Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНІҢ РЕНЕССАНСЫ немесе Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен сырласу

25.04.2024, 12:00 762

«Қазақстан Республикасы – Қазақ халқының ұлттық мемлекеті» деген түсінік тәуелсіздік алғаннан кейін де көп уақыт бойы ұлттық санаға ене алмай келді. Бұл, әрине, тәуелсіздіктен кейін бұрынғы кеңестік идеологияның эманациясымен мемлекеттің өзін «көпұлтты» деп жариялауының әсерінен туындады. Осылай, ондаған жылдар Ел де, Жер де, Мемлекет те «егесіз» қалды. Мемлекетке деген жауапкершілікті оның автохтон халқы сезінбеді. Ал, өзге этностар «тарихи әділеттілік тұрғыда мемлекет егесі бола алмаймыз» деген дұрыс ұстанымда болды. Алайда, өзге этностардың бұл әділетті ұстанымына қарамастан, «мемлекет құрушы» қазақ халқының өзі «егемен» болуға ықыласпен ұмтылмады, ұмтылғандарды «интернационал билік» «әлеуметтік араздық тудырушы» деген жасанды 174-баппен қудалаумен болды…

Міне, осындай қитұрқы әрі түсініксіз, мемлекет мүддесіне жат «кертартпа сая­саттың» арқасында бұқара халық өз мемлекеттігін сезінбеді, оған деген жауап­кершілікті өз мойнына ала алмады. Бұл тек қана қоғам мен мемлекеттің дамуына ғана кері әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен бірге, жетекші ұлт ретіндегі қазақ халқының ұлттық болмысына, ұлттың мәдени пассионарлық қуатына кері әсерін тигізді. Бұл жылдары тәуелсіздік мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана отырып, қазақ халқының өз мемлекетін азаматтық мемлекетке, ал өзін ұлт ретінде барлық мемлекеттік жауапкершілікті мойынға алатындай, әлемдік бәсекелестік дауылына төтеп бере алатындай толыққанды «саяси ұлт­қа» айналу мүмкіндіктері болды. Бірақ оны қолдан жібе­ріп алды. Абайдың ең қатты өкініші «Қолым­ды мезгілінен кеш сермедім» дегені еді. Бүгінде оның қазіргі ұрпақтарының да өкініші тура солай болып шықты: олар да тура Абай сынды «зар  заман»  әуенін  жалғастыруда…

Енді, елімізде жоғарғы билік алмасуымен жағдай түбегейлі өзгерістерді талап ететіні анықталды. Қазақстан тек қана «унитарлы мемлект» ретінде ғана әлемдік бәсекеде әрі қақтығыстарда өз тәуелсіздігін қорғай алатыны белгілі болды. Сондықтан да бүгінгі таңдағы мемлекеттік идеологияда қазақ халқының ұлттық құндылықтарының басымдығы, приоритеттілігі алдыңғы орынға шығуда. Алайда, біз бұл жерде «приоритеттілік ұлттық не мемлекеттік бастау­лардан шықты» деп өзімізді-өзіміз алдау­ға жол бермеуіміз керек. Біздегі ұлттық құндылықтардың өзектіленуі осыған дейінгі ұлттық дамудың жемісі не нәтижесі емес. Ол мемлекеттік даму­ға және оның тәуелсіздігіне төнер сырт­қы күштердің тым өршіп кеткендігінің нәтижесі десек, бұл шындыққа біршама жақын  болар  еді.

Мәселен, қазіргі  Қазақстанда «қазақ халқының ұлттық құндылық­тары» мәселесінде біртектілік пен бірізділіктің жоқтығы – сол себептен. Қазіргі «құндылық үшін күрес» қоғам ішінен қайнап шықпаған соң, ол күрес ұлттың мыңжылдық салттары мен дәстүрінен нәр алмаған соң, ол аз болса, ұлтқа ғана тән төл дәстүрлер мен салттардың, төл ұлттық дүниетанымның өңін «экспорттық  өнімдермен» әбден лайлаған соң – ұлт ішкі тұтастығынан ажырап, өзінің жеке-дара сара жолын таба алмауда. Құндылықтардың өзі әр­қилы мағынаға ие болып, өзінің басты функциясы – «ұлт іргетасын бекіту», «ұлтты тұтастандыру» сияқты толық­қанды қызметін атқара алмай келе­ді. Ол үшін мысалды алыстан іздеп қажеті жоқ, бір мезгіл әлеуметтік желілерге көз салсаңыздар жеткілікті. Сонда қазіргі ұлт құндылықтары тұрғыдағы «бітіспес шайқастың» нағыз драмасын көре аласыздар. Мысалы, ол қазақтың дәстүрлі мәде­ниетіне берілген анықтамаларда айқын білінеді: біріншіден, қазақ халқы ежелден ән мен әуезге бейім халық екені белгілі. Сонымен бірге, қазақ сөз эстетикасын поэтикалық деңгейге көтере алған халық, «екі ауыз өлең шығармаған қазақ қазақ емес» деген сөз содан қалған… Мұның   бәрі де, түбінде қазақ халқының «өмір сүру қалыбынан» туындайды, ол – номадизм («көшпенділер» – толық мағынаны білдірмейді). Нома­дизм жағдайында­ғы еркін көш, үздіксіз  жорықтар  ұлт бойында ерекше «номадтық» мәдениетті қалып­тастырады.  Олар:

1. Табиғатпен етене өмір сүруде   өз дүниетанымын табиғат заңдары­мен үйлестіру, оны қауымдасып өмір сүрудің  ережелеріне  айналдыру;

2. Табиғатқа жан бітіру арқылы оны тотемизациялау нәтижесінде «экологиялық дүниетанымды», яғни «табиғатпен тұтастану» сияқты ерекше дүниетаным формасын туындату;

3. Адамгершілік қатынасқа «та­би­ғат элементтерін» ендіре отырып, адами қатынаста ерекше «дала этика­сын» тудыру. Ол – әділеттілік пен турашылдық, шыншыл болу, адамдардың әлеуметтік статусының теңдігі (құлдық сананың болмауы), намыс пен өрлік (ерлік), батырлық дәстүрі  және т.т.;

4. Қатаң өмірге бейімделу, соған сай өнер түрлерін қалыптастыру. Өнердің кез келген түріне «мереке­лік-бұқаралық» сипат беру (ол қазір  «шоу»  деп  аталып  жүр);

5. Ауызша фольклорын дамыта отырып, адамда «сергек сананы» қалып­тастыру;

6. Номадизмге сай келетін қайталанбас ұлттық тәрбие жүйесін қалып­тастыру;

7. Жаратушы тылсыммен байланысты өзіне ғана тән шынайы демократ­иялық наным-сенім формасын  өмірге  келтіру.

Бұл аталған ерекшеліктер ешқандай да жасанды формулалар емес. Олар біздің халықтың мыңдаған жылдық тарихында өмір сүруімен етене байланыста, эволюциялық жолмен туындаған мәдени-рухани құндылықтар жүйесі болып табылады. Сондықтан, бұл «ережелер» –  номад­тардың санасына және қанына сіңген құндылықтар. Оны номадтан ажыратып ала алмайсыз. Одан ажырат­қанда, номад белгісіз бір «салмақсыздық күйге» тап болып, жерге тірер тұяғын таппай күйзеледі, өзінің тұрақты адами қалпын іздеп шарқ  ұрады…

Міне, осындай жағдайда, номад­тар өз құндылықтарына (дүние­танымы мен мәдениетіне деңіз) жасал­ған кез келген «басқыншы­лықты» өте ауыр қабылдайды. Мысалы, олардың мақтанышы мен өрлігі, намысы мен жігері, мұңы мен зары домбыра арқылы ғасырдан-ғасыр­ға жетіп отырды. Номадтар шығарған күйлер де соған сай: бірде – өршіл, бірде – жайма-шуақ, бірде – сыршыл, бірде – найзағайдай шалт болып түрленіп кете барады. Өздерінің жан дүниесін ғана бейнелей­тін әрі тек өздері ғана толық түсінетін күйлері мен оның кие­сі домбыра – номад үшін барының Нары! Ал, енді, осы киесін (бас­ты құндылығын деңіз) өзге мәде­ниетпен тәрбиеленген, өзге ділмен сусындаған өз қандастарының бар дүниені «халал-харам» (қазақшада «адал-­арам») деп аталатын, сауда-­саттық дамы­ған отырықшылық «марғау сана» көрінісімен бағалап, оны харамға шығарғаны – номадтар үшін барлық мәдени құндылық­тарын, яғни, жан дүниесін мансұқтау болып қабылданары заңдылық. Домбыраға қатысты қазақ санасында «аздап халал, аздап харам» деген­дей спекулятивтік  бағалауға еш орын жоқ. Ондай «спекулятивтік сана» тек «марғау санаға» тән болғанымен, номад­тың «сергек санасы» оны ешқашан қабылдамайды. Себебі, ол оның табиғатына, дүние­танымына, діліне  және  ұлттық мінезі­не жат нәрсе, ол үшін домбыра – «сана сау­дасына салынбайтын» киелі ұғым, оңы мен солы мүлде жоқ «рухани-мәдени  Темірқазық»!

Бұл жағдай, сонымен қатар, өзге де қазақтың дәстүрлі мәдениетіне жасалған қараулықтар – халықты біріктірмеуге ықпал етуде. Иә, бұл үрдіс әзірге көзі ашық, ұлттық кіндіктен ажырамаған ұлт өкілдеріне әсер етіп, олардың үндері шығып жатыр. Енді осыған назар салсаңыз­дар, әркімге де көп жағдай белгілі болады. Оның өзінде, қоғамдық пікірде айтылып жатқан ойлар бірнеше тамақтан тұрады: бірі – ұлттық тәрбие мәселесі, бірі – қазіргі шиеленісті діни мәселелер, бірі ұлттық және мемлекеттік даму мәселелерін қамтиды.

Өткенде Астана қаласы «Ел билері ақсақалдар алқасының» белді мүшесі Дінмұхамбед Нүркейұлы «Бүгін қазақтың ұлы тұлғасы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның дүниеге келген күні. Ұлы тұлғаның аруағы қазақ халқын қолдап, демеп жүрсін! Оның төменде айтылған ойлары қазақ халқы үшін әлі де маңызды деп білеміз»  деген  жазба  жолдапты.

Әлихан  Бөкейхан:

– «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». (Автор түсі­ніктемесі – (Ә.Б.):   Біз де солай ойлаймыз, қадірлі Әлихан баба. Тірлігіңде һәм күшің барда қазаққа қызмет етсең, ел болып еңсеңді түзесең, ол – біздің ұрпағымыздың бақытты өмірінің кепілі. Ендеше, біздің халқымызға еткен қызметіміз – өзімізге де еткен қызметіміз болып шықпай ма?!).

– «Озғандарға жету керек, жеткен­дерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық». (Әлеке, бүгінде әлем қарқынды дамып бара жатыр. Біз де өзімізге атадан қалған мұра – Жер байлығын тиімді пайдаланып, оны игеретін ғылымды дамытып, өңдейтін зауыт-фабрикалар салып, өзіміздің «Қазақстанда жасалған» брендін қалып­тастырып, жарты әлемге таза азық-түлігімізді сатып, қайталанбас өнерімізді дамытып, төрге  ұмтылайық).

– «Тіршілік-ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбау-әдіс» (Сыртқы саясатта шебер дипломатия керек. Ал ішкі жағдайымзда тек халықпен ашық ақылдасып, қызмет атқарған абзал. Ол – қазақтың қанына сіңген қасиет).

«Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!». (Еңбекқор да ақылды атаның баласымыз).

– «Қазақ қияметке шейін қазақ болып қалмақ» (Басқа  жол  жоқ).

– «Бауырларым, дені сау, жас шақтарыңда жұрт үшін шауып қал!». (Ақыл – жастан).

– «Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік». (Мұныңызды, Әлеке, «Өр мінезіңді  қалпына  келтір! Қазақ – Құдайының назары түскен халық» деп түсіндік…).

– «Ұлтына,  жұртына  қызмет  қылу – білімнен емес, мінезден». (Оны қазір «Ұлттық мінезден» деп өзгерту керек боп тұр, Әлихан ата!).

– «Қиналып тапқан ақылды, толғатып сөзге аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!». (Ақылға, сөзге тоқтаған халықпыз, естиярды   оздыр, есі жоқ әумесер дүниеқоңызды, алаяқты, тоғышарды, дүмшені – тоздыр деп біздің де айтқымыз келіп отыр…).

– «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ». (Көшпенділер экономикада артта қалып қойды, алайда олар жаңа заманға адамзатқа аса қажет адамгершілік дүниетанымын аман-есен жеткізді. Қазіргі әлем осыған назар аударуда. Осы жағынан сіз  қателескен  жоқсыз).

– «Қазақтың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар». (Біз әлі оған жете алмай жатырмыз. Бірақ, бар мүмкіндік өз қолымызда тұр).

– «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар». (Бүгінде өзімізге ғана тән ұлттық құндылықтарымызға оралмасақ, өз ықпалын жүргізуші өзгелер әлі талай ғасыр біздің тірлігімізге араласып, маза бермейтін түрі бар, Әлеке).

– «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». (Өз халқын сатқан басшы осы мемлекеттегі адамдарды да жалтақ етіп жібереді. Ел еңсесін көтер­се ғана өз жолын табады. Бүгін­де ол ғылым мен білімге, ұлттық патриотизмге тәуелді боп тұр. Тек қарақан басының қамын ойлаған ескі жүйенің «арам шөптерін» тұтас отап тастау керек).

– «Қазақ баласы бірігіп,  тізе  қосып  іс  қылса, халықтық мақсат сонда  орындалады». (Басқа жол жоқ).

– «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана». (Басқа жол  жоқ).

– «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады». (Өте дұрыс айттыңыз, Әлихан баба! Бүгінде қазақты «араб етем» деушілер шығып, сізді де намазхан етіп жіберді ғой… Біз сізді «ел үшін күресті» деп таласып, өзара айтысып та жатырмыз).

– «Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қыз­мет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!» (Сол жанайқай Н.Ә.Н. деген бір кісінің кезінде одан әрі өршіген еді… Енді соның әлегімен әлі де әуре боп жүрміз. Бірақ түпкілікті барар бағытты аңдап ала алмай  жатырмыз  әлі).

– «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейді». (Иә, Әлеке, елімізге талай бөтендер келіп, ойраны мен сайранын салып кетті сіз кеткен соң… Сіздің атыңыз­дың өзін әупірімдеп әрең қайтардық емес пе?! Одан әрі «іштен шыққан жау жаман» дегенді де көрдік қой… Ендігі  көшіміз  түзу   болса   екен!).

Ұлт  көсемі  Әлихан  Бөкейханмен  оның  туған  күнінде  «сұхбат»  жүргізген – Әбдірашит  Бәкірұлы,

философ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: