Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі ғасырдың куәсі болған хат пен қудаланғандар тағдыры

11.06.2024, 8:00 297

HALYQLINE.KZ

1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына сәйкес елімізде1997 жылдан бастап 31 мамырда «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» аталып келеді.

Соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы атылған. Қуғын-сүргін жылдары елімізге кеңес одағының түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Осы жылдары елімізде 953 тұтқындар лагері, оның ішінде мемлекет ішіндегі мемлекет атанған мықты жүйе құрылымды ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасты. Республикада тәуелсіздік жылдары 150 мыңға жуық күнәсіз қудаланған отандастарымыздың аттары жазылған ондаған «Аза кітаптары» жарияланды. 400 мыңдай заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды, бұл іс-шаралар әлі жалғасуда. Жалпы кеңес одағы бойынша миллиондаған азамат тағдыр тәлкегіне түсті. Зұлмат заманда тұтас халықтар қудаланды. Иә,солақай саясат салдарынан зұлмат жылдары елдің бетке ұстар оқыған, көзі ашық адамдары атылып, асылып, түрмеге қамалып, жер аударылып, қалған ел аштықтан қырылды. Бұл кезең ХХ ғасырдағы қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болып қала береді. Қазақ ұлты қолдан ұйымдастырылған алапат аштықтың зардабын тартып, Ұлы дала бұрын-соңды болмаған орны толмас шығынға ұшырады.

Сол ел басына күн туған қиын заманда жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың бірі менің атам, әкемнің әкесі, кезінде Сыр бойына белгілі болған белгілі діни ағартушы, молда Қалжан ахун медресесінің түлегі Қоразбай молда ұлы Құлмағанбет молда еді. 

Құлмағанбет Қоразбайұлы 1907 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келіп, 1955 жылы қайтыс болған. Руы – Кіші Жүздің Жетіру тайпалар бірлестігінің Табын тайпасының Теке аталығынан. Сыр еліне белгілі Ислам дінін насихаттаушы, діни қайраткер, молда. Араб тілін, шариғатты жете меңгерген, Құран-Кәрімді жатқа біліп, мағынасын қазақшаға аудара білген. Құлмағанбет молда бес уақыт намаз оқып отырғанда намазға әбден берілгендігі соншалық оның екі көзінен жас ағып жылап отырады екен. Өзінің шәкірттеріне аса қатал болған екен. Намаз оқып отырғанда екі жағында екі шыбық болады екен. Оның бірі жайнамазын басып, намазын бұзғаны үшін балаларға, ал екіншісі мысыққа арналған екен. Намаз кезінде балалардың бірі немесе мысық намазын бөліп, жайнамазға аяқ басса, ол кісі бірден шыбықпен салып жібереді екен. Балалардың майда бұзақылық әрекеттерін тию үшін қыз ба, әлде ұл ма оны ажыратпай екеуіне жазаны бірдей қолданған көрінеді.

Халық әулие атап кеткен, шариғатты жете меңгерген, Құран кәрімді жатқа білген, Ислам дінін насихаттаушы, діни ғұлама Қоразбай молда мен оның ұлдары Ысқақ, Құлмағанбет молда аталарымның өмір сүрген уақыты өте қиын кезеңге тап болды. Бұл кеңес үкіметінің өздерінен білімі, діни сауаты жоғары тұлғалармен күресу үшін дінге қарсы ұйымдар құрып, құдайсыз қоғам құруға бағыт алған кез еді. Билік қазақ даласында мұсылмандыққа қызығушылық артып келе жатқасын дабыл қағып, діндарлықтың артуына діни тұлғалардың ықпалы жоғары екенін байқап, діни қайраткерлер (ишандар, хазіреттер, сопылар, кәлпелер, молдаларды) қудалап, оларды дауыс беру құқынан айырып, кеңестерге саяси көзқарасымен қарсылық пікір білдіргендерді «халық жауы» ретінде қара тізімге іліктіріп, ату жазасына кесіп, еңбек лагерьлеріне айдады.

Құлмағанбет молда кеңес билігі кезінде басына төнген қауіпке қарамастан қаймықпай ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әкесі Қоразбай салдырған Қаракеткен ауылынан 30 шақырым жерде Қараөзек өзені бойындағы мешіт пен Жалағаш кентінде әкесі мен ағасы Ысқақ молдамен бірге Жалағаш кенті Бұқарбай батыр (бұрынғы Калинин) көшесі 72-үй ауласында орналасқан екінші мешітте діни іс-шаралар өткізіп, елді имандылыққа шақырып, Ислам дінін уағыздап, халықтың діни сауатын ашып, балаларға діни дәрістер берген. Ысқақ атамыздың үйі осы мешіт ауласында, ал Құлмағанбет атамыз қазіргі Бостандық көшесі 33-үйде тұрған. Ол кезде Жалағаш кентіндегі «Иманқұл» мешітін жауып, клуб, басқа мақсаттарда пайдаланғанда, халық Қоразбай молданың Жалағаш кентіндегі екінші мешітін пайдаланғандығы туралы деректер сақталған. Мешіт ауласында оның өз қолынан еккен екі ғасырдың куәсі дәу қара ағаш әлі өсіп жайқалып тұрғаны, аулада мешіттің іргесіне пайдаланған дәу тастар әлі де сақталған.

Ел Қоразбай атаның Қаракеткендегі мешітін малмен жайлауға Қарақұм асқанда пайдаланса, Жалағаштағы мешіт ел малдарымен қыстауға көшкенде пайдаланылған екен. Қаракеткендегі Қоразбай мешіті елімізде болған кеңес үкіметіне қарсы Қарақұм көтерілісінен соң молдалар қудаланғаннан кейін 1930 жылдары жабылған. Жалағаштағы мешіт Ұлы Отан соғысына дейін, соғыс кезінде, соғыстан кейін халыққа қызмет істеуін тоқтатпаған. Мешітте неке қию, намаз оқу, соғыстан қаза болғандығы туралы қаралы хабар келгендердің жақындарының қатысуымен жаназаларын шығарып келген. Кейін мал ұстауға, бақша егетін, жем-шөп дайындайтын ауыл адамдары үшін пана ретінде пайдаланылып келген жартылай бұзылған мешіт әлі сақталған.

Жалағаштық өлкетанушы, аудандық мұражайдың ғылыми қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Шөмекейдің зерттеуі бойынша Қаракеткен мешіті Қарақұм көтерілісінен кейін 1930 жылдары үкімет органдарымен жабылғанға дейін ел жайлауға Қарақұмға көшкенде халыққа қызмет істеген, екінші Жалағаштағы мешіт ел қыстауға көшіп келгенде халыққа қызмет істеген. Бұл туралы кезінде әлеуметтік желілер мен газеттерде баяндалды.

1932 жылы Құлмағанбет молда отбасымен (әкесі Қоразбай, жұбайы Шұңғыр Алтынның қызы Боқышқызы Рабиға, ұлы Асан, қызы Сәлима) Сырдария ауданы Тентек-өзек ауылына (бұрынғы Комсомол, қазіргі Қызылжарма ауылдық округі) жер аударылған. Бұл жерде де Ислам дінін насихаттауды жалғастыруын тоқтатпағасын 1934 жылы НКВД органдарының құрығына ілініп, артынша Терең-Өзек аудандық халық сотының үкімімен колхоз-ауыл белсендісі ретінде Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 116-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айрылып, сотталады. Қоразбай егде жасқа келуіне, науқастығына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған екен. Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағатының анықтамасында КСРО ІІМ-нің 4 арнайы бөлімінің қорында сақталған құжаттарға сәйкес №5 сотталғандар тізімінде НКВД-ге қарасты ГУЛаг түзеу орындарында жазасын өтеген.

Ысқақ ағасы Жалағаштағы мешітте имам болып, діни шараларды жасырын өткізуін жалғастырады. Әкесі, атасының Ислам дінін насихаттауы менің әкем бала Асанға да зияны тимей қоймайды. Әкесі сотталып, жазасын өтеуге жіберілгеннен кейін анасы Рабиға, қарындасы Салима, Қоразбай атасымен ағайындардан жырақта алыстағы Тентек-өзекте тұруға тура келді. Асан әкем сол Тентек-өзек бастауыш мектебіне барып, онда 1932-34 жылдары 1-3-сынып, кейін 1935-36 жылдары 4-5-сыныпты №6 теміржол мектебінде жалғастырып, 1937 жылы 1-май (қазіргі Қ.Мұхамеджанов атындағы гимназия) орта мектебіне ауысып, 1941 жылы мектептің алғашқы түлектері қатарында аяқтап шығады.

Үлкендердің айтуынша, шамамен он шақырымды құрайтын Тентек-өзек пен Қызылорда қаласы арасында ол кезде жол жоқ, қатынайтын көлік жоқ, әсіресе жаңбырдан соң немесе қыстың күндері екі ортаға қатынау тіпті қиын, анда-санда жаяулы арбамен қатынайтын жолаушыларды кездестіруге болады екен. Бұл ұжымдастыру кезіндегі жаппай аштық, халықтың қырылуына апарған жылдармен тұспа-тұс кезең еді, жас бала түгілі ересек адамдардың өзі қарақшылар мен аш-жалаңаш адамдар шабуылына ұшырамас үшін топтасып, таяқ, айыр, күрекпен қаруланып жүруге мәжбүр болған екен, үкімет белсенділері қарудың өзін жинап алған. Әсіресе қаланың шеткі аймақтарымен жүріп-тұрудың өзі қауіп болатын. Осындай иын-қыстау кезде Рабиға анасы мен Қоразбай атасы лагерьде жазасын өтеп жатқан Құлмағанбеттен тарайтын жалғыз тұяқтың аман болуын Алладан тілеп, жандарын шүберекке түйіп, бір көруге зар болып, құмартып, ынтық болғанына қарамастан ол үйге тек жылына бірнеше рет берілетін демалыс күндері ғана келетін. Жатақхана жоқ, жас балаға күнделікті тамақ табудың өзі бір қиын мәселе, әркімнің пәтерін жалдап тұру, сабағына дайындалудан басқа ол үйдің қысы-жазы отынын жарып, суын тасу, басқа да ауыр жұмыстарды істеу бұғанасы қатпаған балаға оңай болмағаны белгілі ғой. Оның үстіне мектепте мұғалімдер мен арасында тексеріп келетін белсенділер тарапынан кеңестік әдіспен сотталған молданың ұлымен қосымша тәрбие жұмыстарын жүргізу тағы бар. 13-18 жастағы бала НКВД назарынан да тыс қалмаған сияқты.

Қоразбай молданың билік өкілдерінің Тентек-өзектен басқа жерге қоныс аударуға тыйым салғандықтан қалада немересінің мектебіне жақын тұруға мүмкіндігі тағы болмаған. Сол кездегі замандастарындай Асан әкемде балалық шағы қим-қиғаш өте күрделі заманға тура келді. Қоразбай атасының арнайы жіберген немесе жолай кездескен арбакештермен ересектердің бақылауымен қатынауға тура келді. Арбамен жүргенде қасындағы ересек адамдар мен қарақшы, аш адамдар арасындағы болған талай қақтығысты айтқаны еміс-еміс есімде тұғын. Сондықтан да бала Асан жеті жыл өздігінен қалада оқып, күнделікті мектеп пен пәтер арасында да, каникул кезінде үйіне барып-қайту кезінде де қауіпке толы жолдарда небір қиындықты басынан кешіп ерте есейді.

Осы қиындықтарды бастан кешіріп, мойымаған Асан әкем орта мектепті жақсы бағамен аяқтаған-ды. Кейін бір жылдық мұғалімдер курсын аяқтап, 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Әкем өзін қарындасымен, егде жастағы әке-шешесі, атасымен жазықсыз қудалап, ағайын ортасынан еріксіз көшіріп, кейін әкесін соттап, атасын жер аударған мемлекеттің Сталинград қаласы үшін болған ғаламат қырғын шайқасына, Ресей, Украина, Белоруссия, Шығыс Еуропа қалаларын жаудан азат етуге белсенді қатысып, соғыстан тек 1946 жылдың қарашасында оралған. Ауыр жарақат, контузия алғанда отбасына екі рет «қара қағаз» жолданған, екінші рет қате жіберілген «қара қағаз» алғаннан кейін жалғыз тұяғынан айрылғандығын естіген анасы шыдай алмай, қаза болған.

Қазақстан, Ресей мұрағаттарынан сұрату барысында Құлмағанбет атамның кейін ісінің қайта қаралуына байланысты 1940 жылдың 11 наурыз бен 1941 жылдың 07 қаңтар аралығында жаза өтеуден босатылып, арнайы қоныстанушы ретінде Шиелі каналын қазуға жіберілгендігін анықтауға мүмкіндік болды.Ол заманда қырағы НКВД органдары назарынан ештеңе қалмаған ғой. Әкесінің сотты болуы ұлы, менің әкем Асанға да зияны тиген екен.Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, ерліктері үшін жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, ондаған медальмен марапатталып, әкесінің Отан алдындағы кінәсін (кінәсіз болса да) қанмен жуғанына қарамастан (4 рет ауыр дәрежелі жарақат, 1 рет контузия) алғанына, соғыстан кейін әуелі Қазақ ССР Әділет министрлігі жаныңдағы Заңгерлер мектебін, облыста алғашқылар қатарында Киров атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтағанына қарамастан, сотталған молданың ұлы ретінде қызметте қысымшылық көргенге ұқсайды. Сондықтан да өз әкесінің тегін алмай, билікпен қудаланса да ресми түрде сотталмаған Қоразбайдың тегіне жазылған екен. Жанұясында орын алған сергелдең сауаттылығы, қызметтегі тазалығы және соғыста көрсетілген ерліктері арқасында оның кеңес, сот, кәсіподақ органдарында абыроймен қызмет істеп, зейнеткерлікке шығуына кедергі келтіре алмады.

Әкем мен ағайындардың айтуы бойынша арғы атам Қоразбай мен оның Ысқақ, Құлмағанбет молда ұлдары Марал ишан ұрпақтары Абдулхамид (Амит), Сүлеймен, Тобағабыл, т.б. ишандармен жақсы қарым-қатынаста болған. Олардың ағайын болып араласқандығы туралы беріде қайтыс болған ишандардың соңғы тұяғы Ақлима ишан, Сүлеймен ишанның ұрпақтары Әбдірашид, Бақытжан, Әбдікәрім де айтатын. Қиын-қыстау кезінде олардың және ағайындарының бастарына күн туып, жұрт олармен араласудан қорқып, байланыстарын үзгенде, аталарым бірнеше рет оларға қол ұшын беріп, өз бастарын қауіпке тігіп, оларға баспана беріп, паналатып жасырған екен. Сол үшін өздері де қуғынға ұшыраған. Кейін әкем Асан Қармақшы ауданы сотының төрағасы болған кезде оларға бірнеше рет көмегі тиген екен. Анам айтатын Әмит ишанның ұлы Қасымқан Ысқақ, Құлмағанбет молдалар отбасы туралы үнемі сұрастырып, арасында соғып кететін болған, қатыспай қалғанына өкініш білдіреді екен. Қармақшыда тұрған Әмит ишан ұрпақтарымен кейін аралары үзіліп қалған екен, ал Марал ишанның келесі ұрпағы Сүлеймен ишанмен (1949-1965 ж. Қызылорда қаласындағы орталық Айтбай мешітінің бас имамы болған), оның ұпақтарымен қазіргі Сүлеймен ишан көшесінде араласып тұрдық. Кейін олардың достығы олардың балаларына беріліп, Асан Қоразбаев пен Әмит ишанның балалары Асқар, Абдолла (Ақтөбе қаласында тұрды) мен Сүлеймен ишанның баласы Бақытжан (ұрпақтары Қызылорда қаласында тұрады), кейін олардың да балалары жақын араласып тұрған. Әкемнің тұңғыш ұлы дүниеге келгенде Ысқақ молда арнайы Қармақшы ауданының Қызылтам ауылында тұрып жатқан Әмит ишанға апарып Нағыметұлла есімін қойғызған екен.

Осыдан он жылдай бұрын Ақтөбеде тұрып жатқан Әмит ишан ұлы Абдолла ағамен танысудың орайы келді. Екеуара сөйлесу кезінде Амит ишанның Қармақшыда түрмеде отырғанда менің Құлмағанбет атама ескі төте жазумен жазылған өлеңі бар екенін естідім де тауып беруін өтіндім. Уәде берді, кейін бірнеше рет телефонмен сөйлескеннен кейін ол хаттың Шымкенттегі Қалмұхаммед (Қалқай) ишаннан тарайтын Тобағабыл ишанның ұлы Батырхан ишанның қызы, егде жасқа келген Қатзада апада екенін естіп, ол кісімен бірнеше рет сөйлестім. Жазғы асхана бөлмесіндегі ескі жүктің ішінде, кейін тауып беруге уәде бергенмен хат табылмады.

Атамның аты жазылған екі ғасырлық хатты іздеуді тоқтатпадым. Былтыр «Ислам және Марал баба» кітабының авторы, өңірімізге белгілі С.Нұртайұлымен хабарласып, аталарым туралы деректер сұрағанымда ол Алматыда тұрып жатқан «Марал баба» жеке қайырымдылық қорының төрағасы Омаров Мұхамедхан Қасымқанұлымен хабарласуымды сұрады. Мұхамедхан ашық, адам жатырқамайтын азамат болып шықты. Менің он жылдан бері іздеген хатым 2023 жылдың тамыз айында қор құжаттары арасында бар болып шықты. Төте жазумен жазылған хат Әмит ишанмен емес, Марал ишанның басқа ұрпағы Тобағабыл ишанның ұлы Батырхан ишанның жазған хаты екен. Хатты көшірмесін алысымен Сыр бойына белгілі ғұлама ғалым Қалжан ахунның немересі Хасанатұллаға аударттым. Мұхамедхан Алматыдағы мамандарға аудартқан аудармасы мен Хасанатұлланың аудармасы бірдей болып шықты. Оның әкесіМағымар мақсұм Сыр бойынан үдере көшкен көшпен ілесіп, Ауған жерінде, кейін Иран арқылы Түркияға қоныс аударған. Хасанатұлла сол елдерде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негізделген қазақтың ұлттық жазуы – төте жазуды үйренген екен.

Ал енді екі ғасыр болған хаттың мазмұнына келейік. Конверт сыртындағы мекенжайы мен адам аттары орыс тілінде жазылған. Хаттың жазылған күні, айы, жылы көрсетілмеген, бірақ мазмұнында 1942 жыл көрсетілген.

Т.Ж.Д. ст. Джалагаш, Кзылординсая область,

аул 25, к/з Алгабас.

Получить Куразбаев Кулмаганбет

Из Свердловской обл., ст. Азанка, им. Кагановича,

п/я 237/5,

от Тобагабулова

«Тілектес ағай, Ысқақ, Хамза, Құлмағамбет үй іште барлық үлкен кішілер қарындастар барлық балалар басқа сұраған халық жұрт ел азаматтарына көптен көп сәлем. Ал енді бізден амандық сұрасаңыздар Аллаға жаңымыз тіріден саулық Кенес үкіметінде тәрбиесінде міндетті жұгін көтергенше арқалап келіп осы қырық екінші жылдың басынан бері ауруға шалдығып аяқ-қол кемістікке айналып ауыр жұмысқа жарамастай болған соң комиссиялар бірнеше айлар доктырдың қараша айында қалдырып жиырмасыншы июннан бастап бір демалыс орыны бар екен. Жолдастардан бөлініп қазақтан жалғыз сол орынға келіп күні бүгінге дейін жатырмың. Мұсылманнан бір екі тұркмен, бір екі тәжік бар, аты қазақтан мен. Сонымен жалғыздын жары Құдай деп жатқан жәй бар. Өткен жылда бас кезімізде Қызылордадан Асаннан бір хат алып едім амандықты біліп қуанып Ақсудағы адрестеріңізге хат жазып едім. Онда Құлмағамбет Шиелі канал деген бір жарма қазылып сонда кетті деп жазған екен. Ол хатымнан сіздерден ответ болған жоқ. Ал енді біздін семьядан кім бар, кім жоғы Әмиттен естіп жатқан шығарсыңдар. Ендігі жалғыз тілек сол жалғыздың жамандығың көрсетпе деп жатсам тұрсам көрейін. Сол бір биылғы жылда амандықты сіздердің орынша екенін Әмиттен естіп едім. Оның ұстіне жақында Асаннан хат алып амандығына тілектес болып дұға қылып хәм сіздердін амандықты біліп адрестеріңізді жазған екен. Сол адрес бойынша тірлікті білдіріп бүгін осы хатты жазып отырмын. Құдайым аман көрісуге жазсын, иншалла. Аман көрерміз деген үміт бар. Ертерек уақытта үлкен қауыпте едім, хат ұрықсат еткен кезде ең болмаса Әмитке тірлік хабарым тимей кетеме деген күнде болды. Соңыра хатты алдық. Тірлікті біліп бірнеше рет Әмиттен посылка алып бұл күнде адам қатарына енгендей, көңіл көтеріліп, денсаулықта күн күн жақсарып келе жатыр. үзік…. ерікті кейде, еріксіз маған амандықты білдіріп хатты жиі жазып тұрындар. Ол жерде болса Ақаң ағайға үй ішімен

…Тентек өзенге қатынасыңыздар… Қадырдан азаматтарға көп сәлем айтасыздар. Сатмағамбетке де үй ішімен сәлем айтарсыз. Өзім де хат жазғанмын. Ол көптен жазған хатты алғаңмын. Рахмет. Бақытың көретін көңілге алаусыз алғандығына үлкен рахмет. Посылкмеін сәлем сақ хаты дегенді алдым. Ал енді менім адресім әзірге осы. Ронсилаг пунктте жатырмын. Ескі орныма жіберері болмаса осында ия басқа жаққа жіберері белгісіз. Сондықтан лагпункт нөмірін салмай, осы адреске сала беріңдер. Мен қайда барсам да осы адреспен мұны табады. Қош. Батырхан. Асанға сәлем айт. Аман болсын».

Тобағабыл ишан ұлы Батырхан ишанның хатында жалағаштық Ысқақ, Құлмағанбет аталарымнан басқа бірнеше кісілер аттары көрсетілген. Онда көрсетілген Хамза Керейт руынан, Жалағаш ауданының Аққұм ауылында тұрған атақты молда, ол да кезінде кеңес үкіметі тарапынан қудаланған, ұрпақтары қазір Қызылорда қаласы мен Аққұм ауылында тұрады. Әзірге хатта көрсетілген Тілектес, Ақаң Қадыр атты кісілердің кім екенін анықтауға мүмкіндік болмай отыр.

Құлмағанбет атамның Шиелі жармасын қазуға жіберілгендігі туралы маған осы хат арқылы мәлім болды, Мәскеудің мемлекеттің мұражайынан алынған құжатта ондай деректер көрсетілмеген. Ондай шешімді қазақстандық немесе қызылордалық органдар қабылдаған болу керек. Шиелі жармасын қазуға 1940 немесе 1941 жылы жіберілген болу керек. Мұрағат деректеріне сәйкес жарма 1940 жылдың ерте көктемінде қазыла бастап, 1941 жылдың наурызында аяқталған. Хатта бұрын Ақсуға жазылған хатқа «ответ жоқ» деп көрсетілген, иә жауап жазылмаған себебі өйткені Ысқақ атам (үлкендердің айтуы бойынша) ол кезде ағайындарымен, басқа ауылдастарымен көне Үргенішке (қазіргі Түркіменстан жерінде) үдере көшіп барып, елде соғыс басталып, абыр-сабыр болып жатқан кез болған. Ал Құлмағанбет атам Тентек өзектен ұсталып, жазасын лагерьде өтеп, кейін Шиеліге жарма қазуға жіберілген еді. Хатта Асан әкемнен хат алғаны көрсетілген, орта мектепте латын әліппиін оқыған әкем төте жазуды да меңгерген екен. Хат әкеммен мектепте оқып жүргенде 1941 жылы немесе 1942 жылы соғысқа аттанбай тұрғанда жазылған болу керек.

Хатта көрсетілген Сатмағамбет кім? Бұл есім – менің бала кезімнен бері есімде қалған зиялы қауым өкілі. Ол кісі мен оның жақындарының өңіріміз тарихында елеулі орын қалдыруына байланысты оларға толығырақ тоқталып өтуді жөн көрдім. Ол кісі 1950-70 жылдары біздің отбасымызбен жақын араласты. Менің есімімді әкемнің аты Асан, анамның аты Фатима болғасын Мұхаммед (с.ғ.с.) төртінші қызы Фатима анамыз бен әзірет Әлиден өрбіген Хасан мен Хусейн атымен Сатмағанбет ағамыз қойған екен. Мергенбаев Сатмағанбет Қарағандының Қарқаралысының тумасы, руы Арғын Қаракесек. Екатеринбург (Свердловск) Өндіріс академиясын аяқтағаннан кейін коммунистік партияның жолдамасымен әуелі Семейге, кейін Қызылордаға қызметке жіберілген. Басында Қараөзекте орналасқан жүйке аурулары жабық ауруханасы (психколония) бас дәрігерінің орынбасары, кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің секретары лауазымын атқарған. Сатмағанбет аға Қызылордада Баймұрат Жаппас Сүйіндікұлы Жүсіпқызы Күлайханмен бас қосқан. Кейін Ресейде бірге оқыған, Қызылордаға қызмет бабымен келіп, бірнеше басшы лауазымдарын атқарған досы Арқаның Арғыны Жұманов Оспанды зайыбының сіңлісі Күлбараммен таныстырып, олардың отбасы құруларына себеп болған. Сатмағанбет те, Оспан да кезінде НКВД органдарымен қудаланған.

Жүсіптің ең кіші қызы Әдия Қызылорда медицина училищесінің түлегі Алмағанбетов Нұрыллаға тұрмысқа шыққан. Ұлы Отан соғысына қатысушы, А.Невский, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі және І, ІІ дәрежелі Отан Соғысы жауынгерлік ордендерінің иегері Нұрекең әуелі Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, қалалық партия комитетінің хатшысы, Өскемен Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, кейін 19 жыл Қазақ ССР ішкі істер министрінің орынбасары лауазымын атқарды.Болашақ генерал-майордың анасы Қоразбай атамның қызы Мария. Әке-шешесінен ерте айырылған Нұрылла ағам үш жас кіші әкеммен тай-құлындай тебісіп Тентек-өзектегі Қоразбай атамның үйінде бірге өсті.

Жүсіп атамыздың ең үлкен қызы қарттық шағында біздің отбасымызда болған Райхан әжем – Қоразбай атамның інісі Мергенбай ұлы Әмзенің әйелі. Әмзенің інісі Әміренің ұлы республикамызға белгілі заңгер, экс-сенатор Иран Амиров. Иран ағамның анасы Қантымның апасы Шекер Ермағанбетова кезінде (1938-1955ж.) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Төралқасы Төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. Сатмағанбет аға мен Жүсіпқызы Күлайханның қызы медицина ғылымының докторы, Асфендияров атындағы Ұлттық Медицина университетінің стоматология кафедрасының профессоры Хадиша Сатмағанбетқызы Мергенбаева (Әмзе, Әміре әкесімен аттас). Бұл азаматтардың ұрпақтары қазір Алматыда тұрады.

Жазасын өтеп жүріп ақсулықтарға хат жазған Батырхан ишанның менің аталарыммен достығынан бөлек біздің әулетке екінші жағынан жақындығы бар еді. Оның қызы Мамила жеңгеміз кезінде ұзақ уақыт қалалық ауруханада бас бухгалтер лауазымын атқарған, әкеме жақын ағайын-туыс болған қалалық білім саласында жауапты қызмет атқарған Қалмағанбетов Сейдахмет Мәжитұлы ағамыздың әйелі еді.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде: «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды» деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайымемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Құрбандарды толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жалғастыруда.

Бүгінгі ұрпақ тарихтан тағылым алу керек, алдағы уақытта зұлмат жылдардың қаралы, азалы кезеңі қайталанбауы үшін жастарымызды отансүйгіштік, ұлттық рухта қайта тәрбиелеп, елімізде тұратын барша халықтың ұлттық бірлігі мен ынтымақтастығын, ұлттық мүдде мен құндылығын арттырып, көтеруіміз қажет.

Бұндай кезде ұлтымыздың мақтанышы болған Ө.Жәнібековтің төмендегі сөздері еріксіз есіңе түседі: «…Идеология атаулының бәрін жаһаннамға жіберетін болсақ, ертең бізді алмастыратын ұрпақты қалай тәрбиелеп, Қазақстанның тағдырын кімнің қолына тапсырамыз? Бізге жаңа идеология керек-ақ. Ұлттық идеология деп отырғанымыз – ұлтшылдық иделогиясы емес. Оның тек қазақ халқы емес, республикада тұратын барлық ұлыстың мүдделерін бірдей қорғайтын идеология болатынына күмәндануына болмайды. Тек ұлттық мемлекет арқылы ғана қазақ халқын экономикалық, әлеуметтік, парасаттық, құқықтық, мәдени, моральдық, имандылық, мінез-құлықтық жағынан кемеліне жеткізуге болады. Қазақтану қазір қажет-ақ…». Халқымыздың асылы, ардақты ағамыздың сөзіне қосарым жоқ.

Хұсайын  Асанұлы  Қоразбаев,

заңгер, полковник, журналист,Ақпарат саласының үздігі.

Қызылорда қаласы

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: