Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоғытып өткен тасқыннан соң

01.05.2024, 12:00 1231

Халық «топансу» атаған бір ерек оқиға кең-байтағымызды сілкінтіп өтті. Қазақ даласының, шамамен, солтүстік ендікте, 470-тан жоғары жағында бұл жайтқа шалдықпаған жер жоқ десе де болады. Адам назарынан, объектив көзінен алыста болған оқиғаларды дала тағысы ғана білер дейік, ал ағайын басына түскен осынау сынның беті қатты болды. Әйтеуір, адам шығынынан аман сияқтымыз. Мәлім жайттарды қайта тізбелеудің қажеті болмас…

Жерімізге бұрқасындатып қар, селдетіп жауын жаумай жүрген жоқ. Ал мына болған істі, білетіндер 80 жылда бір келген уақиға десе, енді бірі бұрын-соңды болмаған іске сайып жатыр. Бұл іспетті, табиғат тарапынан келер қауіпке қатысты қызметтер мен жауапты тұлғаларға сын да аз емес. Қисын реті солай: өзен-арналарға түскен құрылғылар – адам қолы мен адам жауапкершілігінің нысандары. Ал, екінші тұрғыдан, иен далада ноқтасыз-нобайсыз жөңкілген дүлейді кім қақпайлап, кім жөнге сала алар?!. Осы екі жайт арасынан еліміздің ендігі шаруашылық саясаты үшін біраз сұрақ туындап, көптеген міндет пен күрделі мәселелер алға шықты. Ақпарат кеңістігімізде пайда болған, ел көлемінде салынуы тиіс 20 су қоймасы, бүгін бар 15 су қоймасы құрылғыларын жөндеуден өткізу, гидротехникалық нысандарды мұқият бақылауға алу, жауын-шашын суларынан кемінде 2 млрд текше метр ылғал жинай алатын тоспалар дайындау, елімізде жылына 800 шамасында су маманын оқытып шығару ісіне басым мән беру – осы жайттардан жедел туындаған міндеттер.

Ереуіл жайттар елде тілектер мен қиял желкемдерін де аз туындатқан жоқ. «Сонша жөңкілген топансуды Аралға неге құймасқа?!», «Жем өзені бір кездері Аралға жеткен екен, соны тірілтейік», «Сарысу Телікөлден асып барып, Сырдариямен қауышыпты!» деген сияқты елпілдек лебіздер… Сарысүйек мәселелерден туындаған тілекші ел көңілі ғой. Тілектерге береке берсін!.. Қиял мен сезімге қол артатын қаламгер ретінде, мен де бір сәт ой-желкен керсем: иә, Ұлы Даламыз шөліркеулі, Аралымыз әл үстінде, берекелі өлкелеріміздің бедерін өрнектеген өмір-дариялар суала-сарқылып барады… Сондай ахуалда, жұлынтұтасы бір Табиғат өзі бұлқынып, өзі тұяқ серпіп, өзі ғана түсінетін бір амал-әрекеттерге барып жатқан жоқ па? Пенделер қолымен істеліп жатқан әділетсіздіктер, шөлденіп-жұтап бара жатқан бір кездегі барақат-бақуат өлкелері, қиянат құрбандығы болған Арал – бәрін енді, сол, көк көйлегі мен көңілі жыртық Табиғат өзі іздеп, алыстардан (мұхиттардан, таулардан) осы бетке қол созып жатқан жоқ па? Біз, пенделер, мұндайды түсінуден алыспыз ғой. Сонан да, Табиғаттың еркін тынысы бізге жат, түсініксіз, қорқынышты, тіпті, қатерлі… Сонан да, ұясын су алған қызғыш құстай ахуал бар кейде…

Алаң көңілге ишара-ескерту аз емес… Климат ысынуға бой алдырған, әлемде құрғақшылық басымдап келе жатқан ахуалда кеше болып өткен жайт табиғаттың бірретік тосын мінезі болар деген де ой бар. Ал голландиялық бір ғұлама айтса, мұндай жағдай енді жиіленіп, келе бермек. Бәрі мүмкін: ғалам климатының ысынуы мен, керісінше, суынуға бой алдырғаны туралы осы күні бір тоқтамды сөз жоқ деуге болады. Білетіндер айтса, әлемді қақсыта қуат алып бара жатқан тынықмұхиттық ыстық Эль Ниньо ағысы салқын ағынды Ла Ниньяға орын бере бастаған сыңайлы…

Қалай болғанда да, дегдар Табиғат бізбен санаспайды, біз Онымен әр сәт, әр жағдайда жарасым мен үйлесім амалдарын табуымыз керек.

Күрделі ғалам кезекті бір проблемалар қордасын біздің алдымызға тартқан жайы бар. «Шолақ сай бұрын тасиды» (бұрын тасуымен бірге мінезді келеді!) деп қазекең бекер айтпаған. Ертіс пен Жайық сияқты алыптарды айтпағанда, «шолаққа» жатпаса да, соңғы кезде тынысы бәсең тартқан ортақұрсақ өзендеріміз бұл жолы зор мінез байқатты. Ситуация тым қанық: Сырдария, Талас, Шу, Іле сияқты оңтүстік сулар біршама тыншу халде қалды; топансу дүмпуі еліміздің жоғарырақ ендіктерінде басым болды. Яғни, Оңтүстік ұлыстар арасындағы өзендер әбден байланған, бұғатталған, жуасытылған… Осы, енді, көңілге медет болар жайт па: Оңтүстіктегі жазғы тірліктің ділгір уағындағы су тапшылығы, шаруа күйзелісінің бас­ты себебі, жұтаған экологиямыз үзірі де сол, байланған суларда жатыр ғой… Ал осы кезге шейін өзіне көп назар аударт­паған, әр жерден жүйесіз бөгелген, түрлі тірліктерге там-тұмдап бағытталған шағын өзендер енді өзіне тиісті мән беруді, өзімен санасуды, тіпті, өзін сыйлауды қажет еткендей ескертулер  тартты  алға.

Елімізде 11 аймақта салынуы жоспарлан­ған 20 су қоймасының бірсыпырасы осы шағын өзендерге қатысты. Бұл қоймалардың көбісі, кеше өткен жағдайлар шындығында, қойма емес, су реттегіш бейінінде болуы қажет сияқты. Қойма бәсең өзендердің тіршілік-тыны­сын біржолата кесіп тынуы мүмкін… (Бір қисынсыз жайт бүгін «Көксарай» су реттегіші басында бар – ол бүгін дария суын реттегіш емес, кәдімгі су қоймасы роліне «түсіп алды». Біз бұндай мүмкін «метаморфоза» нобайын осыдан оншақты жыл бұрын ескертіп айтқанбыз…). Қаражат салынып, шығынмен көтерілген қай нысаннан да қайтарым (окупемость, отдача) күтіледі, ол – шаруашылық шарты. Ал режімі кепілсіз, шағын өзендерге салынатын су реттегіштің экономикалық қайтары­мы аз, әдеттегі жағдайларда онда көп су жиналмауы мүмкін; анығы, оның қайтарымы – кешегідей ерек жайттарда ел-жер қауіп­сіздігі ғана болады. Иә, ағыны бәсең өзендерімізде іргелі қоймалар бой көтере қоймас. Бірақ жоғарғы ендіктердегі елеулі су көздеріне деген көзқарасымызды түбегейлі қайта қарау, нақтылау, өткірлеу қажеттігі алғаусыз түрде алға шығып тұр. «Жерімізге сырттан келетін, әсіресе, оңтүстік өзендердің ағындары әбден есептелген, бағамдалған, сату-сауда эквиваленттеріне жеткізілген десек, біздің ағын дені сыртқа бағытталған Ертіс, Есіл, Тобыл суларымызға сондай есеп бар ма?» деген сауал бұл тенденцияның  басты  сұрағы  болмақ.

Әлем нарық шартымен өмір сүреді. Мәселені бұлай қоюымыз – өмір қажеттілігі. Даламыз­дағы су тапшылығы жылдан-жылға басымдық танытып келеді; Арал халі әлем назарында; Ресей-көрші түрлі уәжбен ірге­дегі мол судан бір арна бері бұруға жоқ… Мұндай жағдайда, жоғарыда аталған суларымыз­ға қатқыл есеп орнату қажеттілігі тумай ма? Еліміздегі бірден-бір қанасы толық өзен – Ертіс. Мәліметі көпшілікке тиіп-қашты ғана мәлім Ертістегі – «Шүлбі-2», «Бұлақ», Есілдегі – «Бұзылық» су қоймалары идеялары елге үміт пен сенім болашағын ашар жаңалықтар сияқты. «Шүлбі-2» су тоспасының биіктігі Балтық жүйесімен 260 метрге жеткізілген жағдайда, өткен ғасыр ортасында академик Шапық Шөкіұлы ұсынған «Үлкен Қазақстан арнасын» жүзеге асыруды қолға алса болар еді. Бұл арна Ертісте Қалба-жота тұмсығы тұсынан бастау алып, Сарыарқаны сауырлай, ұсақ өзендерімізді үстеулей (солар арқылы Орталық Қазақстанды суландыра), Торғай қолаты арқылы Тұран жазығына өз ағынымен жетеді. Сату-саудасыз, трансшекаралық әділ су бөлісу принципімен Ертістен Қазақстан алуы мүмкін 14-15 текше метр суы осы арнаға да, «Шүлбіден» төменгі аймақтарға да молшылық түрінде жетер еді. Егемен елдігіміз ақиқатында, біз, түбі, осыған келеміз. Бұл арна, тіпті, Сібір суын бері бұру ісі жүзеге асқан жағдайда да өз мәнділігін жоғалтпақ емес. Бұл ретте, Ресей-­көрші Ертістің ортаюына алаңдаса, Алтай тауларындағы Қатын өзенінен Бұқтыр­маға үстеу су бере алады. Немесе, өз күн тәртібінде біраздан тұрған, Енисей-­Обь-Ертіс арнасын тартып, Омбы маңына су қоймасын сала алады. Қалай болғанда да, қазақтың Құлынды даласы, онан төмен Бараба жазығы сусыз  қалмақ  емес…

Қазіргі перспективада Қазақстан Ертістен 8  текше  метр  су  игеруді  жоспарлап  отыр.

Ең үлкен уәж – осы іспетті су мәселесінде біз Оңтүстік-Солтүстік көршілеріміз алдында өзіміздің Құдай берген, ата-баба сақтап қалған тағдырлы зор байлығымыз – жеріміздің керемет транзиттік әлеуетін мейлінше тиімді пайдалана алсақ болғаны.

Жақында құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі (СРжИМ) өз бағыт-бағдарлы жұмыстарында халық алдында мүмкін деген ашықтық (транспаренттік принципінің бір шарты) саясатын ұстанса дұрыс болар еді. (СРжИМ-нің өмірге келуінде сол халықтың табанды сұрауының да үлес нәтижесі бар). Су да қазақ үшін, ендігі, жер сияқты өмір мүддесіне айналған. Тағдырлы, маңызды бастамалардан ел хабардар-мағлұматты болса – сол оңды жағдай. Бұл – осы маңызды саладағы демократияның бір принципі. «Келісіп пішкен тон келте болмас!». Мыса­лы,  осы  күні «Бұзылық» су қоймасы  деген мәлімет қабатында, «Есіл» су реттегіші деген сөз айтылып жүр. Ол қайсысы, не нысан? Елге осындай бастамалардың айқын мәліметтері  керек-ақ.

Асылы, Есілдің күрт терістікке бұрылатын иіні маңында бір су-тос­па (Бұзылық су қоймасы, Есіл су реттегіші) болуы идеясы біраздан айтылып жүр. Топансу-тасқыны жоқ жылдары да Есіл төмендегі Қызылжар аумағын үнемі қарғын сумен тоғытумен келеді. Есіл, Тобыл, Нұраның 80 процент суы көктем айларында бұрқап өтеді. Зиян мен рәсуаға кетіп жатқан осы ағындар жыл бойына тұрақты да жетімді игілік көзі болуына, мысалы, Есілді Сергеев су қоймасынан жоғарырақта тағы бір тоспамен реттесе мақұл болар еді. 80 процент Есіл ағыны реттелсе, сонан бір арна су іргедегі Торғай-Ырғыз ағындарымен қосыла, шөліркеулі Солтүстік Аралға құрғақшылық жылдары 1 млрд текше метр, ал биылғыдай молшылықта бірнеше миллиард текше метр шамасында су бере алар еді. Бұл жағдайда Арал маңы Қарақұмына түсетін арнаның жерге сіңіп кетуі мүмкін «рәсуа» суын босқа жоғалған ризық деуге болмайды. Ол Қарақұмдай берекелі өлкенің өрістік әлеуетін күшейтеді; құм астының еспе суы Арал теңізінің оттегімен түбінен байитын баяғы дәстүрін тірілтіп, айдын астынан оның тіршілігін демейді, балығының дәмділік қасиетін арттырады; Қызылорда облысының батыс аудандарын ауызсумен қандырып жатқан Сарыбұлақ жер асты артезиан алабының қуаттылығын көтереді. Ертіс-Қарағанды арнасымен Есіл-Нұраның үстеуленуі тұрақты да қалыпты тәжірибе болмақ. Демек, Есіл-Нұра жүйесі ең құрғақшылық жылдары да кепілді түрде ортаймайтын болады. (Әрісі Ертіс) Есіл-Торғай-Арал арнасы да соған сәйкес өмірлі болады. Арал екі тараптан да қорек алатын бо­лады.

Соңғы кезде жағдайы әлемді алаңдатқан Каспий теңізі көтеріліп келе жатыр. Бұл үшін Жайықтың аван-атырауында қыруар жұмыс­тар атқарылды. Оңтүстік өзендеріміз даладағы топан-тасқын бедерінде біршама тыншу болғанмен, олардың да арналарына қарғын тепті. Сонан болар, Балқаш деңгейі де 15 сантиметр көтеріліпті деген жақсы лепес бар. Жетісудың жеті өзенінің бесеуі бірдей ұмтылатын Балқаштың бағы ашылардай… Тек, сор-тұзы қалың Арал ғана… Сырдария ағыны соңғы екі жыл бедерінде жаман болған жоқ. Қарғын су біраз күш байқатқан өткен жылы да, мына, айтулы 2024-те де сол молшылықтан Аралға 2 текше метрге жетпейтін су түсті. Бұл – өлмеші теңіз ғана емес, өмір үмітті кіші Солтүстік Арал айдыны үшін де тым аз сыбаға. Былтыр түскен 1,5 текше метр су, биылғы 1,6 текше метр су – бұл айдынның құрсағына шыр қоспақ түгіл, булану шығынын да жаба алмайтын шама… Көзге ұратын бір «қызық» жайт байқаймын (осылай салыс­тыруға мәжбүрлік бар): Балқаштың күретамыры Іле туралы айтқанда, іздеулі 11-14 текше метр судың осы айдын тіршілігі үшін қажеттілігі бірінші кезекте алға өткір қойылады. Ал Сырға сырттан келер 11,1 текше метр су сөз болса (өзіміздің Қаратаудан өнетін 7 текше метр шаманы айтпайық), егістік пен шаруа­шылық уәжі бәрін баса береді. «Аспаннан шұға жауғанда, Аралға ұлтарақ бұйырмайтын» кемшін-қалдық сыбаға нобайы осыдан шығып жатыр… Иә, төменгі Сырда сусамыр дақыл ауданы 10 мың га азайып, Түркістан облысын­да  мақта, майлы  дақылдар  ауданы 75 мың гектарға түскені шүкіршілікпен айтылып жүр (онда да, су тапшылығы уәжімен). Әйтсе де, Жетісу ахуалымен салыстырғанда, Сыр бойындағы біржақты саясат әлі де айы­лын жыймай тұрған жайы бар. «Әдемі өлуге тиіс, сұрауы жоқ Арал» туралы баяғы сірі көзқарас салқыны әлі күнге біраз көңілдерде жүрген сыңайлы… Өткен тарих зілі, жұртшылық діліне әбден сіңіп қалған сірі дәстүр, көзқарастарды өзгерту, шаруашылықтарды тиімді әртараптандыру мемлекет қолдауымен, қарымды саяси шешіммен ғана ойдағыдай жүзе­ге асуы мүмкін екенін, осы орайда тағы бір  еске  салу қажеттігі  бар…

Гектарларға емес, Арал, Балқаш сияқты қом суларымызға барып жатқан ағын – босқа, әлде, арамға кетіп жатқан ризық емес. Ол – салауатты төл табиғатымыздың өз сыбағасы, соның өмірі кепілі. Жерімізге түсер жауын-шашын, таулардан келер өзен бастаулары соларға байланысты. Сол сулар қусырылған сайын, ауа райы ысынып не ызғырықтанып, жер-дүние қытымыр тарта бермек. Егінжай арықтарымыздың судан қақсып қалып жатуы да сонан. 60 жылдық Арал қасіретінен осындай сабақ алсақ игі. Кешегі тарихта Аралды өлтіріп, жазғы сабат, қысқы ықтыр­мамыздан айырылып, кең-­байтағымызға айна-қатесі жоқ экологиялық апат әкеліп едік, енді бүгін, имандылықтың алғашқы толқынында бір көтеріле қалған Кіші Аралдың 10 млрд текше метр­дей суын жоқ етіп, сол экология­лық қасіреттің «екінші толқынына» жол ашып бережақ сияқтымыз. Жаздыкүнгі отты аптап, қысқы ызғырық-үскірік, құрғақшылық, топансу – бір реттен, сондай жағдайлар «игіліктері». Осы екі араның байланысын ұққан кезде, біздің экология­лық (имандылық) деңгейіміз біршама биік дәрежеге жетер  ме  еді?!.

Даланы дүмпіткен топансу мен Оңтүстікте ортайған арналар  бедерінде Арал мәселесі шешуін таппаған күйінде қала беруде. Арал жұртшылығы (тек, бір олар ғана емес) 30 жылдан астам ел басшылығынан табанды түрде сұрап келген Солтүстік Арал (Кіші Арал) теңізін бірдеңгейлі көтеру мәселесі әлі тағдыры талқыда. Осындай ахуалда, Оңтүстік көршіміздің мысалымен «кепкен теңіз ұлта­нын игереміз, пәленбай түп өсімдік орнатамыз!» деген көтеріңкі уәждермен Сырдың қайтарымды-қашыртқы суларын Үлкен теңіз сорына тастауға шақыру бар. Біріншіден, Сыр­дың, Қызылқұмнан Қазалыға шейін, қайтарымды-қашыртқы болса да әр тамшы суы дария арнасына қайтарылып, Кіші Аралға ғана берілуі керек. Қысқы болсын, жазғы болсын, қайтарымды болсын, дария суы – Арал үшін бір су. Оңтүстік көрші Әмудің қайтқан суын сексеуіл егуге емес, Әжібай, Мойнақ, Судаш сияқты өз «Кіші Аралдарын» толтыруға бағыттап отыр. Олар сор-теңіз ұлтанын өсімдікпен жабуда жерасты суларына ғана қол артуда… Екіншіден, біз кепкен теңіз табанын көршімізден көп бұрын, Қасқақұлан сияқты алаптарда, ыңғай-ретімен игере бастағанбыз. Ол шаруа өз ауанымен жалғасып келе жатқан. Сондықтан бізге бұл жұмыста біреудің өнеге-­үлгісі, жарыс, биік міндеттемелер алу сияқты әрекеттер керек емес. Иә, теңіз ұлтанын, тағы да ыңғайымен, жоспарлы есепте шөппен жабу қажет шаруа – ұлтанға шыққан өсімдік сонда тұнған заһарлы пестицид-гербицид тұздары ұшуын, құм көшкінін сәл де болса тежей алатын сыңайлы; асылы, бұл тірліктің ертең-бола­шағын Аралдың мәлімсіз тартқан мінезі анықтайды. Ал дария суы, соңғы тамшысына дейін Кіші Аралға  бағытталуы  тиіс.

Солтүстік Аралда «екі деңгейлі теңіз» деген, күні өткен кешегі кеңестік жобаны өткізуді біржолата доғару керек. Кіші Арал «Көк­арал» бөгетін көтерумен не қайта салумен 50-51 метр­лік  бірдеңгей су ұстау нұсқасында жүзеге асса деген халықтың негізді сұрауы бар. Бүгін­гі ел тілегі және ертеңгі ұрпақ игілігі – осы. Көңілдер сарқылмаса, сулар сарқылмақ емес. Бұған біздің соңғы кезде Орталық Азия аумағында  жүргізіп жатқан икемді, жақсы көршілік, ынтымақтастық  сая­сатымыз бірден-бір негіз де, кепіл бола алады. «Құрғақшылық синдромы» бедеріндегі қорқынышты жеңе отырып, биік су деңгейінде салынатын «Көкарал» – инженерлік қате шешім, қаражатты желге шашуға жатпайды. Ғасырда бір жүзеге асуы мүмкін мұндай нысан тым шолақ 5-10 жылдық межеге емес, кем деген­де 50 жылдық болашаққа есептелуі керек. Ал жарты ғасырда өркендеуші ел-жерімізде көптеген жаңғыру болуы мүмкін. Мұның бірер нұсқалары жоғарыда қамтылды. Ғаламдық биік технологиялар қиян-қиын шөлдерде қиял жетпес тасқындар ағызып жатыр. Ол – бір фобиядағы «ақырзаман белгісі» емес, прогресс ұмтылыстары. Тек мұның бәрінде адам ниеті  дұрыс  болсын.

Су  да  от  сияқты: жөнімен пайдалана алсаң – игілік, жаман ниет арнасына ауса – апат. Осы  дилемманың  игілікті  жолын талмай  іздеуді  жаңа  тарих  бізге  міндет  етті.

Дала жүзін жуған топансу осының бір сыны  болды.

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы,  эколог

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: