Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

28 панфиловшы туралы аңыз қалай туды?

09.05.2024, 9:00 283

HALYQLINE.KZ

1941 жылы 16 қарашада Мәскеу түбінде қиян-кескі ұрыстар жүріп жатты. Алматыда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясына ені 18-20 шақырым болатын шепті ұстап тұру жүктелді. Неміс командованиесі дәл осы тұстан қоршауды бұзып өтіп, Мәскеуді басып алмақ болды. Дубосеково разъезі маңында 1075-ші атқыштар полкі жаудың 2-ші танк дивизиясының өршеленген шабуылдарына төтеп берді.

28 қарашада «Красная звезда» газетінде журналист Александр Кривицкийдің «Завещание 28 павших героев» атты бас мақаласы шығып, онда дұшпан танктеріне қарсы 28 жауынгердің шайқасқаны туралы жазды. Ол бұл кезде генерал-майор И.В.Панфиловтың Гусенево деревнясында мина жарықшағынан қаза тапқанын білмейтін. «Панфилов дивизиясының 29 жауынгеріне қарсы жаудың 50-ден астам танкі ентеледі… Жиырма тоғыздың біреуі қорқып кетіп екі қолын көтеріп немістерге беттеді… Бірнеше гвардияшы бір-бірімен сөйлеспей-ақ ешкімнің командасынсыз қатар тұрып қорқақ сатқынды атып тастады» деп жазды ұрысты көзімен көрмеген журналист. Соған қарамастан политрук Клочковтың аузына «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөз салып жібереді. Ары қарай ол гвардияшылар дұшпанның 18 танкісін жойғанын, ал 28 жауынгер түгелдей қаза тапқанын айтады. «Олар өзі өлсе де дұшпанды өткізген жоқ» делінген мақалада. Араға бірнеше күн салып «Правда» газеті мақаланы көшіріп басты.

Арада екі айға жетер-жетпес уақыт өткен соң 1942 жылы 22 қаңтарда «Красная звезда» газетінде А.Кривицкийдің «О павших героях» деген екінші мақаласы шықты. Онда қаза болған жауынгерлерді панфиловшылар деп атап, алғаш рет олардың фамилиясын жариялайды. «Армия мен еліміз қаһармандардың аты-жөнін білсін» деп 28 панфиловшы батырдың аты-жөнін келтіреді. Олар: Клочков Василий Георгиевич, Добробабин Иван Евстафьевич, Шепетков Иван Алексеевич, Крючков Абрам Иванович, Митин Гавриил Степанович, Қосаев Әлікбай, Петренко Григорий Алексеевич, Есболатов Нарсұтбай, Калейников Дмитрий Митрофанович, Натаров Иван Моисеевич, Шемякин Григорий Михайлович, Дутов Пётр Данилович, Митченко Никита, Шопоков Дуйшенкул, Конкин Григорий Ефимович, Шадрин Иван Демидович, Москаленко Николай, Емцов Пётр Кузьмич, Кужебергенов Даниил Александрович, Тимофеев Дмитрий Фомич, Трофимов Николай Игнатьевич, Бондаренко Яков Александрович, Васильев Ларион Романович, Белашев Николай Никонорович, Безродный Григорий, Сеңгірбаев Мұсабек, Максимов Николай, Ананьев Николай.

1942 жылы 21 маусымда А.Кривицкийдің очеркінде аты аталған 28 жауынгердің бәріне Совет Одағының Батыры атағы беріледі.

1947 жылы прокуратуралық тексеру кезінде түгелдей қаза тапты делініп жүрген 28 панфиловшының біреуі емес бақандай алтауы тірі екендігі анықталды. Сөйтсе, Иван Добробабин, Даниил Кужебергенов, Григорий Шемякин, Илларион Васильев, Иван Шадрин өз ортасында аман-сау жүр екен. Кейінірек Дмитрий Тимофеевтің де жер басып жүргені белгілі болды. Бұлар Дубосеково түбінде жараланған екен. Кужебергенов, Шадрин мен Тимофеев тіпті неміс тұтқынында болып шығыпты.

Міне, болмаған шайқасқа қатысты делініп жүрген тірі қызыл әскерлер шындықтың шетін шығарды. Олар жаудың 50 танкісіне қарсы ұрыстың болмағандығын айтып берді. Дубосеково түбінде қатты ұрыс болғаны ақиқат, алайда жауға тойтарыс берген 28 панфиловшы емес, 2-ші батальонның 4-ші ротасы екен.

Бұл туралы 1075-ші атқыштар полкінің командирі Илья Капров 1948 жылы прокуратурада сұраққа алынған кезінде: «1941 жылы 16 қарашада Дубосеково разъезінде 28 панфиловшының неміс танкілерімен ешқандай шайқасы болған емес, бұл түгелдей ойдан шығарылған нәрсе!» дейді үзілді-кесілді түрде.

Александр Кривицкийдің өзі тергеушіге төмендегідей жауап береді: «Саяси басқармада Крапивин жолдаспен әңгіме кезінде ол менің мақаламда келтірілген политрук Клочковтың «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөзін қайдан алғандығымды сұрады. Мен оған бұл сөзді өзім ойлап тапқанымды айттым дейді. «…Ал 28 батырдың көңіл күйі мен әрекеттері – тұтастай менің әдеби қиялымнан туған дүниелер. Мен жараланған немесе тірі қалған гвардияшылардың ешқайсысымен сөйлескен емеспін. Жергілікті тұрғындардан 14-15 жастағы бір баламен ғана сөйлестім, ол маған Клочковтың бейітін көрсетті».

1948 жылы 10 мамырда СССР Қарулы Күштерінің Бас әскери прокуроры Николай Афанасьевтің «28 панфиловшы туралы» баяндамасында: «Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған 28 панфиловшының бәрі түгел қаза болмаған. Дубосеково түбінде ұрыс болғаны рас. Оны 1075-ші атқыштар полкінің 4-ші ротасы жүргізген. Полк осында елеулі шығындарға ұшыраған. Ұрыстар барысында мұндай ерлік жасалып жатқандығын ешкім естімеген. Бас әскери прокуратураның 1948 жылғы тұжырымы: 28 гвардиялық-панфиловшылардың баспасөзде (яғни «Красная звезда» газетінде) жарияланған ерлігі ойдан шығарылған».

Көріп отырсыздар, 28 панфиловшылар қатарында болған майдангерлердің өздері де, олардың полк командирі И.Капров та, СССР Бас әскери прокуроры да 28 панфиловшылар ұрысының болмағандығын әшкерелеп отыр.

Бірақ Отан қорғау жолында бүкілхалықтық патриотизмді көрсету үшін, армия мен халықты майдандағы ерлікпен рухтандыру үшін қызыл идеологияға тап осы 28 панфиловшы ерлігі ауадай қажет болып тұрды. Сондықтан ресми түрде Бас әскери прокуратура тарапынан жасалған тұжырым есіктің артына ысырылып, ойдан шығарылған ерлік БАҚ арқылы бұқараға әлі күнге тықпаланып келеді.

Александр Кривицкий 1970 жылдары берген бір сұхбатында «1947-1948 жылдарда жауап алған тергеушілер кезінде егер Дубосеково түбіндегі ұрысты толықтай ойдан шығарғаным туралы айта беретін болсам, онда не Печорадан, не Колымадан бір-ақ шығатынымды ескертті. Сондай қыспақтың өзінде Дубосеководағы шайқас менің әдеби қиялымнан туғандығын табандап айтуыма тура келді» дейді.

1947 жылы қараша айында Харьков гарнизонының прокуратурасы азамат Добробабин Иван Евстафьевичті соғыс кезінде 1942 жылы көктемде өз еркімен немістерге тұтқынға беріліп, Отанына опасыздық жасағаны, сатқындықпен немістерге полицей болып қызмет еткені үшін қамауға алып, қылмыстық жауапқа тартты. Бірақ артынша оның «28 батырдың» бірі, Совет Одағының Батыры екендігі анықталған. Киев әскери округі әскери трибуналының 1948 жылғы 8 маусымдағы үкімімен Добробабин сатқындығы үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 1949 жылғы 11 ақпанда СССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен ол Совет Одағының Батыры атағынан айырылды. Бірақ сонда да оның есімі әлі күнге «28 панфиловшы батырдың» қатарында аталады.

Жалпы 28 панфиловшыға қатысты бытыс-шатыс жағдайлар баршылық. Айталық, Кривицкий алғаш жариялаған «батырлар» тізімінде Кужебергенов (Кужебергенов, Кожебергенов, Кожабергенов) Даниил Александрович деген қызыл әскер көрсетілген. Алайда ол байланысшы ретінде басшылыққа хабар жеткізіп қайтып келе жатқанда қару-жарағымен немістердің қолына түскен, алайда бірнеше сағаттан соң тұтқыннан қашып шығып, қайтадан қызылдар жағына өткен.

1942 жылы НКВД лейтенанты Соловейчик Кужебергеновтан жауап алған кезде ол шынын, «28 батырдың ұрысына» қатыспағанын айтып қояды. Содан кейін жоғары атаққа ұсынылғандар тізімінен алынып, орнына кездейсоқ қызыл әскер Әлиасқар Кожубергеновтың (Қожамбергенов) фамилиясы кіріп кетеді. Қызық болғанда 28 батыр панфиловшылардың ресми тізімінде осы екеуінің де фамилиясы тұр.

Әлиасқар Қожамбергенов ресми түрде 28 панфиловшылар қатарында соғысып, 1941 жылы 16 қарашада қаза тапқан. Бірақ оның асырап алған Тазабеков деген өгей әкесі Әлиасқардың армияға 1942 жылдың қаңтарында алынғанын, ол алғы шепке келген бойда қаза тапқанын, сондықтан баласының 1941 жылы қарашада болған соғысқа қатысуы мүмкін еместігін алға тартып, Совет Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы грамотаны Жоғарғы Советке қайтарып жібереді. Тағы бір деректерде Әлиасқар Қиыр Шығыста оқыста қаза болған делінеді. Қалай болғанда да қос Кужебергеновтың екеуі де бұл ұрысқа қатыспаған.

28 панфиловшының бірі, Совет Одағының Батыры Иван Шадрин 1975 жылы жеңістің 30 жылдығы тұсында талдықорғандық журналист Камал Әбдрахманға неміс тұтқынында болған естеліктерін айта отырып, «Отыз жыл өтірік айтып келемін. Құдайдан ұят! Жиырма сегіз батыр да, елу танкі де – бәрі-бәрі өтірік! Атып тастаса да – шындық осы…» деп ағынан ақтарылуы әлгі ұрыстың болмағанының тағы бір дәлелі.

Иван Натаров деген солдат журналистердің анықтауынша «28 панфиловшының ерлігінен» екі күн бұрын, 14 қарашада қаза болып кеткен екен. Бұған не дейсіз?

2015 жылы шілде айында Ресейдің мемлекеттік архивінің бас директоры Сергей Мироненко орыс баспасөзінің Мәскеуде өткен конгресінде СССР-дің әскери прокуратурасы 28 панфиловшы туралы ресми нұсқаны кезінде ойдан шығарылған нәрсе деп танығанын әдейілеп еске алды.

Міне, осындай нақты тарихи деректер 28 панфиловшы батыр ерлігі өмірде болмағанын дәлелдейді. Ресейліктердің ойдан шығарған «қаһармандық шайқасы» кеңестік идеология үшін қажет болса болған шығар, бірақ тәуелсіз Қазақстан үшін оның көк тиынға қажеті жоқ! Алматыдағы шындыққа үйлеспейтін Панфиловшылар монументін бұзып, орнына ұлттық Отан қорғаушылар монументін орнататын кез жетті!

Марат  Бәйділдаұлы  (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

facebook-тегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер:
  • Осы пікірді,Ресей,Москва деген сөздердің заманы өткені туралы мен осыдан екі,үш жыл бұрын айтқанымда админ.карсы болған еді

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: