Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

25.04.2024, 9:20 123

УАҚЫТ  ҚАЙДА?

Отбасында бірауық шүйіркелесіп отыруға да уақыт жоқ. Алыс-жақын ағайын-туыспен араласуға да уақыт жоқ. Шұқшиып кітап оқуға, қызықтап кино көруге де уақыт жоқ… Апыр-ай, осы уақыт дегеннің өзі бүгінде қайда кетіп қалған?

ДАҒДАРЫС

Түсініксіз өлең жазатындарды түсінбей-ақ қойдым…

СУ  ЖАҢА  НАУҚАН

Мезгіл-мезгіл дүрліктіріп сапырылысқан сайлау науқандары болатын еді. Енді міне, салтанатты форумдар науқаны  басталып  кетіпті…

ОТЫЗ  ЖЫЛДАН  СОҢ…

Мемлекет қайраткері деп жүргеніміз мемлекетті тонаушылар, қоғам қайраткерлері деп жүргендеріміз қоғамды аздырушылар боп шығып, бетперделері ашылып жатыр…

ТАЛТАҚБАЙ

Талтақтап  жүремін  деп жүріп  топтан  шығып  қалды…

САЛТАНАТТЫ  ІС-ШАРАДАН  СОҢ…

Орден  алғандар  қуанған, медаль  алғандар  жұбанған, дымсыз  қалғандар  жыланған күн  болды…

АСҚЫНҒАНДА

Кей  қатын  жаудан жаман, кей  кейіс  даудан  жаман.

«БҰЗАУЛАР»

Ананың да алдында бұқпантайлап, мынаның да алдында бұқпантайлап, бұттары майысқаны сондай, ай мүйізді, батпан күшті бұқадай болады деп жүргендеріміз жауырынтақ болған бұзауға ұқсап қалыпты…

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ  СҰРАҚ

Кей шенеунік адаммен сөйлескенде жаңа босанған тұмса қатындай неге қос бүйірін таянып  тұрады?

СҮРБОЙДАҚТЫҢ  СӨЗІ

«Барайын десем, танысайын десем, бәрінің де байы бар болып шығады…».

БОЗӨКПЕ

«Туғаныңды  көргенім жоқ, өлгеніңде  бара алмаймын…» деп жүрген  сары  ауыз  бала.

ҚАРА  БАҚ

Бақытын арақтан іздегендер көп еді. Бірақ сол маңнан бақытын тапқан бір адам жоқ.

ОЙБҰЗАРДАН  САҚТАНҒАНДА

Айрандай ұйытып, қаймақтай қалқытып жинап жүрген пәруана ойларымды бір ұрдажық ойбұзарлар быт-шыт қылып бұзып кетпесін деп, үнемі қашқақтап, жырақтанып, аулақ шығып қорғалақтап жүремін.

ӘЙЕЛ  «БАҚЫТЫ»

Әйел бақыты, жадырауы-жайнауы еркектің қалтасының қалыңдығына байланысты болып қалды…

САЯСАТҚА  ЖОЛ

Өзінің өмірлік қағидатын танып-білмеген, қаққан қазықтай қатаң ұстанымы жоқтар саясаттың айналасына кетеді. Өйткені саясатта аунап түсер бұлтаққа да, жөнсізге шабар жортаққа да жол беріліп қойған.

АЛДАУЫШ

Жауапты іс-шара деген соң аяғың-аяғыңа жұқпай жетіп барасың. Ал оның басы сыртылдап суретке түсумен басталып, шамалыдан соң аяқталды  деп  хабарлағанын  бір-ақ  көресің…

ҚОС  ЗАҢ

Табиғаттың заңы – ана заң. Қоғам үшін жазылған заң – ата заң. Ана заңды  бұздыратын – тұрмыс,  ата  заңды  бұздыратын – қылмыс.

ТЕСЕРМЕНДЕР

Ақша көзін тескендер айнала дүниені шұрқ-шұрқ, тесік-тесік қылып тастады…

ТАҒДЫР

Әр басқан қадамын, әр жасаған әрекетін мызғымас есепке құрып, мына өмірді математика деп біледі. Рас, математика – ғылымның пайғамбары, ал өмірдің пайғамбары – тағдыр… Сондықтан өмірдегі көп «есептеріңнің»  жауабы  басқаша шығады…

МОЙЫНДАҒЫ  МҰСАЛДАТ

Біреудің мойнына мінудің жолын қапысыз игергені сондай, соңғы кезде басы жоқ, мойны барларды анадайдан танып, ләм деп те айтпастан, екі аяғын салбыратып мініп алатын болыпты.

ЕКІ  АЙЫРЫҚ

Айқайы ащы дауысым құмықты, тәтті тілім бұлбұлдай сайрайды.

«ӨСУ»

Қызметке келгенде оның пошым-сиқын көрген әріптестері «тупой» деп менсінбеп еді. Аз уақытта айналасындағылардың, жоғары-төмендегілердің  аузын алып «крутой»  боп  шыға  келді.

ӨЗ  ТІЛІҢ  –  ӨЗЕГІҢ

Басқа тіл білмегеніне басы жоқтар ғана сонша налиды.

КӨГЕРШІННІҢ  ПАЙДАСЫ

Көгершін асырағанның көк желкесіне тұз жиналмайды.

ШАЛЫҚТАУ

Қаланың қатын бет шал-шауқандары тойда неге шалықтап билейді десем, тар үйде тордағы тотыдай қамалып отыра-отыра ішқұса болған олар кең залда бостандыққа шыққандай бір күйді басынан кешеді екен ғой…

ЖОЛБЕРМЕСТЕР

«Жастарға жол берейік» дейді де жатады. Бірақ, сол алды ашық даңғыл жолды көрсетпей, иықтаса тұрған кәрі-құртаңдар қаптап отыр. Олардың желкесіне мініп, әрі асып түспесең, ол жолдың көрінер түрі жоқ.

НАДАНДЫҚ

Білімсіз  надандар  тайраңдап қай саланы да құртып болды. Өйткені надандарға жол беретін надандар жоғарыда отыр…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: