Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батыр баба ауылындағы берекелі бастама

29.04.2024, 8:50 196

HALYQLINE.KZ

Береке – бірлікте!

«Туған жерге туыңды тік» деген ұлағатты сөздің мән-мағынасын әрбір адам жақсы түйсінеді. Жанқожа батыр ауылындағы мәдениет үйінің ұжымы атқарған мына өнегелі істі көпшіліктің назарына ұсынсақ.

– Ауылдық мәдениет Үйінің ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығында ауылымызда Халық батыры, әулие Жанқожа бабамыздың ата-бабалары жерленген «Өтеген-Нұрымбет» (Нұрымбет – Жанқожа бабамыздың әкесі, Өтеген – әкесінің ағасы) қорымына барып құран бағыштап, қорым маңына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына ауыл-аймақтағы тұрғындар, қоғам белсенділері, ұжымдар бір кісідей атсалысуда. «Сарықұл қожа» мешітінің ауласына жеміс ағаштарының көшеттері «Асыл әжелер» тобы мүшелерінің қатысуымен отырғызылды. Бұл акция болашақта жақсы дәстүрге айналады деген сеніміміз мол, – дейді ауылдық мәдениет Үйінің директоры Марат Жақсылықов.

Тағы да бір жағымды жаңалықты қамтып өтсек. Ауыл орталығындағы №94 мектепті 1984 жылы, яғни, мұнан тура 40 жыл бұрын бітірген мектеп түлектері өнегелі бастаманы қолға алыпты. Олар ауыл орталығына бұрын салынып, кейін жарамсыздыққа ұшыраған субұрқақты (фонтан) жаңартып, қайтадан іске қосу мақсатында толымды тірліктер жасап жатыр.

Батыр баба ауылындағы берекелі бастамадан жекелеген шаруа қожалықтар да қалыс қалмаған сыңайлы.

– «Жанқожа батыр» атындағы шаруа қожалығында бірқатар жеміс ағашына (алма, алмұрт, қара өрік, сары өрік, шие, бұхар жидесі) қоса терек отырғызылған еді. Биыл қосымша тағы да жеміс ағаштары егілді. Жақында осы аумақта орналасқан бірнеше қожалықтың мал азығын дайындау үшін маңызды саналатын «Коммуна» арнасын қуатты техникалармен тазалау жұмыстары басталғанын айта кетсек. Көптен шешімін күткен мәселе тұғын. Енді түйіннің тарқатылар сәті қашық емес. Бұл үшін ел ағаларына рақмет, – дейді Бегімбай Жұмағұлов.

Ауыл орталығындағы №24 «Жауқазын» балабақшасының ауласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізіліпті. Мұнда егілген жеміс ағаштары мен көлеңкелі тал көзге жылы көрінеді. Бала жанының бағбандары тәрбиешілердің еңбегіне сәттілік тіледік.

– Арықбалық ауылдық округінде жүргізілген тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен қоғамдық жұмысшылар, барлығы 70 адам қатысты. «Орталық саябақ», «Жасыл белдеу», елді мекендегі көшелердің бойы, мекемелер ауласы, арықтар мен «Ащыкөл» жағалауы тұрмыстық заттардан тазартылып, ағаштардың түптері әктелді. Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар және шөптесін өсімдіктер қалдығы техникалармен арнайы орынға шығарылды. 22 сәуірден бастап аптасына екі рет аяқсу насос арқылы берілуде, – дейді Арықбалық ауылдық округінің әкімі Мәулен Қайруллаев.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: