Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрік әңгімелері

28.12.2023, 9:20 216

Түрік халқы бұл әңгімелерді өмірде жиі айтып жүреді. Себебі оның астарына үңілсеңіз, даналық, адамгершілік һәм тәрбие ұғымдары бой көтереді. Өмірге  мол  азық  берер  әңгімелерді оқи  отырыңыз.

ТЕҢІЗ  ЖҰЛДЫЗЫ  ТУРАЛЫ  ӘҢГІМЕ

Таңертең бір адам мұхит жағасында серуендеп жүрген. Кенет ол жағаға шығып қалған мыңдаған теңіз жұлдызын көрді. Теңізге тағы да жақы­нырақ келіп, кішкентай баланы байқайды. Бала теңіз жұлдыздарын бірінен  соң  бірін алып, қайтадан теңізге алып бара жатты. Мұны көрген  әлгі  адам  балаға  жақындап:

– Неге мына теңіз  жұлдыздарын  қайтадан  теңізге  апарып  жібе­ріп  жатсың? – деді. Сонда  бала:

– Күн шығып жатыр. Көп ұзамай сулар тартылып, бұл теңіз жұлдыздары шөлдеп өледі. Оларды өлтіріп алмай үйлеріне қайтарсам, сауап аламын, – деді.  Ер адам бұл жағдайға таң қалып:

– Жағажай өте ұзын және теңіз жұлдыздары көп. Сен олардың барлығын сақтай алмайсың. Одан да қоя сал, басқаларын ренжітпе, – деп жымиды. Бала оны тыңдап тұрып, қайтадан көлге бұрылды да:

– Жақсылық жасауда үлкен-кіші деген нәрсе болмайды. Мен шын ниетіммен жасаймын. Ал қалғанына Құдай маған көмектеседі, – дегені сол еді, расында қалған жұлдыздарды мұхиттың қатты толқыны қайта суға тартып алып кетті. Бұл оқиғаға куә болған адам таңырқап қалды…

ӨТЕ  БАҚЫТСЫЗ  ПАТШАНЫҢ  ӘҢГІМЕСІ

 Ертеде байлығы асқан патша өмір сүріпті. Бірақ ол бақытсыз болған. Мыңғырған малы мен алтын қазынасы да оның бақытты болуына көмек­теспеген көрінеді.

 Елдегі бір дана адамды шақырып, қалай бақытты боламын деп сұрайды.

 – Құрметті патшам, бақытсыздықтан толық құтылғың келсе, бақытты адамды табу керек. Ол кісінің көйлегін кигенде қуанасың, – дейді данышпан.

 Мұны естіген патша дереу өз адамдарына бұйырып, елден бақытты адам табуды өтіне­ді. Ол адамдарды іздеді, бірақ бақытты адамды таба алмады. Олардың барлығының өз қиыншылығы мен бақытсыздығы болды. Қызметшілер бақытты адам таппай сарайға қайтып келе жатқанда, олар өте ескі лашықтан мынадай дұға тілеп отырған адамның дауы­сын  естиді.

– Аллаға шүкір, бүгін тоқпын, денсаулығым жақсы, ризық-несібемді әрқашанда бердің, бұл дүниеде менен асқан бақытты жан жоқ, – дейді лашық ішіндегі адам.

 Мұны естіген патшаның адамдары бақытты адамды тапқанына қатты қуанды. Олар дереу адамның көйлегін алып, патшаға апаруымыз керек деп ойлады. Алайда, олар лашыққа кіргенде, ер адамның үстінде тіпті көйлегі де жоқ екенін көрді…

 Өмір жалғасып жатқанда, адамдар әрқашан бақыт іздейді. Қолында барына қанағаттан­байтын және үнемі көп байлықты қалайтын адамдар көбінде бақытты бола алмайды. Бақытты өз ішінен іздейтін адамдар әрқашан бақытты.

Түрік тілінен түпнұсқадан тәржімалаған

Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: