Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зілсіз ашу

29.04.2024, 11:50 345

HALYQLINE.KZ

 (Әңгіме)

Ашық тұрған қақпаға гүрілдей кіріп тоқтаған доңғалақты трактордан секіріп түскен Олжалының көзі кеше өзі қазып берген жер ошақтың жанында күйбеңдеп жүрген келіншегі Кемелгүлге түсті.

Жүзінде реніш жоқ. Керісінше қолында көсеуі, күле қарап тұр. Бетіне жұққан күйені де елейтін емес.

Кеше осылай түскі асқа келгенде диванда отырған анасы мұны құшағына алып емірене сүйген.

– Апа-ау, жеті сайын сабылғанша осында келсеңізші…

– Олжам-ау, келу қайда қашар дейсің. Бұл қалаға өзің де жаңа келіп жатырсың. Мынау да жалдамалы үй. Ананы мен болмасам, кім әкеледі. (Есіктің жанында тұрған кенеп қапты көрсетті). Аз да болса картоп, жуа. Айлықтарыңа қосымша болады ғой. Ауылдағы малдың тұяғынан да ажырап қалғым келмейді. Әкеңмен бірге көтерген шаңырақты да қимаймын… Қой, мені сөйлете беріп қайтесің. Жуынып-шайынып ал, – деп мұның үстіндегі көйлегін шешіп алған бойда газ плитасының жанында тұрған келініне шап ете қалды.

– Әй, қатын, мынауың не? Жалғыз байыңның жағасына қарамай неғып жүрсің? Жағасының кірі бес батпан жігіттің күні құрсын…

– Апа-ау, ол жұмыс көйлегі ғой. Оның үстіне қазір мен тамақ істеп жатырмын ғой…

– Әй, мына қатын не дейді. Жұмыс көйлегі… Жағасы кір емес көйлекті сенің қасыңда сен сияқты столда отырған еркектер киюі керек те менің балам «жаман тракториске» сол да болады ғой деп тұрсың ба… Сен, қатын, отырған жерің көлеңке, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, тамақ істеп қолым тимейді дейді ғой. Ауылдың қатындарынан садаға кет. Күннің астында шыжып, жер ошақтың шоғына күйіп байларына тамақ істеп жүрген. Сенің тіліңді шығарып, от жаққанның не екенін ұмыттырып тұрған мына газ ғой. Ал, ендеше…

Ашуланған анасы газ плитаның қапталында тұрған баллонды тұмылдырығынан босатып, босап тұрған кенеп қапқа салып, арқалап алып үйден шыға жөнелді. «Апалап» ізінен ұмтылған келіншегінің қолынан ұстай алды. Анасының мінезі өзіне аян. Қазір ол кісінің ашуын ешкім тоқтата алмайды. Қазір бірдеңе десең, бүкіл көшеге масқараңды шығарады.

– Олжа, анау жиырма келі ғой. Жетпіске таяған адамға ауыр ғой, анаң ғой барсайшы, – деген келіншегіне басын шайқап:

– Апам ашуланса, тракторды да арқалап кетеді. Бұндайда ақырын күту керек, – деп қайнап тұрған қазандағы тамақты пісіру үшін осы жер ошақты қазып берген болатын.

Бөлмеге кіріп диванға отырысымен анасымен екеуінің өмірі көз алдынан өте бастады.

Бұның төрт жасқа келген кезінде әкесі қайтыс болыпты. Әкесі тұлдыр жетім екен. Жесір ана мен жетім балаға ауылдастары аянышпен қарады. Бірақ анасы өздерін мүсіркегендерді жаратпайтын. Жанын совхоздың қара жұмысына салды. Күріш орып, масақ терсе, төрт жастағы бұны арқасына таңып алатын. Атыздың ана шеті мен мына шеті біраз жер. Тастап кетсе, таба алмай қалатындай көретін. Жазда ауылда адам қалмайды. Қыста анасы үйден көп ұзап шықпайды. Мектептің бөлмелерін сыпырады, жуады. Онда да жылы киіндіріп қасына алып жүреді. Қысқасы, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Киімнен ада, тамақтан шола қылмады. Бостан-босқа далақтатып та жүргізбеді. Шөпшілерге тамақ істесе, қасында жүріп суын тасыды, отқа тамызыққа тезек терді, шөпшек әкелді. Жөндеуге тұрған трактор, комбайндарды жағалап, жөндеушілердің жұмсағанына зыр жүгіріп жүретін. Мектепте оқып жүріп көрші тракторшы ағасының тракторына үйір болды. Шөп тасуға барса, жанында жарбиып отырып алатын. Соның көмегі ме, мектеп бітіргенде кәмелеттік аттестат пен машинст-тракторист деген куәлікті қоса алды. Өзінің қатарлары оқуға аттанғанда, жаңа тракторға ие болған көрші ағасының өзі айдап үйренген көне тракторына отырып ауылда қалды. Келесі жылы оқуға барудың орнына анасының қолын ұзартамын деп көрші ауылға күйеу бала болды.

Мектепте жүргенде тракторға ғана емес домбыраға да үйір болатын. Қоңыр дауыспен ән де салатын. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне мүше еді. Мектеп бітіргеннен кейін де ауылдық клубтың көркемөнерпаздарының бел ортасында жүрді. Оркестрге қатысып, өлең айтып, пьесаларда рөлдерде ойнап, жеңгелері «әнші қайным», «әртіс қайным» деп ат қоя бастаған кез болатын. Бұның күндіз трактордан түспейтін күйбіңі мен кешке клубты жағалауы, ауыл-ауылға концерт қойып кететін серілігінен бе, әлде анасының қаталдау көзқарасына шыдамады ма, жылға толмай ол келіншегінен ажырап тынды.

Сол жылы ауданның комсомол жастары тракторшы жастарды күріш егуге үгіттеді. Сонымен бұның еңбек етіп жүрген совхозында механизатор-күрішші жастар бригадасы құрылды. Қарбалас жұмыс. Өздері жерді жыртады, өздері себеді, өздері шыққан күрішті күтеді, кейде комбайнға да отырып өздері орады. Өткенді, отбасы туралы ойлауға мұрша болмай жүріп, науқанды да аяқтады. Тың жерге еккендіктен бе, жолдары болды ма, егін бітік болды. Қосымша ақы да мол болды. Совхоз партия комитетінің хатшысы жиналыс сайын мұны мақтап, мадақтау қағаздар беріп, партияға мүшелікке кандидат етіп қабылдап та жіберді.

Содан не керек, қаладан қырманға келіп көмек беріп жатқан қыз-қырқынның өзіне көзі түсетінін байқады. Кешке қарай екі ауысымның арасында ауыл көркемөнерпаздары көмекшілерге концерт қояды. Домбырасын қолына қысып, қоңыр даусымен ән салып бұл да жүреді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған деген» емес пе, ажары асып бара жатпаса да, айтқан әніне елтіді ме, елдің мақтауына ерді ме, қаладан келген қараторы қыз бұның торына түсті. Қырман жағалай қыдырып жүріп, қаласына қайтпай, бұның қараша үйінің табалдырығын аттап, анасына келін, өзіне жар болды.

Сол бір жылдары бұл Олжалы шынымен олжалы болды. Партияға мүше болды. Бөпелі болды. Бірақ тағы да қуанышы ұзаққа бармады. Бір күні келіншегінің анасы келіп, қызын құндағымен қаласына алып кетті. Жұмыстан келген бұл екі ананың арасында не болғанын болжай алмады. «Не болды?» деген сұрағына анасы «Арты арандатып отырған қатын дұрыс келін бола ма?» деп өзіне сұрақпен жауап берді. «Артының» енесі екенін түсінген бұл келіншегінің ізінен өзі барды. «Мені жөнге салғысы келетін қақбасыңа қызымды құл қылып қоя алмаймын. Қатын мен бала керек болса, қақбасыңды қалдырып қалаға өзің кел» деп шабалаңдаған енесінің сөзінен түңіліп, жүні жығылып келді.

Бұрынғыдай емес, бұл жолы ұнжырғасы түсіп жүрді. Мүмкін нәрестесін қимады. Анасының да жылдан-жылға жасарып бара жатпағаны да әсер етті ме?! Әйтеуір, көңілі құлазып жүрді. Соны ескеріп, көңілі көтерілсін дегені ме, еңбегін елегені ме, парткомның ұсынысымен жаңадан келген доңғалақты көк тракторды совхоз директоры бұған тапсырды. Онысы совхоздағы тұмсығын көтеріп жүрген «көке» тракторшылардың намысын қозғапты. Содан аудандық партия комитетіне арыз жолданады. Ұзын ырғасы «… екі әйел жіберіп, коммунистік моральға жат әрекет жасап жүрген коммунистің ісін май шаммен қарап шара көру. Өйтпесе жақында совхоз директоры парткомның қолдауымен оны комсомал жастар бригадасына бригадир етпекші. Моральдық азғын коммунист жастарға қандай тәрбие береді…» осылай, осылай болып кете береді.

Бастауыш партия ұйымында жиналыс болды. Ұйымда өзімен жиырма бес мүше болатын. Жиырма екісі – совхоз жұмысшысы. Қалған үшеудің бірі – мектеп директоры, бірі – ауылдық кеңестің төрағасы, бірі – клуб меңгерушісі. Сөз сөйлегендердің арасында арыз жазушыларды қоштағандар да болды. Партия жиналысында өзі сынағандар да, шөбін тасуға көмегі тимеген зейнеткер коммунистер де өзіне тиісе алмай жүр екен. Партиядан шығаруды талап еткендер де солар. Солардың сөзін есітіп тұрып «Осы партиядан не пайда көрдім? Қорытындыдан алған қомақты ақшаның біраз бөлігі жарнапұлға кетеді, коммунист болып сөз сөйлесең, жауыңды көбейтеді екенсің, жұмыстың ауыры болса, коммуниссің деп сені жұмсайды» деп ойлады да өзіне сөз бергенде «өздеріңіз біліңіздер» деп қысқа қайырды. Дауыс берген «он төрт коммунист карточкасына жазылған қатаң сөгіс беру, он коммунист партия қатарынан шығару аудандық партия комитеті бюросынан сұралсын» деп қол көтерді. Жиналыстан кейін партком хатшысы өзіңді ақтап бір сөз айтпадың деп бұлқан-талқан болып ашуланды.

Аудандық пария комитетінің бюросына барардан бір күн бұрын партком хатшысы шақырып алып:

– Бала, ертең бюроға барамыз. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей осы заманда партиядан шықты деген – жақсы атақ емес. Саған қатаң сөгіс берілгеннің өзінде маған оңай болмайды. Ойлан, өзіңді ақтап бірдеңе айтатын бол, – деген. Содан түнімен ойланып бір байламға келген.

Ертеңіне таңертеңмен машинасымен үйіне келген партком хатшысы машинаға мінер-мінбестен «айтатын болдың ба?» деді. Бұл да «айтамын» деп қысқа қайырған.

Бюро отырысының соңын ала кірді. Партком хатшысы істі таныстырып оқып бергенен кейін  төрдегі бөлек үлкен столда отырған аудандық партия комитетінің хатшысы денелі, келбетті кісі:

– Өзің жап-жас екенсің, не дейсің? – деді.

Сөзді неден бастарын білмей сәл абдырап:

– Сонда енді ол әйелдер өзі кетіп қалса да мен кінәлі боламын ба, ұрмасам, соқпасам, боқтамасам. Анам сөйлесе, бетінен ала кетсе. Мені анамнан айырып қалаға алып кеткісі келсе, мен оған ермесем, кінәлі боламын ба? Қазір ауылда еңбек етіп жатқандардың бәрі – орта жастан асқандар. Жас қыздар байларының шалғайынан ұстап, мен сияқты жас жігіттер әйелінің етегінен ұстап қалаға қаңғи берсе, ауылдағы жұмысты кім істейді? Жаңа ғана жолға түсіп келе жатқан жастар бригадасын құрдық. Соны тастап әйеліме еріп кете беруім керек пе? Ауылда тұрғысы келмеген, ауылға үйренгісі келмеген әйелге не істеймін? Білемін, ауылда олар қызығатын нәрсе аз. Ол нәрселерді, ауылдың жағдайын жақсартатын өзіміз ғой. Қазір біздер әйелдерімізге еріп қалаға қашсақ, бізден кейінгілер ауылға мүлде жоламай кетеді ғой. Сондықтан ол әйелдерден ажырасуға тура келді. Өзімді оған кінәлімін деп есептемеймін. Бар айтарым осы, – деп басын жоғары көтергенде бюро мүшелерінің бәрі бұған зер сала қарап, күлімсіреп отыр екен. Бірінші хатшының «бара бер» дегенін естіген бұл бөлмеден атып шыққан.

Сәлден кейін бюро отырысынан шыққан партком хатшысы құшақтай алып, құлағына «молодец» деп сыбырлаған. Машинаға мінгеннен кейін жай сөгіс қана бергенін естіді.

Сол бюро болған күннен бір жетіден кейін болу керек, түскі астан келіп үйреншікті жұмысы зябь жыртуға ыңғайланып, соқаны тракторына тіркей бергенде жанына келіп тоқтаған парторгтің машинасынан парторгпен бір жас қыз, мойнына фотоаппарат ілген аудандық газеттің өзі танитын фототілшісі түсті. Парторг қызға қарап:

– Өзіңіз іздеп келген озат механизатор – күрішші Нағиев Олжалы деген азамат осы кісі, – деп таныстыру бойынша фототілші мұны трактордың жанына тұрғызып, кабинаға отырғызып фотоаппаратын сырт-сырт еткізіп, мініп келген машинаға барып жайғасты.

Көрші бригадаларды аралап келетінін айтқан олар көп кідірмей жүріп кетті.

Парторг сол кеткенен мол кетті. Тілші қыздың бұған берер сұрағы таусылды. Тілші қызды атызға жалғыз тастап жұмысқа кірісіп кетуді әбес көрген бұл қызды әңгімеге тартты. Қысқасы, әңгімесі жарасқан екеуі трактордың тар кабинасында иық түйістіріп келе жатқанда алдынан парторгтің машинасы кездесіп, бір-бірін жылы көзқараспен шығарып салды.

Қыстай қолы босаса парторгтің кабинетін жағалауды шығарды. Парторгке керегі – бұның қағаз жазуға икемі барлығы. Бұған керегі – кабинеттегі телефон. Қоңырау шалатын жері – редакция. Сөйлесетін адамы – тілші қыз Кемелгүл.

Көктем шыға парторг ағасы:

– Бала, шаруа қалай болып жатыр? – деп телефон аппаратын көзқарасымен меңзеп, сұраулы жүзбен қарады.

Бұл түсінбегенсіп:

– Не шаруа? – деді.

– Икемге келетін болса айтсайшы.

– Айтқанда енді ол анда, мен мұнда…

– Соны айтайын деп тұрмын ғой. Істің орайы келейін деп тұр. Күзде совхоздың комсомол комитетінің хатшысы жоғарғы комсомол мектебіне жіберілмекші, сол орынға редакциядағы тілші қызды сұрап құлаққағыс қылып қойдым райкомдағыларға. Бала сенің қамың ғой ойлап жүргенім. Менің еңбегімді еш етпей, қолыңа қондыра біл…

Сол күзде Кемелгүл сохоз комсомол комитетіне хатшы болып келді. Келесі көктемде совхозда екеуінің дүркіреген комсомолдық тойы болды. Бұның бақытты күні еді ол күн.

Көп ұзамай кемелденді деп жүрген Кеңес Одағы құрдымға кетті. Партия, комсомол ұйымдары, совхоздар тарады. Ауылдық жердің ахуалы күрт нашарлап кетті. Қалалық жердің де жағдайы жанға жайлы болмағанмен ауылдағыдан тәуір еді. Бұлар да қалаға келіп паналады. Құдай қарасқанда айлығы мардымсыз болса да Кемелгүлге редакциядан қызмет табылды. Өзі теміржол мекемесіне тракторист болып орналасты. Мамандығын жақсы меңгергенінің септігі тиді. Мекеменің ешкім жүргізе алмай, қаңтарылып тұрған тракторына жан бітірді.

Ойын сырттан естілген келіншегінің дауысы бұзды. Бұл сыртқа шыққанда Кемелгүл дарбазаға қарай ұмтылып:

– Апа, тастаңызшы… Жанұшыра дауыстап барады екен. Ізінен ұмтылған бұл «дүрс» етіп жерге түскен қаптың дауысымен қатар шыққан анасының:

– Айналайын, жарығым, қарындарың ашып қалған жоқ па?.. Бұл кәрі жынның ашуын қой… Ертеңгісін есіктің алдындағы қапты көріп, қайнап жатқан қазанның астындағы отты ала қашқаным есіме түскенде жанымды қоярға жер таппадым…

Жүзіндегі сай-сай әжімдерін бойлай тамшылаған жасты көрген Кемелгүл:

– Апажан, жыламаңызшы… Олжаңыздың қарны ашқан жоқ. Мені кешіріңізші… Енді сізді ренжітпеймін. Тек мына ауыр затты енді арқаламаңызшы…

Бұл қаптағы газ баллонға бір, құшақтасып тұрған ене мен келінге бір қарап, жұбатарын да, күлерін де білмей тұр.

Қайран ананың ашуы-ай… Бер жағымен зіркілдегенмен перзенті үшін жүрегінің жылап тұратынын сезген бұл анасына мейірлене қарады.

Құдайберген Есекей,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: