Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТИЕК

21.09.2023, 9:20 382

Жаз жайлауымыз – «Қыздың шұбарында». Қарағайлы құдықта бес-алты отар ұйлыға жайлап отырмыз. Тамыз айы. Апта бұрын нөсерлетіп жауын жауған. Раң қаулап, қайта көктеген ебелек төңкерілген кеседей. Құдық басындағы қозы қырқым пунктінің тірлігі қыз­ған шағы. Сарысудың бір саласы Күбілісайдан құлаған су Қаракөлдің шөлін қандырып, асып-тасып жатыр. Сай-салада бөлініп қалған қара суға тоғытылып, кірінен тазарған қозының алғашқы күземін алған шопандар одан әрі өріс ұзатып, жонға қоныс аударады. Бар қызық күн батып, қырқым тоқтағасын басталады. Жастардың жүрген жері күнде думан, күнде той емес пе? Қырқымға жегілген ферманың жастары бір мезгіл ойын-сауық құрады. Ән шырқалып, күй тартылып, даланы дүбірге бөлей жөнеледі. Біз сияқты ойын баласына бәрі қызық. Жасым жетіге толған менің бұл дүрмекке ілесуім ұзаққа созылмады. Мектеп жасына жеткен жасөспірімнің дайынды­ғы  ерте  басталады екен. Әуелі сүндетке отырып  жігіт  атануың  керек  екен. Ауыл молдасының  қолы  ауырлау болды ма, екі апта­дай жатып қалдым. Қойлы ауылдың тірлігі таусылған ба, бәрі қым-қуыт тірлік үстінде. Нағыз  тіршілік  қызған кезде төсекке таңылып, торға түскен түз тағысындай үй бағудан асқан ойын баласы үшін азап болмас, сірә. Түс ауа қой қосақталып, қой сауу басталған шақта көршім Жұмабай жете­ді. Рулас Әлжан атамыз бен Нәзира шеше­міздің балалары шетінен өнерлі. Менімен жасты Жұма­байдың өнері тіпті ерек. Өзінен ұзын домбырасын сүйрей жаныма келіп, күй тартады, ән салады, мені зеріктірмейді. Радио­дан күй бере қойса ілесе тартып іліктіре түседі. Талан­тына тәнті болған мен жастық­тың астына қол жүгіртіп, досымның қолына  «сарықұлақ» бір сомдықты  ұстата саламын. Қойшыларға заттай берілетін еңбеккүні­нің  орнына  ақшалай еңбек­ақы төленіп, жағдай түзеліп қалған кез. Даланың кең қолтық адамдары жомарт­тық таны­тып, менің  мұсыл­ман  болу құрметіме тарлық  қылмай  әдәуір  ақша   жина­лып  қалған.

Әсілі өнер адамды ерте есейтеді. Жеті жасын­да-ақ оншақты күй тартатын досымның күй тартысы бөлек еді. Сөзі де өзгеше, мақалдап, жырауларша екі иығын қомдап алып термелете жөнелгенде үйге қамалып жатқаныңды ұмытып, жаның жадырап сала береді. Күй тартқанда жұрт сияқты сабалап, төгіп тартпайды. Қос ішекті іліп, шертіп тартқанда сыңсыған мақпал әуез жүрек қылыңды шертіп, арқаңнан құмырысқа жорғалап жүргендей, мұңлы әуен иіріміне тартып еліктіре түседі. Сол қолымен домбыра пернесінің үстіне нығыздай тербегенде ыңырси шыққан дызылдаған сазды әуезге елітіп, өң мен түстің арасында жатқан мен досымның қашан кеткенін де білмей қаламын. Мен сол жылы ауыл мектебінде сауатымды ашып, келесі жылдан бастап қала мектебіне ауысып кеттім. Жылдар жылжып өтіп жатты. Досым сегізіншіні бітірісімен әке-шешесі­нің жанында қойлы ауылда қалып қойды. Студент атанып, бірінші курс бітірген соң екі ай құрылыс отрядында болып, жайлауға дема­лысқа келгем. Күзгі қой күземінің қызған шағы екен. Қырқым пунктінің басы әдеттегідей қайнаған тірлік. Ауыл мектебінің жоғарғы сынып оқушылары, совхоз техникумының бола­шақ мал шаруашылығы мамандығын меңгеріп жатқан студенттер, бәрі осында. Біздің бала кезіміздегідей емес, қой электр қырқым аппаратымен қырқылады. Шамы жарқырап, магнитофоннан төгілген шетелдік әуенге ырғала билеген жастардың кеші көңілді. Баяғы өнерлі досым бұл жердің де құрметтісіне айналып үлгеріпті. Баяғының сал-серісінен айырмашылығы иықта гитара, бұйралана төгілген қалың шашы иығын жапқан шетел әншілеріне ұқсаған досымның сөзі де, өзі де өзгерген. Шетелдік қымбат темекісін шиырып жіберіп, гитарасын шертіп тартып ортаға шығып ән салды. Жастардың сұрауы бойынша іле ойнақы әнді бастауы сол-ақ екен, табаны қыз­ған жастар билей жөнелді. Арасында тамағы қарлыға ма әлде басқалай себебі барын білмеймін, қызыл шараппен тамақ жібітіп алып қайта шырқай жөнеледі. Қарлығыңқы қоңыр дауысты досымның әндерінде әлде бір мұң бары анық байқалып тұрды. Жетекшілерінің айтуымен думан тарқап, жастар тарай бастады. Мотор өшіп, жарық сөніп, мақпал түн мүлгіген тыныштыққа орана, атқа қонып ауылға бет түзедік. Қалған шарапты ат үстінде бөліп ішіп, баяу аяңмен жұлдыздар жерге жақындап қалған тынық түнде әңгімелесіп келеміз. Арада көріспеген  жылдардағы басынан өткен күндері жайлы досымның әңгімесі көп жылдан кейін  қайта  жаңғырып, бүгін қағаз бетіне түсіп  отыр.

«Мектептегі оқуым онша бола қойған жоқ. Қойшының баласының оқуы оңа қоюы жеңіл шаруа емес. Аптасына төрт күн оқисың ба, оқымайсың ба, бір күн демалысқа әке-шешең екі  күн  қосып, өлгенде тынатын қойдың шаруа­сына  жегеді. Сол төрт күннің өзінде ата-анаңды сағынып өліп қала жаздайсың. Есіл-дерті дала болған баланың басына қайбір ілім қона қойсын. Интернатқа жіпсіз байлан­ғаным – аптасына  үш  рет болатын домбыра үйірмесі. Обалы не керек, жетекшімнің мен деген­де ықыласы ерекше болды. Төртінші оқып жүргенде елуден аса күй тарта білетінмін. Тіпті өзім де екі-үш күй шығарып үлгергем. Бесіншіге өткеннен бастап бас ауруы жабысты. Төрт-бес күн бойы басым көтертпей жатып қала­тынды шығардым. Запыран тастап барып жаным жай табатын. Анам тіл-көзден деп апармаған емші, балгері қалмады. Анам әу бастан домбыра тартуыма қарсы болды. Ауылда Тыныштық дейтін күз, көктемде кел, қайт үзірлі жігіт бар еді, соған ұқсамай-ақ қой деп. Не үй жоқ, не күй жоқ. Ұстазымның беделі арқасында ғана домбыраны тастамай, анама ырық бермей жүрдім. Аудандық байқау болатын болып, соған екі күй дайындағам. Бірі – әкемнің көрші шопанмен ат жарыстырып қалып қойған торы атына арнап шығарған өз күйім, екінші Құрманғазының Адайы еді. Күй деген күйші­нің ішкі қуатының көрінісі ғой. Күйді түйсіне алатын, ішкі қуаты асып-тасыған күйші күй тартқан кезде сыртқы әлемнен ажырап қалады. Бар есіл-дертін күй билеп алған кезде жан-жағыңдағы жайды бағдарлай алмай қалады екенсің. Бірінші күйді жақсы орындап болып, екінші күйді де ойдағыдай орындап отырған едім. Күйдің шарықтау шегіне жетіп сол қолым домбыраның пернесін төмен қарай бойлап, тасырлай қалың нөпір шапқан аттың дүбіріне өзім де қосылып кеткендей болып домбыраны сабалай жөнелгенмін. Кенет күй кілт үзілді. Домбыраның тиегі ұшып барып, аяғымның астына түсті. Жалма-жан қайта тартпақ болып жерде жатқан тиекті жерден көтеріп алғанда өз көзіме өзім сенбей жылап жіберіппін. Қанша уақыттан бері домбыраммен бірге түкірігіммен шанаққа жабысып, кірлеп қоңырқай тартқан тиегімнің екі жағы қырылып, жіңішкеріп қалыпты. Өткір бәкімен сыдырылып, жұқарған тиек серпи тартқан тартысқа шыдас бермей ұшып түскен. Бәленің қайдан келгені өзіме аян. Содан кейін сахнаға шығып күй тартуды біржола қойып кеттім. Анда-санда жиын-тойда  әу деп ән салғанда шерткенім болмаса, қолға ала бермеймін. Сөйтіп жаным қалаған өнерден  ұшынғанмын», – деді  досым.

Әңгімемен  ауылдың  үстінен түсіп, ит үргі­зіп келіп қалғанымызды да байқамаппыз. Жаздың қысқа түнінің шымылдығы түріліп, шығыстан тағы бір күннің атып келе жатқан хабаршысы таң шапағы көріне бастаған еді. Біз де қанында бар киелі өнердің тиекпен бірге ұшып кетпеуін тілеп, жалғасын таба­рына сеніп,  досымызбен  қош  айтысып  тарас­тық.

Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ,

Сырдария ауданы,

Бесарық ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: