Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тектілік феномені – қазақтың теңдесі жоқ даналық мектебі

05.10.2023, 10:40 286

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

«Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға, Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға. Жақсының әрқашанда жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға»  немесе  «Жабы  жүйрік  болмайды  байла­ғанмен, Жасық  болат  болмайды қайрағанмен» деп Ж.Жабаев шалқыса, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесінен де бұрын, оның қанын­дағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне де кезінде көп көңіл бөлінбегені  рас.

Әкесінің: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алды­мен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым» деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр. Са­йып келгенде, ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік, т.с.с. ата дәстүрлерді сары майдай сақтап, шынжырлы-текті тұқымдардың тамырын үзіп алмай, ұрпақтарға сабақтастыруда бай тәжі­рибе жинақтады. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалып­тасқан некелік-отбасылық қатынастың негізгі өзегі боз­бала мен бойжеткеннің  арасындағы тамыры жоқ   арзан  сезім емес, жарық  дүниеге ақыл-ойы зерек, дені сау, аяқ-қолы  балғадай текті ұрпақ әкелу  фило­софиясымен  байланысып  жатыр.

Өйткені қай кезде де ұрпақтың денсаулығы мен зердесі мемлекеттің ең үлкен қазынасы екені сөзсіз. Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, ең алды­мен лиро-эпостық жырлардағы аруларымыз ойға оралады. Құртқа мен Жібек, Айман мен Шолпан, Ақжүніс пен Назым, Баршын мен Баян образдары – қазақ әйеліне тән, ақыл-парасат пен көргенділіктің, сұлулық  пен  нәзіктіктің, тапқырлық пен айлакерліктің, адалдық пен тұрақтылықтың символы. Қазақ аруларының галереясы мұнымен шектелмейді. Сақ көсемдері Тұмар мен Зарина ханшалар, Домалақ ана, Айша бибі, Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай ханша мен Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Нұралы ханның қызы Тойғара сұлу, Кене­сарының бәйбішесі Күнімжан ханша, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, Арынғазы ханның жары Жақсы ханым, т.б. жалғаса береді.

Зерттеуші Р.Әлмұханова былай дейді: «Ел қор­ғайтын үлкен мақсаттың адамы қатардағы жай қыз­ды алмайды, оған о баста текті қыз бұйырылған. Шындығында, фольклорлық шығармаларда бас кейіпкерлердің жары не ханның қызы, не байдың қызы болуы ойландыруы керек. Таптық сананың өзіндік ықпалы болғанымен, мұндай сарынның сақталуы текті жерден қыз алуды білдіреді. Жырлардағы: «Қаныкейдей көріктіні, Тінікейдей тектіні ал» деген фольклорлық қаңқаның тым терең тарих қойнауынан тамыр тартатыны осылайша белгілі болады» 11* (Әлмұханова Р. «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі //Ана тілі, 2010, 21 тамыз).

Жал, құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз! Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз! Жабыдан  айғыр салсаңыз, Жауға мінер ат тумас. Жаман қатын алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас… немесе Ай, Абылай, Абылай, Қатын алма қарадан, Қара тумас сарадан. Қатын алсаң қарадан, Алды кетпес баладан, Арты кетпес жаладан (Бұқар жырау). Атайы жұртқа қол артып, Асылдан ару таңдап алмаған. Атасы мұның малды деп, Қызының беті қанды деп, Қарадан сұлу таңдаған. Күндердің күні болғанда, Олардан асыл болмаған (Байтоқ жырау). 12* (Ай, заман-ай, заман-ай… (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық (Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев). – Алматы, 1991. – Т. 1.44,91,24,63–64,90, 100-б.,Тәжімұратов М. Шәңгерей. А., 1998.83-б.).

Ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқымқуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда орфандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының  көбеюі  қоғамды  алаңдатып  отыр.

Дамыған  елдерде  адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені  аңғартады.

«Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызық­паймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды, деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел». Осындай ой құшағын­да жүрген Төле биді Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-­шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. – Әй, қыз­дар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыз­дар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан  кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді Данагүл. Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би құда түсіп, өзіне келін еткен екен.

Осы тектес оқиға Омардың (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға әмірші болып тұрған шағында да болған. Ол түн ішінде серігімен бірге Медине көше­лерін аралауға шығады. Бір үйдің қабырғасына сүйеніп тұрғанда ар жақтағы анасы мен қызының әңгімесі естіледі. Анасы: «Қызым, анау тұрған сүтке су қосып, таңертең сатуға шықсаңшы» деді. Сонда қыз: «Омар бізге сүтке су қосуға тыйым салды емес пе?» дегенде анасы: «Сені Омар көріп тұр деймісің?» деп жекиді. Қыз: «Омар көрмесе де, Алла көріп тұр ғой» деп жауап береді. Мұны естіген Омар үйіне қайтып, ертесіне ұлы Асимге айттырып келеді. Әлгі иманды әйел дүниеге қыз баласын әкеледі. Ол қыз бойжетіп заманында халифа болған Абдул Мәлик ибн Мәруанға тұрмысқа шығып, олардан Абдулазиз деген салиқалы кісі дүниеге келді. Ал Абдулазиздың баласы Омар бесінші ізгі халифа атанған салиқалы тұлғаға  айналды.

Абай атамыздың мына бір өлең жолдары жар таңдаудың тамаша формуласы бола алады: «Жасау­лы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалма». Алайда, бізден бұрын өмір сүрген және ең жақсы жар бола білген ізгілер жар таңдаудың әдістерін, қағидаларын, маңызын жан-жақты айтып кеткен. Жаңалық ашудың қажеті жоқ. Әсіресе, күллі тіршіліктің Иесі болған Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейтін Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттері әр адамға дұрыс бағдаршам болмақ. Егер адам баласы сол салиқалы салтымызға сіңген, имандылыққа құрылған қайталанбас қағидалар бойынша жүрсе, онда үйлену аса түсіністікпен, сүйіспеншілікпен орындалар еді. Нәтижесінде, олардан дүниеге келетін ұл-қыздар иманды, көркем мінезді, ибалы болмақ. Ердің әйел таңдауына қатысты, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діндарды (иманына қарап) ұнат. Алла қолыңды кеңітеді. (Яғни, әйел иманды болса үйге берекет кіреді» деп өсиет етеді (Бұхари, Муслим, Насаи, Ибн Мәжәһ). Иманды жар – тәрбиелі ұрпақ мәйегі, еркектің иманының жартысы, жанының тыныштығы мен тынымы, көзінің қуанышы. Осылайша жар таңдау кезінде дініміз әйел затына ердің иманының беріктігіне және мінезінің көркемдігіне назар аударуды өсиет етеді. Өйткені, Алладан қорыққан ер әйелді Алланың аманаты деп біліп, қиянат жасаудан сақтанады. Сондай жігіт қана отбасын асырау, ерлі-зайыптылық хақтарын орындау, балаларын тәрбиелеу, намысты қорғау, үйді қажетті нәрселермен қамтамасыз етудегі міндеттерін толық орындайды, құлшылығына көмектеседі.

Алладан жақсы жар кездестіруді сұраған жігіт (қыз) өзін (мінезін, түсінігін, ниетін, білімін, т.б) жақсартуы қажет. Себебі, Алла – Әділ. «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, ізгі әйелдер ізгі ерлерге, ізгі ерлер ізгі әйелдерге лайық». 13* («Нұр»  сүресі, 26-аят).

Мәселен, бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе, АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық  мемлекеті  заңдастырып үлгерген бір жыныс­тылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылық­ты және өзге де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр. Мысалы, көне заман өркениетінің  ошағы  әйгілі  Мысыр  елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей пер­ғауын  бақилық  болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жастағы қызы Клеопатра мен 13 жастағы ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы, бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Григорий Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз  алыса  бергендігі­мен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын  білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатырына шап­қан  жаман  айғырға» теңеген.

Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады. Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буда­нынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұрпақ болмайтынын еске түсіреді. Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйткені жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге де ауыз салып, аралас  неке  қоғамға  сыналай  енуде.

Мұндайда  «жақсыны  жатқа  жібермеген» баба­лар ұстанымы еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақ­тың  бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады. Өмірлік жолдасын жақсылығы, көркем мінезділігі, тегі мәртебелі болған, абыройлы, тамырын терең жайған отбасынан таңдау. Өйткені, адамдардың да кен қазбалары сияқты ұлықтығы мен төмендігі, жақсылығы мен жамандығы әртүрлі бола­ды.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Сіздер көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар» деді. Адамдар одан: «Я, Алла­ның Елшісі, көңдегі жасыл шөп не?» деп сұрады. Сонда ол: «Жаман жерде (отбасында) өскен сұлу қыз (әйел)» деп жауап берген. Басқа хадистерде: «Ұрықтарыңызға орынды таңдаңыздар. Себебі, әйел­дер аға-інісіне, әпке-сіңлісіне ұқсайтындарды туады»), «Тегі жақсы әйелге үйленіңіздер. Өйткені, тектігі текке өтеді» делінген. Осы негізге сүйене отырып, Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына текті жерден таңдауға, жаманынан сақтануға кеңес бере отырып: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам, бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отыр­ғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны  дүниеге  келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар» деген. Адамдардың ең абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланның игілігі мен сәлемі болсын) үндеген бұл таңдау  ғылыми шындықтан, тәрбиелік  мәні  бар теориялардан  тұрады.

Өйткені, қазіргі тұқым қуалау ілімі жас сәбидің туылғанынан бастап әке-шешесінің мінез-құлқындағы, дене-бітіміндегі, ақыл-ойындағы сипаттарды алатынын анықтады. Сондықтан әйел немесе еркек тегіне, құрмет-беделіне, жақсылығына қарай таңдалса, балалардың  түзу, жақсы күйде өсетіні дау­сыз. Сондай-ақ бала өмірінде жақсы тұқым қуа­лау мен лайықты тәрбие астасып жатса, ол көркем мінез-құлықты, тақуалы, үлгі-өнеге боларлықтай биязы мінезді, діндар болып жетіледі. Тектінің қара­мен некелесуінен сақтанған қазақ мырзаның күңіне абайсызда аяқ салуынан өсетін ұрпақтың қасиетті болатынына күмәнмен қарап, тұқым тексізденеді деп  санаған.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жебірейілден (Оған Алла разы болсын) қиямет сағаты жөнінде сұрағанында ол: «Күң өз қожайынын туады, бұл – қияметтің белгісі» деген. Бұл хадисті тәпсірлеушілер «қияметке жақындағанда ертеде күңнен туғандардың ұрпағы ел басқарар патша дәрежесіне дейін көтеріледі, ал аналары сол патшалардың қол астында болады» дейді. Бұл хадистен біз «тәніне емес, тегіне қарап, денесіне емес дініне қарап үйлен!» деген өсиетті ұғамыз. Адалдық пен тазалыққа қылау түсірмеген саф алтындай мөлдірліктің астарында тектілік жатыр. Ит тиген арам аста еш қадір болмайтындығын саралаған қазақ халқы «ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды  сақтаймын  десең – ұлыңды  тәрбие­ле»  деген  сөзді  бекер  айтпаған.

Мұның бәрі жарық дүниеге жақұт қасиетті жоғалтпаған асылдың сынығындай текті ұрпақ әкелу мақсатымен байланысып жатыр. Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектерден ата-бабаларымыздың өз ұрпағының текті де мықты болуын аңсағандығын ұға түскендейміз. Шынында да ұлан-ғайыр даланы ұстап қалатын кейінгі толқын осал болмауға тиісті. Қай кезде де тектілік қазақ үшін аяулы, қастерлі ұғым және осы бір ұлы қасиет­тің табиғатын терең танып-білу тынымсыз, ұзақ ізденіс­терді қажет етеді. Түйіп айтсақ, жеті ата, құда түсу, қалың мал, әмеңгерлік, полигамия институтының  астарында  тектілік  феномені  жатыр.

Тектілік – ғасырлар  бойы  жинақталған  халықтық тәжірибенің сұрыпталған тұжырымы мен негізгі нәрі. Қорыта айтқанда, тектілік феномені – қазақ­тың  теңдесі  жоқ  даналық  мектебі. Тектілік қа­сиет – қазақтың  қасиеті. Тектінің тұяғы – қазақ­тың  тұяғы.  Тектілік  тарихы – қазақтың  тарихы.

Ақын Сабыр Адайдың сәл өзгертіп  айтылған  «Әр қазақ – менің асылым» деген ұлағатты сөзі «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған ұлтымыздың ұста­ны­мы мен ұранына айналып, тектілік феномені тәуел­сіздік тұсында кекілі мен тұлымшағы желбіреген жас өскіннің жаңа ұлттық тарихи санасын қалыптас­тыру мақсатында мемлекеттік деңгейде үздіксіз насихатталуы керек. Жеті атаға дейін үйлен­беу дәстүрі түркі тектес халықтардың ішінде тек қазақтарда ғана бар дейміз. Неге екенін білеміз бе? Осы жайын­да бір аңыз әңгімеде: 15-ғасырда Қазақ хандығы орнап, оны Керей мен Жәнібек хандар басқарғаны белгілі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы, кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бір­неше сұрақ қойыпты. Көп сұрақтарына қонымды жауаптар алып, соңғы сұрағын қойыпты: «Қандай ауруды емдеу қиын?», «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын», «Ал, оның алдын алуға бола ма?», «Бола­ды. Жеті атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек» депті. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан. Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тыйым салып­ты. «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы жарлықты бұлжытпай орындап  отырыпты.

Жеті атаны көбіне былай бөліп келеді: 1. Әке 2. Бала 3. Немере 4. Шөбере 5. Шөпшек 6. Немене 7. Туа­жат 8. Жүрежат 9. Жекжат 10. Жұрағат 11. Қаймана.

Атам Қазақ: «Атаға қарап ұл, Анаға қарап қыз өсер» деген. «Кімнен кім туады?» деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен: «Тұлпардан тұлпар туады, Сұңқардан сұңқар туады, Асылдан асыл туады, Жалқаудан масыл туады, Масылдан мал бақпас туады, Тілазардан қылжақпас туады, Таздан жарғақбас туады, Сараңнан бермес туады, Соқырдан көрмес туады, Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан  кезбе  туады».

Ал Сыпыра жырау бұл сұраққа: «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, Қарғадан қарға туар қарқылдаған, Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған  тайға  ұқсар. Би  баласы  биге ұқсар, Алты  қанат  үйге  ұқсар. Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік  шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған  гүлге  ұқсар»  депті.

Осы сарын Шалкиіз жырында тереңдей түседі: «Айырдан туған жампоз бар, Жүгін нарға салғысыз, Арғымақтан туған будан бар, Күнінде көрінім жерді алғысыз, Жаманнан туған жақсы бар, Адам айтса нанғысыз, Жақсыдан туған жаман бар, Күндердің күні  болғанда, Бір  аяқ  асқа  алғысыз».

Ал Бекасыл әулие (1822-1915): «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады. Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны. Шын тектілер халқы үшін, Өлімге басын қияды. Жақсы, жаман деместен, Жаны­на  жұртын  жияды»  депті.

Сондықтан да, БІРІНШІДЕН, әркім өзі білетін атасына дейін тізбектеп, мүмкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап жазуды қолға алса. Арғы аталарын білмесе, ең болмағанда өзінің туған атасынан бастасын. Оның неше ағайынды болғандығы, оның балалары, содан соң өзін, әрі қарай өзінің балаларын, және немерелерін таратып жазса  деген  ұсыныс  айтпақпыз.

ЕКІНШІДЕН, жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиетте­рі барлары туралы мағлұматтарды жинақтаға­нның  қосары  көп.

ҮШІНШІДЕН, әр әке өз жазбаларын балаларына беріп табыстап отырса. Олар өз кезегінде оны әрі қарай толықтырып, ұрпақтарына жеткізетініне сенгіміз келеді. Тек сонда ғана жетінші ұрпағыңыз сізге уақытында ризашылығын білдіретіні кәміл.

ҚОРЫТА АЙТҚАНДА, ататегін білудің мән-­мазмұнын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе ұғындырып, ағайын-туманы татулыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу  қажет. Түзу  тәрбие  мен  тәртіп  сақталса,  ұрпақ текті болатыны әрі азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың – жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ататегің кім?» деген  бір  ауыз  сөзінде осындай терең мағына жатса керек.

(Соңы.  Басы  өткен  санда)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: