Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Теңізкешкен Төлеген» кітабының таныстырылымы өтті

26.09.2026, 19:25 33

HALYQLINE.KZ

Бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада белгілі жазушы, марқұм Қази Данабаевтың қайта өңделіп, толықтырылған «Теңізкешкен Төлеген» атты кітабының таныстырылымы мен тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Бұл туралы аталған кітапхананың баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Рухани іс-шараға аймақтың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ тілшілері және кейіпкердің ұрпақтары мен замандастары қатысты.

Туынды әуелде «Асыл тек» деген атаумен жарық көріп, оқырман қауымның жылы лебізіне ие болған еді. Жаңа басылымға Сыр өңірінің тарихын түгендеген құнды мақалалар енгізіліп, мазмұны байи түсті. Шығарма алашқа танымал этнофольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Мырзалыұлының тікелей редакторлық етуімен қайта өңделіп, «Теңізкешкен Төлеген» деген жаңа атаумен оқырманға жол тартты.

Тұсаукесер барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері бұл туындының тек бір әулеттің шежіресі ғана емес, тұтас бір дәуірдің, Арал-Сыр бойы еңбеккерлерінің шынайы тарихы екенін атап өтті. Салтанатты кеште белгілі тұлға Төлеген Құлекеновтың рухына тағзым етіліп, кітаптың жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиелік, тағылымдық мәні өте жоғары екені сөз болды.

Іс-шара соңында кітапхана қоры құнды жаңа туындымен толығып, кеш қонақтары авторлар мен зерттеушілерге өздерінің ыстық ілтипаттары мен алғыстарын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: