайта жаңғыртылса, 2023 жылы «Тұрмағамбет» ЖШС демеушілігімен Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабековаға арналған бұрыш заманауи  жиһаздармен  толығыпты.

Мектеп мұғалімдері туған өлкенің тари­хын, руханияты мен мәдениетін жас ұрпақ­тың бойына сіңіруде музейдің орны айрық­ша екенін айтады. Күнделікті сабақ барысында баға жетпес байлық саналатын мұраларды оқушыларға көрсетіп, пәнаралық байланыс жасайтынын жеткізді. Музей қоры алдағы уақытта да құнды жәдігерлермен  толыға  түсетін  болады.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Қызылорда – Қармақшы – Қызылорда.

Суреттерді түсірген автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: