Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоғызқұмалақ  тартысы

29.05.2026, 17:20 77

HALYQLINE.KZ

Қазалыда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы тоғызқұмалақтан республикалық турнир басталды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Бүгін аудан орталығындағы Қазалы спорт кешенінде өткен республикалық турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Ұлттық рухымызды ұлықтап, атадан балаға мирас болып келе жатқан тоғызқұмалақ ойынын насихаттауға бағытталған бұл дүбірлі дода – өскелең ұрпақты парасаттылыққа, сабыр мен зеректікке тәрбиелейтін маңызды шаралардың бірі. Биылғы турнирдің мәні мен маңызы ерекше. Бұған дейін екі мәрте облыстық деңгейде ұйымдастырылған жарыс биыл алғаш рет республикалық деңгейде өткізілуде. Бұл – Жалпақбай Нұрмағанбетұлының өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі. Жалпақбай Нұрмағанбетұлы – туған жерінің өсіп-өркендеуіне бар ғұмырын арнаған тағылымы мол тұлға. Еңбек жолын қарапайым мұғалімнен бастап, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, мектеп директоры, партия комитетінің нұсқаушысы, шаруашылық басшысы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына да зор үлес қосып, егін шаруашылығы мен мал өсіру ісін ілгерілетуге ерекше еңбек сіңірді. Елге еңбегі сіңген арда азаматтың есімін ұлықтау кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге деп білеміз. Президентімдің қолдауымен өңірмізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, биылғы жылдың өзінде аймақты 4 жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берлісе, бүгінде Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында заманауи спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан орталығында 2 спорт алаңы жөнделіп, жаңадан 2 спорт алаңы салынды. Алдағы уақытта аудан көлемінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен, ауданға жасаған қолдауының нәтижесінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асатын болады. Тағылымды турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген ұйымдастырушыларға, Жалпақбай Нұрмағанбетұлының ұрпақтарына, демеушілерге және спорт жанашырларына аудан тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Республикалық турирдің тартысты әрі қызықты өтуіне тілектеспін, — деді аудан әкімі.

Мұнан кейін Жалпақбай Нұрмағанбетұлының ұрпақтарына облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовтің Құттықтауын табыстады.

Аудан басшысынан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, энергетика саласының ардагері Батыржан Қаракөзов, облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік федерациясының вице-президенті, Әлем чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Хәкімжан Елеусінов мен туыстары атынан Светлана Жалпақбайқызы сөз сөйлеп, Жалпақбай Нұрмағанбетұлы жайында естеліктермен бөлісті.

Ұлттық спорт тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге еліміздің Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан және барлық ауданнан келген 160-қа жуық спортшы қатысуда. Алты күнге жалғасатын жарыста жас спортшылар өзара бақ сынап, ұлттық спорттың дамуына өз үлестерін қосатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: